Шежіре

АСҚАР ТАТАНАЙҰЛЫ: АЛТАЙ ТӨҢКЕРІСІ (I)

Асқар Татанайұлы — 1906 жылы 6-қазан күні Шығыс Түркістанның Алтай аймағындағы Қыран өзені бойында дүниеге келген. Жазушы, ақын, шежіреші, оқу-ағарту саласының белгілі қайраткері. 1935 жылы 27-желтоқсаннан бастап шығарылған “Алтай” газеті баспаханасын ұйымдастырушы баспагер, газет қаламгері. Шығыс Түркістандағы тарихи оқиғалардың тікелей куәгерлері. Алтай тарихы туралы әфсаналардың, “Бір ғасыр” атты өлеңмен жазылған романның авторы. 1994 жылы 19-сәуір күні дүниеден қайтқан. Дайындаған — “Отырар кітапханасы” ғылыми орталығының ғылыми қызметкерлері Қалбан Ынтыханұлы, Еркінжан Сіләмханұлы, Қарлығаш Хамзина.

XIV-XV ғасырда жасаған Асан қайғы әулие “Жерұйықты” іздеп шығып, Алтай алқабын кезгенде: “Асты да, үсті де алтын, ат тұяғымен тозатын жер”, — депті. Халық аңызында сақталған осы сөзді ойшыл баба бекер айтпаған, ұлы бабаның ұлағатты сөзін халықта бекер сақтап келмеген болар.

Расында да, осы бір ұлы тауда талай-талай тарихи оқиғалар болып өтті. VIII ғасырдың орта шенінде құралған қарлық (қарпық) одағы құрамында үйсін, қанды, шекті, арғын сияқты көптеген тайпаларды қамтып, “Алтай-Қарпық” одағы атанып II ғасырға жуық үкім жүргізген.

XIII ғасырдың алғашқы жылдарында Алтайдың басқы сілемдерін мекендеген керей тайпасының ханы Тұғырылмен, оған қанаттас найман тайпасының ханы Құшылықтың (Күшліктің – Т.Ж.) елі тұрды. Осы мезгілде дәуірлеген Моңғолдың атақты ханы Темучин (Шыңғыс хан) алдымен меркіт тайпасына шабуылға шығып, тайпа бастығы Тоқтабекті өлтіріп, елін ойран етті. Қырғын соғыстан қалған меркіт тайпасының халқы тілі бір, діні бір, салт-санасы бір керей тайпасымен — Тұғырыл ханның елімен бірікті.

1203 жылы Шыңғыс хан керей тайпасына шабуылдап, Тұғырыл ханның басын кесіп, елінің тоз-тозын шығарып, жеңіліске ұшыратты. Шабуылдан қалған ел Тұғырыл ханның бас ақылшысы Майқының бастауында Алтайдың батыс алқабын бетке ұстап, жаудан қашып құтылуға тырысты. 1204 жылы Шыңғыс хан найман тайпасына шабуыл жасап, найманның ханы Құшылық (Күшлік) кескілескен соғыста әлсіреп, елін бастап қашуға мәжбүр болды.

Темучин әскерлері керейлерді қатты тозғындатты. Найман ханы Құшылықпен бірге кеткені “Қаракерей” атанып, найман руының біріне кірді. Майқы бидің бастауында кеткені Абақ-Ашамайлы болып екіге бөлінді. Осыдан соң абақ-керей меркіт тайпасын да ішіне алған 12 абақ-керей аталып қала берді. Сол зобалаңның кезінде қоңырат, керей, найман татарлардан Моңғолдарға бүтіндей бағынышты болғандар қалмақ, көк моншақтармен қосылып, моңғол болып кете берді.

XVIII ғасырдың 2-жартысында Жоңғария хандығы құлаған соң керей, найман рулары ежелгі ата қоныстары — Алтай, Тарбағатай тауларын аңсап, солай қарай жол тартты.

Абақ елі кезінде Еділ-Жайық бойында, дәлірек айтқанда Жайықтың бір саласы Ор өзені бойында, Мұғалжар тауларында, кейін Сыр бойында мекендеп, соңында Жәнібек батырдың бастауымен Шыңғыс-Қалба тауларына қоныс аударған.

Сарысүмбе ауданының Шеміршек ауылын мекендеген Қасен Шыбарқажыұлының айтуында, өзінің руласы Шіңгіл ауданын мекендейтін Қосекенің үйінде, Ордың қарағашынан жасалған маңдайша табалдырық жаңа қытай үкіметінің алғашқы жылдарына дейін мұра ретінде сақталып келген.

Керейлер Шыңғыс-Қалба тауларында тұрғанда Жәнібек батыр өзінен кейінгі батырлары, дуалы ауыз билері бас қосып, кеңес өткізіп, қосын құрып, сарбаздарын іріктеп, саптарын жасақтады. Ұзаққа жорық жасап, барар жерін, тиянақтар тұрағын белгілеп, шығысқа жол тартты. Ұзақ кешулер кешті. Осыдан соң Абақ-Керей елі Өр Алтайға ілгерілеп, ірге тебуге жабыла кірісті.

Жәнібек батырдың қайтыс болған жылдарынан кейінгі әр рудың ұранды ағалары және батырлары — Жәнтай, Байтайлақ, Барлыбай, Шегетай, Байқан, Ақан батыр, Қотырақ, Жанторы өз топтарына тұтқа жолбасшы болды. Бұл ұлы сапар жорығын олар “соғыссыз көш жорығы” деп атасты. Сөйтіп, тік қотарыла қоныс аударған Керейлер Ертістің екі жағын жайлап қыстап, жылжып отырды.

Кейбір қариялар көштен бұрын малын отарлатып барып, жетер тұрағын тұрақтандырды. Осылай оза тартқанның бірі — Беген еді. Беген сол заманның Жәнтекей руының байы, биі, батыры, дұғагөй қариясы болатын. Ол Сауыр мен Салбырты, Үліңгір өлкесіне аз жыл тұрақтаған соң “Түмендеріме тұрағым жетпейді екен”, — деп, оза тартып, Өр Алтайдан шұрайлап қоныс алуға Сәменбет ұрпақтарын өзіне сүйеніш ете отырып, алға тартқан. Сонымен Қу Ертісті көктей өтіп, Қаратүңкені қапталдап, Қарасеңгірге күл төгіп, көшінің шаңын, түйесінің бұйдасын Қобдаға тірей тұрақтап, қалың елі мен малын сірей толтырып, шірене жатқан болатын. Беген бай жасы ұлғайған шағында аузындағы билігін Сәменбеттің бір ұрпағы Жарқынбай биге беріп, қолындағы қаруын Ізғұты, Иман сияқты жас батырларына ұсынып “Сарыбай ханныңсансыз малы сиған жерге, менің түмендерім де сияр”, — деп іргесін көміп, құшағын жайып, ошағын орнатыпты.

Көктоғай, Шіңгіл өзендерін өзек ете қоныстанып жатқан Абақ елі де қанатын кеңінен жайып, тұрақтана бастады. Ел болған соң тентегі мен тебізі, ұрысы мен қарысы болмай қойсын ба? Ол жерде бұрыннан қоныстанып отырған Моңғолдардың ұраңқай, қалмақ, дөрбіт сияқты тайпаларымен қақтығыса береді. Моңғолдар: “Біздің атамекеніміз десе”, қазақтар: “Біздің ежелгі мекеніміз, ата-бабамыздың басы бар”,— деп қарсыласты. Жасанып келген жау болмаса да, жасақтанып жеткен ел есе бермеді. Сөйтіп екі ел арасы шиеленісіп, моңғолдардың рубасылары мен дін иелері, арқа тірегі болған Моңғолдың Қобдадағы дөрбіт хандығына: “Бұрқанымызды бүлдірді, малымызды талап, айтқанымызды тыңдамады, қол шығарып, көмектесіңдер”, — деп ұсыныс қойды. Сонымен Дөрбіт хандығы Моңғол хандығының көмегіне сүйеніп, Далай ханды — бастық, Қабақшы батырды — тірек еткен 3 мың қол аттандырды. Мұны Алтай халқы “Сайын-Ноян жылы” деп атайды.

Бегеннің ауылын алдымен басып алуды ойына түйген қолбасы, батыр Далайхан түн жастана келіп, Беген ауылын тұтқиыл басты. Кескілескен үш күндік соғыста Өр Алтай қазақтары ілгерінді-кейін жиналып, жауға дайындығы болмағандықтан, Беген ауылын жаудан құтқара алмады. Тек Бегеннің өз басы, бала-шағасы ғана құтылады. Ізғұтты батыр — Қабақшы батырмен жекпе-жек шайқаста жеңіліске ұшырап, қолға түседі. Иман батыр Бегенді құтқару жолында жараланып, саптан шығады. Күші әлсіреген соң, Жарқынбай би аман қалған елді бастап, Сауыр тауына дейін шегінеді. Араға бір жыл өткен соң, керей елі қайта ілгерілеп, байырғы мекеніне тағы да ірге жаяды.

Осыдан соңғы жылдарда іргесі көміліп, ошағы мықты орнатылды. Алтайдың атақты өзендері мен көлдері, тауларын кезіп, сай-саласын аралап, жолын аршып, өткелін салды. Атын

атап, түсін түстеп, жайлауы мен қыстауын белгілеп, иелік құқығын бекемдеді. Сонымен бейбіт күннің берекелі қазанын қайнатқан дәуір басталды. “Елім іргелі, жерім өзімдікі”, – дейтін танымдар жұрт жүрегіне барған сайын берік орнай берді. Сонымен Алтай тау сілемдерін жайлау, Ертіс бойы мен Бұлғын-Шіңгіл, Бәйтік, Сауыр алқаптарын, Құбы құмын қыстау етіп тұрақтанып, мекендейді. Іргесі орныққан сайын қонысын кеңейтуге, өрісін ашуға кірісті. Қаба басымен ұштас, Терісаққан, Қомқанас, Сұмды айрық, Арал жайлауы және Үшлік Өмегейті, Құлынембес, Ботамойын асуы, Китік арша, Қайырты басы, Арасан (Қалуын), Қара Ертіс, Бала Ертіс бастары, Көктоғай сияқты аталы жайлауларға сол тұста ірге тепкен болатын.

“Ер — елімен, ел — жерімен көркейеді”, — деп, артына үлгі сөз қалдырған елі мен жеріне қорған болғандар жайында сөз болса, алдымен, Қуандық Бітіміш, Аушы Көбеш, Шегетай, Қожамжар (Өжеке төре) сияқты сыртқа айбарлы, елге ұйытқылы адамдар ауызға алынады.

