Шежіре

ЕР ЖӘНІБЕК ЖАЙЫНДАҒЫ БІЗГЕ ЖЕТКЕН ДЕРЕКТЕР

Ақын Байбосынұлы,
батырдың тіке ұрпағы

Әрі батыр әрі шешен Ер Жәнібек өзінің тақпақтап айтқан өсиетінде:
– Шашылған абақ елін жимақ болып,
Есіме осы оралып жата алмадым.
Он екі зор жорықта жүлде алдым,
Он екіңе бірден болсын атағаным, – дегенде, бұл киелі он екі
санға жылды, мүшені, мүшелді, балағатты, имамды*, түс жоруды, барысты, соғынды*, сабазды, темірқазықты, ер-тұрманы мысалға ала отырып, «он екі абақ» болдың дегенді жоғарыдағының біріне балап айтқаны екен.
Ер Жәнібек туралы қазірге дейін бұрын-соңды баспа бетін көрген алты қисса, төрт аңыз, үш деректі оқып шықтым. Осылардың барлығын жинақтағанда Жәнекеңнің 7-реткі зор шайқастағы жекпе-жекте жүлделі болғаны айтылады. Солай болған екен ендеше және де қалған 5 реткі жорық жеңісінің дерегін іздеуге тура келеді.
Жәнібек туралы жүйелі толық туынды жазуға кіріскен ғұлама ақын Ақыт Үлімжіұлы: «Жазбадым мұның бәрін қазір мақтап, жазғаным тек біреуі тәуір нақтап», – дейді. Бұл бізге Ақыт ақынның алдағы күнде Жәнібек туралы және де толықтау туынды жазбақшы болғанын аңғартады. Амал қанша, Ақыт сынды ғұлама ақын Шың Шысай жендеттің темір тырнағында құрбан болды. Ақыттан кейін Жәнібектің өз ұрпағы белгілі ақын Ыбырай Ботайұлы Жәнекең туралы алғашқы «тырнақ алдысын» жазып, алда және толықтай түсуге талпынып жүргенде «Қалибекпен тіл біріктірген» деген жаламен абақыланып, мұратты ой іске аспай қала берді.
Ал, мен Жәнекеңнің ұрпағы болғаным үшін ауылдағы қарттармен ел ішіндегі кейбір көкірегі даңғыл, ақылгөй, шешен-шежірешілерден естігенім мен ұққандарымды баспа бетінде таныстыруды лайық таптым.
Ер Жәнібек Бердәулетұлы 1714-жылы Сыр өзені мен Шу өзенінің арасында яғни Қаратау маңында дүниеге келген.
1723-жылғы Ақтабан шұбырындыда әкесі Бердәулет жау қолында қайтыс болып, Жәнібек тоғыз жасында жетімдік тонын киеді. Ол шешесінің тәрбиесінде өз нағашысы Сары Үйсін Досымбектің тәрбиесінде және бір мезет әкесінің нағашысы әйгілі Қазыбек бидің тәрбиесінде болады. 1730-жылдарда Сыр бойын мекендеген арғын ұлысы мен керей ұлысы арасында қақтығыс туылып, арғын жақтан Ақмырза деген адам өледі. Керей ұлысы құнға жығылады.
Найман, қоңырат, қыпшақ қатарлы қалыс таптың адамдары яғни билері арғын ұлысының сөзін сөйлегендіктен, сол кездегі керейдің батыр басшысы Барақ ауа көшеді. Көш алғашында Торғай, Ор өзені бойына, соңынан Тобылға дейін өтеді. Бұл кезде Барақтың жасы ұлғайып қалғандықтан ел билігі негізінен жас батыр Жәнібектің қолына өте бастайды.
Керей ұлысы ауа көшкенде, ел іргесін бұзғысы келмеген Абылай керей елін тоқтатуға Бұқар жырау мен Өтеген батырды жібереді, сондағы Бұқардың:
«Керей қайда барасың,
Сырдың бойын көбелеп?
Артыңнан қуып мен жеттім,
Тұлпарымды жебелеп.
Енді алдыңнан шығайын,
Қар, жаңбырдай себелеп.
Ақмырзамды өлтірдің,
Ақ сойылмен төбелеп . . .» деп басталатын үш жүзге әйгілі
«Керей қайда барасың» атты жырдың дәл сол тұста жырланғаны ешкімнің де күмәнін келтірмейді.
1740-жылдардың төңірегінде керей ұлысы орыстың Ор бекінісіне жақын отырғандықтан орыстармен қақтығысып қалып,Ор бекінісін өртеп жіберіп, шығысқа ауа көшеді де, Нұра, Есіл өзендерінің бойына келіп мекендейді. Бұл кезде арғындар да Сыр бойынан осы өңірге келе бастайды.
Көне қайшылық қоздамағанымен, және де жер дауы, мал дауы, жесір дауы үнемі туылып тұрады. Арғын ұлысының жан саны мал, күшті болғандықтан керейлердің бір бөлімі Жабай батырдың бастауында Есіл өңірінде қалады яғни ашамайлы керей Есіл өңірінде орналасып, абақ керей әулеттері жоңғарлардан енді ғана босаған Көксала, Бақтас, Аякөз, Нарын өңіріне келіп қоныстанады. 1752-жылы Жоңғар ханы Даяшы 40 мың қолымен Алатау ауызы арқылы қазақтарға жорық бастағанда, керей ұлысы қайта солтүстікке қарай ығысып, Шыңғыс тауы, Қалба, Көкбекті, Жайсаң, Маңырақ қатарлы жерлерге барып ірге тебеді.
Осыдан соң көп заманнан бері қазаққа тыныштық бермей тоздырып келген Жоңғар хандығы біржола жойылып, қазақ даласына бір мезет бейбітшілік орнайды.
Ер Жәнібек Бердәулетұлы қуық ауруына дұшар болып, 1792-жылы 78 жасында Шар өзенінің солтүстігіне 10 шақырым келетін Ортабұлақ деген жерде, яғни Қалба тауының батыс оңтүстік бөктерінде қайтыс болады. Батырдың өз өсиеті бойынша, батырдың қазасы екі жыл құпия сақталып, батырдың ауылы да ел ішіне бытырап орналасатырылады. Екі жыл өткен соң асы беріліп, Жәнібектің қазасы ресми жарияланады. Жәнібек батырдың жерленген жері жасырын ұсталып, 10 жылдан соң тас жиып, арнаулы қабір тұрғызылады.
Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай қатарлы батырлардың егделеген шағында Ер Жәнібек атқа қонды, әсіресе, сонау Сарыарқадан Жетісуға дейінгі ұлан-ғайыр өлкені Жоңғар шапқыншылықтарының қолынан қайтарып алу да Ер Жәнібектің сіңірген еңбегі ерекше екені көпке белгілі. Бұл жөніндегі қилы-қилы тамаша хикаялар ел аузында дәл қазірге дейін мақтанышпен айтылып келеді.

