Руханият

Қожаберген жырау Толыбайсыншыұлы (1663–1763)

Абақ Керейдің ішіндегі Шұбарайғыр руы 1400–1500 жылдары аралығында қалыптасқан екен. Шұбарайғырдан — Өтес, оның ұрпағы — Дəулен. Дəуленнен — əйгілі Толыбай сыншы. Ол кезінде əрі би, əрі атақты сыншы болыпты. Толыбай сыншы деген атағы жайылып, одан көп ұрпақ өрбіген екен. Ең кенжесі — Қожаберген тек Шұбарайғыр руының ұраны ғана емес, үш жүзге аты шыққан, ту ұстап, тұлпар мініп, жаумен алысқан, домбыра ұстап, күй шерткен, қобыздан жыр төккен батыр, күйші-жырау болған.

Қожаберген батырдың мекені — қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданындағы Гүлтөбе деген жер. Сонда дүниеге келген, ұлы дүрбелеңдер мен ұлт бостандығы үшін жанкешті айқастарға толы бір ғасыр өмір сүріп, ақтық демі де сол Гүлтөбеде үзілген. Ол Үргеніш, Бұқара, Самарқан медреселерінде оқып, өз заманының ең ғұлама адамдарының бірі болған. Төрт-бес жұрттың тілін білген. Жаумен өткізген шайқастарда қатардағы сарбаздықтан Ордабасы дəрежесіне дейін көтерілген. Елшілік қызметпен айналысқан. Тəуке ханның «Жеті жарғысын» құрастыруға да қатысқан. Өзі айтқандай, оны бұзау терісіне өз қолымен көшіріп жазған.

Қысқаша айтсақ, Қожаберген жыраудың қазақ халқының тарихында алар орны ерекше. Елі үшін сіңірген өзге де еңбектерін былай қойғанда, исі қазақ халқының басты əніне айналған «Елім-ай» əні мен ұлтымыздың бір ғасырлық дерлік қасірет пен ерлікке толы шежіресі боларлық «Елім-ай» дастанын айтсақ та жеткілікті.

1759 жылы жаздың басында жеңіспен елге оралған батырлар арнап келіп, мүлдем қартайған Қожаберген жырауға сəлем беріп, қазақ əскерінің жеңіске жетіп, жер-суды қайтарып алғанын айтып, қарт қолбасшыны қуантады. Сонда Қожаберген жырау қолына қобыз алып «Жеңіс» атты тарихи толғау шығарыпты [18; 30].

Қожаберген Толыбайұлын даңқты Бұқар жырау ұстаз санаған. Атақты Абылайханның өзі бата алған, ақылгөй, дана тұтқан. Бауыржан Момышұлы «Қожаберген жыраудай бұрын-соңды өмір сүрген қазақ ақындарының бірде-біреуі қазақ жұрты жерінің көлемін, шекарасын айқындап берген емес. Ол кісінің «Елім-ай» жыры — əскери дастан», — десе, белгілі тарихшы Ермахан Бекмаханов: «Елім-ай» дастаны — тарихи эпопеялық жыр. 1723 жылы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атанған ірі апаттың суретін ел көзіне елестеткен бірден-бір тарихи құжат», — деп бағалаған. Академик Манаш Қозыбаев: «Оны тек дастан деу аз сияқты. Оның арнасы кең — жырға ұлттың болу-болмауы, Отан тағдыры арқау болған. «Елім-ай» шын мəнінде ұлттық сананың биік шыңы, ұлттың сергелдеңге душар болғандағы мұңы, болашаққа құлаш сілтеп, қайсар, намысшыл қазақтың ұлт болмысын жаңғыртуға   ұмтылысының   шаншыла   айтқан   қайнар   жыры,   сыры»,   —   дей   келіп, «Илиада», «Одиссей»  секілді  мифологиялық  шығармалармен  қатар  қойған.  Əйгілі  ақын  Кəкімбек   Салықов

«Жеті жарғы» ашыпсың жарқын мəнін» деген толғауын Қожаберген жырауға арнаған:

Ерен тұлға бабамыз Қожаберген,

Ер екенсің уақыттан оза желген.

Ел жаңарды, ақталды ақ сенімің,

Болашаққа қолыңды соза берген.

Ойран салған жан едің ойраттарға,

Ел шебінде тұрғанда ойлантты Алла.

Ойлы сазға орадың  жырларыңды, 

Зар заманда зобалаң толғантқанда.

Сегіз қырлы, бір сырлы байқағаным,

Үлгі болды ұрпаққа бай талабың.

Əз-Тəукенің əйгілі заманында

Тайдырыпсың сан рет жау табанын.

Тарих сырын кең аштың, асыл бабам,

Жау қалмапты қазақты басынбаған.

«Елім-аймен» жеткіздің мұңға бөлеп,

Қазағымның көл-көсір жасын маған.

Бар қазаққа ерекше жақын адам, Ұ

стаздығың ешқашан басылмаған:

Қаршадайдан жабыссам домбыраға,

«Елім-айдан» бастатты ақын ағам.

Ұстаз болып Бұқарға қарқындадың,

«Жеті жарғы» ашыпсың жарқын мəнін.

Бұрын өткен Шыңғысхан жорығынан, Алаша ханын қазақтың айқындадың.

Кім сыйламас сендей зор ғұламаны,

Терең жаздың «Алқакөл сұламаны»,

Бүгін басқа күн туды: дербес елміз,

Басқан ізің болардай жыр алаңы.

Бір қуансақ ескерткіш қойып алып,

Сені атадық тарихтан ойып алып.

Шырт ұйқыдан, Қожеке, аунап түсші,

Болып жатыр бір үлкен тойың анық.

Даңқы сарбаздығымен де, сардарлығымен де, ақын-жыраулығымен де алты Алашқа  əйгілі болған Қожаберген батыр 1763 жылы қазан айында 101 жасқа қарағанда ауырып қайтыс болған. Оның сүйегі «Бүркіт қонған» деген орманның маңындағы əкесінің есімімен аталатын «Толыбай сыншы» бейітінде жерленген.

Р.С.Кареновтың “Керей тайпасының этникалық шығу тегі жəне шежіресі” атты мақаласынан алынды.

Теги: ,

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*