Осыдан соңғы жылдарда туы айқын, төресі бар төрт би сайланған, қанатын кең жайып, шығысын — Құмыл, Баркөл, Қаптық, Бәйтікке тіреп, батысын — Зайсанға көсілте шіреп, арқасын — Алтайдың ұлы асулары арқылы Қобдаға сүйеп, түстігін – Еренқабырға, Боғда тауларына дейін тіреп, шүйгін шөпті, тұнық сулы, түгі торқа, қойны кең мекенде орныққан.

1911 жылы Қытайды 260 жыл билеген Мәнжүр империясы құлаған соң, Сүн-жуң шәннің (Сун Ят Сеннің — ред.) басшылығында Жүнхуа миньгонықұру құрылтайына Алтай елінен қатынасатын құқықты уәкіл сайлап жіберу ұқтырылған. Мәнжур хандығының Алтайдағы іс басқарушысы мен Жеңісхан гуң жиын ашып, Әділ төре ұрпағынан Зәкария Ғабдоллаұлын, керейдің өз тумасынан Баймолла Қарекеұлын уәкілдікке сайлап, құрылтайға аттандырады. Жаңа сайланған халықтық үкіметке уәкілдер Алтай елінің ұсыныстарын айтты.

Орталық үкімет Алтай елінің төте қарастылығын күшейту үшін, Алтай жергілікті қазақ халқының әкімшілігіне бір жүн-ваң, екі бейсілік (белі бейсі, засыт бейсі) мансап берген. Құрылтай өкілдері қайта оралып келген кезде, Жеңісхан гуң қайтыс болған еді. Іс басқарушы мен ел адамдары бас қосып жүн-ваң мәнсабын Жеңісханның баласы — Әлеңге, белі бейсілік мәнсапты — Мәни Жұртбайұлына, засыт бейсілік мансапты құрылтай уәкілі — Зәкария төренің өзіне берген.

Бұл тұста Алтай ерекше аймақ саналып, Бейжіңдегі орталық үкіметке төте қарады да, іс басқарушы ұлықтарды солар отырғызды. 1919 жылы Алтай -Шыңжаң өлкесіне қаратылып, Алтай аймағы құрылды. Бұл тұста Шыңжаңға үкім жүргізген Яң-зың шинь Алтай елінің шекаралық ерекше жағдайымен санаспай тұра алмады.

Алтай тауы солтүстік-шығысы — Монғолиямен, батысы — Қазақстанмен шекаралас жатады. Осындай шекаралық құрылымға, шекарасының күрделілігіне байланысты түрлі уақиғалар туып, үкімет әскерлері ондай істерде үнемі әлсіздік көрсетіп отырды. Әсіресе, 1921 жылы қызылдардан жеңіліп қашқан ақ орыс армиясы шекарадан басып кірген кезде, Алтайдың билеушісі Жоу-дау иың (Жоу-у шуө) қорыққанынан өзін-өзі өлтірді де, әскерлері Үрімжіге қашып кетті. Тек атамекенін қимайтын жергілікті халық, қазақтар мен моғолдар ғана табандылық көрсетті. Жергілікті халықтан шыққан Зуқа секілді рубасылары ақ армияға берілмей, айтқанын орындамай, оларға ат-көлікпен көмек көрсетпей, олар Моңғолияға өткен кезде артынан оқ атып, аттандырып салды. Осы жағдайларды ойлаған Яң-зың шинь 1928 жылы жергілікті халықтан екі туандық (полк) әскери орын құруды белгілейді.

Бұрынғы Кеңес одағының Зайсан ауданымен шектесетін шекарасын қорғап тұруға – Әлең уаңға, моңғолия жақ шекараны қорғап тұруға — Қанапия бейсіге тұнлұндық мансап беріп, әр тұңлұңға 500 әскер ұстауды бекітті және қазынадан ақша, қару-жарақ босатты. Арнаулы әскер жаттықтыратын адамдар берді. Осы бұйрық бойынша жұмыс жүргізіліп, Әлең уаң әскерін — Назарбек Дәмежанұлына, Қанапия бейсі әскерін — Қарағұл Райысқанұлына басқартты. Олардың алатын әскерлері қазақтардың өзінен болуды ұйғарды.

Сөйтіп, Алтай аймағын Алтай халқының езіне қорғауды тапсырды. Алтай елі осындай ерекше жағдайда тұратындығы себепті, үкімет орындары Алтай аймағына айырым көзқараста болатын. 1932 жылға келгенде Ислам мемлекетін құрамыз дейтін, Ма-жуң иң (дүнген) әскерлері Алтайды басып алды. Алтай билігін ұстаған Вэй Жинго дауиң әскерлерін алып, Үрімжіге тұра қашқанда, Алтайдың жергілікті халқына Шәріпхан басшылық етіп, екі тұңлұнның әскерін дұрыс басқарып, дүнген әскерлерін Алтайдан қуып салды. Шекараның амандығын сақтады.

Осы кезде Үрімжідегі саяси, әскери өзгерістен кейін, тақ басына атақты саяси алдамкөс – Шың шы цай келді.

Шың шы цай — Шыңжандағы күштерді түрлі саясат істете отырып, қолға келтіріп алғаннан кейін, 1933 жылы көкектің 12-ші жұлдызын мейрам етіп белгіледі. Оны ол өз жеңісінің нышаны ретінде әр жыл сайын тойлап, халықтың сенімін өзіне артуға тырысты. Тіпті, Шыңжандағы Сталин өзі болғысы келді. Өзін “кесем” деп жырлатуға дейін барды. Бірақ, уақыт өте келе, оның бетпердесі жыртылып, оның қандықол екендігі айқарадай әшкереленді. Ол жергілікті ұлттарға сенбеді. Сол үшін жергілікті ұлттардың көзі ашық азаматтарын жоғалтуға кірісіп, орынбасар-төраға Қожанияз қажыны тұтқындады. Басқа да демократиялық көзқарастағыларға тырнағын батырды. Сөйтіп, Шыңжаң халқына үрей сала бастады. Ол ең алдымен Алтай халқын шынжырлауға сүқтанды. Оның басты себебі Алтайдың ерекше жағырапиялық орны мен тарихи жағдайына тікелей байланысты еді.

1936 жылдың өзінде-ақ тұңлұнды жойып, қару-жарағын тұтастай жинастырып, халықты қарусыздандырды. Бұл кезде ол әртүрлі істерді ойлап тауып, елдің бас көтерер азаматтарын тұтқындауға кірісті. Мұны жіңішкелікпен жүргізу үшін қазақ-қырғыз құрылтайын ашу деген желеумен 1939 жылы жер-жердегі жұрт беделділерін Үрімжіге жиынға шақырды. Алтай аймағының уәлиі, әрі қорғаныс слиңі (генералы) Шәріпхан Көгедаевты құрылтай ашу жөнінде ақылдасамыз деген сылтаумен шілде айында Үрімжіге шақыртып алды. Қыркүйекке қарай Әлең уаң, Әбілмәжүн гуң, Бұқат бейсі, Тәбін бейсі (моңғол), Жамлиқа мүфти, Шолтым лама (моңғол) сияқты дін иелерін; Жанымхан, Дәулетше, Қабыл, Оспан, Көкенай, Дәлелхан, Кәкен, Нәзір сияқты қажыларды; Қажына, Зейнел сияқты үкірдайларды қамтыған 40-50 адамды Үрімжіге жинап алды. Құрылтай жиынның уәкілі деп шақырылған жұрт адамдары сол жылдың желтоқсан айына дейін қайтарылмады.

Халықта қобалжу пайда болды. “Шәріпхан, Бұқат сияқты басшыларды абақтыға жауыпты, басқалары мырзақамақта екен. Шыңжаңның оңтүстігі мен солтүстігінен, Қашқар мен Құлжаға дейінгі жерлердегі қытай, ұйғыр, қазақ, қырғыз, моңғол сияқты ұлттардан мыңнан аса адам Үрімжіге шақырылып, түрмеге қамалып, Шың шы цайдан көресіні көріп жатыпты”, — деген сөздер таралды. Халық арасында бұндай үрейлі сөздердің таралуы тегіннен-тегін емес еді. Шың шы цай Алтайдан 1938 жылдың басында Жу-шүнқуй, Сәлім, Қамбар, Шабдан бастаған адамдарды тұтқындады. 1938 жылы қыркүйекте Көктоғай ауданынан қарақас руының тәйжісі – Қалел Нұртазаұлын, отаншыл қайраткер, аймақтық үкіметтің бас хатшысы — Мәнкей Мәмиұлын үйінен түн ішінде қолға алды. Бұл екі адамды құтқарып қалу үшін Қарағұл залың, Есімхан бастаған адамдар әрекеттенсе де, іс оратына келмей, тынды да, керісінше бүл істерден тыңшылар арқылы хабар алған сақшы өлкеге бірді екі еселеп көрсетіп, мәлімет беріп отырды және ізіне түсті. Соның артынан 1939 жылы желтоқсан айының соңында Алтай елі діннің пірі деп танитын Ақыт Үлімжіұлы қажыны ұстап, мешітін аяққа таптап, кітаптарын мүсәдіралады. Сол қатарда Шіңгіл, Көктоғай елінен Байқадам үкірдай, Баянбай үкірдай сияқты бірнеше ел адамдарын да тұтқынға алды.

Ақыт қажыны ұстау әрекеті елдің ашу-ызасын тіпті де қозғады. Халық Есімхан Иманбайұлының басқаруында 60-тай адам дайындалып, төте жолмен барып айырып қалуға кірісті. Бірақ, ақ қар, көк мұзда соғысудың қиындығын ойлаған ел-жұрт бұларды ақыл айтып, басып тастады. Ал, осы 60 азамат дәл сол 1939 жылдың 24-желтоқсанынан бастап аттан түспеді де, бел шешпеді. Олардың тізімі аудан, аймақ, өлкелерге дейін жолданды. “Бір алысу сол күні басталды”, — деп халық та, үкіметте түйді. Үкіметтің әрі заңсыз, әрі астамшылық әрекеттері халық жүрегіне тікендей қадалды. Халықтың Шың шы цайға деген кегін қоздыра түсті.

Осы жылдың соңында жүздеген әскерлердің қоршауымен губернатор мекемесінің ақылшысы Жу-жың шың дегеннің басқаруында өлкеден келген құрал жию комиссиясы Сарысүмбе қаласына түсті. Алтайдың 7 ауданынан күні бұрын шақырылған (Үрімжіге шақырылғаннан қалған ел беделділері) 700-ге жуық кісі де Сарысүмбе қаласына жиылған еді. Тек Көктоғай, Шіңгіл аудандарының өзінен-ақ 200-дің үстінде адам шақырылды. Жу-жың шың Сарысүмбенің тар көшесінде алды-артына, оң-солына қатар-қатар корғаушы қойып, елге сес көрсетіп, халықты тіксіндіре бастады.