ЖӘНІБЕКТІҢ ТЕГІ

Бердәулет пен Кірдәулет атам болған,
Бағы дарып, шаңырағына Қызыр қонған.
Кешегі өте шыққан ер Жәнекем,
Қазаққа қаптауындай қорған болған.
– Ыбырай Ботайұлы
Ер Жәнібектің әкесі – Бердәулет, ұлы әкесі – Сары, атасы – Алты, ұлы атасы – Сүйіндік, бабасы – Жәнтекей.
Жәнібектің «үш жұртына» келсек: нағашы жұрты – ұлы жүз сары үйсін Досымбек, Өмірбек деген атағы бүкіл қазаққа таныс екі батыр. Жәнібектің анасы Қадиша Досымбектің туған қызы. Қадиша – ер мүсінді, бітімі кесек, бұрымы тоқпақтай, шашы тірсегіне дейін шұбатылып жүретіндіктен, керей адамдары құрмет көрсетіп атын атамай, үлкендері «Шашке», тұрғыластары «Шашенең», жастар «Шаш апаң» деп атап кетісіпті. Ал, кейбір аңыздарда Жәнібекті арғын Қаз дауысты Қазыбектің жиені дейді. Бұл да оғаш айтылған сөз емес. Өйткені Қазыбектің Жәнібекті жиенім десе, Жәнібекті нағашы ата деп атайтыны шындық. Мұндай делінетіні Жәнібектің әкесі Бердәулеттің алғашқы жұбайы Ұлбосын – Қазыбек бидің әкесінің інісі Тыныбек бидің қызы. Жәнекеңнің қайын-жұрты – найман атаң әулеті. Ақбай деген адамның қызы, Кекілік ана – Жәнібектің жұбайы.
Жәнекеңнің өз жұрты – Абақ керейдің жәнтекейі. Жәнтекейде Сүйіншәлі, Сүйінбай, Сүйіндік атты үш ұлы болып, «үш жәнтекей» атанған. Сүйіншәліден Қожамжар, Барақ, Секел, Көбек . . . Сүйінбайдан Самырат, Сәменбет, Құты, Бөкес, Төлеке. Жәнібек жәнтекейдің кенжесі Сүйіндіктің әулеті. Сүйіндіктен Қалеке, Алтыеке болып, Қалекеден Құлманбет, Әлменбет болады да, Құлманбеттен: Торпақ, Ұшқай. Әлменбеттен: Қабылбай, Бердібай, Жақсыбай, Шыңғысбай, Қыржыбай. Қалеке ұрпақтарының зор көпшілігі Қазақстанда. Қытайдағы Толы, Дөрбілжін, Мори аудандарында бытырап жүрген бірнеше ауыл бар.
Сүйіндіктің кенжесі Алтының үш әйелінен он бес ұл бар болып, оң-солына он үш отау қондырады, (Алтының ақ жылқысы-ай) деп жұртты тамсандырған он мың жылқымен неше он мың жылқының иесі болған Алты ұрпақтарының толықсып тұрған тұста бір жылы Жоңғарлар бас салып, ауылдағы еркек кіндіктіден жан қалдырмай қырғындайды да, сымбат қыз-келіншектерді олжалап кетеді. Тек мал айдасқанда жарар деп, Алтының он төртінші ұлы тоғыз жастағы Есназарды мал айдаушыға қосады. Ал, он бесінші ұлы жөргектегі Сарыны әйелдер жер ошаққа жасырып аман сақтап қалады. Осы қанды сойқанда қоңыс ауылдары да ауыр қырғындалады. Жоңғарлар олжалап кеткен жесірлерден қалғандар ішінен егде бірнешесі рұқсат бойынша төркініне қайтады. «Киелі жан» делінетін Сетер келін – Бадан әмеңгерлік жолы бойынша Сүйінбайдың ұлы Сәменбетпен некеленіп, Қазыбек, Байымбет (есағасы) атты екі ұлды болады. Қазыбектен: Тауасар*, Ақан, Жанқабыл, Бекмырза, Әжеке, Қожас, Ақмырза; Байымбеттен: Бекен, Бердәлі, Кенжәлі, Қойбағар, Шалшықай, Кәкі, Құдайберген, Жырғалы.
Есназар олжаланып кеткеннен кейін алты жыл өткенде Төле би Тұрсынбай батырға:
Асыл тусаң, керей бол,
Үш қазаққа мерей бол.
Уақ болсаң, шұға бол,
Даулы істерге жорға бол.
Арғын, қыпшақ, Алтай бол,
Найман, қоңырат болсаң, Матай бол.
Байұлы болсаң, Адай бол,
Үйсін болсаң, Ботпай бол.
Осы алтауы болмасаң,
Қалай болсаң солай бол! – дейді.
Бұл сөздің айтылуында белгілі мән бар еді. Осында айтылғандай керейді асыл аттандырғанның дөкейі Жәнтекейдің немересі Барақ батыр, бірде өзінің ағасы Қожамжардың ұлы Ботқара батырды ертіп, бірқанша адаммен бірге жоңғарлар олжалап кеткен Есназарды іздеп барады. Сұрастыра келгенде Есназардың «Табылған» деген атпен отарда қой бағып жүргендігі анықталады. Есназарды ертіп алғалы барғанда, олжаланғандар бұл өзіміздің тумамыз деп дау айтады. Әр екі жақ сарапшыларға жүгінгенде, Барақ: «Баланың аты – Есназар, оң жақ жауырынының үстінде бармақтай қалі бар», – дейді. Барақтың айтқан осы дәлелі дәл шығып, Есназар Бараққа қайтарылады. Есназар ауылға қайтарып әкелінгеннен кейін, орынын сақтап қалған үш жеңгесімен некеленіп, әрқайсысынан: Күнту, Байғасқа, Жайлау деген үш ұлды болады. Содан кейін ұлы шешесі яғни Сүйіндіктің жұбайы Ұлапат ана оған: «Қарағым, Есназар, сенің де өмірден көретін қызығың бар. Көп жесірге қарап қалмай қыздан алғыншық ал!» деп, қожа тұқымы Тойбике деген қызбен үйлендіреді. Есназар осы Тойбикеден: Назаркелді, Базарбай, Бұқарбай деген үш ұл көреді.
Алтының кенжесі Сарыдан: Бердәулет, Кірдәулет деген екі ұл болып, Бердәулет екі әйелінен: Жәнібек, Әлібек, Күнгейті, Балпақ, Саңырық деген бес ұл және ермек деген жалғыз қыз көрген. Кірдәулеттен: Қарынбай деген жалғыз ұл болып, Қарынбайдан: Күшігіт, Жидебай, Жанкелді, Майкөз деген төрт бала болған.
Жәнібектің өз кіндігінен: Ноғай, Балжан, Бәйтік атты үш ұл; Әймен атты жалғыз қыз болған. Ноғайдан: Елубай, Баселей, Данияр, Есірке, Нәкі; Балжаннан: Доланбай, Мәмбетай, Үмбетай; Бәйтіктен: Дауылбай қатарлы тоғыз немерелі болған. Кенжесі Бәйтік жастай қайтыс болғандықтан одан қалған жалғыз ұл Дауылбай кенжесі есебінде Жәнекеңнің бауырында өскендіктен кейде Жәнекеңнің өз баласы есептеліп те кетеді.
Жанекеңнің жиендері жағына келсек, сүйегі тобықты Ырғызбайдың бәйбішесі Ермек Жәнібектің туған қарындасы. Бұл жөнінде мынадай аңыз бар:
Бір жолы елдің қасқа мен жайсаңдары бас қосып отырған кезде, Абайдың құрдасы, білері де бар, сөзшең Орымбек деген адам:
– Абай, осы сен қайдан ақын, қайдан жақсы болып тудың? Атаң шөккен түйеге міне алмайтын жуас деуші еді, – дегенде, отырғандар ыңғайсызданып, қынжылып қалады. Абай сәл ойланып барып:
– Бұл біздің Айдос атамызды айтып отыр ғой. Әй, Орымбек, ер тағайына тартады дегенді білмейсің бе. Ақындылық шешендік, батырлық, міне осы үш қасиетті де, бірдей мықты ұстап қазақтан асып туған кіші жүзде Сырым батыр, одан кейінгі керей Ер Жәнібек қой. Жәнібек шабыттанған кезінде өлеңді ат үстінен ағылта жөнелетін ақын да болған екен. Ер Жәнібектің бір қасиеті апам Ермек арқылы баласы Өскенбай мен немересі Құнанбайдан өтіп маған дарымады деймісің?! – деп жауап беріпті.
Жастабан ішінде Шақантай Жабағытай бір кезде Шәкерім қажының үйінде қонақ болып отырып, сөз кезегінде:
– Ей, Шәкерім, осы сендерді ер Жәнібектің жиені дейді. Осы рас па? – дегенде, Шәкерім жандарында отырған ұлы Зиятқа:
– Мына кісіге сен жауап берші, – деп бұйырыпты. Зият сүйеулі тұрған домбыраны алып, құлағын келтірген соң өлеңнің басын былай бастапты:
– Ырғызбай сұрасаңыз бесінші атам,
Мен неге тексерусіз жайға жатам.
Айнымай ата көрген оқ жонады,
Бұйырса әр қырдың дәмін татам.

