Шежіре

Аюмен алысқан аңшы Шалап

Моңғолия қазақтарының ішінен көптеген тарихи тұлғалар мен қоғам қайраткерлері шықты. Аты аңызға айналған әйгілі адамдар да болды. Соның бірі Қарақастың Назар атасынан тарайтын Шалап Дүйсенбайұлы Алтай таудың басында аюмен алысқан адам. Шалап бүгінгі күндері әр қырынан сараланып тарихи кітаптарға жазылмаса да көпке әйгілі болған аңшы, құралайды көзге атқан мерген, жастайынынан аң аулауға әуес өскен, әккі аңкөс аталарымыздың бірі еді. Ол1888 жылы туып, 73 жыл ғұмыр кешіп 1961 жылы дүниеден өткен. Шалап аңшы, қарапайым шаруа ғана емес, қоғамдық саяси жұмыстарға да белсене араласқан сауатты адам болған. 1937-жылдың күзінде Қобда аймақтық партия комитетінің шешімімен Дэлүүннің «Көктебесінде» алғаш  алты мүшемен орнаған сұмындық партия ұясының хатшылығынасайланған.

Шәкең,   қорқыныш дегенді білмейтін, аса батыл, мінезі қатал, көпке сыйлы, сөзге шешен, қайыспайтын қайсар, ержүрек адам болған. Бұл кісі жайлы ел арасында аңыз әңгімелер көп. Ақын Иманғали Рахметұлы Шалап атамыз жайлы көлемді  жыр жазды. Аталмыш жырда Шәкеңнің өмір бойы аңшылық кәсіппен, соның ішінде  аю аулаумен айналысқаны, атқан  соңғы аюы жараланып кетіп, артынан ізіне түсіп келе жатқанда аңшының өзіне шабуылдап мерт қылғандығы жайлы баяндалады. Сондайақ немересі Бауыржан Дәлелұлы «Әке жолы» атты ғұмырнамалық кітап жазып ұрпақтарына ұлағаттады.

Моңғолия қазақтары тарихында қызыл қолмен жыртқыш аюмен арпалысқан екі адам жайлы аңыз бүгінгі ұрпаққа дейін жетті. Оның бірі әйгілі тұлға, шерушінің биі Ақтай Көбегенұлы. Ол — Алтайдың Өрмегейіт асуының тұсы, Даян көліне таяу жердегі қорымда аюмен алысқан жайлы деректер бар. Ал енді бірі — осы тақырыпқа арқау болып отырған Шалап Дүйсенбайұлы. Бұл кісі ғұмырының соңына дейін 30- дан астам аю атқан. Баян-Өлгий аймағының Дэлүүн ауылында «Бес сала» деп аталатын Төңірек, Жалғызағаш, Китінсала, Үйірт, Үсіген асуларындағы жан баласы баспайтын, басы аспан тіреген қарлы шың, етегі қалың қорым дараларынан аю аулайтын. Бұл жерлер орман тоғайлы болмағандықтан аю тұрақты мекендемейді. Арғы бет Өр Алтайдан жаз мезгілінде ауық-ауық асып келіп, қорымды дара қойнауларындағы балдырлы жасыл көлдер мен көл айналасындағы баларқалы шұраттарға аз уақыт келіп-кетіп жүретін болған.

Шәкеңнің бір-бірінен айыра танығысыз екі күрең аты болған. Олар басқа аттар аттап баса алмайтын түйе қорымдардан мысқтабандап басып, аңшыны діттеген жеріне жеткізуге әбден машықтанған. Тағы бір ерекше қасиеттері иесі баспалап аю соңынан кеткенде байлап, бекітіп уақыт алдырмайды. Иесі қайтып оралғанша, қанша уақыт болса да орындарынан табжылмай тұра беретін болған. Шәкең аюмен алысып мерт болған сапарында халық марқұмның сүйегін үш күн бойы іздеген. Ақыры бір таса қуысқа тастап кеткен бойы тапжылмай тұрған үлкен күреңді тапқан.   Айғақ іздеріне қарағанда Шәкең жаралы кеткен аюдың  соңынан қуып, көл жағасында қансырап жатқан кезінде үстінен  түскен.

