Жаңалықтар

КӨК БӨРІ

er-3-228x300

Сұлтан Тәукейұлы  (Моңғолияның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Моңғолия жазушылар одағы сыйлығының иегері, доктор-профессор)

КӨК  БӨРІ

                              (Ер Жәнібек туралы 5 көріністі тарихи драма)

БІРІНШІ КӨРІНІС

(ТОЙ)

Сахнаның төргі шымылдығында жазғы ауыл көрінісі суреттелген. Сахнададан жоғары шаңарақ. Одан төмен көлбіреген ақ торғын-жаңа отаудың бейнесін елестетеді. Ақ отау алдында тойға жиналған жұрт. Жастардың көңілді күлкісі.

Асаба-Уа қалайық! Тойшы қауым! Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар жаранлар?! Ат айдаушы әзір болды, аттарыңды шығарыңдар! Қыз белінен құшып, қызыл ерін, ақша беттен сүюден дәмелі жігіттер бар ма? Шығыңдар ендеше! Қыз қуар, қыз қуар!!!  Білегінде күші бар, жүрегінде түгі бар, балуан білекті, арыстан жүректі жігіттер! Көкбарыға шығыңдар?! Көкбар басталады! Көкбар!!!

Қаңбақ шал-Бәрекелді! Бәлекет! О, бәлекет! Жас келсе іске, қарт келсе асқа. Неғып тұрсыңдар түге, мұнда ошарылып. Аттанбайсыңдар ма! Шіркін тепсе темір үзген жиырма бестегі кезім болсайшы. Шірене тартқанда шіркін не болсын, көкбөрінің терісін қақ айырушы едім! Қазіргі қотанға тышар қортықтарды қой-ақ қой! Мына апаларыңды қызқуарда алып қашып кеттім емес пе! Ол кезде бұл шіркін қандай десеңші! Тал бойы сымға тартқан сырықтай, қолаң шашы қоңыр желге желбіреп, қиылып тұрушы еді-ау шіркін, қиылып деймін-ау!

Қаңбақшалдың кемпірі- Ой шалеке-ау, бұл қай шалқығаның? Қызқуар сенің теңің бе? Тәлтіректемей жүр былай, қазан-ошақ жаққа барып таңдай жібітелік.

Қаңбақшал– Жәй әншейін нетіп…Не ғой бұл кемпір…

Қаңбақшалдың кемпірі– Ойбүй, неткенің құрып, нең бар болғыр-ау! «Көкбөрінің терісін қақ айырушы едім» деуін өзінің. Жасыңда жарты қап арпаны атқа көтеріп сала алмайтын қарағым едің ғой. Бүгін бала шағаның алдында не деп көпіріп тұрғаның? Жүр былай!

Қаңбақшал-Жәрайды, Жә-жә!

Жиналған жұрттың бір тобы «Ие, сәйгүліктерді шығарысайық! Ет піскенше көсеу ермек деген қайда? Көкбар мен қызқуарға баралық» десіп, дабырласып кете бастайды. Қалған жігіттер мен қыздар екі жақ болып, көңілді музыка әуеніне қосылып, сарын мен жар-жар айтысын бастап кетеді.

Жігіттер- Ал бастайын сарынды-ай, үкоу,

Атағың жұртқа жайылды-ай, үкоу!

Пайғампар қызын ұзатып үкоу,

Солардан қалған тәлім-ай, үкоу!

Қыздар-  Отауымның есігі ойыл, қиыл, ай-еу,

Ағекеме сәлемде, қойсын биыл, ай-еу?!

Халқым қалып барады артжағымда, ай-еу,

Қоштасайын армансыз бәрің жиыл, ай-еу?!

Ей, сылқым-ау,

Қош аман бол, жұртым-ау!

Жігіттер- Жарыса өскен қатарың осында дүр, жар-жар,

Жолаушының тілегі қасында дүр, жар-жар!

                  Әйелдің көрер дәурені, әлеуметім, жар-жар,

Алған адал жарының тұсында дүр, жар-жар!

Қыздар– Сөз таба алмай замандас сасайын ба, жар-жар,

Бұрынғының жолынан асайын ба, жар-жар!

Бұрынғының дәстүрі болғаннан соң, жар-жар,

Елден аулақ жапанға қашайын ба, жар-жар!

Ей аулым-ау,

Қош аман бол, баурым-ау!

Асаба-Ау, қалайық! Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар! Құралайдың көзінен өткізетін мергендер қайда? Мергендер! Теңге атуға шығыңдар, былай!

Жар-жар айтқан жастар сахнадан кетеді. Сахнаға Жәнібек пен Кекіліктің жеңгесі Жамал шығады.

ЖамалИә, күйеужан, сонау алыс Арқадан ат арытып, тон тоздырып жеттің бе, әйтеу?

Жәнібек– «Жолы болар жігіттің жеңгесі алдынан шығар» деген. Бүгін жолым болады екен, жеңеше!

Жамал– Жолың болар болмасын жоралғың біледі. Құданың киті болғанда, жігіттің кәдесі дейтін қайда?

Жәнібек– Кәде қайда кетер дейсің жеңеше. Әуелі Кекілікжанмен бір кездестірші?

Жамал– Пай-пай, батырым-ай! Сонша неге асығасың? Асыққан сайтанның ісі. Асығып аптықпа, сабырлы болғайсың.

Жәнібек– Сабырдың да шегі бар емес пе? Төзімім түгесілді жеңеше! Бір орайын келтіріп, кезіктірсеңші?!

Жамал- Әттең, жастық-ай десеңші. Кекіліктей қайын сіңлімді, еліктің лағындай Еркежанды құшқан жігітте,

Шіркін арман барма екен?

Шыныменен зәр мекен?

Шыныменен зәр болса,

Күйеудің кәдесі қайда екен?

Жәнібек –Қалыңсыз қыз болмас,

Кәдесіз ұл болмас.

Көрсетші әуелі,

Не болар, не болмас!

Жамал- Жоқ, күйеу жігіт, болар болмасы болжаусыз, бос сөзге иланбаймын! Әуелі кәдеңді бер?

