Білім

Жыраулар публицистикасындағы әлеуметтік қақтығыс мәселелері

Жыраулар публицистикасындағы әлеуметтік қақтығыс мәселелері

(Асан Қайғы, Қазтуған жырлары негізінде)

          Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін ұлттық өнердің, ғылымның тарихы кеңінен зерттеле бастады, әсіресе Совет үкіметі кезінде «тіс батпаған», Мәскеуге жалтақтап, батып айта алмаған шындықтың беті ашылды. Совет үкіметі кезінде қазақтың тарихы қалай бұрмаланғаны, сап өнерінің қалай талауға түсіп татымсыз дүниеге айналғаны көзқарақты оқырманға түсінікті.

Ұзақ жылдар бойы қазақ журналистикасының тарихы да қысқа қайырылып келді. Ол кезде ғалымдарымыз «октябрь революциясынан» ары аспайтын, оның өзінде қазақ жазба журналистикасының басында тұрған Алаш қайраткерлерінің еңбектерін елеусіз қалдыратын. Әрине, заманның ығына, саясаттың қабағына қарап, қал-қадірінше зерттеген ғалымдарымыздың еңбегін жоққа шығармаймыз, тек Тәуелсіздіктен соң журналистика ғылымының жаңа тыныс алып, мүлде басқа арнада өркендеп дамығанын меңзегіміз келді. Соның нәтижесінде ұлттық көземсөзіміздің бойына қан жүгірді, көсегесі көгерді, ең бастысы ұлттың болмысын айғақтайтын өзімізге тиеселі журналистика тарихымыз түгенделді. Мұның  бір тармағын тереңге тамыр жайған бабажурналистикасының теориялық тұрғыдан зерттелуі.

Көптеген ғалымдарымыз қазақ журналистикасының тарихы тым тереңде жатқанын айтады. Оның бастау көзін аңыз-ертегілерден, эпостық жырлардан, жыраулар поэзиясынан қарастыру керек екенін тілге тиек етеді, әрі ойларын ұтымды дәлелдейді. Профессор Кәкен Қамзин «Қазақ көсемсөзі жанрларының кемелдену үдерістері» атты монографиясында бабажурналистиканың тарихына жан-жақты тоқталып, ескі жырлардың, аңыз-әңгімелердің бойына журналистік сарынның сіңгенін айта келіп: «… олар дәл бүгінгі жетілген формада болмаса да, өз заманында ақпарат таратқаны, информация таратқаны беп-белгілі, яғни, ақпарат көзі ретінде де, модератор ретінде де, ақпарат тұтынушы ретінде де көріне білгенін ішкі мазмұны аңғартып тұрады» деген байлам айтады. Әрине, ертедегі жыр аңыздардан, ғашықтық жырлардан, жыраулар поэзиясынан қазіргі төрт аяғын тең басқан, қалыптасып дамыған заманауи жуналистиканың үлгілерін талап ете алмаймыз. Бірақ, ақпараттық пішіндердің, факті, деректердің көптеп ұшырасуы – сол жауһар жырларымыздың журналистік сарынын зерделеуге үлкен негіз болады.

Профессор Бауыржан Жақып «Публицистика негіздері» атты оқу құралында: «егерде біз кешегі өткен шешендерді, жыраулар мен айтыс ақындарын халықтың үні мен тілі болған, қоғамдық пікір қалыптастырған, қоғам кемшіліктерін сынға алған өз заманының публицистері болды десек, құлаққа тосын естілуі мүмкін. Бірақ газет-журнал жоқ кезде сол хандық дәуірдің ақиқатын елге жеткізіп, халық мұңын ханға жеткізіп отырған – сол сахараның саф алтын сөзін пір тұтқан тұлғалары еді. Олардың кейбіреулері ел билеушілерін асыра мақтап, дәріптеп, оның саясатын жұрт арасында жүргізуіне жәрдемші болса, енді біреулері қарапайым халықтың жанашыры болып, солардың мақсат мүддесін жүзеге асыру үшін бар күш-жігерін жұмсады, тіпті ұлықтардың әділетсіз, зорлықшыл, қиянатшыл әреткеттерін бетіне басып айтып салды» дейді. Шынымен де жыраулар дәуірінде ақпарат, поэзия түрінде айтылып, ел арасына кеңінен тарады, хан мен халықтың арасын дәнекерлейтін жыраулар болды. Олардың жырлары ақпаратты тасымалдайтын құралға айналды. Профессор К.Қамзин «әр қоғамның өз бойына дүп келер техникалық мүмкіндігі, медиотехнологиясы дүниеге келеді, олар әр кезеңде әр түрлі рөл атқарды, өркендеді, жарасымдылыққа ұмтылды» немесе «Біздіңше ұлттық, ауызша көсемсөз формалары тілдесумен, пікірлесумен, ұлттық ауыз әдебиетімен қоса көктеп шықты, үзеңгілес қатарлас дамыды, қазіргі журналистік жанрлар пішіні сол кезден бастау алып өсіп-өне бастады» деген тұщымды ойы біздің пікірімізді тіпті де тиянақтай түседі.