Өлдіге санап қаперсіз жетіп келген аңшыны ызалы аю соңғы күшін жинап бас салғанға ұқсайды. Бұған айқас кезінде көл жағасындағы үй орнындай жердің жасыл шалғынының жапырылып қалуы дәлел. Әккі аңшы «аюды атқан кезде мылтықтың құндағын қысқан сол қолыңа пышақты қабат ұста. Аю бірден өлмей жаралы қалса, мылтықтың түтініне қарсы шабады. Сол кезде астына кіріп кетіп, шабынан пышақпен орып үлгірмесең тірі қалуың екі талай.  Ал басқа терісіне пышақ өтпейді. Егер пышақпен жара алмасаң,  матай аю болса, енінен, кірекей болса, омырауынан  ұстау керек. Ол өте шамшыл аң әрі ені мен омырауы жан жері болғандықтан сені тастай қашады.  Атқан аюыңды ешқашан өліп қалды  деп тура бассалма, жақындап келіп бастан  тағы бір ат» деп жас аңшыларғы үйретіп отыратын болған. Бірақ «алдырар күні жаздырар» дегендей,  жаралы жатқан аюдың тура үстіне барған. Бассалған аюмен көп алысқан. Өйткені үстіндегі жейдесі денесіне ажырамастай болып жабысып қалған. (Шүберек етке сіңіп кеткен) Қолы екі жерден сынған  дейді арулаған адамдар. Бірақ аңшы аюдан тірі құтылған. Аюдың көлге түсіп келкен ізі мен аққан қаны  көл жағасында балшық пен құмда айпарадай болып түскен. Кішкентай көлді із кесушілер мұқият тексергенімен шыққан ізі табылмаған. Шамасы көл ішіеде өлген.

Шәкеңнің орамал шыт таққан дүрбісі сол жерде қалған. Ал өзі иығына мылтығын асынған бойы атын қалдырған сайға қарай кетіп бара жатқан жолында қорым арасында көз жұмған. Қайсар аңшы өмірінің  соңғы деміне дейін атына жету үшін қайратына сүйенген болса керек. Осылай аюмен алысу 73 жастағы қарт үшін нағыз ерлік еді.

Шалаптың ұлы Әсет те «сегіз қырлы бір сырлы» өнерлі, асқан мерген, көптің аузына ілінген, ақылына көркі сай азамат болған екен. 1943 жылы Алтай өңірі Шығыс Түрікстандағы Ұлт азаттық үшінгі күреске көмектесу мақсатымен Х.Чойбалсынның жарлығы бойынша  Моңғолиядан арнайы жасақ құрылады. Жасақ құрамына  Дэлүүн, Толбо, Бұлғын сұмындарынан 400- ге жуық партизан тартылып, Оспан батырға көмектесуге дайындалады. Бұл жұмысты Ш.Ноғай, О.Қалқабай, Б.Қабилар ұйымдастырған. Осы тұста Ш.Әсет 19 жастағы бала болсада оның «құралайды көзге ататын» мергендігін білетін Ноғай арнайы шақыртумен алғызып,  партизандар қатарында Алтайға жіберген.  Әсет Дэлүүнның белді байларының бірі Келемжанның жалғыз қызы Қызметпен тұрмыс құрған. Бірақ тағдыр оларды ұзағынан сүйіндірмеді. Асыл азамат не бәрі 22 жасында бірнеше күн ғана ауырып дүниеден өткен.

Моңғолияда халықтың күн көрісі, тіршілік деңгейі өте төмен ХХ ғасырдың басында аңшылық ер азаматтар үшін негізгі кәсіптің бірі еді. Шалап атамыз мергендігімен арқар, құлжа, тауешкі аулап, оның еті, терісін кәсіп етіп, бір ауылдың күн көріс нәпақасын тауып тұрған екен.

 

Шынарбек Сейітханұлы
Моңғолия Журналистері Одағының мүшесі,
Тарих ғылымының магистрі

Теги: , ,

1 пікір

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*