Руханият

Палуан /тарихи эссe/

КҮРЕС. Осы сөзді айтқанда шаршы алаңда белдесіп, бір-бірінің кірпік қаққан сәтін аңдыған қос палуан көз алдыңа келе қалады. Бұдан күрес өнерінің ерекше қаситке ие екендігін бірден аңғарсың.

Ерте аңыздардар мен батырлар жырында, тарихи туындыларда, тіпті археологиялық қазба деректерден біз адамзат тарихында күрес өнерінің бірнеше түрі болғандығы туралы мол мәлметтер кездестіреміз.
Бұған қарап, жалпы спорттық ойындардың түп төркінін күрес өнері деуге болады. Қазақ белдесу арқылы күш сынасып өз ұлысы мен руының мәртебесін асқақ, мерейін үстем етеді. Күллі ел алдында ең күштілері өгіз күшті палуан, немесе толағай, алпамса, алып деп танылып, халқы оған лайықты бағасын берді.
Осыдан бүтіндей 18 ғасыр бұрын нақтырақ айтсақ 371-381 жылдар арасында ғұндар патшасы Баламбер (Атилланың алдындағы патша) өзінің жеңістері мен мемлекеттік шешімдерінен кейін үлкен жиын ұйымдастырып, оның негізгі бір бөлігі ретінде ат жарыс, балуан күресі, садақ ату, найза лақтыру, аударыспақ, теңге алу, т.б. ойын түрлерін өткізген. Ал сол кездегі ғұндар тілімен аталмыш спорттық ойын түрлері былай болған: Ээр-хүреш, Ат-хуреш, Ланса-хуреш, Шабарман-хүреш, Жебе-хүреш, т.б. Осыдан ғұндар тілінің қазіргі қазақ тілінен айырмасының аз-ақ екендігін байқауға болады. Мұнда «Ээр» – сөзі күшті мағынасын білдірсе, «Хүреш» – балуан күресі мағынасын білдіріп тұрғандығын аңғару қиын емес.
Ал біздің дәуірімізге дейінгі мыңжылдықтарда өмір сүрген Бени-Гассан жеріндегі перғауынның табытына бейнеленген суреттерде Мысыр жауынгерлері бір-бірімен жалаң қол айқасып жатқан суреттерін көруге болады. Осы сызбаларды зерттеген ғалымдар сол заманның өзінде Мысырлық жауынгерлердің ең мықтылары палуандар екендігін және ең маңызды әскери жаттығуларының бірі күрес болғандығын ғылыми тұрғыдан дәлелдеп отыр.
Тарихы біздің дәуірімізге дейінгі қоғаммен ұштасатын осы бір өнер түрі бергі заманда көшпелі қоғамның да өз заңдылықтарына кірікті. Сол көшпелі қоғам мұрагерлерінің белді мүшесі монғолдар, күрес өнерін өте ертеде қалыптастырған. Айталық, 1206 жылы Тэмужин (Шыңғыс хан) хан сайланып, ұлт болып ұлық той өткізеді. Сол тойда күллі монғол ұлысының мықтылары бас қосып аса ірі көлемде палуан тойын ұйымдастырады. Тойда Хан Шыңғыстың інісі Хасарға шақ келетін ешкім болмағандықтан әлгі Хасар Монғол ұлысының бас палуаны аталған. Осы бір тарихи оқиғадан кейін күрес, моңғолдардың ұлттық ойыны тізіміне енгізіліп бүгінге дейін өз маңыздылығын жоғалтқан жоқ.
Біздің айтпағымыз моңғолдардың емес сол елде мекен етіп келе жатқан қазақтар арасынан шыққан күші тасыған мықтылар жайында болмақ.
Бала күнінен палуан болып елге танылған Бейсенбіұлы Айдаубайдың, ешуақытта жауырыны жерге тимеген. Өмір бойына өзімен күш сынасқан адамның белінен қысып тұрып жерге атып ұратын ерекше әдісі бар Айдекең кең пейілді ақ көңіл жарқын жүзді жан болған. Ел арасында Айдекең атанып кеткен Айдаубайдың білегі мен белінің аса күшті екендігі бала кезінен ақ аңғарыла бастаған дейді былайғы жұрт. Ал есімінің Айдаубай қойылуы мүлде бөлек дүние.