Ер, шешен Жәнібектің сүйегі біз,
Ермектен – қарындасы жиені біз.
Туыстың өзгеруі содан болар,
Әділдік, ақыл-қайрат сүйеуіміз. . .
Мұндай дейтіні, бір кезде Көкшетау өңірінде атағы жер жарған «Көкиірім сьезі» деп деп атанған думанды үлкен сауда жаймасы өткізілген. Осы науқанда қазақтың ат үсті ойындарынан бәйге, жорға, теңге ілу, жамбы ату, қызқуар, көкпар тарту ойындарымен бірге палуан күресі де өткізілген екен. Палуан күресінің жүлдесі 3000 бұт бидай болса керек. Күресте Мұңғылдың қоңыраулы палуаны басқа ұлттардан күрескендерді қирата жығып, кезек қазаққа келгенде, қазақтың сарқарын палуандарының көңілі шайлығып шетінен тайсақтай беріпті. Ел дағдарып тұрған осы кезде Жәнібекке атқосшы болып жүрген жас жігіт Ырғызбай Айдосұлы әлгі мұңғыл палуанмен күресуге бекінеді де, үлкендерден бата сұрайды. Сонда қазақтың кейбір ақсақалдары:
– Ой, қарағым Ырғызбай, талабың жақсы-ақ. Бірақ, қарғадай ғана баласың, ана қалмақ палуан қара бурадай алып екен. 3000 бұт бидай қалжыңдасатын сауда емес, ел шығындалып қалмасын, – деп басу айтады.
Сонда Жәнібек:
– Ой, халайық, қалмақтың кескінін көріп, сүрендерің ұшпасын. Ол да адам, алып емес. Жүректегі жігер мен білектегі қайраттың осал жау еместігін аңғарыңыздар. Күш атасын танымайды деген бар емес па. 3000 бұт бидай қасқалдақтың қаны емес, қазақтан бір жас шығып тіленгеннің өзі қандай! Меселдесі қайтпасын, тәуекелге келейік, – деп бекім айтады. Даурыққан көпшілік үнсіз қалады. Жәнібек Ырғызбайға қарап:
– Қарағым, осы жолы қазаққа жүлде алып берсең, жалғыз қарындасымды қалыңсыз беремін, – деп уағда қылады.
Сол жолы қазақтың тілегі қабыл болып, Ырғызбай жүлде алады. Жәнібек сөзінде тұрып, қарындасы Ермекті қалыңсыз атастырып, Ырғызбайға отау көтеріп береді.
Жоғарыда аталған Жәнібектің жалғыз қызы Әйменнің жас кезінде, әкесінің қару-жарағын асынып, жылқыны барымталап қашқан жауды артынан қуалай барып соғысып, жауды қолды етіп, жылқыны айырып қалған батырлығы естігендердің айызын қандырған екен. Деректерге қарағанда Жәнібек Әйменді аздап оқытқан екен. Әймен әкесі Жәнібекке тартқан шешен, шежіреші болып өсіпті. Бойжеткен соң Орынборлық Балқожа деген жігітпен некеленіп, алыстағы төркінін есте сақтау үшін тұңғыш ұлына «Алтынсары» деп ат қойыпты. Әймен Алтынсарыны білімді етіп тәрбиелеуге көңіл бөліп, қыр молдадарынан хат сауатын ашытырып, жақсыларға қосып ел мен жер танытыпты. Алтынсарыдан көрген немересі Ыбырайды ерекше әлпештеп, білімді, ибалы, көргенді етіп ер жеткізуге бар күшін жұмсапты. Бұл жөнінде Қазақстандық Мұсатай Ахметжанов «Қазақ ағартушылары» деген кітапта былай жазады: «Ыбырай Алтынсариннің әжесі Әймен де сауатты адам болған. Әймен ана халық аузындағы аңыздар мен ертегілерді көп білетін адам. Оның әкесі Жәнібек батыр жоңғар соғысына қатынасқан қазақ сардарларының бірі. Талапты немересі Ыбырайға ұлы анасы Әймен жоңғар шапқыншылығы турасындағы әңгімелерді көп шерткен», – дейді.
Әйменнің ұрпақтары бәлкім осы күнде Қазақстан топырағында шығар.

ЖӘНІБЕКТІҢ МҰРАЛАРЫ

Жәнекеңнің: «Мұра мұрат, берсең қуат, бермесең сызат. Ерді ел қорғайды, жаудан жасқанып ізімді жоғалтпаңдар!» – деген өсиетіне орай, сауыт, дулыға, қалқан, қанжар, найза, садақ қатарлы соғыс жарақтары * үш ұлына үлестірілуден тыс, мынадай мұралары да бөлінген:
Шаңырақ иесі болып қалған үлкен ұлы Ноғайға Абылай хан ұсынған жорық туы мен ер-тұрманы және Жәнібек өлтірген Маңжыланның құлағы. Екінші ұлы Балжанға жорық саптаяғы тиген.
Кенжесі Бәйтіктен көрген немересі Дауылбайға жорық пышағы берілген.
Жәнібектің саптаяғын Балжанның арғын еліне ұзатқан қызынан туған жиені (аты бізге беймәлім) Балжан қайтыс болғанда, қырық ақ жылқы ақтық салып келіп, қайтарында: «Мына саптаяқ үлкен нағашы атамның мұрасы екен. Қыздан туғанның қиығы жоқ демесеңіздер естелікке қисаңыздар», – деп қалап алып қайтқан екен.
Ер Жәнібек ақ туын екі ғасыр сақтаған, Жәнібек батыр өлтірген айдаһардың төбе сүйегін сақтаған Жәнібектің үлкен ұлы Ноғайдың қара шаңырағы қазір Алтай аймағының Шіңгіл ауданында отыр. Өкінерлігі ақ туды 1958-жылы Алтай аймағының уәли Бәделхан өзі барып, арнаулы сақталады деп алып кеткен екен. Сол беті із-түзсіз жоғалған. Ұзақ жыл сол ақ ту салынған сандық Шіңгілде Ноғай ұрпағы яғни Жәнібектің 8-ұрпағы Мырзахметтің үйінде дәл қазір сақтаулы тұр.
Айдаһардың төбе сүйегі 1966-жылы қарашаға дейін Мырзахметтің үйінде сақталып келген екен, мәдениет зор төңкерісі басталғанда, 1966- жылы қарашада адрақпайлар кішкене баланың бесігінің басына тығулы тұрған жерінен, айдаһардың төбе сүйегін тінтіп жүріп тауып әкетіп жоғалтыпты. Оны өз көзімен көрген қазір көзі отырған адамдар, айдаһардың төбе сүйегі делінген нәрсенің үлкен үш қырлы сарғыш сүйек екенін, әр жерінде ұсақ тесігі бар екенін, оның ешқандай хайуанның сүйегіне ұқсамайтындығын айтып таңдай қағысады. Ал, жорық саптаяғы Қазақстанда Алматы қаласындағы «Орталық музейде» сақтаулы тұр.

ЖӘНІБЕК ТУЫНЫҢ КӨТЕРІЛУІ

Ер Алтай ел үмітін ақтаған ел,
Тарихтан ар-намысын сатпаған ел.
Елі мен жерін жаудан қорғау үшін,
Ақ туын Жәнібектің сақтаған ел.
(Шомба молда)
Жәнекең қайтыс болғаннан кейін де туы бірқанша рет көтерілген.
Бірінші реткісі, 1867 жылы Жәнтекей ішінде Базарқұл Көбеш батыр бас болып, ту шығару салтын өткізіп, Жәнібектің туын көтеріп шығып, Алтай бетін аттанысқа келтіріп «қызылаяқ қырғынына» қарсы жорық жасаған. «Жылыкөл*, Өткел қатарлы* жерлерде қызылаяқтарды қирата соққылап, ақыры жауды Жалпақтағы* апанына әкеліп тығады.
Екінші реткісі, қызылаяқтар бір жыл мерзіммен бас-аяғын қымтап, қару-жарағын сомдап алған соң, 1868 жылы қайта жанданып, найманның бура әулетінен Көкшегір деген азаматты бейкүнә өлтіріп, Көкшегірдің бауыздауымен туларын қандайды. Құтырынған қызылаяқтар алдымен Сауыр керейіне шабуылдап, онан соң ілгерлей түсіп, Орысқа бодан болған керейлермен соқтыққанда, Жәнібектің немересі – Нәкі батыр бүкіл Дуан* аумағындағы керейлерден сегіз жүз жасақ топтап жорыққа аттанады да, қызылаяқ шапқыншыларын соққылай қуып бұрынғы апаны Жалпаққа әкеліп тығады. Сонымен Алтай, Сауыр және Дуаннан келген үш жақтағы күш бірлесіп, қызылаяқтарды ойсырата жеңіп, Ховдаға айдап салады.
Үшінші реткісі, 1940 жылдың ақпан айында Көктоғай, Шіңгіл елінің Шың Шысайға қарсы жорығында, Есімхан, Ырысхан, Ноғайбай, Ақтеке, Шіңгілбай, Арғынбек, Сүлеймен* бастаған қалың сарбаздар Жәнекеңнің қара шаңырағына мұралық еткен өбересі Зарықханға арнаулы келеді. Шіңгілбай қарт:
– Қарағым, Зарықхан, біз мына Шың жендеттің зұлымдығына қарсы атқа міндік. Жәнібек батырдың аруағына сиынып, ақ туын алдымызға ұстап жаумен шайқас жасасақ деген ойымыз бар. Мақұл көрсең батыр бабамыздың ақ туын өзің көтеріп, көтерілісшілердің алдында жүр! – деп тілек қояды. Елім деп атқа мінген азаматтардың рухы мен Шіңгілбай қарттың сөзіне жан дүниесі тебіренген жиырмадан енді ғана асқан Зарықхан батыр:
– Ақылдарыңыздан айналайын ағалар! Бабамның туын көтеріп, көтеріліс алдында жүруге ант етемін. Енді аянатын жерім жоқ, – деп ықылас білдіреді. Сонсоң Арғынбек молда ұзын аят оқып, Жәнібекке арнап қатым түсіріп болғаннан кейін, Ноғайбай үкірдай:
– Әй, Ырысхан, Жәнекеме арналған көкқасқа тайды әкеліп бата сұра! – дейді. Ырысхан көкқасқа тайдың басын қыбылаға қаратып «Иллаһи әмин» деп қолын жайғанда, Шіңгілбай қарт:
– Дұшпандары қорыққан,
Қайтпаған беті жорықтан.
Шайқасқа барған кезінде,
Қызыр, Ілияс жолыққан.
Жәнібек бабамның жолын бер,
Қазаққа теңдік орын бер.
Шәһидтік жазып өлгенге,
Жәннаттың ең төрін бер.

