Шежіре

Ер Жәнібек керейдің ғана батыры ма?

Тарихтағы тұлға

Аруағыңа болысқан,

Әділ билік қылысқан,

Қашпаған қандай ұрыстан,

Керейде батыр Жәнібек,

Қаз дауысты Қазыбек,

Қу дауысты Құттыбай.

Қаракерей Қабанбай,

Қанжығалы Бөгембай.

Абылай сенің тұсыңда

Сол бесеуі болыпты-ай,

Кейі батыр, кейі би,

Тәңірім берген сондай сый…

Үмбетей жырау

4c2c65ade2285585ab6c5879f63a52b7

Елі үшін еңіреп өткен оғылан ұлдарын қарт тарих қашанда ұмытпақ емес: аңыз боп тарап, сайын дала ақиқатына айналған ерлік дастандар соның куәсі. Сол шежірелермен сусындап өскен ел ұрпағының да кешегісін ұмытпасы анық. Ұмытпағаны сол – мамырдың 11 жұлдызында Алматыда «Еліне ұран болған Ер Жәнібек – 300 жыл» атты ғылыми конференция өтті. Шара барысында батырдың бар болмысы, ерлікке толы өмірі төңірегінде тамаша деректер айтылды. Ұлы жиынның көрігін келтіріп, дізгін ұстаған ағаларымыз қатарында академик, филология ғылымдарының докторы Тұрсынбек Кәкішев, Дүние жүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары Талғат Мамашев, «Ер Жәнібек» халқаралық қоғамдық қорының президенті Мақсұт Темірбаев сынды тағы басқа да көптеген ел ағалары болды. Аталмыш қордың батырға арнап ұйымдастырған маңызды жиыны аяқталысымен, үлкен ас берілген болатын.

Айтулы шараның жыл бойы жалғасын табатынын естіп қуандық та, көкейімізге ұялаған әлденеше сауалдың жауабын таппаққа асықтық. Осы мақсатпен «Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қорының президенті Мақсұт Темірбаев мырзамен сұхбаттасып қайтқан едік.

– Мақсұт аға, Ер Жәнібек батырдың 300 жылдығына орай ұйымдастырылып жатқан ізгі шаралардың басы мен аяғы бір бұл еместігі өткен аста белгілі болды. Мұндай салтанатты жиын-тойдың жылға жуық жалғасуы, әрине, көп қаржының арқасында өтетінін білеміз. Осынша мол ақшаны, сол жерге жиналғандардан естіп-білуімізше, санаулы азаматтардың өз қалталарынан шығарғаны деседі. (Сіздің де атыңыз аталады сол қатарда). Біздің білгіміз келетіні де – бұл ауқымды шараға үкімет тарапынан қаржылай немесе қандай да бір көмек болды ма?