Монғол жұртшылығына лаң салушы Жа Ламаны тарихтан бәріміз білеміз. «Нәжікеш Таңқайұлы (1885-1953) «Ел айдалған» тарихи дастанында осы бір лаңкес туралы егжей-тегжейлі баян етеді».
Жа Лама Қытайда, Таулы Алтай өңірі Сарсүмбе ары қарай Шанхайға дейін қоныстанған ойрат, қазақ, дүнгендер мен ұйғырлар арасында жүріп, Моңғол халқына ойран салып, елді қырғынға ұшыратады. Ақыры орыс әскерінің қолына түсіп жазаланады. Осындай бір жайсыз уақытта халық арлы-берлі айдауға түсіп, тыныштығы қашады. Сол бір аласапыран кезде Таулы Алтай өңірінің Жазатыр қыстағында көштің түйе қомдап жатқан сәтінде өмірге келген нәрестенің кіндігін Бақтыбала кесіп атын Айдаубай қойған. Есімі елге мәлім, өз заманының білгірі болған Зұқа қажының қызы Бақтыбала жай адам емес. Әйел затынан болса да аузы дуалы, бір елге бас болатын адам екен. Енді бұл, 1912 жылы болған оқиға. Таулы Алтайда қарапайым шаруа Бейсенбі Қоқайұлының отбасында дүниеге келген бала Айдаубайда басқаларға ұқсамайтын өзгеше мінез, бөлек болмыс болған. Әкесі Бейсенбі де қазақы күрестен құр жаяу емес. Айдаубайды жастайынан қасына ертіп өзге ауылдағы той-томалақтарға апарып бала күреске қатыстырады. Жығып кетсе төбесі көк тіреп қара бөркін шалқайта кійіп қуанышты күйде жүретін. Ақыры ұлының күрес өнеріне деген шын ынтасын байқаған әке, ұлын күрес өнеріне баулу жолына бел шеше кіріседі. «Әке көрген оқ жонар»-дейді ғой қазақ. Талай тойда алдына келген балаларды белінен асыра жығып ерекше көзге түседі. Ел ішінде балуан бала атанады. Тұла бойы тұңғышы болғандықтан анасы Ләти ұлының аман-саулыған тілеп, өсіп ер жеткенше өзінен үлкен палуандарман күш сынаспағанын қалайтынын айтып жары Бейсенбіге «Айдаубай әлі бала, буыны бекіп, бұғанасы қатқан жоқ, оқыстан мертігіп жазатайым болса обалы бізде кетедіғой»,- деп өтініш жасаған. Ана сөзін құп көрген Бейсенбі бірнеше рет ұлын күреске жібермей қояды. Бірақ жағаласып үйренген жеткіншек, бәйге атындай тыпыршып бір орында отыра алсынба? Ақыры әлгі аламанға ата-анасынан тығылып жалғыз барып қатысады. Ұрланып барып күресіп, үйге жүлде мен оралған ұлына әке қату қабақ танытқанымен іштей раза. Жұрт алдында еңсесі биік мерейі үстем Бейсенбі бүгінде жай шаруа ғана емес балуан баланың әкесі атанған.
Бірде жылқы қайырып жүрген бала өкпе тұсындағы жол үстінде екі өгізге теңдеген тауары бар саудагерді көзі шалады. Артынша бірнеше адам қара өгізді құйрықтай көтеріп жатыр. Құлаған өгіз тұрар емес. Қастарына жетіп барып байқады. Арқасына теңдеген жүгі ауып кеткен өгіз, белі көтера алмай өзі жығылып саудагерлер әбігерге түсуде.
«Ағалар былай тұрыңыздар»-деп жетіп келген жас жігітке монғол қазағы аралас топты адам таңырқай қарап состия қалды. Сол ақ екен Айдаубай жығылған өгізді үстіндегі жүгімен қоса көтеріп алып төрт тағандата орынына қайта қояды. Осы оқиғадан кейін саудагер монғол, Айдаубайдың аулына келсе матасын арзандатып сататын болған. Шамасы күшті жігіттен сескенеді.