Ей, Жәнеке, аруағыңа сиындық,
Туыңды тігіп жиылдық.
Көк бөрің жебеп жар болсын,
Болмасын ешбір қиындық.
Аллаһу әкбар! – деп бетін сипағанда, жиылған қауым «Әмин!
Әмин!» деп тілек жаудырады. Салт бойынша Зарықхан:
– Иә, көк бөрілі көкжал бабам, аруағың бізді қолдасын! – деп сандықтағы туды далаға алып шығады да, қара көкке қарғып мініп, қауымды бастап «Жәнібек! Жәнібек!» деген асқақ ұранмен ауыл алдындағы төбеге шауып шығады. Төбе басында баталасу салты орындалғаннан кейін, сардарлар бастаған сарбаздар шеп құрып, жорық тартады.
Сол реткі Жәнібек туының көтерілуі Алтай бетінде күшті аңыс қозғайды. Тебіреніп жан-жақтан қосынға қосылғандар көбея түседі. Сонымен көтерілісшілершебі қауырт молаяды да, Шың Шысайдың қарулы қосынымен теке тірес қанды шайқас басталып кетеді. Бұл қозғалыс түбегейлі жеңісті қолға келтіре алмаса да, мейлі алданды, яки арбалды делік, әйтеуір, қалайда Шың Шысайдың зәресін алып, құтын қашырды. Жауға көтерілісшілерді қарумен бой ұсындыру мүмкін еместігін ұқтырып, Шың Шысайды бітімге келуге мәжбүрлейді әрі бітім тармақтары арқылы көтерілісшілердің бірмонша талаптарын орындатады. Міне бұны, көтеріліс жасаған халықтың жеңісі деп айтуға болмайды. Сондай-ақ, бұл көтеріліс Шынжаңның Іле аңғары, Тарбағатай алқабы, Еренқабырға қапталы, Боғда салмасындағы азаттықты аңсап жатқан халықтарға жәрдем берді, оятты деп айтпауға хақымыз жоқ.
Төртінші реткісі, 1943 жылы 10-айда Көктоғайдың Ертіс бойындағы Сарбастоғаны деген жерде көтерілген. Бұл кездегі көтерілісшілер қолының бастығы Оспан Сіләмұлы еді. Алтайдың гоминдаңға қарсы көтерілген осы 3-реткі жорығына Шіңгілден Жәнібек туын көтерген, Жәнібек шаңырағының мұрагері Зарықхан отыз- қанша адаммен келіп қосылады. Іле-шала Бурылтоғайдан Абдырасол батыр бастаған 40 неше түтін қосылады. Осылайша көтерілісшілер қосыны арт-артынан молаяды. Осы орайды мықты игеріп жаудың белін опырып қалмақшы болған партизан басшылары бір жақтан, Монголиямен тілдесіп қару-жарақ көмек алмақшы болса; екінші жақтан, Жәнібектің туын көтеру арқылы партизандарды онан әрі жігерлендірмекші болады. Оспан Сіләмұлы мен Сүлеймен Бектөрұлы бастаған 5 адам Монголияға барып, Чойбалсан маршалдың тікелей қабылдауында болып, түрлі-түстегі осы заманданған қару-жарақ алып олжалы қайтқаннан кейін, ендігі жұмыс Жәнібектің туын көтеріп халықты аттанысқа келтіріп, жауға шабуылдау болады.
Қарақастың имамы Садуақас Дадайұлы Жәнібекке арнап хатым түсіреді. Шақабай ішіндегі қосеке тайынан Бектөрұлы Сүлеймен мен Жәнекеңе арналған Көкқасқаға бата береді. Ол: «Жәнекеңнің аруағына арналған Қамбар тұқымының қаны қасамымыздың белгісі болсын, құйрығы мен жалы қанатымыз бен қалқанымыз болсын, әмин!» деп бата жасап, бауыздауына бармақтарын батырып: «Мақсатымыз – Алтай бетін гоминдаң зорекерлерінен тазартып, халықты еркіндікке шығару!» – деп ант ішіседі де көтерілісті тағы бір белеске көтереді.
Сонымен Шың Шысай мен гоминдаңның зұлымдығына қарсы төрт жарым жыл қан кешіп соғыс жүргізілген күрес жеңіске жетіп, Жәнекең туы сақталған Шіңгіл жері тұңғыш рет Шынжаң бойынша бірінші болып, 1944 жылы 5-айдың басында гоминдаң билеушілерінен азат болады. Алақайлаған Шіңгіл халқы думанды той жасап, жеңісті құттықтайды.
Айта берсең күдірі мол өмірдің Құба соқпағының таусылғаны барма?! 1860 жылдардың басында керейдің 2-реткі келгендерімен бірге Жәнібектің қара шаңырағы да Майлы-Жайырға келген. Ол кезде шаңыраққа мұрагерлік еткен шөбересі Сәтіке еді. Ол інісі Әтіке және әкесінің інісі Нәкі батырмен бірлікте келіп, Сүйек өзенінің оң жақ қапталынан қыстаулық алған*. Арада аз уақыт өтіп, барқы Көбен баыр алғаш рет Мамырбек төремен партияласады. Көбен абақтыға жабылады. Дәл осы кезде қалай екені белгісіз, Сәтіке: «Ту салған сандық дүрілдейтінді тапты», – деп маңайдағы атантай, барқы азаматтарына айтады. Олар: «Тудың дүрілдеуі бекер емес, бір болса таяуда жауласу болар ма екен. Егер ол болмаса, ту ұзақ уақыт сандықта жатып құса болған шығар. Не болса ол болсын, бірер күн туды төбе-төбеге алып шығып желпіндірейік», – дейді. Осы айту бойынша Жәнекеңе арнап аят оқиды да, олар туды көтеріп төбе-төбеге шығады. Бұдан Мамырбек хабар тауып, жеті зәңгі және күнде, ілгедайын шақырып, Сәтікені алдырып: «Туды неге көтердің?» деп тергейді. Ту көтеру ісінің Көбенмен шатыстығы білінбеген соң, төреге айтпай көтергендігің үшін деп ат-шапан айып салады. Сәтіке мен Нәкі бұдан қабағат қорланды.
Сол жылы көктем келіп, төл қара құлақ болысымен олар бұрынғы мекені Зайсанға қарай көшеді. Атантай, Жайлау, Сарының бір бөлім азаматтары Жайырдың жотасына дейін шығарып салуға бірге жүреді. Осылармен бірге Жәнібектің әулеті Байбота Байтілесұлы үлкен бәйбішесі Тәурішті ертіп, меншігі қаракөк бестіні жетелей барып, Алтайдан келерде арнайы туды артып келген кәрі боз атты Жәнекеңе арнап хатым түсіріп сойғызады. Сонсоң етін асып, ілесіп барғандар мен сол жердегі елге дәм атақызады. Сонымен осы жер «боз аттың басы» деп аталып кетеді. Жасы тоқсаннан асқан әйгілі шежіреші, сүйегі Шеруші ішінде Шапбас Иманбай ақсақал 1972 жылы күзде Жайырдың жотасын көрсетіп тұрып, өз аузымен «боз аттың басы» деген жер атының қалай қойылғандығын осылай әңгімелеп берген еді.
Сол жолы Байбота жетелей барған қаракөк бестіні ту артуға істетіңдер деп шаңырақтың қара белдеуіне байлайды. Байбота ұл балаға зарлы еді. Сондықтан бәйбішесі екеуі ту салған сандыққа ақтықты жауып, туды қолдарына алып, беттерін сүртіп, шетінен сүйіп тәуап қылады. Сәтіке естелік үшін сақтауға Байботаға тудың орауыш қабы мен Жәнібектің кездігін береді. Сонымен Байботаның тілеуі қабыл болып ұлды болады. Ақын «Ботай» қояды. Ал, енді әңгімені тудың орауышы төңірегінде туындатайық:
1944 жылы күзден бастап тұтанып, 1945 жылы 4-айға келгенде, Тарбағатайдың Майлы өңіріндегі елдің гоминдаңға қарсы көтерілісіне барқы ішінде Жантас Нұрсапа Сейітжанұлы қолбасы болған қозғалыс әшкере жарыққа шығады. Сонан соң көтерілісшілер Майлының «Көктопырақ» қонысында анттасу салтын өткізеді. Сол кезде осы көтерілісшілерді ұйымдастырған ақсақалдардың ішіндегі жастары жетпістен асқан, ауыздары дуалы батагөйлері атантай Шеттікбай мен сары Ботай еді. Анттасуға арналған көкқасқаға бата тілегенде, Шеттікбай қарт:
– Айналайын керейім,
Тайыңа бата берейін.
Жолымызды құдай оңдасын,
Жәнібек бабам қолдасын.
Жеңіске жеткен елдің жолын берсін,
Еркіндік, теңдікке қолың жетсін,
Аллаһу әкбар! – деп бата береді.