– Бұл шараның осынша кең ауқымда аталып өтуіне әуелі ешқандай қарсылық болған жоқ. Өйткені оған үкімет тарапынан көмек болмады деп айтуға болмайды. Әр нәрсе жоспарлануы керек. Мен бұл қоғамның президенті боп келгеніме үш жыл болды. Оның алдында басшы болған жігіттер – Қытайдан келген ағайындар. Сосын бұл жердегі үкіметтің жолымен қалай болатынын кей кезде аңғармай қалады ғой. Әйтпесе бұл баяғыда, 2012 жылы үкіметте қаулы боп шыққан. Біздің белгілі батырлардың есімін атап, еске алу шарасы. Сол жоспарлардың ішінде көбі-көп баяғы өткен батырларымыздың есімі бар. Ал біз сол тізімге ілікпей қалған едік. Өйткені біз кеш қимылдадық. Болмаса, Мәсімовтың 2012 жылғы қаулысында бар. Кейін министрлікке хат жаздық. Олар «қаулы шығып кетті, келесіге ертерек беріңіздер, кіргіземіз» деген болатын. Сондықтан 300 жылдығы болғасын уақытында аталуы керек қой. Оның үстіне Ер Жәнібекті Қазақстанның жергілікті қазақтары көп біле бермейді. Ол кісі Қытай мен Қазақстанның шекарасында жерленген. Тікелей ұрпақтары ала сызықтың ар жағында қалған. Мысалы, Қазақстанның өзінде болған Қожаберген жырауды да біз білмеппіз. «Елім-айдың» авторы. Сондықтан Ер Жәнібек батырдың да есімі көп аталмайды. Президент болып тағайындалғаннан кейін, бұл жұмысты дұрыс жүйеге салу керек болды. Жігіттердің басын қостық. Біз қазақ тарихсыз болған жоқпыз. Неге бұларды ұмытып қалдық? Өйткені кеңес кезінде бұлардың көзі ашылмаған, бәрін жауып тастаған. Сол себеп болған. Болмаса, қазақ халқы ешкімнен кем емес. Сақ пен ғұн ғана емес, тұтас түркіге кететін терең тарихты таязытып, біз оқып жүрген кездің өзінде тарихымызды XVІІ ғасырға әкеп тастамады ма?! Ол деген жалған дүние ғой. Қайта баяғыдағы Шыңғыс Айтматов айтып кеткен «мәңгүрттенудің» жолынан бізді құдай сақтап қалды. Бүкіл ұрпаққа бірінші және екінші дүниежүзілік соғыс батырларын ғана дәріптеп келмедік пе?! Сол үшін де біз ұлт болып, жекелеген азамат болып үкіметке көмектесуіміз керек. Әр қазақстандық азамат өзінің тарихын жақсы білуі қажет. Әр адам қолынан келгенше осы жолда еңбектенуі керек. Жаңағы қолдау төңірегіне тағы да тоқтала кетсем, Дүние жүзі қазақтарының қауымдастығына, сол шаңырақты басқарып отырған басшысы Талғат Мамашевқа рахмет айтқым келеді. Ол осыдан көп ілгері баспасөз беттерінде біраз алып-қашпа әңгімеге душар болғанын білем: Талғат өте қаны бар жігіт, үлкен азамат.

– Осындай ескерткіш тұрғызу, ас беру сынды дүбірлі еске алу жиын-тойларында сүйіншілі хабарына сүйініп, бек қуана бергеніңде, кей қаңқу сөздер жон арқаңды дырау қамшыдай осып өтетіні бар. Рушылдық жайлы айтсам, өзі-ақ түсінікті ғой. Осы асқа дейін де, осы астан кейін де өсек шіркін өрттей қаулап арада жүрмек. Айтыңызшы, аға, Ер Жәнібек солар айтқандай керейдің ғана батыры ма? Бұл шараның басы-қасында жүрген тек керейдің атқамінер азаматтары ғана ма?

– Әрине, рушылдық деген індет баяғыда қалу керек еді. Тарихты терең білмегендіктің кесірі. Менің әулетімді алып қарасаңыз да, құдайға шүкір, бұл індеттен аманбыз! Бір қазанда қайнаған соң, бірлік керек. Ұмытуға да болмас. Ортамызда ірткі салатындар да жоқ емес. Оларға дер шағында осындай жалпының мүддесі үшін істелетін ірі шаралар арқылы тойтарыс беру керекпіз. Ер Жәнібек тек керейдің батыры ғана емес. Қазақтың хан Абылайын толарсақтан қан кештірген ұрыс майданында сақтап қалмаса, біздің бүгінгі арайлы азаттығымыз бар ма еді, жоқ па еді? Кім білсін! Өткен жылы ғана Абылай ханның 300 жылдығын тойладық. Бұл сол Абылайдың жанында жүрген адам. Ол жерде Қабанбай – найман, Бөгенбай – арғын, Қарасай – шапырашты, Батыр баян – уақ. Сонда олар бүгінгіше болғанда, бөлініп соғысып па? Қара нөпір қалмақ пен қара найзасында қан сасыған қалмақты қалай жеңбек онда?.. «Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін» демей ме бабаларымыз. Сондықтан мұндай арам пиғылдан неғұрлым аулақ болған сайын, ел мәртебесі биіктемек. Рушылдық жойылады. Жойылып та келеді. Бұл тек оқыған-тоқығаны, көрген-білгені аз бір шоғыр адамдардың кесірі. Тағы бір мысал келтірейін, былтыр Қожаберген жыраудың 350 жылдығында болдым. Оны кіші жүздің жігіті басқарады. Ал Қожаберген жырау орта жүздің адамы. Енді ойлай беріңіз…