Жәнібек- Жатқанның жанын суырған Жамалжан-ай! Міне, азырқанбай осыны ала тұр.

(Жәнібек оған әлде нендей сыйлық-кәдесін ұстатады. Күлімдеп қуана қабыл алған Жамал қарқылдап күледі)

Жамал- Ха-ха-ха! Жарайсың күйеужан. Бүгінше сырттай ғана жолығатын боласың. Кешікпей жаңа отауда босаға аттар, қол ұстатар, шаш сипатар сияқты машахаты көп жол жоралғы күтіп тұр. Соның барлығына да кәде төлейсің.

Жәнібек– Түү, мына Арғындардың жол жоралғысы мұнша көп болар ма? Жәрайды, ол да болсын. Кекілікжаннан аяған дүние құрып-ақ кетсін!

Жамал– Хи-хи-хи! Мысың әлден құрығанда әріқарай не болғаның? Еркем-ау, Еркем! Келе ғой жаным?!

Сахнаға Жәнібектің қалыңдығы Кекілік қыз шығып келеді.

Жамал- Ал, күйеужан, мен кеттім. Көзге шыққан сүйелдеей, көрінгеннің көзіне шалынып, досқа күлкі, дұшпанға таба болып жүрмеңдер. Түнге қалмаңдар Еркем!

Жәнібек– Зарықтырып, талықтырып жеттің бе, қалқам?

Кекілік- Есен, амансың ба, батырым?

Жәнібек– Берші қолыңды, келші құшағыма?

Кекілік- Сабыр ет батырым? Сабырлы жетер мұратқа, сабырсыз қалар ұятқа. Қашанда сары алтындай сабырың сардардай жан серігің болсын?

Жәнібек-Ақылыңа болайын аяулы асығым, айттырған асылзат, ғашығым! Асығым да, арманым да тек өзіңсің Кекілікжан!

Кекілік- Менен өзге арманың жоқ болғаны ма? Ер азаматтың арманы алыста, мұраты биікте болмайтын ба?

Жәнібек- Рас айтасың Кекілікжан. Ер жігітке жау қуу да, жар сүю де арман. Менің туым ерлік пен елдік!

Кекілік-Разымын ендеше, Жәней!

Жәнібек- Сұлу қызға не арман. Ал, сенің мұратың не болмақ?

Кекілік- Ер жігітке жар болу, берекеге нәр болу, ақ отауға сән болу қыз мұраты болмақ. Менің де ниетім ата-ене мен ағайынға сыншыл, абысынға күншіл болмау, жаным! Ата жолынан аттап мен қайда барамын.

Жәнібек- Көзайдын болып, көңілім тойды Кекілікжан. Енді сенімен қол ұстасып аттансам болғаны!

Кекілік- Ол күннің де таңы атып, шапағын шашуға жақын тұр емес пе?

Жәнібек- Жәрайды…

                                 Сахнада Жамалдың  даусы естіледі.

Жамал- Күйеужан! Еркем! Көз байланып барады. Бейуақытқа қалмаңдар! Ауылға қайтыңдар?!

Сахнадан Жәнібек пен Кекілік кетеді. Жарық өшеді. Перденің алдына асаба мен Қаңбақшал шығады.

Қаңбақшал- Әттең қарағым-ай, бағананың басындағы баданадай жамбы атуды да мақтан көреді-ау деймін, бүгінгі жастар. Мен болсам, осылардың жасында құралаайдың көзі тұрғой, ұшқан құстың көзінен өткізуші едім!

Асаба– Ойпырмай десеңізші! Сіздей азамат қайда, бүгін.

Қаңбақшал- Бәсе деші. Әлгі біздің ауылдан келген бір жаман жәутік, боқташақ неме күрескеннің жөні осы дегендей сіресіп тұрды да алды. Құдауәнда-ау, құтты ұзатыларда шешесімен қоштасқан қыздарша бір месқарынның мойнынан құшақтап әрі тұр, бері тұр. Не жықпайды, не жығылмайды, күрескен емес сірескен бірдеме. Шіркін, осының жасында алып та, шалып та лақтырушы едім!

Асаба- Қайран арыстаным-ай, күнің өтіп, күйің келіспей жүр ғой. Әйтпесе, әлі де бір жігіттік шамаңыз бар шығар?

Қаңбақшал- Бар болғанда қандай! Мына бура сан, бұлшық етті көрмейсің бе? Айтпақшы, әлгі күйеу баланың жанжолдасы Бұланбайды айтсаңшы. Пах-Пах! Күш атасын танымастың өзі-ақ екен. Балуаны мынандай болғанда Жәнібектің өзі бар ғой, құдай біледі, жойқын күш, бір дию-пері болар! Ауыздығымен алысқан көк дөнені де ерге лайықты-ақ мал екен. Жас шағым болып көк дөнендей тұлпар тақымыма тиді ме, жауды жайпап өтер едім!

Асаба– Жарайды атеке, мен кетейін. Бәйбішеңіз де келіп қалды…

Қаңбақшал-Ә, солай ма? Ойбай-ау, енді қайттім!

                       Қаңбақшалдың кемпірі сахнаның сыртынан келе жатыр.

Кемпір- Ойбүй, осы әулекі шалдан көретім болдым-ау! Шалеке-ау, той тарқауға жақындады, жүрмейміз бе? Баламен бала болып тұрғаныңды-ай ә, сенің! Ертерек барып бес ешкімді тартып алайын.

Қаңбақшал– Жәрайды қазір. Мен әншейін нетіп…

Кемпір-Өй, неткенің құрысын, бір таусылмайды екен соның!

Қаңбақшал-Жә-жә, қазір кемпір. Ай жарық, күн ашық, әй дейтін жердегі ауылға да жетерміз. Әншейін нетіп, мына баламен әңгімем жаңадан жарасып келе жатыр еді.

Кемпір- Өй, болшы шалеке! Сенде мен білмейтін, қай жарыған әңгіме болушы еді?!

Қаңбақшал-Жә-жә, кеттік…

Олар кетіп, шымылдық ашылады. Сахна алғашқы қалпында. Сахнада Жәнібек пен Жамал.

