Шежіре

АСҚАР ТАТАНАЙҰЛЫ: АЛТАЙ ТӨҢКЕРІСІ (IІ)

Мақаланың басын мына жерден оқыңыз

Оспан 1899-жылы Көктоғай ауданының Өндірқара деген жерінде туған. 18 жасқа толар-толмас та Зуқа батырдың кезіне түскен. Зуқа — Оспанның қаруына, ерлігіне ақылы сай жігіт болатынын сезіп, оны қолына ұстағысы да келген. Оспанның әкесі Исламға кісі жіберіп, Оспанды тәрбиелегісі келетінін де білдірген. Бірақ Оспан өзінің сабырлылығымен, байыптылығымен, сезімділігімен Зуқаға қызмет етпеген. Зуқа адам танығыш болғандықтан, сол күннің өзінде оны қазақтың “Кер жақ батыры” деп атаған. Былайғы жұрт Оспанның ерлігін әлі жыға білмегендіктен, оның көрер көзге тұйық көрінетін мінезіне қарап, Зуқа қажының батыр деген сөзін қалдырып “Кер жақ Оспан” деп атаған.

Оспан көтеріліске 1939 жылы Ақыт қажыны ұстауға қарсылық көрсеткен алпыс адамның бірі болып аттанды да, 1940 жылы ақпанның бірінші аптасындағы өкімді өлтіру оқиғасына қатысты. Төңкерістің алғашқы кезінде Есімхан қосынының қолбасы болып келіп, 1940 жылы жаз шыға партизандар Қаптық тауында бас қосып, үш бағытпен қайта Көктоғайға қайтқанда, ат-көліктері арып, азық-түлік таусылып, оқ-дәрі азайып, қиын жағдайга кез болады. Оның үстіне жолды алған Шың шы цай әскерінің мықты-мықты бекіністерін арт-артынан бұзып, Көктоғайға жету Ырысханның қолына оңайлықпен түспеді. Осы кезде Оспан небәрі үш мылтық алып, қасына қырық жігіт ертіп, із тастап Шың шы цай әскерінің артына өтіп, ағаш басына шығып, тасып жатқан қу Ертістен сал буып, ат жалдап өтіп өзінің бұрынғы мекен-қыстауы Күртіге келеді. Күртіде бір почта бекеті бар еді. Партизандар осы бекетті бақылауға алып, қорғап жатқан әскерлердің атын жайылымнан қуып алады. Ат баққан бақташыдан бекетте он бір әскер барын біліп, түн жамыла басып кіріп, түгел жайғастырып, қару-жарақтарын олжаға алады. Өзі бас болып онға жуық адам әскер киімін киіп, бекетте жатып, қалған азаматтарын тұрғы-тұрғыға орналастырып, келер жаудың жолын тосады. Екі-үш күн өте бере “үкілі почта”алған екі адам келеді. Екеуін ұстап алып тексерсе, осы бекетке түсірілген бұйрықты алып келе жатқан бір әскер, бір бұқара екен.

Ертіске дейін қорғап, Көктоғайға жеткізу жайы ұқтырылған екен. Оспан “бұйрықты” алғаннан кейін әскерді аттырып тастайды да, бұқараны байлатып қойып, ертесі 200 түйе кірені қорғап келе жатқан он шақты әскерді тіл құтқармай құртып, олжаны (100 түйе ұн-күріш, 90 түйе киім-кешек, 10 түйе оқ-дәрі) шығынсыз қолға түсіріп, кірекештермен қолға түскен бұқараны қоя беріп, өздері жайлаудағы партизандарға барып қосылады. Қоршау соғысы басталып, қысыл-таяң кезде тұрған партизандарға бұл 200 түйе олжа қатты ес қатты.

Тарихта батырдың ерлігі шайқас барысында сынала келе байқалған. Күртіде шығынсыз соғыс жүргізіп, ел көзіне алғаш түскен Оспан, осыдан бір жыл кейін Таршатыдағы соғыста жауды тар сайға қашытқы салып кіргізіп, алды-артын оқпен тосып, мың адамнан тіл құтқармағанда, сайдың бір бетінде — Оспан, бір бетінде — Сүлеймен бастап шайқасып еді. Екеуінің мергендігі мен ерлігі ел көзіне ерекше түскендіктен, осыдан бастап халық Оспанға Зуқаның берген бағасын дұрыс түсініп “кер жақ Оспаннан” ” батыр Оспан” атанып еді. Досына да, дұшпанына да өзін осылай танытқан Оспан кейбіреулер тікелей бағынып, төңкерістің басшылары қолды болып кеткенімен де, төңкерісті тоқтатып тастамады. Шың шы цай әскеріне ойламаған жерден соққы беріп, қансыратып отырды.

Үкіметтің қолына түспеген әрбір сай-салада қалып қалған ауылдар Оспанды таба бастады. Алғашқы жылдағыдай емес, бұл аудандардың әр ауылдарына дейін әскерін орналастырып, 1942 жылдың қараша айында Көктоғай ауданына “көз-құлағын” көбейтіп, бекіністерін салып тастағандықтан, халықтың көтеріліске ілесуі баяу болды. Жаз айы өте келе жау қысымына шыдамаған халық ілгерінді-кейін Оспан қолын толықтыра берді. Оның басты бір тобы болып, Көктоғайдан қарақас руының өзіне ілескен адамдарын бастап Сайып Халелұлы келіп қосылды.