Осы тұжырымдарға сүйене отырып жыраулар поэзиясын көркем ой, оюлы, өрнекті сөз үлгісі немесе батырлық, ерліктің жаршысы деп ғана қарамай, оның журналистік қырына да үңілуіміз тиіс. Әсіресе қазақ хандығы алғаш құрылған кездегі саяси, әлеуметтік оқиғалардың қалай болғанын, қандай қоғамдық проблемалар орын алғанын, сол түйткілді мәселелер қаншалықты айтылғанын білу үшін, яғни, нақты ақпаратқа қол жеткізу үшін жыраулар поэзиясына журналистік тұрғыдан тереңдей үңілуге тура келеді.

Алдымен қазақ хандығы құрылған кезеңнің алды-артындағы саяси, әлеуметтік жағдайға қысқаша тоқтала кетейік. Көрнекті тарихшы, Қазақстанның Халық жазушысы, жыраулар поэзиясын қайта тірілтіп, қазақ оқырмандарымен қауыштырған Мұхтар Мағауин өзінің «Қобыз сарыны» атты монографиясында  қазақ хандығының құрылу тарихын: «Дербес, қазақ атымен аталатын әдебиеттің өмір сүруі – XV ғасырдың орта шенінен басталады. Бұған себепкер болған жай – 1456 жылы Шу бойында қазақ хандығының құрылуы, осының нәтижесінде қазақ халқының аренаға шығуы.

«Дәшті – Қыпшақтың бұл кездегі әміршісі Әбілхайыр хан еді. Әбілхайыр Жошы әулетінен тараған сұлтандарға көп теперіш көрсетті, сондықтан, олардың екеуі – Жәнібек пен Керей хан Моғолстанға ауып кетті. Иса-Бұға хан оларды меймандостықпен қабылдап, игіліктеріне Моғолстанның батыс бөлігіндегі Шу, Қозы-Басы деген жерлерді бөліп берді» – деп жазды Дулат руынан шыққан атақты тарихшы Мұхамед Қайдар қазақ хандығының құрылуы хағында» дейді. Қарап отырсаңыз аса күрделі саяси кезең, елден ел бөлінген, ұлыстан ұлыс ажыраған тұс. Ал енді осы кездегі саяси, әлеуметтік жағдайдың қалай боғанын білу үшін сол кезеңде өмір сүрген Қазтуған жырау мен Асан Қайғы жырларына тоқталғанды жөн көрдік, әрине журналистік тұрғыда.

Қазтуған жыраудан бізге жеткен жырлар тым көп емес, бірақ сол жырлардың өзінен біраз ақпарат алуға болады. Мысалы, оның «Мадақ жырында»:

…Адырнасы шайы жібек оққа кірісті,

Айдаса қойдың көсемі,

Сөйлесе қызыл тілдің  шешені,

Ұстаса қашағанның ұзын құрығы,

Қалайланған қасты орданың сырығы,

Билер отты би соңы,

Би ұлының кенжесі,

Буыршынның бұта шайнар азуы,

Бидайықтың көл жайлаған жалғызы,

Бұлт болған айды ашқан,

Мұнар болған күнді ашқан,

Мұсылманмен кәуірдің,

Арасын өтіп бұзып дінді ашқан» дейді, таудан аққан тас бұлақтай тебіні тентек отты жырдың  өн бойы тұнған факті, дерек демесек те біршама ақпаратқа қанығамыз. Ең әуелі қазақтың көшпелі өмірі туралы, ат үстінде өскен халықтың құндылығын танып білеміз. Сондай-ақ, сол кездегі әлеуметтік мәселенің де шеті қылтияды. Жырда Қазтуған «Мұсылман мен кәуірдің арасын өтіп, бұзып дінді ашқан» дейді, біздің ойымызша мұнда жырау өзі өмір сүрген кездегі дінді, діндік қақтығысты сөз етіп отыр. Яғни қазақ даласына мұсылман дінінің дендеп кіргенін меңзейді, мұны да жырдан екшеп алынған өте маңызды ақпарат деуге болады.

Жалпы «Мадақ жыры» Қазтуғанның автопортреті ісбетті, жалаң өзінің ғана емес дәуірінің бейнесі кескінделген, қазіргі журналистік терминмен айтсақ портреттік жанрға табиғаты келетін шығарма.

Қазтуғанның ендігі бір әйгілі жыры «Алаң да, алаң алаң жұрт» деп басталатын атақонысы Еділмен қоштасу зары. Бұл толғаудан да журналистикалық сарынды молынан ұшырастыруға болады. Нақты фактілерді тізіп көрейік; Еділ Қазтуғанның атақонысы оған дәлел атасы Сүйініштің күйеу болып барғаны, анасы Бозтуғанның келін болып түскені, енді осы жерде тағы бір деректі аңғаруға болады, әдетте кейбір тұлғалардың ата тегі, әке шешесінің есім сойын анықтау қиынға соғады, ал мұнда әкем – Сүйініш, анам – Бозтуған деп тайға басқан таңбадай жазулы тұр. Ары қарай Қазтуғанның осы топырақта ат жалын тартып мінгенін білеміз, жыраудың «қарағайдан садақ буынып, қылшанын сары жон оққа толтырып, жанға сақтау болдым» деп жырлауы сөзіміздің дәлелі. Осылай тарқата берсек мұндай нақты деректерге жиі ұшырасамыз. Әсіресе, Еділдің географиялық жағдайы кеңінен суреттелген. Ақындық көтеріңкі көңіл күймен айтылады, сонда да «балығы тулаған, бақасы шулаған, шырмауығы шөккен түйе таптырмайтын» нулы, сулы жер екенін байқаймыз.

Жыр соңын Қазтуған «Қайырлы болсын сіздерге, Менен де қалған Еділ жұрт» деп тәмамдайды. Қазтуған сөйтіп Еділді қимай кетті, неге кетті, қайда барады? Бұл сұрақтың жауабын табу үшін қазақ-ноғай бөлінген тарихи оқиғаларға үңілу қажет. Міне, зерделеп қарасаңыз тағы да бір деректің ұшығы шығып тұр.

Қазақ хандығы құрылған кездегі әлеуметтік, қоғамдық жағдайды жырларында кеңінен толғаған тағы бір көрнекті тұлға – Асан Қайғы.

Асан Қайғы тұлғасы көп жағдайда аңызбен байланыстырыла айтылады. Өмірі туралы ел арасында сақталған аңыздар өте көп. Бірақ, Асан Қайғының бізге жеткен жырлары оның өмірде болған тұлға екенін растайды.

М.Мағауин: «Асанды көбіне хан қасынан көреміз. Оның бізге жеткен толғаулары түгел дерлік Әз-Жәнібек ханға арнай айтылған. Алайда Асанды сарай ақыны деуге болмайды. Халық аңызында Асан Қайғы жайында: «бұл қария қашан да ханға жағынбай, жарамсақтанбай тура сөйлеуші еді» делінеді.

Бұл сөздің ақиқаты Асан толғауларынан-ақ байқалады» дейді. Шынымен де Асан толғаулары ащы шындыққа толы. Егер қазіргі журналистикаға «азаматтық көзқарасы айқын, турашыл болуы керек» деген талапты артатын болсақ Асан жырлары осы мүддені толық қанағаттандырып тұр.  Мысалы Асан:

Ай, хан, мен айтпасам білмейсің,

Айтқаныма көнбейсің.