Жәнібек- Жеңеше-ау, мен енді екі араға сәукім салып жүре алмаймын. Ұрын келген осы жолы Кекілікті біржолата алып қайтамын. Дәнекер бол осыған?

Жамал- Ата жолы асқар тау, айдын көл. Оны сен төтелеп өте алмассың, күйеужан.

Жәнібек- Аттап өтуге келмесе, айланып өтер жол болмайтын ба? Бұрыс болса да дұрысына өзің баста.

Жамал– Сонда қалай?

Жәнібек- Қалайын білсем сенен сұрамас едім ғой.

Жеңгенің жақсысы анадай,

Түйенің ботасы баладай.

Мінезі жақсы жеңгенің,

Пиғылы болар даладай.

Пиғылыңды бер? Қысылғанда әйел затының таппайтын ақылы болмайды. Ақылын өзің тап. Ата-енеме айт, менің қолқамды.

Жамал- Алабұртқан көңілің, әбден алып ұшқан екен иә, күйеужан? Күйеу болып келген жолыңды біл. Жосынсыз қолқа салып, буынсыз жерге пышақ ұрма!

Жәнібек- Солай де, жас болып жар құшқаныңды ұмытқан екенсің ғой жеңеше. Шешінген судан тайынбайды. Мен айтқанымнан қайтпаймын! Қажет болса атам-Ақбайдың өзіне де айтамын!

Жамал- Ха-ха-ха! Жайрайды Жәней, қамықпа! Еркемнің өзіне ақыл қосалық. Міне Еркем де келді…

                        Сахнаға Кекілік келіп, Жәнібек екеуі оңаша қалады.

Жәнібек- Кекілікжан, кешеден бергі ұзын сөздің сонары-осы жолы сені алып қайту туралы ғана. Мен қайтып орала алмаймын.

Кекікілк- Оралмағаны несі? Мені қалай ұмытасың сонда?

Жәнібек- Екі дүниеде сені ұмытпаспын. Бірақ, мен үшін сенен де қымбат асылым бар.

Кекілік- Ол не?

Жәнібек- Аңыраған ана, ақ сақалды ата, еңіреген елім қалды артымда. Жау шауып, жабағыға сүрінген, қан жұтып, қасіретті болған сор маңдай елім бар.

Кекілік- Ел сорлы емес, елдігінен айрылған ер сорлы! Ел ерге қарағанда, ер жерге қараса елің қалай бақытты болмақ?

Жәнібек- Мен енді сол елдік үшін еңіреп өтемін. Жетім ұл, жесір жардың кегін қайтарып, еліме еркіндік әпермей аттан түспеймін! Ендігі өмірім аттың жалы, түйенің қомында өтер-ау! Ақ шашты ата, ақ жаулықты ананың алдында айтқан сертім бар! Сөзім-сөз! Мен саған қайтып оралғанша не бар, не жоқ!

Кекілік- Жаман ырымды бастамашы жаным?! Қорқамын!

Жәнібек- Қорықпа қалқам. Өзі берген жанын құдай өзі алады. Соған дейін не бар, не жоқ дегенім ғой. Жамандықты алла басқа салмасын? Жетектесіп бірге аттанайық?!

Кекілік- Алды-артымды қамап, қоршап болдың-ау, Жәней. Ұшар ұямда бір жыл көрер қызығымды қимағаның ба, маған? Мен қайда кетер дейсің, артыңда аңырап, елмен бірге еңіреп, ақ тілеуіңді тілеп отырмас па едім.

Жәнібек- Отырарыңды білемін ғой, Кекілікжан. Өлмелі әкем, өзегі өрт, көзі жас қарт анам екі көзі төрт болып өзіңді күтіп отыр. Көзі жас, көкірегі мұң халқымның тілеуін сен де соламен бірге тілеп, мені күтіп отырарсың?! Мен айтқан сөзімнен қайтпаймын!

Кекілік- Ендеше алған беттен қайтпағын, айтқан серттен таймағын! Ет жүрегің елжіреп, елім-жұртым деген ниетің үшін етегіңнен ұстадым, батырым! Алла жар болсын? Ата-анамды көндіремін. Ал, баста батырым?

Екі ғашық құшақтасып, аймаласады. Музыканың назды, жеңіл әуені тербетеді.

Шымылдық

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ЕКІНШІ КӨРІНІС

                                                           (ҚЫРҒЫН)

Сахнаның төргі шымылдығында  қазақ ауылының алғашқы бейнесі суреттелген қалпында. Мамыржай музыканың жеңіл әуені. Ол  күрт үзіліп, қорқынышты музыка басталады. Ат дүбірі, айқай шу. «Жау! Жау! Жоңғарлар қаптап келеді. Жау Барқытбелден бері асты! Аттан! Аттан!» деп ұрандаған жаушының үрейлі үні. Сахнада бұрқыраған бу, көк түтін, бозаң шаң. Шаң, тозаң, бу, түтін арасында қуғын-сүргінге ұшыраған қарапйым халық. Шағылған шаңарақ, шашылған бесік. Жас баласын көтерген әйел, қарттарды қолтықтап жетектеген жастар. Ылар-шу зарлаған дауыс. Атой салып қуған жасақты жау қаптайды. Құрсанған қарулы жау халықты шабады. Қарсыласып күрескен азаматтар қатарынан оққа ұшып, қылышқа қиылып, қызыл қырғынға ұшырап жатыр. Шырқыраған бала мен шұрқыраған құлынның жан даусы! Кісінеген жылқы, мөңіреген сиырдың у-шуы сахна сыртынан естіледі. Әлем тапырақ, астаң-кестең орта. Қырғын шайқас біраз уақытқа дейін жалғасып, жау таптап өтіп, аздан соң айналаға тымырсық  тыныштық орнайды.

Зарлы дауыс /Әйелдер хорымен айтылады/:

                         Қара таудың басынан көш келеді,

Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.

Ел-жұртынан айрылған қиын екен,

Қара көзге мөлтілдеп жас келеді.

Елім-ай, Елім-ай!

Мына заман қай заман? Бағы заман,

Баяғыдай болсайшы тағы заман.

Атадан ұл, анадан қыз айрылды,

Көздің жасын көлғылып ағызамын.