«Баталы ұл арымас, батасыз ұл жарымас»-деген аталы сөзді берік ұстанған ата-ана ұлдарына ақ батасын беріп білегіне үкі байлаиды. Енді түрлі күрес жарыстарға барып күш сынасқан жас жігіт ауыл-аймаққа аты мәшһүр палуан бала Айдаубай атанады.
ІІ
1926 жылы Монғоляның Қобда бетінде тұңғыш рет аса ірі көлемде «Аймақтар аламаны» ұлан-ғайыр той болып ұйымдастырылды. Бұл тойға қазақтан өзге сол өлкенің байырғы тұрғындары монғолдар да бір кісідей ат салысады. Үкіметтен арнайы қаражат бөлініп мемлекеттік деңгейде ұйымдастырып жатқан ұлық тойға жан-жақтағы қазақтар, монғолдар, ойраттар, дөрбеттер мен уранхайлар да қатынасады. Ат жарысты, арқан тартылды, көкпар алып, палуан күреседі. Әйтеуір не керек жиналған халықтың қарасы көп. Той өткізуге арнайы белгіленген жер Дэлүүн сұмынының маңындағы Көктөбе жазығы. Тігілген киіз үлердің ұзын саны жүзден асып жығылған деген нақты деректер сақталған. Тек Өр Алтайдан келген бәйге аттың өзі алпыстан асады. Оған жергілікті халықтың жал құйрығын тараған жүйріктерін қоссаңыз бәйге атының өзі кем дегенде мыңның үстінде. Ал палуандар отырған ақ төбе қара құрым адамға толып кеткен. Арасында жас палуан Айдаубай да бар.
Сонымен не керек той тойға ұласып ең соңғы кезек балуанда өнерін тамашалауға келеді. Иықтарына екі адам мінгессе де міз бақпай қасқайып қарап тұратын мұндай алыптарды алғаш көрген халық бір сәт демін ішіне тартып тына қалысты. «Әлгілер отырған төбешіктен төмен жылжып түсе бастағанда күректей табандар астынан шаң көретіліп, халық жер қозғалғандай әсерде қалды. Әрбір ұлыс пен ру өз ұрандарын шақырып палуандарға күш-қуат тілеп күбірлегенде көктөбе жазығы азан-қазан кейіпке түскен. Ентелеген халық арасынан біреуді-біреу біліп бермейді.». – дейді сол тойды көз көрген көнекөз қарт.
Палуандардың тізімі шығарылып өнер көрсететіндерінің есімі белгілі болды. Оң қапталға өткен кілең күштілер аламанның басталатын уақытын күтіп сәл кідірісті. Сол сәтте Көктөбе етегінен жоғарыға тартылған арба жолымен ызыңдаған орыстың «ЗИС-5» мәшинесінің дауысы шулаған елдің үнін тұншықтырып, қалың жұртқа қарай жақындай берді. Ол заманда автокөлік дегенді кейбіреулердің естігені болмаса көрмегендер көп болатын. Жер астынан шыға келгендей болған әлгі жүк көлігі сол екпінмен тобырдың арасын жара қозғалып ортаға келіп тоқтады. Енді қаумалаған халықтың көзі көлікке емес әлгі шәйтан арбаның үстінде отырған шомбалдай қара дәуге ойысты. Алып денелі әлгі адамның түріне қараған адам қорқады. Беті басын жүн басқан. Состиған қара сақалын екі ұрттап өріп тастаған. Ал мұртының қалыңдығынан мұрыны мен еріні көрінер емес. Түк басқан алып денесін айтпағанда қабақтай болып қатпарланған қарынының өзі бір түйеге жүк болардай. Жүк көліктің үстінде жалғыз өзі отырып келген қара дәу орғи қозғалып орынынан тұрды да көліктен жай ғана аттап түсіп, алдын ала арнайы дайындалған тұғырға барып жайғасты. Бұл өмірінде жаурыны жерге тимеген Қобда аймағының атақты түйе палуаны ұлты монғол Бөквандан болатын. Заманда күллі Қобда бетіне пір болған деседі.