Жиын ашылған аймақтың үлкен клубында мінбеге шыққан Жу-жың шың автоматтарын серт ұстаған төрт-төрттен қорғаушысын екі жағына алып, клубтың іші-сыртына сары ала әскерлерін иін тірестірді. 50 тал оқ шығаратын автоматты мылтықтарды сахара жұртының тұңғыш көргені осы болар. Қалың адамның көзі түсі суық қарулардың аузында. Үрейлене, үрке, шошына қарайды.

Әскерлер жиналған жұртқа үн парақтарын тартты. Бұл Шәріпхан Көгедаевтің атынан жазылған үн парақтар екен. Бұл кезде Шәріпханның әлдеқашан түрмеленіп кеткені, мына отырған елбасыларына айдан айқын еді. Сондықтан бұл үн парақтың Шәріпханның атынан келмегенін, бүкілдей жалған екенінен ешкім де күмәнданбады.

Ол үн парақ: “Біздің қазақ халқының мылтық ұстауы да қажетсіз. Үкіметке тапсыру керек!”, – деген мазмұнда жазылыпты. Жиындағылар бір-бір шолып көрді де, жанқалтасына, қойын-қонышына тыға салып, Жу-жың шыңның сөзіне құлақ түрді. Кешке дейін ұзақ сөзден залдағыларға ерекше ұғылғаны: халық қолында бір дана оқ, бір тал найза, тіпті, бір қанжар тектес пышақта қалмасын – деген сөз болды. Сөздің соңы: ор тәйжі, әр үкірдайдың елінде қанша мылтық бар, оқ дәрі бар? Әкелдіңдер ме? Қазір тапсырыңдар, — деген әмір, пәрменге дейін барды.

“Бұрын берген едік, бізде жоқ!”, — деген біреулер Жу-жың шыңның жекірігіне ұшырады. Тіпті қайсы біреулерді сақшылар залдан шығарып әкетті. Жу-жың шың қысық көзін сығырайта, зіл мен қаһарын шаша қарап: “— Өтірік айту ежелгі әдеттерің. Енді өйтіп алдап құтылуға жол жоқ. Әкімдер мен мекеме басшыларын, мылтық жинаушыларды алдап болғансыңдар. Енді сендер жасырынатын орын жоқ”, — дегенде Алтай аймақтық қоғам кауіпсіздігі мекемесінің мекеме бастығы Ли-жуң юн орнынан атып тұрып: “— Жу бастық дұрыс айтты! Енді алданбаймыз!”, — деп үстелді тақылдатып, өзін таныта сөйледі.

Жиындағылар үрейлене бастады. Қоян жүректер қу шүберектей болып, ұнжырғасы түсіп, басын көтере алмай қалды. “Тәуекел түбі қайық, мінесің де өтесің, уайым түбі теңіз, батасың да кетесің” — дейтін халық қағидасын сақтағандар қасқайып тұрды. Парасат таразысына жүгінгендер, шақшасын тықылдатып, қайта-қайта насыбай ата берді. Үнсіздікпен түс те болды. Мылтық жию коммиссиясы үзілістен соң қайта кіріп, мінбеге шығып: “— Біз мына келген мылтық жию комиссиясының адамдары — Шың губернатор жіберген адамдармыз. Өз төрелерің Шәріпхан жұмсаған қызметшіміз. Біз де өз адамдарыңбыз. Бүгін түн барлық мылтықтың тізімін хатқа түсіріндер. Тіпті жақын жердегі ауылдардың мылтығын, адам жіберіп алдырып, ертең біздің алдымызға салыңдар. Үкіметке адалдық көсетіңдер!”, – деп бұйрық түсірді.

Жиын осыдан кейін де бірнеше күнге созылды. Әр күн осындай үнсіз түнерумен өте бастады. Бірақ, бір тал оқ, бір мылтық та тапсырылмады. Жу-жың шың мен оның қол шоқпарлары қала тұрғындарын да қысымға ала бастады. Ауылдан келген уәкілдердің кейбірін: “Сарысүмбеден шығармай қамап тастай ма, Үрімжідегілердің аяғын құшамыз ба?”, — деген сары уайым меңдете бастады. Осылай өтіп жатқан үрейлі күннің бірінде: “Үлкен жиын болады, клубқа тез жиналсын!”, — деген хабар таратты.

Осыдан үш күн бұрын қайда, қалай жоғалғаны, кім алып кеткені белгісіз Қаба ауданынан келген Қомбыжап үкірдай да келіп қалыпты. Басқалармен жәмпілдесіп амандасқан болып жүр. Өңінде күлкі шырайы болғанымен, көңілінде қасірет күйі барлығы байқалады. Жиын басталды деп жарияланған соң, сөзге шыққан Жу-жың шың: “Пікір бар ма? Сөз сөйлейтіндер сахнаға шықсын”, — деп көпке көз тастады. Жиындағылар біріне-бірі көзінің астымен, жағасының жиегімен қымсына қарасты. Сәлден соң топтың арасынан түрегелген Қомбыжапты көргенде, қай-қайсының болсын жүрегі дір етіп қалды. Оны алып кеткенде: “Ұсталудың алды осы “, — деп қорыққандар, енді “Бәленің басы болмасын”, — деп тітіркеністі. Жу қасына шақырып алып: “Ал, сөйле!”, — дегенде, Қомбыжап дірілін баса алмай тұрған еді. Оның ойына “Өлімнен ұят күшті” — деген сөз түсті ме, кім білсін? Бірақ алдыдағы қорыққаннан берген уағдасын жұта алмады. Ақыры үстелге сүйеніп тұрып тіл қатты: “Уәкілдер, сендер бұйықпаңдар! Шешіліңдер. Құралды тапсырыңдар! Міне, мен тапсырамын! Менің аз ғана елімде 100-дің үстінде мылтық бар. Мен тізімдеп тапсырамын!”, — деді бір сөзін екі қайталап. “Мынау үш күннен бергі сақшының оқытқан сабағы болды ғой.”, — деп күбірлесті жұртшылық. Қомбыжаптың сөзін қолпаштаған Жу: “Әр елде де осындай мылтық бар! Барлығың да елдеріңе ертеңнен бастап аттанып, мылтық жию қызметіне кірісіңдер! Бүл қызметке кереғарлық білдіргендер, көресіні көреді”, — деп зілін тастады.

Осыдан үш күн бұрын Қомбыжап үкірдаймен бірге ұсталған Қарағұл Райысқанұлы (залың) мен Өнерхан Жанымханұлын (тәйжі) кері қайтармады. Олар Жу айтқандай көресілерін көрді. Оларды Қожамжап сияқты өтірік айтуға көндіре алмаған Жудың қолшоқпарлары екеуін ұрып өлтірді.

Осы Қарағұл мен Өнерханның Сарысүмбе түрмесінде аққан қаны төңкерісшілерден ең алғаш аққан қан еді. Шыңның үкіметіне қарсы күрестің құпия басталуы да, осы 1939 жылы желтоқсан айында болды. Қарағұл залың сол түрмеде:

Жігіттер ойна да күл, ойла да біл,

Сұм дүние баяны жоқ өтеді бұл.

Күңіренген абақтыда кім десеңдер,

Баласы Райысханның — мен Қарағұл.

Алтайдың суын іштім бұлағынан,

Ертістің шөп шаптырдым құрағынан.

Жетпістің жетеуіне келгенімде,

Мылтықтың келіп түстім сұрағына.

Халықтың тату едім бәріменен,

Ағайын, туысқан жас, кәріменен.

Барсаңдар елге тірі жолдастарым,

Айтыңдар өлеңімді әніменен!

Сәлем айт тірі барсаң керейіме,

Қуаныш көздің көркі мерейіме.

Ойдағы істі орындар біреу шығар,

Мен ғана жетпей кеттім дегеніме, —

деп басталатын өнімен қоса шығарылған ұзақ өлеңі, Шың үкіметіне қарсы айтылған халық қарғысының ең алдыңғысы.

60 шумақтан астам бұл өлеңді мен Қарағұлмен бірге түрмеде жатқан азаматтардан және ел арасынан толық жазып алып, 1946 жылы “Ерікті Алтай” газетінде жарияладым.

Аймақтық мылтық жинау комиссиясы аудан-ауданда ел аралап, бір жағынан мылтық тапсыру жиынын ашып, енді бір жағынан “көз-құлақтар” даярлады. Үй-үйге заңсыз тінту жүргізіп, елдің қолындағы бірер жарым шиті, бердеңке сияқты аң мылтықтарына дейін жинап, ұсталар құймашылыққа, әйелдер ұршыққа істетіп келген қорғасынға дейін сыпырып жинап алды. Осы жағдайды көзімен көріп жүрген ақын Бәтіш (Бәтима) Қомшақызы мылтық жинаушылардың сол әрекеттерін:

Елдегі бар жақсының бәрін алып,

Қатындарға ұршық тас қоймадың, –

деп елеңге қосқан болатын.

Осы реткі мылтық жинау комиссиясының ең өлермені, Көктоғай ауданының әкімі — Шуй, сақшы бастығы — Жау бастаған топ болды. “Пәле басы — Көктоғай ауданы. Не шықса да алдымен осылардан шығады”, – деп қорытқан мылтық жинаушылар ел аралап, халықты мылтық тапсыруға зорлады. Ел ішіндегі жансыздарын іске салып, Есімхан, Сайып, Ақтеке бастаған 60 адамның ізіне түсіп, күнделікті әрекеттеріне анду салды. Аты аталған осы кісілер өткенде Ақыт қажыны құтқарып қалмақ болып әрекеттенген болатын.

