Шежіре

Нұрғожай батырдың естеліктері және Оспан батыр(4)

1940 жылдары Қытайдағы ұлт-азаттық күресінің белді сардар батыры, Оспан Ісләмұлының қанды көйлек серіктерінің бірі болған атақты Нұрғожай батырдың естеліктерін назарларыңызға ұсынамыз. Кітапты баспаға дайындап ғылыми түсініктемесін жазған: Ыстамбұлда тұратын ғалым, тарихшы Әбдіуақап Қара. Басы өткен жариялымда

КҮРЕСУГЕ АНТТАСУ

Жау қолынан қашып шыққан адамдар екі ұдай болды. Ырысхан, Ақтеке тобы:

– Гансуге кетеміз, – деді.

Масғұт, Қапсәмет моллалар кітап ашып:

– Қатын-баланы қорғап жүріп өлсең шәйіт боласың. Өз басыңды алып қашып жүріп өлсең, шәйіт болмайсың, – деді.

Ырысхан, Ақтеке:

– Егер біз елге барсақ, жау сендерді үйлеріңе жібереді. Мал-жаныңды әперер. Біраз қарыңды тойғызған соң біз бұқара едік. Біздің үкіметке қарсы шығу оймызда жоқ еді. Бізді құтыртқан Ақтеке, Ырысхан, Қапсәмет, Көксеген деп ұстап бересіңдер. Сондықтан мен елге баруды қаламаймын, -деді. (30)

Олар сөзін одан әрі жалғап:

– Егер сіздер шын ислам ережесі бойынша ұлттық қасиет, адамдық қасиет бойынша іс көретін болсаңыздар, дұшпанмен шәйіт болғанға немесе бандит Шың Сысай үкіметімен белгілі шарт тоқтамға келгенге дейін күресесіздер. Ол үшін “тірі болсақ бір төбеде, өлсек бір шұңқырда” деп ант бересіңдер. Осындай сенім болса, онда елге қайтып барып соғысу қажет. Барлықтарыңыз көптеген туыстан айрылдыңыздар. Монғол – орыс – Шың Сысай бандит армиясының тұтқиылдан алдап барып жасаған шабуылы салдарынан он мыңдаған туыстардан қапыда айрылдық. Мыңдаған балалар бесігімен өртке кетті. Біздің Абақ Керей тарихында болмаған ауыр жағдайға, өте ауыр қырғынға ұшырадық. Бұл жолғы шабуыл біздің есімізден мәңгі кетпейді. Ұрпақтан ұрпаққа тарих болып қалады. Сөзге сенген сұм басымыз алдауға мықтап түсіп кеттік. Он мыңдаған қатын-баладан айрылдық, – деді.

Олар сөздерін аяқтағанда, бүкіл әскери адамдар:

– Біріміз қалғанша соғысамыз. Алланың атымен ант етеміз, – деді де “Жәнібек” деп ұран салып, бүкіл Қаптық тауын күңірендірді.

Шамғұн мен Үмітбай бастаған он екі елден он екі адам қасем ішіп серт берді. “Тірі болса бір төбеде, өлсе бір шұңқырда” болатын болды.

Ат арық еді. Азық таусылған болатын. Әскерлермен жылжып жүріп Бәйтікке келдік. Бүркіт Ұясынан шығып Шібетіге келдік. Бұл жер өткенде Қожамберген ауылы мен елі шабылған жер еді. Онда көптеген киіз үйлер тігулі күйінде қалыпты да, жылдар өтіп дауыл соғып құлап-құлап жатыпты. Басқан жерлерде сүйегі қурап жатқан адам өліктерінен аяқ алып жүре алмайсың. Қаңқасы бүтін жатқан көптеген сүйектерді жаназалап көмген болдық.