Ат сыншыларының айтқандары дәл болып, Өр Алтайдан келген бәйге аттары алдымен көмбеге келеді. Енді палуандардың жауырынын мына отырған дәу монғол жер иіскетсе қазақ деген атымызға сын болатын болды,- деп жиналған жұрт есеңгірей бастаған. Алдымен тұғырда отырған монгол палуанымен күш сынасатын адам табылмай палуандар бір біріне қарап біраз тұрып қалады. Той бастаушы «монголдың атақты түйе палуаны Бөквандынмен күресіп сайысты бастап берер кім бар»- деп балуандар жиналған оң қапталға бет бұрған. Сол сәтте ортаға шыға келген сұңғақ бойлы аққұба балаң жігіт «Я Аллам жығылып жатсам жер көтерер жығып кетсем ел көтерер »- деп ұрандатады. Басқа бір палуан жоқ болдыма?–деген үні әр жерден естіліп жатты. Енді біреулер, мынау палуан бала ғой, мұны құдай айдап әкелді, күрессін-күрессін!- деп жамырасып жатыр. Бөквандан отырған тұғырынан тұрып алаңның ортасына тұрған Айдаубайға беттегенде жиналған халық құлаққа ұрған танадай бір сәтке үнсіз қалды. Жас палуанның жалаңаш денесінде артық ет жоқ. Атадан біткен қара күш пен тарамыс бұлшындар анадайдан ыдырайып анық аңғарылды. Аз ғана еңкейген бойы өзіне қарсы жүріп келе жатқан шомбалдың әр қадамын бағып қасына жақындатпайды. Ұстап алса оңдырмасын жақсы сезеді. Не де болса алдымен батыл қимылдап бала күнгі әдісіне басу. Әлі есінде тоғыз жасқа толған жылы көктемде болған тойда дәл осындай бір алып денелі қара баламен күрескен. 15 жастағы әлгі бозбаламен ұзақ алысып, ақыры еңкейіп барып екі бұтының арасына кіріп кетіп көтеріп алып басынан асыра тастай салған. Желкесімен жерге түскен бозбала біразға дейін есін жинай алмады. Реті келсе осы бір көне әдіске көшпек.
Анадайдан көз мөлшермен дәу монғолдың денесін өзінікімен сәйкестендірді. Рас үлкен екен. Дегенмен қарсыласының егделеп қалғаны екі иінін ырғай қозғағанынан анық аңғарды. Барынша шапшаң қимылдаса үміт бар. Ал саусағының ұшына ілінсе шаруаның біткендігі. Мұны Айдаубай жақсы біледі. Әкесінің өмір бойына үйреткені шапшаң әрі шымыр қимылдап қарсыластың әрекетіне мұрсат бермеу. Таяп барып балтырынан ала түсу де ойында бар. Бірақ талайды көрген әккі палуан, баланың бұл әрекетке көшуіне ыңғай танытатын емес. Не істеу керек? Ендігі мақсат Бөкванданның осал жерін анықтау. Осылайша екі палуан бір бірінің жанарын аңдып біраз жүрді. Ту сыртынан, шалып қал, тез, асаужамбасқа сал, деген аға палуандардың дауысын анық естіді. Осы бір елең еткен сәтті ұтымды пайдалаған монғол, күректей қолымен жерден бір уыс топырақ іліп алды да, бұрқ еткізіп Айдаубайдың бетіне шаша салды. Көзіне жапқан топырақ ештеңені көрсетер емес. Жан-жақ азан-қазан. Шулаған халықтың дауысы ештеңені бағамдауға мүмкіндік беретін түрі жоқ. Жан таласып ала бұртты. Көзін жапқан топырақты білегінің сыртымен сүйкей бере екі алақанымен жер қармап төрт тағандай алға ұмтылды. Сәті түсіп әлгі қара дәудің бауырының астына жетіп келді. Енді ойланып тұрар уақыт жоқ көне тәсілге көшуге тура келді. «Я АЛЛА»-деп қарсыластың алқымына сол қолды, салды да оң аяғының сыртымен шашасынан жоғары қарай қағып қалды. Сол-ақ екен әлгі елп етіп орнынан көртеріліп кетті. Бұдан кейінгі қыймылды өзі де аңғармай қалса керек, тік көтеріп төбесіне шығарды да артына қарай тастай берді. Осы сәт тек Көктөбе жазығы емес күлі жер беті Айдаубайдың атын шақырып тұрғандай болып естілді құлағына. Бір жақтан Шерушілер тобы «Байталақ-байталақ» деп ұрандатса Ботақара руы «Шақабай-шақабай», әйтеуір не керек сол жерде күллі қазақтың бар ұраны айтылды. Тәубә!- деп күллі халық орнынан тұрысып абыр сабыр болды да кетті. Омақаса құлаған дәу орнынан есеңгірей тұрып, Айдаубайдың қолын алды. «Рас мен қартайып қалыппын, сен өмірімде менің жаурынымды жер искеткен бірінші адам болдың. Жолымды саған бердім. Бетіңе топырақ шашты деп ренжіме мен топырақты саған емес сенің ту сыртыңнан маған қарай атылған қос бөріге шаштым. Сен бөрілі палуансың сәттілік саған»-деп дүйім жұрттың алдында палуан баланың қолының астынан өтіп шын жеңілгендігін растады.