Ақыры Есімхан Иманбайұлы үкіметтің өздерін ұстайтынына көздері жеткеннен кейін тәуекелге бел байлап, Сайып Қалелұлы, Ақтеке би, Еңсеген Шағалақұлы, Әбубәкір, Кенжебай, Қапас, Қаратыр Кешұлы бастаған 30-дай адаммен бас қосып, қанға қол малып, анттасып, көтеріліс бастауға кірісті. 1940 жылы қаңтардың соңына ала мылтық жиюға шыққан Шуй әкім елді Өндірқарадан құлдай аралап, әр ауылға барғанда мылтық, қанжар, оқ-дәріні дайындап қою керектігін, қайтар жолда ала кететінін ұқтырып отырды және Есімхан ауылы тұрған Өндірқараға Кәрім деген ұйғыр шпионды мәлімет жинауға тастап, Есімхан ауылын тікелей бақылауға тапсырды. Бұлардың қайтар кезін тосқан Есімхан көзеулі күні ең алдымен Кәрімді ұстап, 60 дана оғы мен мылтығын олжаға алып, өзін байлап тастайды. Оны тінту кезінде жаңағы 60 адамның тізімі және басқа да құпия құжаттар мен мәліметтер шығады, Ел ішіне аңду қойып, сақтықты күшейткен Есімхан, қайта оралып келіп қалған комиссияның алдынан шығып, оларды әдейі дайындаған Оқан залыңның үйіне түсіреді де, осы күні түнде ұйқыдағы Шуй әкім мен мекеме бастығы бастаған Жау 6 адамға Кәрімді қосып өлтіріп, екі бесатар, төрт-бес жанқұрал олжа алады.

Ақпанның 1-і күні түнде Өндірқарада өткен бұл ахуалды Қарабұлғындағы Қалел тәйжінің баласы Сайып пен ағасы Ақтеке би ертесінде естиді. Бұл күнде төсекті белден салып, үйде жатудан қалған Сайып, жылқы күзетеміз деген сылтаумен далада таң атыратын. Ақпанның 2-ші күні оны Есімханның хабаршысы күн шыға белгілі жерден тапқанда, аулынан шапқылып інісі Ғазез келіпті: “Сарыноғай бастаған үш адам сені шақырып жатыр”, – деген хабар әкеледі. Тәуекелге бел буған Сайып пен Ақтеке би. Әбішат бастаған бірнеше жігітті жиып аулына келеді. Келсе — үй алдындағы түйе қораның есігіне мылтығын сүйеп қойып бір әскер отыр. Маузер асынған бір офицер темекі тартып жүр, ал Сарыноғайат суаруға өзен бойына кеткен екен. Сайып үйіне кіріп, киімін жеңілтектеніп, қайта шығып жанағы офицерге таяғанда Әбішат бастаған екі жігіт әскердің жанына да барып қалады. Офицерге амандасар болып қолын бергенде Сайып бір қолымен шашынан алып, жағаласып кетеді. Бір рет алып соғып бастырмай тұрып кеткенде, екінші рет және алып ұрып шалқасынан түсіріп, қолының қарымын тізесімен басып отырып, пышағын суырып алып, бауыздап жіберіп орнынан тұрғанда, әлгі әскерді Әбішат та байлап үлгерген еді. Атына міне салып, өзенге артқан Сайып, қабақта тұрып Сарыноғайды шақырып: “Әкең Шың шы цай өліп қалыпты. Соны саған естіртейін деп келдім”, — дейді. Суық хабар естіп шошып қалған Сарыноғай: “Ой, сен не деп тұрсың?!”, – деп қабаққа шыға келгенде ат үстінен алыса кетіп, аттан жұлып алып жерге түсіріп байлап тастап, сұраққа алады. Сұрақта Сарыноғай Ақтеке мен Сайыпты ұстағалы келгендігін мойындайды. Сұрақ біткен соң, ат тақымына салып сүйретіп, ұрандатып ауылды айналып шығады да, Ақтеке бидің үкімімен атып тастайды.

Түнімен әрекеттенген Ақтеке би ертесі езіне қарасты қарақас руының еркек кіндіктісін түгел жинап, былай дейді: “Біз көтеріліс бастадық. Бүл өзіміз іздеп тапқан іс емес. Үкімет зорлап кіріптар етті. Ең әуелі Қалелді алды, Ақытты алды, басқа ұлы қарияларды әкетті. Енді мылтық тықтың деген сылтаумен, мына Сарыноғай секілді сатқындарды жіберіп, бізді ұстауға кірісіпті. Алдыңғылардай қапы кетпейік деп, олардан бұрын қимыл жасадық. Енді алда ауыр-жеңіл күн туады. Ағайын, сол кезде сендер едіңдер ғой осыған кіріптар еткен демеңдер! Бізбен ілесетіндерің өрлей көш. Ілеспейтіндерің шекараңды бөл, құлдап қон! Қарызың қалмасын! Бірақ бір ғана айтарым, жақсылық бұл үкіметтен келмейді”, — деді.

Сонымен бүл іске қосылғысы келмеген елдің аз бөлігі Буырылтоғай жеріне таман жылжығанда, көтеріліске аттанған 500-дей үй Үліңгір өзенін өрлеп, Сарытоғайға бет алды. Көктоғай елінің көтеріліске аттанғанын естігенде Ырысхан, Ноғайбай, Зәтелбай, Мұса мерген бастаған Шіңгіл елі қосылғанда 1000-ға тарта түтін болып, ақ қар, көк мұзда сойыл, шоқпарларын қолдарына алып, қан құйлы зұлым үкіметпен күресуге аттанды. Төңкерістің басы-қасында болып 1941 жылы Шың шы цай үкіметі құдыққа тастап өлтірген көктоғайлық ақын Тоқтамағзам Қуандықұлы осы күнді былай жырлаған екен:

Алдымен Мәнкей, Қалел, Ақытты алды,

Жетпістің жетеуінде кәрі шалды.

Шың дубан суретіне бас игізіп,

Істерден біздің сондай көңіл қалды.

Ел жақсысын айламен қолға алды,

Күңіреніп қайран мекен иен қалды.

Мешітті кеңес үй ғып, құранды өртеп,

Шың шы цайдың қылмаған несі қалды.

Шың шы цай жоқты тап деп қинаған соң,

Есімхан шәнді өлтіріп бүлік салды.

Көрмеген таң қалады ісімізге,

Мұндай іс кірмеп еді түсімізге.

Еріксіз бұл қимылды әділдік жоқ,

Істетті Шың шы цайдың күші бізге.

Бұл өлеңдер Шың шы цайдың асқан зәрекер, тағылық, қорлау, кемсіту, әділетсіз, қаныпезерлігіне қарсы шықпауға шарасы қалмағандықтан көтеріліс жасағандығын көрсетеді. Осыдан соң Алтай халқына, соның ішінде Көктоғай, Шіңгіл еліне соғыстың от-жалыны жалайтын үрейлі сын сағаттары соқты. Сарысүмбе қалашығының халқы ол кезде шағын ғана еді. Қазақ, ұйғыр, қытай, моңғол, дүнген, орыс сияқты ұлттардан құралған қызметкерлер, оқушылар, саудагерлер, қолөнершілер, алтын қазушылар сияқты әртүрлі кәсіппен шұғылданушылар болатын.

Мылтық жинау комиссиясы деп аталған, Жу деген басшылық еткен 100-ге жуық қарулылар қалаға келіп, жиын ашып, мылтық жинауға кіріскен кездерде аласапыран болып, кәсіпшілер кәсібінен айырылған еді. Жаудың адамдары әр ауданға бөлініп, мылтық жинауға кеткен соң ғана, кәсіп иелері тыныстап, күнделік әрекеттеріне кірісе бастады.

Ақпанның сақылдаған сары аязында Алтайдың жон тауынан дөңбек тартып, Сарысүмбеге жеткізуге кірісті. Олар жылдағы әдеттері бойынша 10-15-тен ұйымдасқан қосын болып, қар бұзып, жол салатын аттарын ерекше таңдап, мұзға салса таймайтындай етіп тағалап, жолға аттанып жатты. Тар көшелі қаланың түн ұйқысын бұзатын қарлы көшеден сүйреген дөңбектің сықыры, ат айдаушылардың ысқырығы қосылып, у-шу болып жататын.

700 адамды жинап алып, “мылтық жинау” әрекетін жүргізіп жатқан кезде, зым-зия жоғалып, үндері ішіне түсіп кеткен қаланың кәсіпкер-саудагерлері дүкендерін ашып, сауда-саттығын істеп, қасапшылар қасапқа мал ұстап, аспаздар көшені басына көтере айғайлап, қайтадан тіршілігін бастады. Мылтық жинау комиссиялары аудан-ауданға барып іс жүргізгеніне 1 ай болар-болмастан, сан-сапалақ ақ қарлар келе бастағанымен, тапсырылған қару-жарақтар жоқтың қасы болды. Әуел десең Қаба ауданынан келген жолдамада: “Елінде 100 мылтық бар деген Қомбыжап үкірдайдың елінен бір тал оқта шықпады”, — делініпті. Енді не істеу керек? Дәл осындай торығып тұрған күндердің бірінде Алтайдағы әскердің қолбасшысының қолына Көктоғай сақты мекемесінен құпия хат әкелініп тапсырылды. Генерал хатты өзі ашты да, көзілдірігін тағып, хатты оқи бастады. Оның қолы қалтырап, денесі селкілдеп, отыра алмай орнынан тұрып кетгі. Ызаға булығып, әрбір эскадрондарға телефон соғып, штабқа тез жиналу бұйрығын берді.

Суық хабардың үрейлі түні өтіп, таң атысымен Сарысүмбе қалашығына тағы да сұрқия суық түстер, қаһарлы сөздер көтеріліп халық ортасына таралып жатты. Сол түні іңірден бастап үкімет әскерлері бас-аяғы ат шаптырымдай Сарысүмбе қаласының қора-қорасына кіріп, ат атаулының қиын сыпырып жинап алды. Дөңбек тартуға кеткен кәсіпкерлердің жолын тосып, дөңбектерін жолға қалдырып, аттарын тартып алып жатты. Атқа таласқан кейбір азаматтар қолды болды да кетгі.

Көктоғайдағы қозғалысты тез жаныштау үшін ат пен ер тоқым аса қажет еді, бұл уақыт күттірмейтін, есеп соқтырмайтын, ауыз аштырмайтын, алдына кезіккенді қабан тісімен орып қансыратып кете беретін қатерлі шақ еді. Алтайдың аудандары мен қыстақ, қалашықтарына түн-түнемей жеткізілген суық хабар, үкімет орындарының қарбаластығын қат-қабат күйге түсірді. Жер-жердегі мылтық жинауға барған Жудың адамдары қысқы інге кірген ордалы жыландардай аудан-ауданды тастап қашып, Сарысүмбеге келіп паналады. Әр ауданнан тағы бір бөлім адамдар тұтқындалып, халық басына қара тұман шүйлікті. Елбасылары Ақтеке, Ноғайбайдың бастауымен Есімхан, Ырысхан, Сайып, Сүлеймен, Мұса, Сұлубай сияқты жастық оты жалын шашқан алғыр азаматтар сенімдерін әлде қашан әйгілеп болған. Сондықтан да олар жастардың ұйымдасып, қосын құруына ұйытқы болды.