Көтерілісшілер сейсенбі* сәтіне таң сәріде жауға тиісуге келіседі. Осы кезде гоминдаңның күшейтілген бір пай шерігі Майлының биік тұрғысы, тоғыз жолдың торабы, кәдімгі Әмірсана жолының бойы Ұзынбұлақтан орын теуіп, берік бекініс құрған болатын. Келіскен күні таң қараңғысында көтерілісшілер белгіленген орындарға жиналып болады да, тездікпен атыс орындарын иелейді. Бұлар атысуды асыға күтіп тұрған таң сәріде, бірқанша шерік мінетін және оқ-дәрі, артатын 50-дей атты суаруға айдап келе жатады. Шеріктердің мылтықтарын мойынына асып, аттарын бейғам айдап келе жатқанын көрген Шеттікбай батыр мен Ботай астыларындағы аттарына қамшы басып жіберіп еңістете жөнелгенде, Шеттікбайдың астындағы ауыздығымен алысып, тықыршып тұрған атақты бәйге аты «Желкілдек» жолбарыстай атылып алдыға шығады. Екі қарт әдейі ырымдап жорыққа ала шыққан Жәнекең туының орауышын* қолдарымен биік көтеріп: «Жәнібек! Жәнібек!» деп ұрандап шауып келіп, шеріктердің алдындағы аттардан тігерге тұяқ қалдырмай жиып алып, олар қарманғанша қалтарысқа түсіп кетіп шеріктерді жаяу қалдырады. Сол Шеттікбай қарт 1945 жылы 7-айдың басында Оты бекетін гоминдаңнан тартып алу шайқасында даңқпен құрбан болды. Оның ерлігі мен еңбегі үшін «үш аймақ үкіметі» Шекеңе батыр атағын беріп, алтын орденмен сыйлады.
Ботай көтеріліске қосқан еңбегі үшін 1945 жылы 12-айда Құлжаға шақырылып, «үш аймақ үкіметі» жағынан алтын орденмен сыйланды. Ол 1945 жыл 7-айдан 1949 жылы 1-айға дейін, яғни Майлы-Жайырда үкірдайлық түзім бекер етіліп, керей-уақ үш мыңбек болғанға дейін керейдің соңғы үкірдайы болып билік жүргізеді.
Осы жерде айта кететін бір сөз, Жәнібектің туын көтерумен атын ұран етіп шақыру жөнінде кейбір басылымдарда келсе келмес айтылған ағат пікірлер бар. Тіпті кейбір бейпіл ауыздар: «Жәнібектің туы мен атын содыр-сотқарлар да істеткен» деген қауесетті айтады. Өз басым Жәнібектің туы мен атын қалағанша істетуге мақұл болатын керей баласын әлі күнге дейін көргенім де, естігенім де жоқ. Орынын таппаса мазақ, жауға істетсе садақ. Егес көңілді жыртады, мысыңды құртады. Ондай додаға мені салмаңдар. Туымды тек 12 абақ түгел қосылған соң жауға қарсы көтеріңдер. Ал, атымды біріншіден, жаныңа қысым түскенде ғана атаңдар!» – деген өсиетіне орай, керейлер ережесінде ат бәйгесі, палуан күресі, яки егер төбелесте Жәнібек атын ұран етіп шақырмайды. Керейлер басқа ұлыстармен болған думанды той яки төбелесте «абақ!» деп ұрандайды. Өз ішінде болса он екісінің әрқайсысы өз ұранын шақырысады. Бұл жөнінде төмендегідей мысалдарды алуды жөн көремін.
Бірінші, Тарбағатай, Алтай, Ерентауды дүр сілкіндірген барқы Көбен батыр мен Мамырбек төренің Майлының Қоңыроба сазындағы соғысы деген болыпты. Соғысудың алдында әр екі жағы өздеріне жан тартқан керей атқа мінерлерін жиып баталасқан екен. Мамырбек 600 адамдық зор топты бастап Көбенді байлап алып, ауылын шабуға сұқтанып келгенде, бағанағы Көбенге баталасқандардың көбі жан сауғалап бұқпантайлап келмей қалыпты. Тек жәнтекейдің атантайынан Биғоныс, Елубай, Шеттікбай, Ысқақ, Иманбай; есіркептен Түйенбай қатарлы батырлар қосылып, өз ауылының азаматтарымен елуден астам адам Мамырбекке қарсы аттанады. Сонда Көбеннің жақын ағасы Қоқым қарт:
– Әуене*, көпке топырақ шашамыз ба, қанға қол батырғанды қан атсын, қайталық, – дегенде, Көбен:
– Керейді көкқасқаның қанына тапсыратын ештеңе жоқ. Керейде де жағдай бар шығар. Шешеміз бізді тапқанда қалжа жемеп пе екен. «Қырғыздан» қорқып қашты дегізбелік, тарталық!» – деп соғысуға ебдейленеді. Сонда сол Қоқым қария:
– Әуене олай болса Жәнекеңнің атын ұрандайық, – дегенде, Көбен:
– Ай, ақсақал-ай, жауымның «қырғыз»* екені рас. Бірақ, керей екіге бөлініп мысымды құртып тұрмай ма, – деп Мамырбекке ілескен керейге қарсы Жәнібек ұранын көтеруге дәтінің бармайтындығын баяндаған.
Екінші, Тарбағатай әмірі Ши амбы 1888 жылы Шәуешек қаласына Жамбыл салу үшін, Алтай мен Тарбағатайға адам алманын салады. Алтайға түсірген 500 адамды бермеймін деп қарсылық білдіргендігі үшін, жәдік Бейсенбі бидің баласы қара Оспанды* Шәуешекке алдырып, басына ноқта кигізіп, көше айналдырып, қорласа да қара Оспан айтқан сөзінен қайтпай: «Алтай елі Еженмен келісімде мал арқылы салық тапсыратын болған, адам беру айтылмаған» деп қасарысып, айтқаны бойынша салықты мал төлемімен бітірген.
Сол кезде Майлы- Жайыр керейіне де 100 адамдық алман түсіп, олар Шәуешекке барып істеп жатқан кезінде, ойламаған жерден: жамбылдың құлағына тірі адам көмсе, жамбыл мықты болады» деген сөз шығып, «Майлы-Жайырдан келген керейден бір адам қорған құлағына қоса көмілсін» деген бұйрық келеді. Көбен * мына қорлыққа керемет кектеніп, құрылысқа барған керей қосынын бастап:
– Ей, жарықтық Жәнекем, Солаңның балшығына керейдің ұланын көмгізбеуге ант еттім. Өзің қолда! – деп Жәнібек атын ұран етіп шақырып, жамбылдың құрылыс орынын үш рет айналады да, адамдарын бастап тура тартып амбының тұралғысына барып:
– Амбы тақсыр, балшыққа керейден адам көмілмейді. Жамбылыңның қабырғасы күйресе мені әкеліп көм, – деп қарсылық білдіріп, адам көмдірмейді.
Үшінші, марқұм Нығмет Мыңжан 1984 жылы үйімде қонақ болып отырып, сөз кезегінде:
– 1950 жылы Әнуар Жакулин бастаған өлкелік үгіттеу, хал сұрау үйірмесі Баркөлге бара жатқан жолымызда, Мориға тоқтап, Жәнібек батырдың туын көрсек деген оймен Жәнібектің қара шаңырағына барған едік. Қайдан естігені белгісіз, біз әлгі үйде отырғанда бір қауым аттылар дауысын қатты-қатты шығарып: «Мыналарың Жәнібектің туын шығарып, жорық жасамақ па екен?!» – деп сес көрсетті. Нысабын байқаған Әнуар Жакулин: «Мына елің бізді жақтырмайтын секілді, наразылығын қозғап қоймалық» – деп ескерткен соң тұрақ жайымызға қайттық, – деп бір әңгіме айтып еді.
Жәнібектің әулеті онша өспеген. Ұрпақ арасы да өте алшақ. Оның үрім-бұтағы әзірге дейін әрең алтыншы атаға аяқ басты яғни, Жәнібектің шаңырағы сақталған ұрпағынан қуаласақ: Жәнібек – Ноғай, – Елубай, – Сәтіке, – Зарықхан, – Рахат, – Мұхият.
1770 жылдары Ер Жәнібек керейді бастап, Ертіс дариясын өрлей шығысқа қарай көшіп, Алтай тауы сілеміндегі Қалба, Сайқан, Маңырақ, Зайсан, Шорға, Шілік, Марқакөл, Кендірлік, Бақанас, Көкбекті өңірлерін мекендейді де, іле-шала керейдің алдын Өр Алтайға дейін шалқытып жіберіп, Сүйіндік ұрпағын толығымен және керейдің әр атсынан қажетті ауылдарды қасына алып, «зәуде қалам жағдай туылса, құрақ болатын қоныстан айырылып қалмайын» деп жоғарыдағы өңірлерді мекендеп қалған екен.