Елім-ай, Елім-ай!

Мына заман қай заман? Қысқан заман,

Бақыт құсы алаштан ұшқан заман.

Көк аспаннан топырақ пен шаң борады,

Күні суық қаңтардан, қысқан заман.

Елім-ай, Елім-ай!

Қарт ана- Қайран боздақтарым-ай! Артыңда қалған анаң мен атаңның, қара жамылып қалған жарыңның, жетімек болған ұлыңның күні енді не болады? Қарғыс атқыр қанішер жоңғарлар! Лағнет болсын сендерге!

Жалғаннан жақсылық көрмегір,

Жаһаннан жарық көрмегір!

Жауыз, қаныпезер жоңғарлар,

Жер баспай тек көрге кір!

Лағнет! Лағнет болсын жауларға! Зар жылаған ата менен ананың, жас жар менен баланың, жесір менен жетімнің көз жасы, шаһит болған боздақтарымның қаны атсын! Қарғыс атсын сұмырай жауларды!

Жас жар /Бала құшақтаған/-Құдайым-ау, не жаздым, саған! Арысым-ау, қайтейін! Артыңда қалған ұлыңның, еңіреген еліңнің ендігі күні не болады? Жылаған жанға жар болар пенде бар ма, құдайым-ау!

Қарт ата- О, жасаған! Көрмегенім осы ма еді, тәңірім?! Сел болып аққан қан, көл болып төгілген жасқа кепіл болған бейбақ басым! Қансыраған ел мынау, қара жамылған жар мынау! Жетпей қалған жесір менен жетім мынау! Жығылғанды тұрғызып, жылағанды уататын жан бар ма, сірә? Елдің кегін қайтаратын ер қайда? Қайдасыңдар! Арыстарым, ерлерім?! Аттаныңдар?!

Сахнаға сауыт-сайман, жау жарағы жарасып, құрсанған Жәнібек келеді. Басында дулыға, қолында қалқа мен найза, белінде алдаспан қылыш.

Жәнібек- Мен бар ататай! Жауды қуып, жаны жаралы, басы қаралы елдің кегін қайтармасам маған серт!  Сеніңіз бізге?! Аттан» Аттан!

Аттандаған сарбаздар Жәнібектің қатарына қосылады. Олардың арасында ел адамдары, қарт ана, қара жамылған жарлар, жас келін-Кекілік бар.

ЖәнібекУа қалайық! Қансыраған қара мекен-жерімізді қара ниет жаудан азат ету  үшін аттанамыз.

Сарбаздар-Аттанамыз!!!

Жәнібек- Етегі жасқа толы елдің, еңіреген ененің, аңыраған ананың, жаны жаралы жардың, жетім менен жесірдің кегі үшін аттанамыз, Ант етеміз!

Сарбаздар-Ант етеміз!!!

Жәнібек-Елдігімізге, ерлігімізге, бірлігімізге, ақбас Алтай мен Алатау кепіл! Ата су, аспаралы көл кепіл! Ана жұрт, ата мекен кепіл!

Сарбаздар- Кепіл, кепіл!!!

Сахнаның жарығы өшкіндеген. Рухтанған музыка. Оркестрде «Адай» күйінің айбынды үні күмбірлеп, төрдегі пердеде егіз көк бөрінің ойнақтаған бейнесі көрініп, ұлыған үні естіледі.

Жәнібек-Батаңды бер ататай?!

Сарбаздар-Атадан бата тілейміз?! Бата, бата!!!

Қарт ата- Сендердей ұл туған ел мен енеге, ата менен анаға разымын! Сендерге бермеген батаны езіп ішейін бе.

Арыстарым, ерлерім!

Қолыңды жай, Міне бата,

Қолдасын, қыдыр ата?!

Жортқанда жолдарың болып,

Жоңғардың сағы сынсын?!

Ерлерімнің бағы жансын?!

Қазаға сабыр,

Халқыма тыныштық бер жасаған?

Аллаһ акпар?!

Жиналған жұрттың арасында байыз таппай жүгірген кәлпе-бақсы Жәнібек бастаған сарбаздарды үшкіріп, тәуіп етіп жалбарынады.

Кәлпе- Ие аруақ! Тфә-тфә! Жәнібектей ұлымды көк бөрі-иесі қолдай көр? Демей көр?! Көкбөріңе, егіз бөріңе тапсырдым! Арыстарым, ұлдарымды алла, аруақ жебей көр?! Тфә-тфә!

Пердедегі егіз бөрі бейнесі асыр салып, ойнақшып, көкке қарап ұлиды. Сарбаздар аттансалып сахнадан кетеді. Сахнада анасы мен жары Кекілік екеуі Жәнібекпен қоштасып тұр.

Анасы-Қош құлыным?! Алла жар болсын! Ата бабаңның аруағы, ғайып ерен қырық шілтенге тапсырдым! Жаманның жаласынан, жарлының наласынан, жаудың пәлесінен сақтасын?! Үзеңгіңе сүт құйып аттандырайын. Ақ тілектің белгісі болсын. Қош құлыным!

Кекілік- Қош болғайсың жаным! Елмен бірге елеңдеп, апаммен бірге алаңдап, екі көзім төрт болғанша жолыңа телміріп, тілеуіңді тілеумен болайын. Алла мен аруаққа, бифәтиме піріме жалбарынып, түнде ұйқысыз, күндіз күлкісіз күтейін?! Қош бол асылым?!

Жәнібек-Қош, қош болыңдар!!!

                     

                      Жәнібек кетеді. Рухты музыка күмбірлеп барып басылады.