Осы сәтте Айдаубайдың оң білегіне ұлы анасы ақ үкі әкеліп байлады. Қанша дегенмен ырымшыл халықтың ұрпағы емеспе едік, мұны көрген өзгеде ел аналары палуан жігіттің иығына қолына арқасы мен төсіне, толтыра үкі байлап жатыр. Қаумалаған халықтан палуан жігіт көрінбей кетті. Адамдардың толқуы басылған кезде ортаға той басқарушы шығып Айдаубайды ел алдында ұлықтап Мемлекеттік деңгейдегі Арыстан болуға лайық палуан. Әзірше «ең күшті палуан»- деп жариялады. Монгол палуандарының жөн-жоралғысы бойынша алаң ортасындағы арнайы тұғырды айналып, толтыра үкі байлаған қос қолын екпіндете қос қапталына жайып жіберіп билеп жүрген Айдаубай ту сыртынан кең аспанда қалықтап еркін жүрген киелі қыран құсқа ұқсап тұрды,- дейді Айдаубайдың інісі әрі үзеңгілес досы сол тойды көзімен көрген көнекөз қарт Түсіпұлы Аққабыл.
Айдаубайдың ұлы атасы Дөңтай да өз заманында елге мәлім болған адам. Күреске қатысып жүлде алмаса да былайғы жұрт Дөңтайды он бір жігіт атап кеткен. Олай болуының өз себебі бар. Қазақ қашан да той томалақ өткізіп үлкен маслихан жасауға құмар халық. Осындай бір жиында барлық жігіттер ортадағы түйе тасты аударып тастауға бәс тігеді. Ақыры әлгі түйе тасты бір жігіт түгілі ұзын саны он бір жігін жабылы орынынан қозғалта алмаған. Сонда Дөңтай тұрып жер тасты жалғыз өзі қопарып алып алты қадам алға апалып тастапты. Міне осы оқиғадан кейін күшті жігіт сонан соң онбір жігіт (11 жігіт) атанып кеткен деген ел аузында аңыз әңгіме сақталған.
Айдаубайдың бүгінгі жасаған ерлігін көрген көнекөздер Айдаубайды бабасы Дөңтай (11 жігіттің) өзіне балап қошаметтеп жатыр. Осы бір Көктөбе жазығында болған мемлекеттік деңгейдегі ұлық тойдан кейін Айдаубайдың есімі жиі аталатын болды. Не бір салтанатты мерекелерде жас та болса бас болып ел ағаларының жанында жүрді, халықтың қамын жеді.
1940 жылы Монғол мемлекетіндегі қазақтар шоғырланған өлке Баян-Өлгей аймағының құрылғандығының бір жылдық мерекекесі кең көлемде аталып өтеді. Торқалы тойға аймақтың түкпір түкпірінен көп халық жиналып үлкен аламанға ұласады. Байырғы әдет бойынша арқан тартып ат жарысады. Көкпар шауып палуан күресті, түрлі ұлттың ойыны ұйымдастырылды. Бұл кезде нағыз жігіттік шақта тұрған Айдаубай халық қалауымен белдесуге ортаға шығады. Өңірлерден жиналған жүзден астам мықтылардың бір де бірі Айдаубайдың білегін қысып, тізесін ие алмады. Белдесуге шыққан мықтыларды көз ілеспес жылдамдықпен иіріп әкеліп домалата салатын бала күнгі тәсіліне дүйім жұрт тағы да тәнтті болысты. Ақыры аймақтағы барлық палуандардың тізесін жерге тигізіп, Айдаубай алғаш болып Баян-Өлгей аймағының «Аймақтық арыстаны» деген атаққа лайықталады. Айдаубайдың жеңісіне ауыл емес күллі аймақ болып қуанды. Құрылғанына бір жыл болған аймаққа топтасқан барша қазақтың шаңырағында шаттық тойы тойланып, күй тартылды би биленді. Балалар күрес салып, жиналған жұрт бірнеше күн мәре сәре күйде тарқады. Ән күй десе өзі де қарап отырмайтын Айдекең бұл жолы басқа да қырынан танылып, халықты өзіне тағы бір тәнтті етті. Әуелетіп ән салды, төгілтіп күй тартты.