Ақыт қажы мешітіндегі ойраншылық пен дінді қорлау, халықтың ар-намысын аяқ асты ету, халықтың керітартпа үкіметке деген ыза-кегін туғызып, санасын оятты. Осындай астаң-кестең дүниеде от жүректі, өткір ойлы жігіттер мен өмір сабағын көңілге тоқыған қарттар ақыл қосып, ұйымдастырылған халық күші қалыптасты. Халықтық қосынға сез бастағанда: “Халық үшін сенің жаның күймесе, халқың күйеді. Тәуекел түбі жел қайық, мінесің де өтесің, уайым түбі теңіз, батасың да кетесің. Азаматтар, жендет Шың шы цайдың Алтайдағы бас кесерлері алғашқы топтарын аттандырыпты. Енді жасанған жаудан жанашырлық күтпеңдер. Жау сені аямайды. Олар шет тартып, мырышпен соғысады. Азаматтар, сендер топ жарып, сойыл, шоқпармен айқасыңдар. Күннің көбі олардікі. Түннің көбі сендердікі. Мылтықты әскерлерді өлтіріп тартып алмасаң, есіркеп саған ешкім бермейді. Жарты малтаны ас көріп, сусын қандыратын, жарты сағатты пайдаланып, ат жалын құшып ұйқы қандыратын күн туды. Батырлар, қарауылға таласып, жаудың алдын алмасаң, табысқа жетіп, халыққа олжа салмасаң ер азамат деп кім айтар?! Мың сан қолмен шайқасып, жау алдында оққа ұшпай, шәйіт деп сені кім айтар! Ер етігімен су кешетін, арғымақ ауыздығымен су ішетін сын сағаттары деген, міне, осы. Санда бар — сапта жоқ, сәулетте бар — санатта жоқ болып жүрмеңдер. Халық үшін ер өледі. Еңбек өлмейді”, – деп Ақтеке би жігер үстіне жігер беріп, сөзінің соңын ақ жол тілеп аяқтапты.

Алтайдың күн бетінен төңкеріс дауылы бұрқ ете түсті. Халықтың ішін көре білмеген төре, күшін де білмейді. Шың дубан көтерілісті бір жолғы зеңбірек гүрсілімен-ақ бастырып тастаймын деп ойлады.

Ол Алтайдағы штабына көтерілісті бірден жаныштауды бұйырды. Бірақ мәселе ондай оп-оңай болмады. Көтерілісшілер алғашқы айқасты Көктоғай ауданын алудан бастап еді. Соғыс көрмеген тәжірибесіздіктен және қару күші 11 шөгіндіктен, аудандық үкімет ауласын басып алып, бірер қару-жарақ түсіргенімен, сақшы мекемесін ала алмай, кейін шегінді. Осыдан кейін Шың үкіметі Шонжыдан 200 әскер алдырды. Олар Сарытоғайдағы Рысбектің қолымен екі күн созылып, жеңіліске ұшырады. Партизандар көптеген қару-жарақ, оқ-дәрі олжалады. Көтерілісшілердің қаруланып, құралданғанынан қорыққан Шың үкіметі оны тез жаныштап жіберуді ойластырды. 1940 жылы көкек айында Шонжыда генерал Яң де шанның басқаруында генерал Забелиннің ақылымен болат қапты машина, ауыр-жеңіл пулеметтермен қаруланған жеті мың әскер келіп, Шіңгілдің Шаған ірге деген жерінде сұрапыл соғыс ашты.

Бірақ партизандардан қатты жеңіліске ұшыраған олар бірнеше тәулікке созылған соғыстан кейін патшалық Россияның ақ армиясынан қалған орыстың атты әскер полкін іске қосты. Полкті басқарған сары атты офицер партизандарды жекпе-жекке шақырып жалғыз шықты. Қылыш өнеріне жаттыққан орыс солдаты партизандар бөгелген сайын қылышын үйіріп, майданнан кетпеді. Сонда Ақтеке би кісесін мойнына салып Алладан тілек тілеп:

— Әй, азаматтар! Мынаған бір адам шыға алмау елге намыс болады. Шығыңдар бірің! Алла жар болады!, — деп дауыстады.

Осы кезде тосылған топтың ішінен сүйегі қарақас, жасы 60-тан асқан Түлек деген қария: “Мен барайын!”, — деп сұранып ортаға шықты. Түлек қылыш ұстап көрмегенімен, сойылгер еді. Ел намысына бола қара шоқпарын сүйретіп, жасанған жауға кетіп бара жатқан Түлекке ел болып тілек тіледі. Сары атын ойнатқан орыс офицері Түлекті мазақ еткісі келіп, екі рет жанап өтті. Өзінің қылышы өткір болғанымен, қазақтың сойылының ұзын екенін және өлімнен қорықпайтын батыр екенін байқады. Байқады да алдымен сойылын шауып түсіріп, адамды құр қол қалдырып, мазақ етіп өлтірмек болды. Үшінші рет айқасқанда екеуі де жақын келісті. Орыстың ойын жете сезген жырынды сойылгер қарсы жағынан бұрын қимылдап, қалт жібермейтін жаттыққан қол самайды қате жібермеді. Орыс сары аттың жалын құша барып құлағанда, ұран салып, лап қойған көтерілісшілер орыс әскерлерімен қоян-қолтық сайысып кетті.

Сөйтіп жазалаушы полк ойсырай жеңіліп, 100-ге жуық адамынан айырылды. Сонымен 60 жастан асқан Түлектің ерлігі — сойылгерлігінің күшімен Шаған ірге соғысында үлкен жеңіске жетіп, қару-жарақты тағы да толықтай түсті. Ертесі Шың үкіметі самолет жіберіп, аспаннан қағаз тастап, сары атты орысты өлтірмеуді, орнына кімді қаласа, соны беретіндігін ұқтырды және құқай көрсетті. Бірақ партизандардың: сары атты орысты да, сары аяқ әскерлерді де амалын тапса, жер қаптыруға болады екен — деген сенімдері арта түсті.

Көкек айына келгенде көтерілісшілердің саны шұғыл артып, 2000 түтінге жетті. Олар соғыса жүріп Бұлғын өзенін өрлей көшіп, Моншақ деген жерге жеткенде көктен самолет бомбылап, жерден броневик машиналар партизандар шебін бұзып, атты әскерлер қоршауға алды. Соғыс бас алдырмай бір жетіге созылды.

Сол орынға аман көшіп жеткен 2000-ға жуық түтіннен 2000-дай жасақ сығайланып, он шақты топқа бөлініп, қорғану соғысын жүргізді. Самолет шабуылында Ноғайбай қатарлы 9 сарбаз қаза тапты. Атты әскермен кескілескен ұрыста Зәтелбай бастаған 7 сарбаз қаза тапты. Тағы бір күнгі әуе шабуылында Ақтеке би ауыр жараланды. Алтай көтерілісшілері шайқасында бұл реткі “Моншақ шайқасы” — бұрынды-соңды өте ауыр шығындалған шайқас болды. Партизандарға бұдан да ауыр тиген жағдай, осы соғыста Моңғолия шекарасындағы қалың қамысты паналаған ел-жұрт, бала-шаға Моңғол әскерлері оғының астында қалуы болды. Бұндағы себеп: “Кеңес үкіметімен дос болу” — деген Шың шы цайдың сезіне алданған Кеңес үкіметінің емеурінімен жүретін Моңғолия үкіметі партизанды қолдағанның орнына, жаныштау жүргізді. Сондықтан партизандар екі соғыстың ортасында қалды. Моңғолия әскерлері қамысқа өрт қойып жіберді.

Осы себепті халықтың қырылып кетуінен алаңдаған партизандар бала-шағаны тастап, 1700-дей адам Қаптық тауында бас қосты. Қолда қалған ауылдардың малын тонаған Шың шы цай әскерлері 10-шақты адамды байлап-матап, Шіңгіл түрмесіне салып, қалған елді Көктоғайға қарай айдады. Бүл соғыста бала-шағамен қосып есептегенде 200-ге жуық адам қаза болды. Ал Қаптыққа барып бас қосқан партизандар Шың әскерінің шабуылдауы мен Моңғол әскерлерінің тосқауыл болуына тағы ұшырады. Жаманадыр деген жерде Монғолияның 30 әскеріне 7 адаммен шайқасқа түскен Мұса мерген жаудың 29 адамын оққа ұшырап, “бағындым” деген соңғы әскердің сөзіне нанып қалып, орнынан тұра бергенде оққа ұшты. Тағы бір ардагерінен айырылған көтерілісшілер Моңғол әскерінен 22 бесатар, 4 автомат, 2 пулемет, 2 наган, 2 дүрбі олжалады. Қаптықта Монгол әскерінің бетін қайтарғаннан кейін ертесі Шың әскерлерімен тағы айқасып, оларды қуып салды.

Осыдан кейін партизандар соғыстың бетін қалай бұру керектігін өткізді. Бұл өлім мен өмір талқысы еді. Біреулер шайқасуға кетуді ортаға салды. Тағы бір жағы Алтайда қалып қалың ел мен жау қолындағы қатын-баланы тастап кеткеннен, өлген артық деп шешті.

Осы талқыдан соң басым көпшілік қайтып Алтайға беттеуді, туған мекенге, өскен топыраққа оралуды мақұлдады. Сөйтіп партизандар Көктоғайға жету үшін өздеріне тиімді жолды қарастырды. Екіншіден, ол жаққа барғандағы жұмыстарын жоспарлап, бөлісті. Есімхан бастаған бір бөлім адам бөлек кетіп, Көктоғайдың Арал еліне (негізінен қарақас руының Зейнел үкірдайға қарасты ел, алғаш ақпан айындағы көтеріліске қатыспай қалған) барып үгіт айтып, оларды күреске шақыруға жолға шықты.

Ырысхан бастаған 1500 адамдық партизандардың негізгі қолы Көктоғай жайлауына өтіп, дұшпанмен шайқас жасай отырып, Бұлғын соғысында жау қолында қалған 2000 түтінді құтқаруға аттанды. Осы жоспар бойынша жол тартқан ЬІрысхан бастаған негізгі қол Бәйтікке жеткенде, олардың қайтып келе жатқанынан хабар алған Шың шы цай 3000 әскермен және самолетпен Бәйтік тауында тағы да “қарсы алды”. Бүл шабуылда жол ашып, Көктоғай жайлауына өтіп кетуді мақсат еткен партизандар, өздерін аман сақтай отырып, бөгетті бұзуға кірісті. Бәйтік тауының Қарағайлы деген жерінде 7 самолеттің бомбылауына ұшырады. Бірақ дұшпанның әуе шабуылын Бұлғында басынан өткізген олар шоғырлы топты • көрсетпей, бытырай соғысып, жау тосқауьшын сәтті бұзып өтті. Осы жерде көтеріліс басшысының бірі Ақтеке би Моншақ соғысындағы жарақатынан жазыла алмай, жол үстінде шәйіт болды. Көтерілісшілер қаншама қиыншылықтар көрсе де, қарт бидің сүйегін Сарытоғайға жасырын әкеп жерледі.