 

                                                         Шымылдық

 

                                                  

 

 

 

                                                 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

                                                      ҮШІНШІ КӨРІНІС

                                                             (НАМЫС)

 

Қазақ пен Жоңғар қолының шайқасы. Сахнада шаң, топырақ, бу бұрқыраған. «Жекпе-жек!», «Жекпе-жек!» деп айқайлаған дауыс. «Алаш, Алаш!», «Абылай! , Абылай!» деп ұрандаған айқай. Ат дүбірі. Сұсты музыка. Әлем-тапырақ шайқас. Жан даусы шығып ышқынған, зарлаған жаралы сарбаздардың аянышты үні. Көпке созылған дода соғыс саябырлап, Жәнібектің «Жекпе-жектеген» үні басым шығады. Сахнада Жәнібек пен Жоңғар сардары Хөхөө батырдың жекпе-жек шайқасы басталады. Екі топқа жарылған Қазақ пен Жоңғар сарбаздары найзасын шошаңдатып, үміткер екі батырдың жекпе-жегіне демеу көрсетеді. Қазақтар «Жәнібек!» деп ұрандаса, Жоңғарлар: «Хөхөө!» деп қолпаштайды.

Жәнібек-Жайын жатқан елімде не алты аларың, бес берерің бар еді, сұм жоңғар?!

Хөхөө- Атам Батыр хунтайжден Цэвээнравданға дейінгі Ойраттың ханы мен игі жақсыларының құнын аламын!

Жәнібек- Құлқыны зор құзғын мен қанға құмар хандар ажалын сол құлқынынан тапқан. Ханның намысын қуған батыр болсаң қара халық пен қатын балада не өш кегің бар? Сандырақтамай шық былай!

Хөхөө-Кезегімді бер, кезек менікі?!

Жәнібек-Қорыққанға қос көрінер деген. Кезек сұрағаныңа қарағанда өз күшіңе сенбегенің ғой. Өлер жерің осы, ендеше. Ала бер кезегіңді!

Жекпе-жекке шыққан екі батыр айқаса кетеді. Қылышпен шабысып, найзамен шаншысып, ақыры Жәнібектің жеңісімен сайыс аяқтайды. Қазақтың қолы «Алаш, Абылай, Абақ, Жәнібек!» десіп ұрандап, жеңімпаз батырға қошамет көрсетеді. Жекпе-жектің аяғы дода шайқасқа жалғасып, қырғынға ұшырап, жеңіле бастаған жоңғар қолы шегініп, қаша соғысады. Қазақ қолы жауды қуып, ғалапқа жетеді. Сахна сыртынан «Жау жеңілді! Біз жеңдік! Жеңіс! Жеңіс! Шүйінші, Шүйінші!»  деген жеңістің қуанышты хабары естіледі. Сахнадан Қаңба шал мен Кәлпе бақсыны көреміз.

Қаңбақ шалАбылай деген батыр шығыпты дейді. Тәңірім-ау, қазақтың бағына жаралған ұл болармысың! Құдауәнда-ау, оқ өтпейді, қылыш кеспейді дейді. Жаудың сілтеген найзасы өзінен өзі опырылып, қылышының жүзі майрылып, садақтың оғын жау жапырақтай қырқып түсіреді екен. Бұл неткен керемет! Әттең, мынау жоңғар деген иттің баласы жас кезімде кезікпеді ғой. Егерәкім қынаптан суырған қылыштай кезім болса «Қаңбақшал» деген әжуа қайда, елдің бәрі «Қазеке!» деп аттан көтеріп түсіріп, ақ отаудың төріне әкеліп отырғызбаспа еді?! Қылымсыған қиғашқастар қиылып келіп, сәлем беріп, шара толы сары қымызды ұсынбай ба, былай!…

Кәлпе- Сап-сап, Қазеке! Ел не десе о десін. Мен Қазеке дейін. «Жау кеткен соң қылышыңды боққа шап». Сенде боққа шабатын қылыш та жоқ шығар. Астамдық адамға жараспайды. Тәубә де, Тәубә!!!

Қаңбақшал-Тәйт, қаңғырған қу диуана! Сөзінің уытын қарашы. Қазір барып көрсеңде қылышым қылшылдап керегенің басында ілулі тұр!

Кәлпе– Ие, аруақ! Жар бола көр жасаған! Кет пәлекет, кет! Ағып жатқан сумен кет, аса соққан желмен кет! Күресіндегі күлмен кет! Кет, Кет! Тфә, тфә!

Сарбаздар мен халық өкілдері келеді. Кәлпе мен Қаңбақшал топтың ортасында. Сарбаздардың ортасында бес қаруын асынған Абылай қолбасшы, Жәнібек бастаған сардарлар бар. Жиналған жұрт «Абылай! Абылай! Жаса, Абылай!» деп қошамет көрсетеді.

Абыз атаУа, қалайық! Төбесіз жер, төресіз ел болмас. Етектен кесіп жең болмас. Халық қамал, ер қорған. Хан басшы, көп қосшы! Сол көп қосшыға бір басшы таңдайтын мезгіл жетті. Әулие үш бидің таңдап, баулыған Абылайы бүгін күллі қазақ қолының қолбасшысы болды. Енді Ел басшысы болуға да лайық! Үш жүздің баласы бұған не пәтуа айтасыңдар? Қазақтың ханы Абылай! Ұлы жүз-аға баласы не айтасың?!

Ұлы жүз биі- Аға баласында ала бөтен ой жоқ. Ініге аға, ішікке жаға болудан артық мұрат бола ма? Ендігі ханымыз Абылай!

Абыз ата-Орта жүз баласы, ендігі кезек сенікі!

Орта жүз биі– Омыртқа мен он екі арқа, белдеме жүктің ауырын көтереді. Әлі де көтеруге әзірміз! Абылай сұлтанның алдынан кесіп өтпейміз, айтқан билігін бұзбаймыз!

Абыз ата- Кіші жүз баласы, ел құлағы енді сенде! Қане, кезегіңді ал?!

Кіші жүз биі-Ата тұрып бала сөйлегеннен без, аға тұрып іні сөйлегеннен без! Қазақтың кіші ордасы ағалармен тілеудес!

Абыз ата- Ел сияқты Ел едік,

Есіміз кетіп,

Еңсеміз түскен кем едік.

Енді міне, теңелдік,

Қуанышқа кенелдік!

Ал, Абылай қарағым, алдың ашық, маңдайың жарық болсын?! Туың-елдік, мұратың- бірлік болсын? Аллаһу акпар?!

Жиналған жұрт: «Аллау акпар! Айтқаныңыз келсін, аузы дуалы  Абыз ата?!»  (Дабырласады.)