Жәнібектің өз кезінде Шар патшамен Еженханды салыстырып: «Шардың кигізетіні темір ноқта, ол тартқан сайын жолыңды қияды. Ежендікі қайыс ноқта, ол тартсаң созылады. Шар қонысыңды да, қосағыңды да алам дейді. Ежен ұзын етек, кең қолтық» деген сөзіне орай, Сүйіндік ауылдары орыс бодамшыларынан жатырқай беріпті. Осыған байланысты орыстар да Жәнібек ұрпағына осқырына қарапты. Осының салдарынан болса керек, кезінде Қазақстан топырағында Жәнібек ұрпақтарының сақасы алшысынан түспепті. Мысалы, бірінші рет, Жәнібектің немересі Нәкі «қызылаяққа» қарсы жорыққа қатынасып болып, бас-аяғын қымтағанша «жау жағадан алғанда бөрі етектен» дегендейін, патша әкімдерінің қудалауына тап болады. Жағдай осындай ушыққан кезде Дуандағы жандармның Зайсан өңірінде ашылатын топқа үй тіктіріп, азық-түлік дайындау жұмысымен төрт шабарманы бір күні Сүйіндік ауылдарына келеді. Келісімен кезіккен ауылға ат ойнатып, астаң-кестеңін шығарып, дайындаған үй мен малдың анауы болады, мынаны әкет деп қамшы билеп әкімдік етеді. Қатқыл сөз қайтарғандарға шабармандар қамшы билеп айбар көрсетіп, ат омырауныа алады. Бұған зығырданы қайнаған қызбатабан жігіттердің бірнешеуі араға түскенде олар да қамшы жейді. Кейбірінің шекесінен қан көрінеді. дәл осы кезде Жәнібектің інісі Күнгейтінің өбересі, өзі палуан, ожар мінез, ұрт тілді Есенбайұлы Дүзбенбет батыр: «Кімді басынасың» деп ақырып ортаға шығып, әулекіленіп жүрген шабарманының біреуін аттан жұлып алады. Сол-ақ екен, қалған үш шабарман Дүзбенбетті бытырлатып қамшының астынан алып, басы-көзін жаралайды. Бұл қорлыққа шыдамаған Дүзбенбет нартәуекелге басып, маңайындағы жігіттерге: «Ұстаңдар мына қарақшыларды!» деп айғайлайды. Тісін басып зорға тұрған жігіттер әп-сәтте оларды аттан аударып алады да, тізерлеп басып, тұра қалысады. Ашуға булыққан Дүзбенбет: «Кеше ғана қаңғырып келген сүмелектер, құрсақтарың қазақтың ет-майына тойынып алып, басқа шыққан балақтағы биттей асып, істегендеріңді қара!» дейді де, әрқайсысына жондата қамшы салып: «Бар, сендердің сыйларың осы, ұлығыңа айта бар» деп айдап салады. Осы оқиғадан кейін іле-шала оншақты солдат келіп Дүзбенбетті ұстайды. Ол сол беті көз көрмес, құлақ естімес ит жеккенге айдалады.
Дүзбенбет айдауға кеткеннен Күнгейтінің шөбересі Мұратбайұлы Мамырбек болыс Дүзбенбетті ақтап, шабармандар үстінен шағым жазып, жандарм кеңсесіне кіргізеді. Нәтижеде Мамырбектің өз басына қауіп төніп, күмән таңбасы басылады. Бір күні ойдағы жиынға шақырылып, Мамырбектің ауылына сегіз солдат топ ете түседі. Ұсталу қаупін білген сергек Мамырбек болыс солдаттарды «қызу қарсы алып» асты-үстіне түсіп күткізеді. Үсті-үстіне істелген қолпаш пен аспа-төк күтім айқұлақтанып, алқымы ысынып келген солдаттарды салғырттандырады. Осы кезекті күткен Мамырбек: «Ұзақ жолға аттанарда ғұсыл алып, намаз өтейтін салтымыз бар» – деп солдаттар ішінен сытылып шығып, Жәнібек шаңырағында жиылысып отырған туыстар ішіне келіп: «Дүзбенбет айдалды. Маған құрық төнгенін көріп отырсыңдар. Артта және қанша адам ұсталарына көз жетпейді. Қайтеміз?» деп ақылдасқанда, барлығы: «Тәуекелге келіп ұлтанды ел Алтайға тартайық» деген бекімге келеді.
Сонымен үйден келген сегіз солдатты байлап тастап, олардың қаруларын олжалап, бүкіл ауыл апыл-ғұпыл дайындық көріп, шығысты бетке алып үдіре көшеді. Солдаттардың байланғанынан хабар тапқан жандарм бұлардың артынан қырық жасақ қуғыншы жөнелтеді. Шекараға таяу қалғанда, екі жақтың ортасында атыс басталады. Мамырбектің Тоқтамыс, Болысбай деген екі ұлы оққа ұшады. Солдаттардан он жетісі жер жастанады. Тірі қалған солдаттары күші жетпейтін болған соң кері қайтады. Ауған ауылдар Алтайға өтіп, алға ілгерілейді. Көше алмай қалған Сүйіндік ауылдары талауға ұшырайды.
Ауған ауылдар шекарадан алыс жерден тұрақ ұстауды жөн көріп, Алтайды бөктерлей көшіп, Пукаң, Жемсарыға жетіп, жарым жыл сонда аялдайды да, соңынан із тастап Қаратау, Көкілікті мекендейді. Жәнекеңнің қара шаңырағы 1916 жылы ұлтанды ел Шіңгілге көшеді. Мамырбек Құтыбиге тұрақтайды.
Екінші рет: 1920 жылдар ішінде бұрынғы Совет Одағында малшаруашылығы қатты тұралап, шарасыз қалған өкімет күштеп коллективтендіру жүргізеді. Ешқандай істетер қоры, сүйенер тиянағы жоқ, тек малдың еті мен сүтін талшық еткен қазақтар жан бағу тірегінен мақұрым болып, ашаршылықтан арт-артынан қырылғалы тұрады. Көптеген үйдің түңілігі ашусыз қалады. Осындай сүркей кезде, 1920 жылдардың соңына ала Жәнібектің кенже ұлы Бәйтіктің өбересі Сарқытбай батыр, руласы Есдәулет ішінде Қойгелді Орысбай, Мұқаш батырлармен ақылдасып, сол өңірдегі Жәнібек ұрпақтарымен астыртын тіл біріктіріп, құпия дайындық көріп, азын-аулақ ат-көлік дайындап: «Мұндай ит қорлықты көргенше, пәледен қашып құтылалық» десіп, Қобық, Сауырды бетке алып қаша көшеді.
Көп өтпей бұларды қайтару үшін мұздай қаруланған бір пай солдат көшке келіп араласады. Олар келе-сала ай-шайға қарамастан оқ атып, кез-келгенді қылыштың қырымен ұрып қан-қақсатып кері айдайды.
«Пәлем, қарманар жеріміз осы-ақ болар» деп межелеген Сарқытбай батыр шойыл, шоқпар ұстай алатын ер кіндіктілерді бастап «Жәнібек!» – теп ұрандап келіп, солдаттармен айқасады. Қоян-қолтық айқаста солдаттардың бірнешесін шойылға жығып, қаруларын қолға келтіреді. Солдат бастығы көш ішінде соғысудың тиімсіздігін сезіп, солдаттарын көштен екшеп алып, жақын төбеден бекініс алып, оқ жаудырады. Сарқытбай, Орысбай, Мұқаштар құралайды көзден ататын мергендер еді. Олар да бекініс алып солдаттарды атқылайды. Он шақты солдат жер қабады. Осы аласапыранда өлмей қалған босқындар атты-жаяу тоз-тозы шығып, жыра-жықпылды паналап бет-бетіне қашады. Сарқытбай батыр ауыр жараланып қолды болады. Орысбай мен Мұқаш батырлар қоршауды бұзып, елдің артынан шығысты бетке алып үдіре тартады.
Солдаттардың қолында қалған шабан-шардақ, кәрі-құртаңдар кері айдалады. Оққа ұшқандар көмусіз қалады. Сол жолы шекарадан өте алмай қалған жайлау, сары ауылдарының тірі қалғандарын орыстар сайда санын, құмда ізін қалдырмақ үшін, ішкі жаққа шашыратып жер аудартқан екен. Ол тұста Шынжаңның да қоғамдық ахуалы нашар еді. Қамыс пен құрақ, бұта мен қараған, ши мен шилеуітті паналап, Емілдің аяғындағы Жаманшиден өткен бір бөлім ауылдар Дөрбілжіннің аяғына ілінеді. Аштықтан жан қалары екі талай болған Ахметжан Дүзгенбайұлы қатарлылар төрт-бес жастардағы үш қыздың әр қайсысын сол жерде жасырын апиын егетіндерге 3 шың бидай мен 2 шың тарыға сатып, соны бір мезгіл өлжал етіп жан сақтайды.
Осы топтағылар ішінен Кірдәулеттің өбересі Қынабайдың ұлы Көбентай жел аударған қаңбақтай қаңғып жүріп, Сауанның Әнжіқайыңдағы Шүйшаң деген қытайға бақташылыққа тұрады. 1945 жылы жазғытұрым гоминдаң шеріктері оның өзімен қосып бәйбішесі Нұрипа, кіші бәйбішесі Мағрипа, кенже ұлы Сауан қатарлы бір үйлі жанды қырып тастайды. Тек өріске қой бағып кеткен үлкен ұлы Жұмабай ғана бұл қырғыннан аман қалады. Деседе, артынан оны да ұстап алып дауалға қамайды. Аздан соң Жұмабайдың қолына күрек беріп, ор қаздырады. Жұмабай қытай тіліне судай еді. Күзетте тұрған шерік жанына келген бір шерікке: «мына аңқау қазақтың өзі көмілетін ұраны қара тер болып қазып жатқанын қарайгөр» деп әжуалағанын естіп, күзетші дәретке кеткен орайда, дауалдан аса қашып, жақын жердегі биік өскен жүгері арасына сүңгиді де ажалдан аман қалады.
Шың Шысай Совет Одағымен дос бола қалған 1930 жылдар ішінде Совет шпиондары Шынжаңның ауыл-қыстақтарын дейін тіміскілеп келіп, Орысбай мен Мұқаштың сар ізіне түседі. Бақытына жарай бұл екеуі бұрынырақ сезіп қалып, Ерентау қапталының әр жерін паналап жүріп аман қалады.