Көктоғайға бет алған көтерілісшілерді Бәйтікте тоса алмаған Шың үкіметі Дабысын деген жерде 5000 әскер шығарып, оларды тып-типыл жойып жібермек болды. Дабысындағы дайындықтан партизандар да хабардар еді. Бірақ, Дабысындыға соғып, қамалды талқандап, жыланды белден ұрып жансарлап кетпей, Көктоғайға бару да мүмкін емес-ті. Көтерілісшілердің ойлағанындай Дабысында Шың әскерлері тосқауьш соғысын өлермендене жүргізді. Бір апталық шайқаста партизандар бөгетті он шақты жерден бұзып өтіп, Шың әскерінен ат-көлік олжалап, қаруларын толықтап, Арматыға өтіп шықты. Дабысын, Қаратүңке, Теректі, Арғылтайда шайқасып, Сүлеймен батырдың ерекше ерлігімен жау қоршауын бұзып өткен партизандардың үлкен қосыны Ырысханның бастауымен Көктоғай жайлауындағы Күңгейті, Ақбұлақ жерлеріне шығып кетті.

Бұны естіген Шың үкіметі бар күшін Көктоғайға жинап, шілденің басында 2000 әскер, 2 самолетпен партизандарды 1 аптада жойып жіберу жорығын жасады. Бүл кезде партизандар соғысқа ысылып қалған болатын. Сарбаздар сыралғы мекеннің қолайлысын пайдаланып, жауды айналып та соғып, шырғалап ішке кіргізіп әкетіп те соғып, 400-дің үстінде адамын өлтіріп, 1 самолетін бесатармен атып құлатты. Оқ тиген жау самолеті Сарысүмбе қалашығына жетпей құлағанда, оны көрген жұрт тіпті де тебіреніп, толқып кетті.

Жарым айға созылған соғыста партизандар жағынан шығын болмады. Шың үкіметі әскерінің тең жартысынан айырылып, қосынын таудан еріксіз шегіндірді. Жауын ұрықтылықпен етекке айдап түсірген партизандар сол шайқаста 1000-ға жуық ат, 100-ге жуық түйе, коп қару-жарақтарды олжалады. Ырысхан қолы жаумен шайқас жасап жатқанда, Есімхандар Арал еліне үгіт айтып, нәтижесінде Көктоғай ауцанының халқы түгелімен көтеріліске қатынасып кетті. Шың әскерін аудан қалашығына бұқтырып алған партизандар, Көктоғай ауданы маңына айдап әкелінген 2000 түтінді жау қолынан ажыратып алып шықты. 1940 жылы тамыз айында көтерілісшілердің саны 3-4 мың түтінге жетіп, партизан сарбаздарының саны да 2000-нан асты. Дұшпаннан тартып алған қару-жарақ, оқ-дәрі кемдік ететін. Сырттан келіп тұратын көмек болмайтын. Бірақ кейін келе жау қолынан түскен қару-жарақ мөлшері де күн санап арта түсті. Бұл Шың әскерлеріне де мәлім еді.

Көктоғайда ырықты орынға шыққан партизандар ақылдаса келе: Есімханды — Көктоғайда қалдырып, Ырысханды — Шіңгіл елін көтеріліске үгіттеуге жіберуді. Шіңгілдегі Шың әскерін потайдың (дзот) ішінен бас көтертпеу керек деп қарап, Ырысханды 300 қарулы сарбазымен аттандырды.

Алтайдың күшіген бас шоқылары бойын созып, ақ сәлдесін орады. Қараша айы жақындап, түн ұзарып, табиғат керуені қоңырауын боздатып, қыс дабылын қаға бастады. Алтайдың, әсіресе, Көктоғайдың түу десе түкірігі жерге түспейтін суығында сауысқан да ұша алмай қатып қалатын. Қайыңның сүңгі басқан бұтақтары үзіліп, қар басып тастайтынын сан рет көрген Яң генерал қысқа қарсы шеп ұстап тұра алмайтынын айқын білетін еді. Сондықтан ол қыстан және қыстағы соғыстан қатты қауіптенетін.

Қар жастанып, мұз төсеніп өскен көшпенді халық Көктоғайдың қаһарлы қысымен, қатігез дауылымен етене жасаған. Суық түсе бастағаннан-ақ қыс қамы қарастырылып, ат-тұрман әбзелі дайындалып, малдың көші-қоны орналастырылып, сақадай сайланатыны түсінікті. Олай болса, партизандардың қысқы шабуылы тіпті ауыр болары даусыз еді. Атысқа шығармайтын сұрапыл дауыл мен соғысты бастан өткізбеген әскердің жағдайы өзіне белгілі болған Яң де шань алдында төніп тұрған қауіпті ойлап, Шың дубанға арт-артынан баян жолдап, жеделхат беріп, соғысты лажын тауып тоқтатуды өтінді.

Бүл партизандардың жау әскерлерін тау сағасына ығыстырып, Көктоғай қалашығына ықтатып, қалашықты қоршауға алған кезі болатын. Міне, сөйтіп партизандарды құралды күшпен ала алмасына көзі әбден жеткен Шың шы пай самолетпен партизандарға үгіт қағазын тартты. Онда: “Қандай талаптарың болса да ашық жазып көрсетіңдер, орындаймыз! Соғысты тоқтатып, келісім жасайық”, — деп жазылған. Үгіт қағазды оқыған сардарлар: “Жаудың, уақыттың жалданбасы, біздің жаз бойы кескілескен қанды майданда алған жеңісіміз”, — деп санады. Шың шы цай келісімге келуге самолетпен қағаз шашып үгіттеді. Шіңгілдегі елді бөліп, екі жаққа орналастырып жүрген Ырысханға “Монғол, қазақ, қырғыз құрылтайына” шақырып алып, қамап отырған адамдардың арасынан Ырысханға рулас болып келетін Жанымхан қажы мен Нәзір тәйжіні елшілікке жібереді. Олар Ырысханның бастауында Көктоғайға келіп, Есімханмен тілдеседі.

Партизан басшылары ақылдаса келіп, келісімге келуді жөн санайды. Бұның себебі: олардың әлсіздігінде емес, Жанымхан қажының үгітінің күштілігінде де емес, тек іс жүзіндік жағдайда еді. Оның біріншісі, көтерілістің шығуына басты себеп болған түрмедегі елбасыларын шығарып алуға осы орайды мықты ұстап, қарсы жақты көндіру. Екіншісі, бұдан былайғы іс — көтерілісті жалғасты жүргізу-жүргізбеу мәселесін сол түрмеде жатқан Шәріпхан, Мәнкей, Қалел, Бұқат бастаған Алтайдың ұлағатты басшыларымен жөне ұлы қарияларымен ақылдасып, бір бекімге келу. Үшіншісі, келісімге келген бола отырып, Шың үкіметін байқап көру. Ол уағдасында тұрып, тыныш, бейбіт саясат жүргізе ме, жүргізбей ме? Келісім шарттарын толық орындап, тұтқындағыларды қайтарып, ағынан ақтарылып, оңынан келіп, халыққа сеніп, еркіндік бере ме, бермей ме? Төртіншісі, қылышын сүйреткен қысты өткізіп, көктемгі орайды тосу. Уақытты ұзартып, дүние аңысын байқау. Осы орайда кісі жіберіп, сыртқы Моңғолия арқылы көрші елдердің аңысын байқап көру.

Көтерілісшілерді келісімге шақырған Шың шы цай өзінің қайын атасы, өлкелік халық істері министрлігінің министрі Чю зуң юньді Көктоғайға жіберді. Оның артынан іле-шала Үрімжіде түрмеге алынғандардан Бұқат бейсі, Қалел тәйжі, Қалман қазы, Шәри зәңгі, Дәлелхан тәйжілерді де бітім жасауға қызмет істеуі үшін жіберді. Чю зуң юнь Көктоғай ауданында жатып, 25 қыркүйекте ол адамдарды көтерілісшілерге барып тілдесіп, бітім жасауға Көктоғай ауданына ертіп келуге жіберді. Бұқат, Қалел бастаған Шың үкіметінің елшісін партизандар үш қатар сап түзеп, қару асынып тұрып қарсы алды. Көтеріліс басшылары олармен тілдесіп, өздері ақыл қоса келе Ырысхан бастап оларға ілесіп, аудан орталығына келіп түсті. Олар кеңесе келіп мынадай талаптарды ортаға қойды: еткен істерді құрастырмау; бүкіл өлке көлемінен қолға алынған Қожанияз бастаған адамдардың тірісін — түгелдей, өлгенінің — сүйегін қайтару; үкімет басшылары жергілікті адамдардан болу; сақшы құрылмау, тыңшы салмау. Егер сақшы мекемесін құруға тура келсе жергілікті адамдардан болу; халық қолындағы қару-жарақты жинап алмау керек.

Сонымен екі жақ бұл істерді талқылай келіп, қару-жарақты үкіметке тапсырып беруге партизандар жағы мақұл болды. Қалған талаптарды үкімет міндетті түрде орындайтын болып, тоқтамға қол қойысты. Тоқтам Үрімжіге қолма-қол апарылып, Шың шы цай қол қойғаннан кейін атқарыла бастады. Қайтарылған қаруларды Дәлелхан тәйжі мен Нәзір тәйжілер өткізіп алып, Көктоғайдағы генералға тапсыратын болды. Қайтарылған қарулардың ішінде бір қайың шоқпардың басына ораған шүберекке мынадай жазу жазылып келді:

“Біз — ауыр салық пен ұлттық езгіге, қорлап, кемсітуге, сенімсіздікке ұшырадық. Соған шыдамай көтеріліс жасадық. Алғаш шыққанымызда тек осы шоқпар ғана бар еді. Осымен талай әскерді ұрып жығып, қолындағы қаруларын тартып алып, мыңдаған адамды қаруландырдық. Енді барлығын да тапсырдық. Ел қолында құрал қалған жоқ. Сендер тағы да сенбей қысым жасап, езгіге, қорлауға ұшыратады екенсіңдер, тағы да шоқпармен ұрып жығып, мылтықтарыңды тартып аламыз”.