Жігіттер Абылайды ақ киізге отырғызып, жоғары көтеріп: «Хан Абылай! Абылай хан! Жаса Абылай! Абылай! Абылай!» десіп ұрандап, оны көтерген қалпында сахнаның сыртына әкетеді. Сахна айналғанда биік тұғырдың үстіне орнатылған алтын тақ көрінеді. Сардар киімінің сыртынан алтын тон жамылып, айыр қалпақ киген Абылай хан тұғырдың артындағы баспалдақпен өрмелеп, алтын таққа келіп отырады. Халықтың өкілдері мен сардар, сарбаздар «Абылай хан! Абылай хан! Абылай хан!» деп үш мәрте айқайлап қошамет көрсетіп, қол бұлғайды. Тағынан түрегеліп, қолын көтерген Абылай хан халықтан тыныштық тілейді. Жұрт тынышталады.

Абылай хан- Уа қалайық, қалың жұртым! Қара орман халқым! Халық қамал, ер қорғаның деп айтты ғой жаңа ғана абыз атамыз. Етегіміз жасқа толып, ел болып еңіреген жылдары елім-жұртым, сіздер қорғаныс қамал болып, мына тұрған ерлер ел мен жерді қорғап, еркіндік пен елдікке қолымыз енді жетті. Ел тағдыры үшін боздақтардың төгілген қаны, ащы тері селдей ақты. Ата мен ана аңырап, жетім мен жесірдің көз жасы бір күн де тиылған жоқ. Бостандық бізге сансыз ердің құны, саналы елдің көз жасымен, аса қымбатқа келіп отыр. Елдік пен бірлік қазақтың алынбас қамалы! Қуаныштың белгісі-хан таламақай! Хан сарқытынан ауыз тиіңіздер!

Жиналған жұрт тағы да «Абылай хан! Абылай хан! Жаса Абылай!» десіп ұрандайды. Ақ жаулықты аналар «хан сарқыты» деп аталатын ескі дәстүр бойынша шашу шашады. Көптің ортасында жүрген Қаңбақшал шашудан қойнына тығып жатыр.

Қаңбақшал- Құдай айдап хан шашуына кез болғанымды қарашы! Таламақай! Таламақай! «Абылай хан әдейі өз қолынан берді» деп, хан сарқытын алып барсам, әлгі қақпас кемпір марсиып-ақ қалатын шығар. Бүгін ұрсып көрсінші, «Ханның киесі атады!» деп бір рет болса да мысын басып алайын! Е-е-е, Хан дегеніміз осы деші? Маған қарап қолын екі мәрте былғады емеспе! Пай-пай, қасиетіңнен айналып кетейін-ай!

Кәлпе- Ие аруақ! Пірәдарым жебей көр? Көз бен тілдің сұғынан сақта, жаратқан жаппар құдайым?!

 

                                                      Шымылдық

 

 

                                      

 

                                          ТӨРТІНШІ КӨРІНІС

                                            (ЦИНЛИН ХАН)

Перденің алдында қарт Жәнібек пен жас Көгедай. Көгедай хан оқалы камзол, оюлы шалбардың сыртынан алтын шапан, айыр қалпақ киген. Салтанатты.

Жәнібек- Ал, Көгедай балам, атқа қонуға дайын болдыңдар ма?

Көгедай- Дайынбыз ата!

Жәнібек- Батыры бар ел жаудан қорықпайды. Басшысы бар ел ханнан қорықпайды. Шешені бар ел даудан қорықпайды. Қазақ қазақ болғалы Керей мен Әз Жәнібек бабамыздан бері талай хан алтын таққа отырып, ала шапан жамылған екен. Енді міне, Абылайдың дәуірі басталды. Сөйтсе де менің кәрі жүрегім күпті. Ойда орыс, қырда шүркіт төңеректің төрт бұрышын қамап, қоршап болды. Қазақтың үш ордасы Орысқа бодан болып жатыр. Керей деген қауым енді ғана ел болып, бабамыз Тұғрыл ханның ту тіккен мекені-ана жұрт, ата мекеніне ат тұяғы жаңа жеткен шақта орысқа бодан болғым келмейді! Елімді Орыстан оқ бойы алыс ұстап, өз қотырымды өзім қасысам деймін. Арыстанға айдаһардың айбары керек. Цинлин ханның алдынан өтіп, алқауына бөленіп қайтқын?!

Көгедай- Жарайды ата. Манжның ханы сөз төркінін ұғар жан болса сөйлесерміз. Ақылыңыз жадымда.

Жәнібек- Сөзге тоқтамаса бөзге тоқтар. Цинлин ханның тамағына тас тығылып қалды дейсің бе? Ол да тамағы тесік пенде ғой. Керей деген ел отқа қарап, суға сүрініп отырған жоқпыз. Халықтың тауқыметінен қаралы малды аяма! Мал жердің құрты емес пе. Бүгін өшсе де ертең өседі. Манж чин патшасы тамам елдің ханзадасына қызын беріп, біреудің бостандығын бодандыққа айырбастап қаныккен, жымсыма жұрт. Қырмызыға қызықпа! Қанша қатын алам десең де қазақтан табылады.

Көгедай- Құп батыр ата! Енді біз аттанайық?

Жәнібек- Жортқанда жолың болсын ұлым?! Жолдасың қыдыр болсын?! Алла ұзақ жолдың ғазабынан сақтасын?!

Көгедай-Айтқаныңыз келсін ата!

Керейдің қарт батыры Жәнібек пен Көгедай хан құшақтасып қоштасады. Екеуі қол бұлғасып, екі жаққа кетеді. Шымылдық ашылғанда Манж чин патшасы Цинлин ханның салтанатты ордасын көреміз. Орданың төріндегі айдаһардың бейнесі оюланған алтын тақта Цинлин хан отыр. Орда іші әлекей-шүлекей әсем. Екі босағада найзасына сүйенген екі қорғаушы ғаскер қақшиып тұр. Сол қанатта ханның уәзір, ханым, санаттары орналасқан. Керейдің төрт би-төрт орынын қасына ерткен Көгедай келеді. Даяшылар оларды ханның оң жақ қанатына орналастырады.