Шабылып жатқан халқың бар,

Аймағын көздеп көрмейсің.

Қымыз ішіп қызарып,

Мастанып, қызып терлейсің,

Өзіңнен басқа жан жоқтай,

Елеуреп неге сөйлейсің?! – дейді. Мұна ең алдымен ешкімнен именбейтін батылдылық анық байқалады. Батыл болған соң ғана ақиқатты айтып тұр. Жырды бір-бірлеп талдасақ біраз түйткілдің басы ашылады. Асан Жәнібек ханға ашулы, оның себебі де жоқ емес, елің қараусыз қалды, ал сен болсаң қымыз ішіп шалқайып жүрсің дейді. Сондай-ақ мұнда әлеуметтік проблема көтеріледі. Елдің, ханның жағдайы айтылады. Асанның осы өлеңінен сол кездегі Жәнібек ханның айналасындағы әлеуметтік, қоғамдық көріністі білуге болады. Бейне сол кезден жеткен жыр тіліндегі репортаж секілді әсер қалдырады.

Асан Қайғы жыр соңын: «Тіл алсаң іздеп қоныс көр,

Желмая мініп жер шалсам,

Тапқан жерге ел көшір,

Мұны неге білмейсің?

… Хош аман бол Жәнібек,

Енді мені көрмейсің!» деп түйіндейді. Асанның тағы бір реніші Жәнібектің елді жылы орнынан қозғап, кейіннен жайлы қонысқа қол жеткізе алмауы. Жырау мұнда нақты проблема көтеріп отыр деп айтуға болады. Тіпті осы араздықтың салдарынан Асан Жәнібекпен қоштасқан болуы да мүмкін деген екі ұшстылау ой оралады.

Асан жырлаурының журналистік тұрғыдан маңыздылығы – ол өзі өмір сүрген заманның толық картинасын жасай алды. Сол кезеңнің тарихи әлеуметтік жағдайын басып айта білді. Нақты проблемалар көтерді. Осы арқылы Асан жырлары жураналистік міндетті де атқарып тұр.

Қорыта айтқанда жыраулар поэзиясы өз дәуірінің үні, өз заманының көркем әрі деректі көрінісі. Асау өзендей асып-тасыған жырлардың астарынан көптеген журналистік сарынды аңғаруға болады. Ал оны аңғарып білу, нақты ғылыми тұрғыдан зерделей зерттеп, қазақ журналистикасынң арғы тарихы ретінде дәлелдеу – ұлттық журналистикамызға айырықша қуат, күш сыйлайды. Ұлттық таным түсінігіміздің артуына, ұлттық баспасөзіміздің нығаюына септігі тиеді. Ең бастысы қандай үлгіде болса да журналистикамыздың тарихы тереңде екенін сезініп, білу ұлттық идеологиямыздыың қалыптасуына әсер етеді.

Бұл шағын мақалада тұтас жыраулар поэзиясын сөз ете алмадық, тек Қазтуған мен Асан Қайғының бірлі жарым жырындағы журналистік сарынға тоқталдық. Енчччычычыді мұны тіпті де тереңдетіп зерттеу алдағы уақыттың еншісінде.

 

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

  1. Қамзин К. Қазақ көсемсөзі жанрларының кемелдену үдерісі. – Алматы, Экономика баспасы, 2009.
  2. Бес ғасыр жырлайды (жыраулар поэзиясы). – Алматы, Жазушы баспасы, 1989.
  3. Жақып Б. Қазақ публицистикасының қалыптасып, даму жолдары. – Қазақ университеті баспасы, 2004.
  4. Мағауин М. Қобыз сарыны. – Алматы, Қанағат баспасы, 2002.

«ҚазҰУ Хабаршы» (журналистика сериясы) №1/2 (37). Алматы, «Қазақ университеі» баспасы, 2015.

Жақсылық Қазымұратұлы,

әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті,

журналистика факультетінің 2 курс магистранты

Теги:

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*