ІІІ

Палуан жігіт қазақтың аса қасиетті салты саятшылықты берік ұстанған шебер, әрі құс бегі. Аңға шығатын қарагер атты кейде бәйгеге де қосып арқасының терін сылып алатын әдеті бар. Сол жылы қар ерте күзде қылаулап аңшылардың барлығы сонарлап тау бөктеріне шығуды әдетке айналдырған. Тәң сәреде жүйрік қарагерді ауыл сыртына арқандап, әрі қарай тау бөктерлеп жүріп кетті. Жаздай жайылымда болып шыйрығып қалған қарагер, әр нәрседен секем алып иесінің соңынан шұрқырап қала берген. Түс ауа екі серік қанжығаларын майлап, өздері жоталай асқан бөктермен еңкейе бере қарагердің арқандауына алыстан көз салған. Үй орынындай төңіректі айналған жүйрік бір орында тұрар емес. Аралық алыс болғандықтан аныған көруге көз жетпеді. Үнемі жанында жүретін сыңар көзді шолақ дүрбісін тастады. Сол ақ екен арқандаулы қарагерді алқымдап жатқан көкжалды анық көрді. Темектеп тұра ұмтылды. Өрге болмаса ылдиға келгенде тоқырақтап сүріне беретін астындағы атына қамшыны аямай басып келеді. Оқ бойы ұзай бере бүркіттің тұмағасын сыпырды. Енді ғана аңға түсіп үйреніп жүрген «Ақбалақ» бала бүркіт, көкжалға түйіліп барғанымен тайсай кетті. Балаң құстың қасқырға түспейтінін Айдаубай жақсы біледі. Басқа қайран жоқ. Мұндайда әкеден қалған ши мылтығын ала шықпағанына іштей ызалы. Тепең атты тебініп етекке түсе бергені сол еді, арлан да ауызын ыстық қаннан алып жоталап жорта жөнелді. Мына түрімен қуып жетпесіне көзі жеткен аңшы, кілт тоқтап, үстіндегі елтірі ішікпен аттың ер-тоқымын сыпырды. Жайдақ атпен көкжалдың соңына түстпек. Қасқыр асқан бөктерге көтеріле баре байқады. Жақындап қалыпты, жәй емес арлан қасқыр. Адамнан қорқпайды да. Қанға әбден бөккен болуы керек ақырын ғана аяң жортуылмен бұталы сайды бойлап еркін кетіп барады. Енді ойлануға болмайды. Еңіске қарағанда өрге жақсы жүретін атының аяғына оң келіп қасқырдың алдын орай шапты. Қырқалай келіп көгжалдың жолын кесіп тоқтады. Сол ақ екен қасқырдың құлағы тікең ете қалды. Аң мен адам арасын тек қойтас қана бөліп тұр. Аттан секіріп түсті де қойтастың келесі бетінде айбат шеккен көкжалдың алқымына қол салды. Азу тісі ақсиған аң, төресі де жал жүнін үдірейтіп аспанға тік секірді. Қос қолының бірін босатып, қара тұмсықа шоқпар жұдырықпен салып қалғысы бар. Оған көгжал ыңғай беретін емес. Сәл босаңсыса болды орақ тістер алқымына қадалады. Не болса да шыдап қасқырды қылқындыра беру.