Цинлин- Қош келдіңіздер ме, мәртебелі қонағым!

Көгедай- Ассалаумағелейкум аса мәртебелі хан?!

Цинлин- Мен сізді пісіп қатып ысылған, егде жаста болар деп ойласам, нағыз балаусадай балғын шағыңызда екенсіз-ау!

Көгедай-Сізді де жиырмаға жетер-жетпесте әке орнына мұрагер болыпты деп естіген едім. Ораздының баласы отызында жаспын дейді. Қазақтың баласы он сегізінде баспын дейді. Көшпенді елдің ұлы ерте ер жетіп, атқа жастай қонады.

Цинлин- Көңіліңізге алмаңыз, ғафу етіңіз? Мен ойға келген соң айтқаным ғой. Бөтен ойым жоқ еді?

Көгедай-Оқасы жоқ, ханым!

Цинлин– Ал, құтты қонағым, бұйымтайыңды айта отыр?

Көгедай- Жол жолға жалғасады. Ел елге жалғасады. Іргелес елмен тілеулес көрші болуға келдік.

Цинлин-Дұрыс, кеңесті елде кек болмас. Елім деп қай елді айтып отырсың?

Көгедай- Қазақ бір тұтас ел болғанымен ұлы орда ішінде кіші ордасы бар. Керей деген ел сол ордалардың бірі. Қазақтың Ойраттан көрген қорлығын өзіңіз білесіз. Сол қыспақтың кесірінен қазақтың үш жүз-үш ордасы Орысқа бодан болып жатыр. Өз шаңарағын өзі көтерген Керей елі ата қонысына қайта орнығып, керегесін жайып, шаңарағын көтерді. Біреу біреуге сүйеу, бақан үйге тіреу. Қол ұшын беріп, қолтығыңызға алуыңызды өтінеміз?

Цинлин- Үш жүз Орысқа бодан болса, Керейлер Чин патшалығының құзырына құлдық ете ме?

Көгедай- Бодандыққа жоқ, бостандыққа талпынған елміз. Өзін өзі білген ер бақытты, Өзін өзі билеген ел бақытты. Алысып, берісіп, бейбіт қатар отыралық. Жат жұрттың жауласуынан Чин патшасының айбары сақтар деген үміттеміз.

Цинлин– Иә, татулық болмай бейбіт жоқ. Ортақ өгізден оңаша бұзау дейсің ғой. Бодан болмасаң босқа қамқорлық қайда? Бермесең алыспайсың. Бармасаң алыстайсың. Чин патшалығының құзырында боламын десең еруліге қарулы болмақ. Қаруын қайтаруға дайынсыңдар ма?

Көгедай- Ойыңызды ортаға салыңыз, тақсыр? Орайына сай жауабын қайтаралық.

Цинлин- Ендеше, Манж чин патшалығы Керей елін сырт жауынан қорғап, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмауды өз міндетіне алсын. Оның орайына Керейлер жылына он мың теңге ақ күміс немесе 3000 мініс атты сар ноқтаға  байлап, салық төлейтін болсын!

Көгедай ойға батып торығып отыр.

Көгедайдың монодлогы: «Құлқыны неткен зор еді, бәтшағардың. Олай тартсаң өгіз өледі. Былай тартсаң арба сынады. Халқымның қанжылап жеткен жеңісін, еңіреп тапқан еркіндігін саудаға сал дегені ме? Ол бола қоймас! «Халық үшін қаралы малды аяма» деп Жәкемнің айтқаны бар емес пе? Алам деген алалы жылқысын берейін. Ұлы елдің қамқорлығынан қашпайын.»

Цинлин ханның монологы: «Солай болар, жас төре! Сені қайтсем ашсам алақанымда, жұмсам жұдырығымда ұстайын. Ұзын арқан, кең тұсауға келерсің, әлі-ақ!»

Көгедай- Жарайды, аса мәртебелі ханым! Керей елі бодан болмай, борышымызды төлеп, Ұлы Чин патшалығының қамқорлығында болайық. Жыл сайын 3000 атты салықтың сар ноқтасына байлауға келісеміз!/Билерге қарайды/

Билер-Келісемыз! Келісеміз!

Цинлин-Текке жатқан тебен жоқ. Көршілес ел болған соң, алым берімсіз қайдан болсын. Басқадай бұйымтай шаруаларың бен сауда керуені жөнінде жергілікті жанжұңмен келісе жатарсыңдар. Жас төренің пиғылына мен де разымын! Берген жомарт емес, алған жомарт. Керей елінің жас төресінің құрметіне манжның жас аруын тарту етемін! /Шапалақ соғып, қызметшілеріне ишарат білдіреі. Қызметкерлер сырттан қырмызыдай қиылған жас аруды ертіп келеді/

Цинлин-Міне, сізге арнаған сый сияпатымды қабыл алыңыз?!

Көгедай- Қазақ халқында арғымақ ат, атан түйе, алтын күміс сыйлайтыны болмаса, ару қыз сыйлайтын дәстүр болмаушы еді. Құрметіңізге рахмет! Өзгеге ұл болғанша, өз еліме құл болайын!…

Цинлин- Жәрайды, құтты қонақтардың алдына дастархан жайыңдар!

Тағы да шапалақ соғып, нендей бір ишарат білдіреді. Сырттан астау толы жеміс әкелініп, бұратылған биші қыздар келіп билейді. Музыканың көңілді жеңіл әуенімен бұрала басып былқыодаған манж қыздарының көркі көпті баурайды. Қыздардың биі аяқталған соң ордадағылар тарасып, Цинлин хан мен Көгедай төре қоштасады. Көгедай сәл иіліп, шегіне шығады. Цинлин хан таһафбар қалпында орда төрінде тұр.

 

                                                   Шымылдық

 

 

 

                                                       БЕСІНШІ КӨРІНІС

                                                              (ӨСИЕТ)

Жәнібектің ордасы. Қобыздың мұңлы үні, көмейдің қоңыр әуені. Төрдегі Жәнібектің оң қанатында Көгедай хан мен төрт орын-төрт би. Сол қанатында бәйбішесі мен бала-шағасы.