АЛАЛ АС

Ер Жәнібек жөніндегі аңыздарда біреулер Жәнібектен батырлығын әңгімелеп беруін өтінгенде, ол: «Жекпе-жекке шығып жауды өлтіру де батырлық, бұл жан қорғау үшін болады. Жекелескен батырды сен өлтірмесең, ол сені өлтіреді. Ал, қаптаған қалың жаумен шайқасқанда өткір найзаның ұшымен, тұлпар аттың күшімен, әдіс-амалдың ісімен жеңесің. Бұны да батырлық санауға болар. Кейде қанды көріп қабындап кеттім, кезегім келіп ағындап кеттім. Найза мен қайлам істеп, алыпты құлатып жарып та кеттім. Бұл да батырлыққа жатар. Бірақ, шын ерлігім деп жүргенім – жорықтан олжа, биліктен жол алмағандығым еді» – депті.
Кей кездері ауыл-аймақ, туыс-туған, ағайын –жекжаттар жиыла қалған кездерде Жәнекең: «Ұрлық, ұрлықтың түбі қорлық. Қорлық сүйреп құлдық апарса құрыдым дей бер» – дер насихат айтып тағылым береді екен. Жан үзер алдында Жәнекең өрен-жарандарына:
Аумағың алал,
Ауылың алал,
Аузың алал болса,
Беттерің жарық,
Көңілдерің қарық болар.
Алалдың қайыры бар,
Арамның зайыры бар.
Ас алал болса,
Бас адал болады, – деп өсиет айтқан екен.
Жәнекең қайтыс болғаннан кейін, қара шаңырақ иесі болып қалған үлкен ұлы Ноғай әке өсиетіне құрмет етіп «Алал ас!» дейтін жораны белгілепті. Оның жосыны былай екен: Әр жылы мал төлдеп қара құлақ болған, орман бүршіктеп, шөп шалғындап, жер жасылданып, ақ молайып, мал сөлденген маусым айында туыс-туған жамағайындар Жәнекең шаңырағына жиналып, мал сойып, тамақтанып болған соң, бірқанша жас шыбықты кесіп әкеліп, ақ дастархан үстіне Жәнекеңнің кездігі мен бірқанша шыбықты тастап қойып, әрбір үй иесі кездікті оң қолына, жарықтық бабам, өткен бір жылда асым да алал, аузым да алал, жалған айтсам осы шыбықтай орылайын!» – деп көк шыбықты қияды екен.
Арамға араласып қалғандары арам жегендігінің расын айтады екен. Мұндайда, ауыл ақсақалының бірі бұл іске ие болып, зияндалушы жақтың үйіне барып кешірім сұрап, төлем төлеп қайтады екен. Егер, төлеуге шамасы жетпейтіндер болса, ағайындары жылу жиып көтеріп тастайды екен.
Бір жылдары Жалпаққарағай деген жерде отырғанда, кіре тартып келе жатқан Ноғайдың тоғанағы сары ауылдарының жанына түнеп, ұрлатады. Керуендер Ыбырай бастаған үш адамнан жиналып, соңы жан беруге тиянақтайды. Күмән қылынған үшеудің екеуі: «Тоғанақты алсақ шыбықтай орылайық» деп шыбықты кеседі. Сонымен табанда олардың бірі өліп, біреуі күр аралап қайтыс болады. Ыбырай ұрлық істемегендіктен шыбық кесуге ұнамай тірі қалады. Сөйтіп, бұл іс екі адамның қанымен тындым болады.