Қанша уақыт өткені есінде жоқ тік шапшып тісін ақситқан қасқыр төрт тағандай былқ еті. Сол екен жанындағы қой тасқа қасқырды тұмсығымен тіреп тұрып ақырғы күшімен төмен қарай ұрып қалды. Қаңқ!..- еткен қасқырдың дауысы тау аңғарында жаңғырық болып бірнеше рет қайталанды… Көкжалдың жаны ауызынан шыққан қанмен бірге шыққанын сезді. Енді байқады қасына ерткен есек атты серігі жетіп келіп Айдаубайды құшақтай алды. «Жаным-ау, ағатайы-мау тірі екенсің ғой! Атасын әлет айюан жеп қойған шығар деп қорқып едім тірі-тірі!» Есін еңіреген серігінен бұрын жинаған палуан қасқырдың алқымына салған қолын тартып алар емес. Жан жоқ қатқан ағаштай қарысып қалыпты. «Езіліп еңірегенді доғар!» қолымды босат дейді. Анау жалма-жан қолын тартып жатыр. Тіпті әлі жетер емес. Мұз дай болып сірескен қолы өлген көкжалды одан сайын буындырып барады. Енді нестеу керек? Мәселенің бұлай шешілмесін білген палуан жігіт серігіне «қасқырды жарып ыстық кан мен ішмайға қолымды ора!»-деп бұйырды. Адам баласы өлген қасқырға мұнша батыл болсынба. Дереу әлгіні жарып жіберіп қасқырдың іш майымен ағаш болып сірескен қолды мойнымен қосып орады. Арада сүт пісіріп укқыт өткенде Айдаубайдың жонынан суық тер сорғалап сірескен қолына жан бітті.
Ауыл сыртында болған бұл оқиғаны естігендер мен көргендер көпке дейін палуан жігіттің ерлігіне тәнтті болып бір-біріне айтып сан-саққа түсті. Қасқырды ат үстінен соғып алғандар болған, ал көгжалмен кәдімгідей айқасып буындырып олжалы болған адам жоқ. Жалаң қолмен жағаласып жыртқышты жайратып салған жігіттің бұл ерлігі әлі талай ұрпаққа аңыз болып айтылатынына біз кәміл.
Аңыз адамның айта берсе таусылып бітпейтін шежіре ғұмырына саятын талай тарихи оқиға бар. Жіпке тізіп, жіліктеп жатпай естіген білгендерімді сұрыптап шықтық. Аңыз адамның шаңырағына арнайы барып баласы Айдаубайұлы Турат пен келіні Назгүлдің әңгімесіне қанықтық. 1993 жылы өмірден озған қарт палуан ұзаққа созылған сырқаттан көз жұмыпты. Ұлы Турат әкесінің үнемі өмірге риза кейіпте болғандығын, өзіне сәлем бере келген жанға батасын беріп отыратындығын айтты. Бірде әкесінен «Ел сізді жаурыны жерге тимеген палуан ретінде таниды. Ал осондай күш иесі палуанда нендей қасиет болуы керек? – деп сұрағанымда әкем, бірінші; палуанның ата күші бойынан таблуы керек, екінші; өте шапшаң болғаны дұрыс, үшінші; асқан төзімді әрі сабырлы болуы шарт, төртінші; аса үлкен стратагялшыл айлакер болуы керек, бесінші; палуан балықша бұлтыңдап, жыланша майыса білуі қажет, осы қасиеттері бойында бар палуанның жауырыны жер искемейтініне көзім жеткен» — деп жауап қатқаны туралы әңгімелеп әкесінің өмір бойына белінен тастамаған күміс белдігін қолымызға ұстатты.
Келіні Назгүл, мен келін болып осы босағаны аттағанда атам бата берді. Сол батасын өмірінің соңғы күніне дейін қайталап отыратын. Мүмкін; «Баталы жанның бағы бар» дейдіғой қазақ атамның батасы дарыған болуы керек ұлдарым спортқа әуес, деп ағынан жарылды. Аты бір елге аңыз болған ақсақал Айдекең 1992 жылы ұрпағын жанына жинап өсиет айтқан. Мұндағысы «Ел болып шаңырақ көтерген ұлы мекенге оралу» Осы жылы көктемде Қазақстанға ат басын тіреген ұрпақтары бүгінде Астананың іргесіндегі Қоянды елді мекенінде ел қатарлы тұрмыс құруда.

Бердібек Хабай
Журналист

baiolke.com

Теги: , , , , ,

1 пікір

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*