– Осыдан біраз бұрын елбасына ел ағалары болып, қордың басқа да азаматтары болып, Ер Жәнібек Бердәулетұлының есімін ұлықтау мақсатында хат жолдағандарыңызды білеміз. Осы хаттағы талап-тілектеріңізге үкімет тарапынан нендей жауап болған еді? Бүгінде бұл шара сол дәуірдегі талай соғысты бірге өткізген Қаракерей Қабанбай батырдың атына берілген белгілі көшеде аталып өтсе, келешекте Ер Жәнібек батырдың өз атына берілген осындай үлкен көшеде өтуі мүмкін бе?

– Бізде Қазақстанда көшелердің аты белгісіз, елді отарлаған, қырған адамдарға берілген. Сол тұрғыдан келгенде ойлануымыз керек. Сұрағыңызда атап өткеніңіздей, біз министрлікке хат жаздық. Бізді олар қолдап отыр. «Біз кітап шығарып берейік, бізде жоспар өтіп кетті» деп. Оған кімді кінәлауға болады. Көп нәрсені адамдар білмегеннен кейін, біреуге кінә таққысы келеді.

– Аға, осы қордың президенті боп келуіңізге не себеп болды? Бұл сіздің жеке қызығушылығыңыз ба, әлде ұсыныстар болды ма?

– Енді бұл қорды басқаруыма көптеген ақсақалдардың ұсынысы себепкер болды. Жергілікті адам болғасын, саяси жолын, үкіметтік ретін білгеннен кейін осында келдім. Сосын да мұндай жұмыстың бұрын да талай рет үддесінен шыға білгенім бар. Әрине, оның бәрін бұл жерде айтып отырғаным артық болар. Бұл жолда талай кісімен таныстым. Бұл қызметке келіскенім үшін тіптен өкінбеймін. Шеттен келіп жатқан қандастарымызды «оралмандар» дейміз. Соларда сақталған байырғы дәстүрдің мол байлығымен танысып жатырмын. Білмегендерін үйретіп те жүрмін. Әкем сонау соғыста бес жыл жүргенде, ошағының оты, отанының келешегі деп жүрген болатын. Сондықтан артық дүниеге, артық абыройға берілген адам емеспін. Һәкім Абайша айтқанда, қоғамның «кетігіне бір кірпіш боп» қалансақ дейміз.

Біздің анықтама

Ер Жәнібек 1714 жылы Ор бойында дүниеге келген. Есімін атақты тархан Жәнібектің өзі қойған деседі. Ата жырау Қожабергеннен бата алған. Өз кезінде хан Абылайды бір соғыс өртінде аман алып қалып, оң тізесінен орын алған. Үлкен нағашысы Қаз дауысты Қазыбек би, өз нағашысы сары үйсін Досымбет батыр және өзі де Ұлы Абайдың атасы Өскенбайдың туған нағашысы. Ұлы Абайдың өзі: «Қазақта батырлық, шешендік, ақындық сияқты үш ұлы қасиет қатар дарыған екі батырдың бірі Ер Жәнібек (екіншісі әйгілі Сырым Датұлы)», – деген екен.

Ер Жәнібек қазақ-жоңғар соғысында Шу, Іле, Алакөл, Зайсан өңірлерін жаудан азат ету шайқастарында ерлігімен көзге түскен, даңсалы батыр. 1760 жылдар шамасында Абылайдың көреген саясатымен шығыс жақ сыртқы қақпаны қорғау мақсатымен қалың елін Алтайға бастап, байырғы ата қоныстарына орнықтырады. Ел үшін «ер етігімен су кешіп, ат ауыздығымен су ішер» алмағайып заманда көзсіз ерліктерімен жұрт жадында сақталған Ер Жәнібек Бердәулетұлы 1792 жылы 78 жасында дүние салды. Батыр қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданындағы Ортабұлақ деген жерге жерленген.

Қозыбай ҚҰРМАН,

«D», «Общественная позиция»
(проект «DAT» № 18-19 (242-43) от 14 мая 2014 г.

Теги: , ,

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*