ЖӘНІБЕК ТУРАЛЫ КЕЙБІР ДЕРЕКТЕР

1988 жылы 11-айдың 4-күні маған алғаг әліппеден дәріс берген қарт ұстазым, сүйегі атантай ішінде қарағай Қинаят Ілиясұлына әдейілеп көңілін сұрай бардым. Қаршыға қора атанған қиырдағы қыстаулығында отырған есіл адам әлі есінен жаңылмаған екен. Мені көре сала дархан көңілін жайып салып, жадырап қарсы алды. Мен де қабағат риза болып, еңкейіп барып құшақтасып амандастым.
Ақсақалдың айтуынша: Мәдениет зор төңкерісі кезінде ол «тарихи кері төңкерісші», «сасық тоғызыншы» деген қалпақпен күреске тартылыпты да, 1970 жылдардың соңын ала сал болып жатып қалған екен. Жазу жазғанды қойып сөйлеудің өзі мұң болып отырған бұл қарт бәйбішесіне самарқау ымдап, жүктегі қара қобди ішінен ораулы шүберекті алдырып, ішінен бір шақпақ жолды дәптерді алып шығып, ентігін басқан соң:
– Қару-қайратым бар кезімде, Мамырбек төреге 30 жыл зәңгі болған Қырықбайдың әкесі Саудабайдан және басқа қариялардан көптеген тарихи деректерді жиып, Жәнекең жөнінде көлемді бір нәрсе жазуға қарманып, осы бір тизісті жазған едім. Бірқанша жылдың алдында осы тизістің толықтанған төрт бөлімі мен басқа төрт еңбегімді Іле Халық баспасына жіберген едім. Олар жаратпаған сияқты, өзіме қайтарып жіберіпті, – деп реніш білдірді. Біраз үнсіз отырғаннан кейін ол маған беймаза қарап: «Жә, ақын, сен жамбылға (қала демекші) жақын жүрген жансың. Не жарар, не жарамас. Маған ақша да, атақ та керек емес. Тек тарихи нәрселер шыға берсе деген тілек қана» деп бір тыныстап алып:
– Ауруханаға жатып қалған кезімде мына кемпір жазғандарымды оқып көрейік дегендерге бере беріпті. Амал қанша сонымен Жәнекең туралы толықтап жазған материалымның басқы бөлімі: Атантай шежіресі мен керейдің Майлы-Жайырға келуіне қатысты еңбектерім жоқ болып шықты. Тек осы алғашқы тизісті мен «Демежан», «Мәтен өлімі жөнінде» * деген еңбегім қолыма әрең оралды. Құдайдан келген науқас пен адамнан келген жала қос қабаттанып, жалғасты жазуыма мүмкіндік бермеді. Құнды материал бола алмаса да, пайдалануға болар. Сондықтан сенде тұрсын. Менде қалса қобдидың түбінде шіріп, зәудеғалам көз жұмсам, кім керек қылар, – деп көзіне іркілген жасты қолының сыртымен сүртіп тастап, әлгі дүниелерді бейне арыздасқандай қолыма ұстатты. Марқұм мен аттанып кеткен соң жарым жылға жетпеген уақытта дүниеден өтіпті.
Бірінші оқып көрсем бес бөлімге бөліп, кейбір бөлімдерін бірқанша тақырыптарға айырып жазыпты.
Оқырман қауымының ойлауына, жазушылардың іздеуіне септігі тиер деген оймен тизісті әсілгі нұсқасының тақырыптарын мақаламның соңына кіргізуді жөн көрдім.
Бірінші бөлім:
1. Жетімдік салдарынан нағашы атасының қолында есеюі.
2. Өз еліне қайта оралғандағы істері.
3. Батыр болып жұрт алдында танылуы.
4. Зор жорықтағы батырлықтары.
5. Қазақ ішіндегі алауыздықты тежеп, елді жөнге салуы.
6. Абылай ханның елшісі болып, Еженханға баруы
7. Абақ керейдің жұмысын қолға алуы.
Екінші бөлім:
Жас Жәнібектің «Үш керткен» алымшыларын айдап салғандығы үстінен Қасабай батыр қабағат ширығып, Қабанбай батырға айтқанында, Қабекең: «Япыр-ау, керейден көзі отты бір бала шығатындай еді. Сол осы болар ма екен! Ой, Қасабай, мынау жақсылықтың нысаны ғой, қуанылық!» депті. Осыдан бастап керей-найман ынтымағы орнатылып, бірлігі бекемделген дей келіп, мына бір шумақ өлеңді бастап қойыпты:
Айырылмас аға жолдас Қабанбайы,
Жарқырап жайнап тұрған күн мен айы.
Керей мен найман тату болғаннан соң,
Халықтың бұланбайды қотыр тайы.
Үшінші бөлім:
Қабанбай батыр жоңғардың бір дөкейінен айтысып қалғанда, ол Қабекеңе:
– Тұғырдан түсетін шағың жетті. Енді есе бізге өтер, – депті. Сонда қатуланған Қабекеңнің сақал-мұрты бейне арлан қасқырдың жалындай тікірейіп:
– Ей, сен бұл сөзді ерте айтып отырсың. Бұл сөз жайлы жиырма жылдан кейін ойлан! – деп зекігенде, әлгі пақыр ығысып қалып:
– Батыр, бұл қалай айтқаның? – деп сұрапты. Қабекең:
– Артыма қойған Жәнібегім бар екенін білмейсің бе? Және жиырма жылға дейін ол сендерге есе бере ме! Бұйырса, одан кейін де қазақтың бір әйелі және де Қабанбай мен Жәнібек туар, – депті.
Төртінші бөлім:
Өмірінде Қабекең Жәнібекті «Жәке жан» деп, ал, Жәнібек Қабекеңнің атын атамай «Аға» деп өткен. Қабанбай қайтыс болғанын естірткенде, Жәнібек үш күн нәр татпай, ауыл алдындағы төбеден түспей аза тұтқан. Маңайдағы ру-ұлыстардың батырлары мен атқа мінерлері салт бойынша арнайы келіп көңіл айтып жұбатқанда, Жәнібек көңіліне қатқан шерді былайша таратқан:
Ұйытқысы берекемнің қормалым-ай,
Жау жаққа берік соққан қорғаным-ай.
Қазаққа қалқан болған қайран жанды,
Сұм жалған бір күн артық қоймадың-ай!

Ағамдай аялаған батыр аға,
Қандай жан затыңызға татыр аға.
Жыландай белге ораған бүктетіліп,
Ініңіз аза тұтып жатыр, аға, – деп күңіреніп барып: «Жалған!
Жалған! Салды-ау жанға арман!» деп күрсінгенде көйлегінің омырауы айырылыпты.
Бесінші бөлімінде, мына сөздер жазылған екен: Көгедай Еженге барып қайтып келіп, Жәнекеңе сәлем бере барғанда Жәнібек: «Баяғыда сен барған сол ханның құзырында болып, қайтар кезімізде жол бастаушы Дөңше бізге хан сарайын бір күн аралатқан еді. Сонда мен оған: Ханымыз Абылайдың ұйғаруы бойынша қолтығыңа келіп кірдік. Бізден естелік қалсын деп сарайдың қасына бір тал шыбық егіп, тануға оңай болу үшін, терістік жағындағы төбенің беліндей ағаштың шыбыққа қараған беті жаққа үш жерден қанжар ұрған едім. Сол ағаш бар болса, қылыш орылған жері теңбілденіп біткен шығар, көзің шалды ма?» дегенде, Көгедай басын изеген.
Алтыншы бөлім:
1. Өзін найман елінің хан төресімін деп айқұлақтанған Қамбар төре бір жылдары баса көктеп, керейдің бірқанша қонысын иелеп алады. Керей төресі Көгедай онымен жолығып, оның иелеп алған жерінің жөнін айтқанда, Қамбар Көгедайды бойына тоғытпай: «керейдің саясына салған мұжық жілік» деп әжуалап сөз бермей қайтарады. Бұл істен Жәнекең хабар тапқаннан кейін, Қамбар төрені алдына шақыртып алып: «Батыр аға, екеуіміздің істеген ісіміздің бірі – керей-найман берекесін орнату еді, сен оны бекер қылмақшы екенсің ғой?!
Кеше дамбалшаң бала едің,
Бүгін Қамбарша төре болыпсың.
Пой-пой Қамбарым-ай,
Қарайгөр, бұның айбарын-ай!» – деп жерлеген екен.
2. Ақ патша жер иеленушілер Марқакөлге сызық тартқанда, оларды айдап шығуы.
3. Көкшетаудағы «Көк иірім» сьезіне Шар өкілі майлап алуға жер сұрағанда, оны сөзбен қайтарғаны . . .
Мақала соңында айтарым: Жәнекеңнің батырлығы мен шешендігі 18-ғасырда дәурендеді десек, содан бері екі ғасыр өтіп, ХХІ ғасырдың бетін ашып отырмыз. Халқымыздың: «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген тағылымына орай, ер Жәнібек өміріндегі ізгі істкрі заман ұзарған сайын халық көңіліне бойлап, ардақтала түседі, әрине!
*Имамдардың табынатыны қазірет Қали мен Фатимадан таралған пайғамбар ұрпағы есептелінетін: Әбутәліп, Хасен, Құсайын, Зейнел, Мұхамет Бәкір, Жапар Садық, Мұсакәзім, Қали Риза, Мұхамет Тақи, Қали Нақи, Әсен Әскери, Мұхамет Маһди.
* Бұғының бұқасын меңзейді.
*Шынжаң азат болғаннан кейін 1950 жылы партиямыз жағынан ақталып, босатылған.
• Тауасар – Көгедайды алып келген керейдің Төбе биі.
*Соғыс жарақтарының қалай бір жақтылы етілгендігі жөнінде әртүрлі сөз бар. Дәл қалай етілгендігі жөнінде дәлел боларлық тиянақты жауап әзірше табылмады.
* Үліңгір көлінің жанындағы кішкене көл.
* Буыршынды көрсетеді.
* Бурылтоғайды көрсетеді.
* Семейді көрсетеді.
* Шеруші Сүлеймен меңзеледі.
* Көбен батыр: «Құдайдың күнінің бәрі ұқсас. Меннақ сол ел жоламайтын сейсенбіні сәт қыламын» дегені бойынша сейсенбі жантас руының сәтті күніне айланып қалған.
*Жәнекең туының орауыш қабы осы күнде Сауан ауданы Шигоби ауылдығындағы Мақсұтқан Мәдихан ұлының үйінде сақтаулы.
*Әуене – Көбеннің құрмет лақабы.
* Мамырбектің арғы анасы Тұмар ханымды меңзегені.
* Сол кезде Алтайда атағы бар екі Оспан бар екен. Бірі төре, бірі қара. Сондықтан жәдік Оспан – қара Оспан атанған.
* Көбен ол кезде «торуылдай» деген атақпен шекара қорғау орынының жауаптысы болғандықтан, Шәуешектегі қорғану жамбылына жауапты болып адам апарған екен.

Теги: , , , , , ,

1 пікір

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*