Міне, бұл көтерілісші халықтың жүрек сөзі еді. Қаруын тапсырғанымен, жүрегін, ниетін тапсырмағанының дәлелі. Онысын жасырмады да, тағы сенімсіздік істесе, тағы ұлттық езгі жүргізсе, қорласа жападан, өлімнен қорықпайтынын ашық айтты. Қаруды тартып алып жеңіске жететінін де ескертті. Партизан сардарлар 1000-ның үстінде ауыр-жеңіл құралдарын тапсырып беріп, 1940 жылы қазан айының соңында ел мекендеріне орналасты. Чю зуң юнь жасасқан келісімдегі: бастықтар жергілікті адамдардан болсын — деген белгілемеге сай, Көктоғай ауданының әкімі болып — Рахат Қалелұлы; аудандық сақшы мекемесінің бастықтығына — Кәдірбек; Шіңгіл ауданының әкімдігіне — Көксеген үкірдай; Сақшы мекемесінің бастықтығына — Қоңыр белгіленді. Оларды Шың дубанға бекіттіріп, бұйрық түсіретінін айтып Чю зуң юнь Бұқат бейсіні алып, Үрімжіге қайтты. Аз күн еткен соң Бұқат бейсі Алтайдың бас уәлиі деген лауазымымен Алтайға оралды. Уәлидің орынбасары — Тәбін (моңғол) бейсі мен Жанымхан қажы болды. Алтай ауданының әкімі — Дәлелхан Сүгірбаев болды. Сонымен әр ауданның әкімдері жергілікті ұлттың өзінен тағайындалып, қызмет жүргізе бастады да, жылан — шағамын деп тіліне уын жиғанда, тәует — шабамын деп саусақ бізін безегендей арбасу жағдайы өмір сүре берді.

Жыл бойы соғысты басынан кешірген, өмірдің ащысынан — сабақ, тәттісінен – нәр алған халық, бір майдан қанды қырғын көтерілісін осылай аяқтағандай көрінгенімен, іс жүзінде аяқталмады. Тек түйіліп, түнеріп келе жатқан күшті дауыл алдындағы тымырсық “тыныштық” еді.

“Арамзаның құйрығы бір-ақ тұтам” деген халқымыздың нақыл сөзі Шың дубанның опасыздық бейнесін айқындай бастады. Тоқтамның бір тармағы Үрімжі түрмесіндегі басшылардың түгелдей қайтып келуі құр елеске айналып бұлдырай берді… Тіпті, “Олар түгел тұтқындалыпты” — деген суық хабар тарап, ел жүрегін мұздатты. Сөйтіп, ел арасы абыр-сабыр болып, қоғам тыныштығы бұзылып, жағдай жұртты атыс-шабысқа амалсыз итермелей бастады. Ел ішінде тыңшылар молайып, елдің аузын бакты. Өткендегі көтеріліске басшылық еткендерді қолға алады деген сөздер де тарады.

Көктоғай ауданында 1940 жылы желтоқсанда “Алтын іздеушілер” деп екі жүз адам, оның артынан төрт жүз адам келді. Мұны бастарда рас жұмысшылар — екен деп қалған халық, олардың түсін бояған әскер екеніне көзі жетті. Осы себепті көтерілісшілер: Көктоғай аудандық үкіметтің әкімі Рахат Қалелұлының, дін иесі Қалман қазы Ақытұлының және Қалел, Есімхан, Шәри бастаған бір топ ел иелері атынан келісімдегі шартты орындап беру жөнінде Шың шы цайға Алтайдың уәлиі Бұқат Қанапияұлы арқылы арыз жолдады. Арызды Үрімжіге қол екі апарған Бұқат орындата алмай, өткендегі келісімнің енді атқарылмайтындығына көзі жетіп қайтты әрі бұл жәйді көтерілісшілерге жеткізді.

Сонымен халықтың әділет жолындағы талабын көтеріп барғаны үшін, бұрын да Шың шы цайға сенімсіз саналып келген Бұқат қайта бақылауға алынып, сақшылар сары ізіне түсе бастады. Көтерілісшілер Бұқаттың жеңіл барып, ауырлап қайтқанынан хабар алып отырған кезде, Шың үкіметінің тағы да адам ұстау әрекеті басталды. Күндердің бірінде Көктоғайдың сақшы бастығы Кәдірбай аяқ астынан жоғалып кетті. Бұл мәселе жөнінде сақшы мекемесінің хатшысы аудан бастығына хабарлағанда, Рахат өкім сезіктеніп, қырдағы аулына шығып кетті. Осыдан жеті-сегіз әскер Көктоғай аудандық әкімшілік мекемесінен Рахат әкімді ұстамақшы болып, іздеп барып, Рахаттың қайда кеткенінен дерек біле алмай: “Рахатты табасың” — деп аудан қызметкері Қадымды ұстап әкетті. Ахуалдың басқаша екенін көрген Сүлеймен батыр бір қыдыру азаматтарды бастап сақшы мекемесіне барып, Кәдірбайды тауып беруді талап етті. Тіпті, олармен төбелесуге дейін барады.

Өткен жылғы тоқтамда: “Зорлық істемейміз, адам ұстамаймыз”, – деген едіңдер, оны іске асырмай, тағы адам ұстадыңдар. Сендердің бұл опасыздықтарыңа шыдап отыра алмаймыз, Кәдірбайды босатыңдар. Егер босатпасаңдар іс басқаша болады”, — деп ашық қарсыласты. Сол сағатта-ақ “алтыншылар” әскери түске енді.

Сонымен екі жүзге жуық әскер Сұптыда отырған ауылдарға тиісіп, жиырма түтіннің малын шауып, малына араша түскен төрт жігітті байлап-матап алып кетті.

Осыдан соң Қалел тәйжі, Сүлеймен батыр, Зейнел үкірдай сияқты жұрт беделділері Шіңгіл еліне хат жазып, байланысшы жіберіп: “Шың дубан тоқтамға опасыздық істеді. Тұтқындарды босатпады. Алтын қазушылар деген жалған атпен әскер орналастырып, адам ұстап, ел шабуға кірісті, қарсы шықпасақ болмайды”, — деп хабарлады. Шіңгіл елі өзі де атылғалы тұрған бастаудың көзі еді. Өйткені, осы жолы “алтын қазушы” болып келген алдамшылар, аяқ астынан қаруланып, Бұлғындағы ауылдардан мал шауып, қарсыласқандарға оқ атып, адам өлтіріп, бұлаңшылық істеген болатын. Оның үстіне көтеріліс басшысының бірі Рысхан ауру болып, оған Жанымхан қажы арнайы емші жібереді. Бұл емшінің “дәрісі” шипа болмай, Рысхан көп өтпей қайтыс болды. Рысханның қайтыс болуы — көтерілісшілер арасына: емші у беріп өлтірді — деген ой тудырды да, үкіметтің кек қайтару ниеті бар деп түйді. Міне, осыдан кейін маусым айында Көктоғайдан, іле-шала Шіңгілден көтеріліс қайта бұрқ ете түсті.

Бұл көтеріліске мергендік, батырлық жағынан — Сүлеймен, ел басшылық жағынан — Қалел тәйжі, Есімхан, Рахат, Зейнел, Көксеген үкірдайлар басшылық етті.

Шың дубан келісім жасаған болып, халықты жайбарақаттандыра жүріп, қыс бойы Алтай аймағына мол әскери күш орналастырып, көк құрышпен толықтаған еді. Сонымен бұл майданға ерекше дайындалып, Қашқар аймағының қолбасшысы Жаң Юе фыңцы бас қолбасшылыққа алдырып, генерал Плиевті ақылшы етіп, бас штаб құрды, құрылған бас штаб — Көктоғай ауданына орналасты. Көтеріліс бастала сала бас штаб ұшақ және болат қорапты машина мен сегіз мың атты және жаяу әскерін бір жолда аттандырды. Мейірімсіз соғыстың қатал тағдыры Алтай елін тағы да өрт отына кақтады.

Көтерілісшілер бүл жолы да он шақты қарумен соғыс бастап, қаруды дұшпаннан тартып алуға кірісті. Бірақ, алғашқы жолдағыдай басы артық бодау бермеді. Алғашқы соғыста-ақ әр қостың жұрт мойындаған ұйымдастырушы-қолбасылары, ержүрек батырлары анықталып қалып еді. Ересектерден бала-шағаға дейін партизандық соғыстың амал-шарасына жаттығып қалғандықтан, сенімділікпен кірісіп, ептілікпен соғысып, қару-жарақты оңай тартып ала бастады. Ал алғашқы соғыста тұмсығынан келісіп жеген таяқты есіне ұстаған шың әскері, қорқыныштан бас көтере алмайтын. Алтайдың өр бұтасының түбі, әр тастың далдасында бірден партизандар жатқандай үрейлі еді. Сондықтан сан жағынан он есе коп, қару жағынан жүз есе көп болса да, партизандық соғысқа ебедейсіз, жүрегін үрейдің сары суы алған шың әскері қарулы күшін жұмсап, қоршап, жою соғысын жүргізіп, он шақты рет сұрапыл шабуылға өтсе де, бұл шайқастарда партизандар үсті-үстіне жеңістерге жетіп отырды.

Көтерілісшілер жер қолайлылығын пайдаланып, шынықты, Таршаты, Қу үй т.б. жерлердегі соғыстарда партизандық тактика қолданып, бірде алдынан, бірде артынан, бірде екі бүйірінен соғып, бірде түнде басып кірсе, бірде күндіз қара көрсетіп, шырғаға тартып, қуа шыққан аз тобын жекелеп төпеп, шың әскерін қынадай қырды. Сөйтіп бірер ай ішінде (шілдеден қыркүйекке дейін) мыңдаған қару-жарақ (ауыр-жеңіл пулемет, бесатар, автомат, жан құралдары), мыңның үстінде ат-көлік, көптеген азық-түлік олжалады.

Осылайша дұшпанды “қарсы алған” партизандар қорғану соғысынан шабуылға, былайша айтқанда, ырықтылыққа өтіп, жауды таудан етекке қуып түсіріп, жазалаушы әскерлер мен олардың Қу үйдегі бас штабының арасын бөліп тастап, бір-біріне тіл алыстырмай қоршауға алды. Ал, әскерлердің шығыста — Шіңгіл, батыста — Алтаймен арадағы қатынасын да үзіп, ес-ақылын шығарды. Қамауда қалған бас штаб азық-түліктен қиналып, ат-көлігін сойып жеп, Үрімжі мен Сарысүмбеге жеделхат жіберіп, арпалысты. Азық-түлік, оқ-дәрі тиеп көмекке келген самолеттердің тастаған шатырларының дені партизандардың қолына түсті. Тіпті, бас штабқа жақын түскен азық-түлік, қару-жарақтарды потайдан шығып алуға батылдық ете алмады.