Жәнібек- О дүниедегі ағайындарға да мен сияқты бір тентектің керегі болған сияқты. Алладан келген аян «аттануға әзірлен» деп қысап отыр. Не айтасыңдар жақсыменен жайсаңдар?!

Кәлпе- Астағыфиралла! Аттануға асықпаңыз батыр?! Мұндағы елге де сіздей ақылшы қажет!

Жәнібек- Жазмыштан озмыш жоқ. Алланың аянына қарсылық ету күнә емес пе?!

Көгедай- Керейдің жел жағының панасы, жау жағының қаласы, жасқа ақылшы, жасамысқа серіксіз. Әлі де билігіңізге таласпаймыз. Қазаға сабыр, батыр ата?!

Билер– Қазаға сабыр! Қазаға сабыр берегөр?! Әлі де алдыңыздан кесіп өтпейміз! Ақылыңызды айтыңыз Жәке?!

Жәнібек- Құтың қалмас қашқанда, ақыл қалмас сасқанда. Жан алатын Жәбірейіл жағаға жармасқан шақта не ақыл болады. Мен жалғыз, сендер көпсіңдер. Барған жерге базнашылықтарың болса өздерің айтып, мені неге тапсырмайсыңдар?!

Билер-Жарықтық-ай, қайратыңа бас-ай! Қайтсін-ай!!!

                        Диуана бақсы келіп ойнақ салып, ақтау зарын айтады.

Диуана- Диуана кірер есіктен,

Пәлекет шығар тесіктен!

Аса таяқ мойнымда,

Ақтауымды естіппең?

Кет пәлекет, кет!

Көш батырдан көш!

Ах-ах!!!

Алпыс бесте жасым бар,

Әуре болған басым бар!

Жәнекеме жармасқан,

Қандай сенің қасың бар?!

Кет пәлекет, кет!

Көш батырдан көш!

Ах-ах!!!

Жиналған жұрт-Иә сәт, қолдай көр,  жасаған жар бола көр? Қырықтың бірі қыдыр деген ғой. Сәті болар?!

Жәнібек- Олай барсаң Орыс бар,

Бодан болсаң қоныс бар.

Ұл мен қызға алданыш,

Пәре жеген болыс бар.

Шеттей тартсаң Шүршіт бар,

Іші сұмдық бір жұрт бар.

Киіз туырдықты, ағаш уықты,

Монғол деген мұнда бір ел бар.

Бірде алыссаң, бірде берісесің,

Бірде керіссең, бірде келісесің.

Бәрін айтта бірін айт,

Алдыңдағы қарадан,

Артыңдағы сарыдан сақтан!

Алтайдан көшкен бабаларымыз бір заманда байыз таппай Сібірге жеткен екен. Отты қаруымен одыраңдаған орыстар одан да қуып Арқаға тықсырды. Арқадан көшіп, ата жұрт алтын Алтайға енді жеттік. Ту сыртыңда қырындаған Қытай отыр. Ел өссе де жер өспейді. Елдік тек ынтымақ, бірлікке ғана тоқтайды. Төбеден қарайтын жат біреуді тәңірдей көретін қазақпыз. Өзіне тоқтамай, өзгеден дат сұрайтын қылығымыз бар. Торқалы той, топырақты өлімнен басқаға басымыз қосылмайтын мінезіміз бар. Өлсе «ойбауырымдап» қырық күннен соң ұмытып кететін ұмытшақ жұртпыз. Өзіңді өзің сыйласаң жат жанынан түңілер. Өзгеден емес, өзіңнен ғана медет күт! Халық қара орман қамалың. Ер-ел қорғар қалқаның. Шапсаң қиып түсер алмас қылышың, сілтесең түйреп өтер ақ сүңгің. Ел ерімен, бай малымен көгереді. Байы бар ел арқалы атан мен арғымақ атқа тарықпайды. Батыры бар ел жаудан шайлықпайды. Ханы бар ел қатар елден қалыспайды. Осылардың бәрінде ептестіретін, топтастыратын дәнекері би мен бек сендер! Барлығың мына Көгедайдың төңірегінен табылыңдар?! Халқым адаспа, қартым алжаспа, ел адамдары сүрінбей, тек алға қарап жүріңдер. Көзің ілінсе, көкірегің мүлгиді. Мүлгіме де, ілбіме ерлерім?! Аршындап басып, арындап алға тартыңдар?! Болдым, түгесілдім. Ендігі сенерім сендер ғана!…Байтақ елім, жазира-жайсаң жерім сендерге аманат! Қайтыңдар елге! Қош болыңдар!

«Қош, қош! Қол аяғыңыз жеңіл болсын, Жәке! Қош болыңыз!» дескен ел адамдары кетеді. Орнынан түрегелген Жәнібек оңаша тұр.

Жәнібек: Бір қайғыны ойласаң, мың қайғыны қозғайды. Толассыз ойлап толғансаң баяғыдан озбайды.              Баба жолы-баяғың,

Ата жолы-таяғың!

Бірге туған Уағым,

Арғын, Найман шуағым!

Кең қолтық Керейім,

Үш қазаққа мерейім!

Қош, аман бол?!

Ертіс пен Есілді, Арқа мен Алтайды жалғап жатайын. Аманатымды аяқсыз қалтырғанды аруағыммен атайын! Асқар бел, самал жел, шалқар көл, кең далам қош аман бол?! Абақтап артымнан ерген, Жәнібектеп ұрандап, рух берген елім қош аман бол?! Қош, қош! Тағы да қош!!! Жамбастап жатып өлмей, түрегеп тұрып өлейін. Қайсың бар едіңдер қасымда?!

«Біз бар әке!» дескен балалары мен әйелі, ауыл адамдары жүгіре келіп Жәнібекті сүйейді. Мұңлы музыка. Қобыздың зарлаған зарлы үні, көмейдің күңіренген қоңыр әуені. Сахнаның төргі пердесінде егіз бөрі көкке тұмсығын көтеріп, жан даусымен ұлиды. Жарық өшкіндеп барып сөнеді.

 

                                                 Шымылдық

 

                                                      СОҢЫ

 

                                                  2013-10-22


Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*