Біз осы жерде біраз демалдық. Сонсоң Ырысхан Оран Бұлақта жатқан үкімет әскерлеріне шабуыл жасап, ат, азық түсіріп келуге әскер жіберді. Біз елу неше адам бардық. Елден ат, азық алдық. Ол ел қашып Шонжыға түсіп кетті. (31) Бандит әскерлерімен соғысып, 14 адамын өлтірдік. Шыбар Керей 200 неше үйден мал алдық. Бандит әскерлерінен бір қанша мылтық, оның қорынан бір қанша қор түсіріп алдық. Ол жерден көшіп Бәйтіктің теріскейіндегі Қарағайты, Құжырты, Нарын Қарағайты қатарлы үш сайға келіп бекіндік. Төрт жаққа бірдей қарауыл қойып, он күндей тыныш жаттық. Дәл осы кезде Бәйтіктің теріскейін күзеткен өзіміздің қарауылдан хабар келді. Онда “Қарағанды Ұшық дейтін жерге жау келіп түсіп жатыр. Бізге келген жау болуы керек. Дайын тұрсын” делініпті.

Ертеңінде күн шыға екі айырплан жетіп келді. Ұзақтан айналды да, қайтадан Қарағанды жаққа кетіп қалды. Енді бір сағат болмай жатып жеті айырплан келіп бомбалады. Біз аз емес, мыңнан астам адам және ат-түйелеріміз бар еді. Оның үстіне осы көліктердің бәрі де арықтап тұрған кезі еді. Тау-таудың арасына бөлініп кірдік. 50 адам шәйіт болды. Ақтеке үкірдай жеті жерден жаралы болды. Көлік көп қырылды. Жау армиясымен екі күн, бір түн атыстық. Жау саны соншама көп болса да, атап айтқанда бес мыңнан астам қарулы жау болса да, бізге басып кіре алмады. Айырплан әр уақыт келіп бомбалап тұрды.

Екі күннен кейін бастықтар ақылдасып “Жадағай жерден жау бізді алып қояды. Нармантыға барып жиналып алып Алтай тауына шығып кетелік.” деп қарар шығарды. Әскерлермен бөлініп бөлініп түн жастанып көшіп, теріскей Ластыны құлдап Дабысынға келдік. Ол жердегі қалың жаумен екі күн сұрапыл шайқасу болды. Дабысында жатқан он мындаған қытай армияларын басып жаншып өтіп, 300 неше мылтық түсіріп Арманты тауына шығып кеттік. Арманты тұмсығына қонған күні Ақтеке үкірдай қайтыс болды. Армантының Ботамойын жағынан кесіп өткен әскерлердің алдынан тосқан жау әскері шықты. Екі күндік шайқастан кейін жау армиялары шегініп кетті. Ол жерде асқан ерлік көрсеткен Зиядан батыр шәйіт болды. Ырысхан мені Талдысайдың басындағы Ұшықатты кезеңді көріп келуге (32) жер шалғызып жіберді.

Мен сол кезеңге келдім. Менен бұрын жау әскерлері келіп, тастан окоп жасап қойған екен. Менің жанымда інім Кәбіл бар еді. Онан басқа да үш жақсы жолдасым бар болатын. Күн сондай тамаша шыққан екен. Сол күн нұрына қызығып көйлегімді шешіп біраз шуақтадым. Сөйтіп отырғанда айырплан даусы естілді. Қарасам, астындағы жақтан Талдысайды өрлеп бауырлап ұшып бір самолет келе жатыр екен. Нысанаға алып отыра қалдым. Айырплан жетіп келгенде лётчикті дәлдеп атып қалдым. Бір нәрсенің шарқ еткен даусы естілді. Айырплан жалт беріп артқа қарай ылдилап ұша жөнелді. Соның арасында артқы жағымыздан Ырысхан да жетіп келді. Шарқ еткен жерге барсақ, бір сандық түсіп қалыпты. Біз де алды-артымыз жиналғанша кезеңді күзетіп отырған жау әскерлері де сайды өрлей келіп қалды.

Теги: ,

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*