Осындай жеңісті күннің бірінде (тамыз айының орта шенінде ) жаралы андай ызалы жау мыңға жуық әскермен партизандардың аз тобын қуып тар шатқа кіргенде (әсілі, партизандардың қашыртқы салу әдісі), сайды қамап алып түгелге жуық, тіл құтқармай жойып жіберді. Майданда болғандардың айтуына қарағанда, өлген әскерден тар шаттың суы бөгеліп қалған деседі. Енді аз күн аял тапса шың әскерінің бас штабы ойран болары анық еді.

Осыны сезген шың өкіметі Үрімжіден он мың әскер үстемелеп әкелді. Жау күші он мың адаммен толықтырылған соң, соғысты жаңа бір белеске көтерді. Партизандар өзінен он есе басым жаудан қайтпай, толарсақтан қан кеше жүріп шайқасып, дұшпан бетін сан рет қайтарды. Осындай ауыр шайқастың бірінде партизандардың әскер басшыларының бірі, жау асырмас белі, Сүлеймен мерген оққа ұшты. Сонымен бірге ру аралық алауыздық туылып, қарақас руынан Әділхан бастағандар шың әскеріне бағынып кетті. Бүл партизандар арасында ала көңілдік тудырды. Осы орайды пайдаланған жау күшті шабуылын арт-артынан қозғап, қоршауды бұзып, бас штабын құтқарып алды. Осыдан кейін әскерді үстемелеп соғысқа салды. Партизандар ақыры күш айырмашылығының өте кемдігінен шегінуге тура келді де, қалың елді шың әскері басып алды және ол елді айдап Көктоғай ауданының батысындағы Көкбұлақ, Сарыбұлақ деген жерлерге еткізіп, араларын бөліп тастады. Сосын партизандарды қат-қабат қоршауға алып, келісімге келуге мәжбүрледі.

Партизандардың осындай әлсіреп тұрған кезінде “келісім жасау” арқылы жеңісті тезірек қолға келтірмек болған Шың дубан: “Өзіне-өзін салу, қызыл құрт шаншып, қармақ қаптыру” — сияқты амалдарды ойлап, Алтай мансаптыларын сараптады. Алтай енді кімнің сөзіне иланады? Кім айла-шарғысын дөңгеленте алады? Осы ойлар үстінде Жанымхан қажыны (бұл кезде Алтайдың орынбасар уәлиі болып тұрған) тапты. Бұл шырғаға Жанымхан қажы тез үйіріліп кетті. Жанымханды алдына алдырған Шың шы цай: “Бұқат уәлидің — Халел тәйжіге, Есімхан үкірдайға сөзі өтпейді. Ал сіздің сөзіңіз өтеді. Қолында құдайдың құраны, бойында қажылық лауазым бар”, — деп қолпаштап көкке көтерді.

Сонымен Алтайдың штабы мен сақшы мекемесі Жанымхан қажыны тонның ішкі бауындай қойнына тартып әкетті. Бас қатыра жоспарлаған талқыда: “Көтерілісшілер тоқтамға келсе, өткен жылғы Чю министрмен жасасқан қаулыны орындайтындықтарына сендіріп, бұл жұмысты Жанымхан қажы діндік және қажылық салауатын пайдаланып жұртты иландыру міндетін өзіне жүктеп алды. Ол қолына құран ұстап, құдайды аузынан тастамай зікір айтып, дубанның тапсырмасын аркқалап көтерілісшілерге келісімге барды. Қолында — құран, аузында — иман, тілінде — зікірімен барған қажыға таныс-біліс, құдандалы туыстары үйіріле кетті. Көтерілісшілердің майданда қаза болғандарына құран оқып, хатым түсіріп, аза тұтып, шаһидтерге құлпытасты өз қолымен орнатты.

– Мен, – деді Жанымхан, – үкіметтің өткен жылғы келісімді жүзеге асыратындығына сеніп келдім. Көктоғай, Шіңгілдегі биылғы өткен қателіктің барлығы сол орындағы Шың дубан саясатына қарсы әскери мансаптылардың ісі екен. Олар сазайын тартты. Енді соғысты тоқтатыңдар. Үкіметтің кешіріміне ие болатындығымызға көзім толық жетеді, — деп құранды қолына алып, сенім дұғасына жүгінді.

— Өтірік айтып ұстап берсең – қанымыз мойнында, Шың дубанға сатылып азғындасаң – ата-бабамыздың аруағына тапсырдық, — деген Халел тәйжі, ақырғы сөзін ант тілімен арқалатып, өткен жылғы келіскен келісім іске асатын болса — соғысты тоқтатып, құрал тапсыратынын айтты. Сөйтіп, Халел тәйжі, Есімхан үкірдай бастаған көтерілісшілер құралдарын “тапсырды”. Жанымхан және аймақтық сақшы бастығы Ли Жуң юн бастаған үгіт тобы: партизандар басшыларын аймаққа барып, Чю министрмен көрісіңдер, — деп әскери қоршаумен Сарысүмбеге аттандырды. Осы жолы Алтайға барған Есімхан, Рахат, Зейнел, Шәри, Қақыш, Ыбырайхан сияқты он алты адамды сол күні түрмелеп, ертесі араларына аймақ уәлиі Бұқатты қосып, “Шың дубанмен бет көрісіңдер” — деп зорлықпен Үрімжіге жіберіп, Үрімжі әуе жайына түсе салысымен тұтқындады (Халел тәйжіні Көктоғайда тұтқындап, самолетпен төте әкеткен). Осы көтеріліс басшыларының көбін ауыр қинауға салып өлтірді.

1940-1941 жылдары қозғалған төңкеріс тоқтап қалмады. Көтерілісшілердің Оспан, Келес, Сүлеймен (Шақабай) бастаған бөлегі құралын тастамай, Шың шы цай әскерінің қоршауын бұзып шығып, ауылдарымен көшіп, қыс түсе із жасырып, құмға кіріп кетті. Шың шы цай әскерлері бұларды таба алмады. Сарысүмбе ауданының әкімі болған Дәлелхан тәйжі Сүгірбеав бір түнде із-түзсіз жоғалып кетті. Дәлелханның жоғалып кетуін бұқара әртүрлі ойлағанымен, үкіметтің де ез кеселі ішінде еді.

Үкімет халыққа: “Бандыларды тыныштандырдым”, — деп айқұлақтанғанымен де, “Құмырсқаның тас басқаны — тәңірге аян” дегендей, Шың шы цай үкіметінің сөзі халыққа аян еді. Халық партизандардың қыс бойы дайындалып, көктем шыға көтерілісті бұрқ еткізетінін білетін-ді. Көтерілістің ақпан айында қайта бұрқ ете түсуімен есептескен Шың шы цай үкіметі халыққа айқұлақтана жүріп, сөзсіз туатын алдағы соғысқа ерекше дайындалып, Алтай аймағының әкімшілік және әскери істерін алабөтен орналастырды. Алтайдың уәлилігіне Жанымханды қойып, оған ерекше сенім арта отырып, одан төменгі лауазымдарға жаңа адамдарды тағайындады. Жеті ауданда сақшы кызметін күшейтіп, жансыздарын іске салды. 1940 жылы келген Алтайдың бас қолбасшысы Яң де шаньды ауыстырып (кейін тұтқындалды), оның орнына Уан ли юнь деген адамды тағайындады. Әскери күшті қайта реттеп, төменгі аудандарға (Сарысүмбе, Буыршын, Қаба, Жеменей) бір полктен әскер орналастырумен бірге, Сарысүмбе, Буыршын аудандарының сенімді адамдарынан құралды күш ұйымдастырды. Бұл қорғаушылар бөлімінің моңғол бөліміне — Борижап (орны Сарысүмбе), қазақ бөліміне — Керім зәңгі (орны Сарысүмбе), орыс бөліміне — Борис (орны Буыршын) жауапты болды.

Сонымен көтерілісшілерге жер сырын қанық білетін жергілікті адамдарды сайлап, “өз етін ез майымен қуыру” дегендей істемек болды. Ал негізгі нысана болып келген жоғары төрт ауданға — Сарытоғайға бас қолбасшылық штабын құрып, сол штаб тұрған орнынан ерлей йен таудағы биік тұрғыларға цементтелген бекіністер (потайлар) салдырып, зеңбірек, пулемет сияқты ауыр қарулар орналастырды. Мұнан басқа алты мың әскер Сарысүмбе қаласында соғыс дайьщцығында болды. Алтайдың жеті ауданын әскери күшпен қоршап, қала-қыстақ тұрғындарына, оқушыларға, қызметшілерге бекініс салдырып, ол бекіністерді жалғастыратын ор қаздырды.

Халықтың қаһарынан қорыққан Шың шы цай үкіметі елді қан қақсатып соғысқа дайындалып жатқанда, төңкерісшілердің ішіндегі құрал тапсырмай кеткен партизандар Оспан Исламұлының бастауында іске кірісті.

Оспан Исламұлы — Көктоғай ауданының Сұпты, Күрті деген жерін мекендеген адам, руы — абақ керей ішінде молқы, ата-бабасы шалқыған дәулетті де, ел білген білікті де болған. Оз басы — егін салып, саудамен айналысқан. Оспан сом денелі, балуан бітімді, ұзын бойлы (1.90 метрге таяу), қалың тұйық қабақты, сақал-шашы қою және ерекше қайратты, әрі ірі, қызыл шырайлы, көз шарасы үлкен әрі отты, сәл дөңестеу қыр мұрынды, жүріс-тұрысы салмақты, алып денелі кісі. Дінге сенімінің күштілігінен болуы керек, шашын алдырып, қалың қою сақал-мұртын үнемі бастырып тұратын адам. Сыр сақтағыш, аз сезді, бір сөйлесе — шешен сөйлейтін, орны келмегенде жұрт алдына түскісі келмейтін, езін дүниеқорлықтан аулақ ұстаған, діни сенімі күшті, күманданған адамына ең кемінде маңын бастырмайтын сақ адам болған. Дұшпанына аяушылық істемейтін қатыгез өрі қорқуды білмейтін, қандай қиын-қыстау кезде қайғысын — қайратына, ашуын — ақылына жеңдіріп, жол тауып кете беретін ділі қатты, діні берік, езіне сенімі күшті, өткен ағаттығына өкіне бермейтін, ауыр тағдырына жасымайтын, тәуекелшілдігі басым, басқаны баурап әкетуге ұрынбағанымен де, бұқараны басқару қабілеті және әскери амал-шараға туа алымды болған адам.

(Жалғасы бар)

Теги: , , ,

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*