Сайып — Шың шы цай үкіметіне ежелден сенімсіз адам, әкесі — Халел, ағасы — Рахат 1941 жылы құрал тапсырғанда, оларға қарсы шықты. Бірақ ел иесі болып отырған әкесі мен аудан әкімі ағасын тілге көндіре алмай, ақыры оларды алдап-ұстап әкеткенде, санын соғып қала берген. Сол жылдың қысында әкесінен хат келгеннен кейін, хал-ахуалын біліп келуге басқа да түрмедегілердің туыстарынан Қаби, Жәмшиттерге қосып немере інісі Қақашаны Үрімжіге жібереді. Олар бес түйемен түрмедегілердің тапсыруы бойынша азық-түлік, киім-кешек және түрме бастықтарын паралауға алтын-күміс алып аттанды. Қақашалар барғаннан кейін Үрімжідегі сақшы мекемесі ат-көлікпен апарған заттарын талап алып, өздерін мырза қамақта ұстайды. Арада бір ай өткеннен кейін өз бастарына қауіп төнген соң бұл үшеуі қашып шығып, жол бойындағы қоржалардан ат-көлік ұрлап алып үйлеріне қашып келеді.

1942 жылы қараша айында Көктоғай сақшы органы отызға жуық әскерді осы үшеуін және Сайыпты ұстап әкелуге аттандырады. Жәмшит пен Қабиды ұстап алған әскерлер Сайыптың аулына келгенде: Сайып әскерлердің алдыңғы келген екеуін қолындағы балтамен шауып жібергенде, жүрек тоқтата алмаған үшінші әскер тұра қашады. Өлген әскердің қаруын алған Сайып әскерлерді қуа соғысып, бес-алтауын оққа ұшырғанда, қалғандары байлаулы екі адамды тастап тұра қашады. Артынан жайдақ атқа міне қуып, тағы бірнешеуін оққа ұшырып, онға жуық мылтықты қолға түсіреді. Енді ел ішінде аялдауға шарасыз қалған Сайып сол күні атқа қонып, Қанобада жатқан Оспанды іздеп табады.

Шіңгіл ауданынан өздерін қайта ұстауға айналғанда Сұлубай, Тескенбай бастап бірсыпыра адам қосылады, онан кейін Молғаждар, Мәсей бастаған бір топ көтерілісші ұсталу қаупі көрінгендіктен қашып шығып Оспанды табады. Сарысүмбе түрмесінен қашып шыққан — Кәдірбай, Тоқтаған, Жаңбырбай, Сендиков (орыс), Баркөлден – Қуанышбай бастап, Фукан ауданынан — Жолдыбай, Үрімжі түрмесінен — Қалман қазыбастаған адамдар арт-артынан Оспанға келіп қосылды. 1942 жылы ақпан айында Құбының құмына бекінген көтерілісшілерге үкімет Шіңгілден — Уатқанды, Көктоғайдан — Мағауия залынды, Сарысүмбеден — Мәмила зәңгіні келісімге жібереді. Оларға Оспан: “Үкімет келісіміне қиянат етті. Қара бет қандықол болды. Бұрыңғыларды қоя бергенді қойып, үсті-үстіне тұтқындады. Дұшпанның осы әрекетін көре-біле отырып, бізді алдап келген сендер барып тұрған зымиян, мынапық адамсыңдар! Енді ұсталмаған біз қалдық. Осыларды ұстап берейік деп келіп отырсыңдар ма?!”, — деп ат-көлігін алып, өздерін байлап, көкала қойдай сабап, жалаң аяқ, жалаң бас айдап салды.

Осыдан бастап жаз бойына Шың шы цай үкіметі Оспанды талай қыспаққа алып, талай шабуылдап, талай келіссөзге шақырды. Оспан соғысқан жерде -соғысты, тұрысқан жерде – тұрысты, бірақ келісімге келмеді. 1942 жылдың қысы мен 1943 жылдың көктемі қиян-кескі соғыспен өтті. 1943 жылы мамыр айында Кеңес одағының инженері болып жасанған бір топ адам Оспан тобын іздеп тауып, тілдесті. Олар:

— Жергілікті халықтың бүл көтерілісі — езушілікке, қанаушылыққа қарсы күрес. Біз бүл күресті қолдаймыз, — деді.

Көтерілісшілерге біраз құрал беріп: “Ендігі кездесу – тамыз айында, Көктоғайдың басыңдағы “Жалғыз ағаш” шекарасында болсын”, — деді.

1941 жылы Кеңес одағының фашизммен соғысында Кеңес одағының жеңілісінен қорыққан Шың шы цай 1942 жылы өзінің ептеп гоминданға беріле бастағанын байқатты. Сонымен бірте-бірте билігін гоминдаңға өткізіп, екі беткей саясаттың ШЫНДЫҒЫН әшкереледі. Халықтың алға басар азаматтарымен кездесіп коммунистік партиясының Шинжаңда қызмет істеп жатқан адамдарын тұтқындап, гоминдаңға табыс етті де, өзі Шинжаңнан табанын тайдырды.

Шың шы цай үкіметінің гоминдаң үкіметіне айналып бара жатқанын бақылап отырған Кеңес одағы, ендігі жерде Гоминдаң үкіметіне қарсыласып соғысып жатқан Алтай ақ армиясы алдауға кірісті. Сонымен Монғолия шекарасы армия көтерілісшілерімен байланыс жасай бастайды. Бұрын екі арада Монғолия әскерінен қысым көріп келген армиялар енді олардан қолдау таба бастағаннан кейін өрісі кеңейіп, қатары шұғыл молайды. 1943 жылы тамызда “Үш өргішек” шекарасы арқылы Моңғолияның Шегіртай деген жеріне арнаулы адам барып, нақты мәселелерге қол қойып, келісім жасасты. Осыдан кейін қару-жарағы сәл толықтанып, жеңіске сенімі арта бастаған партизандар Шықынты, Қаражалаты, Ұша соғыстарында гоминданды арт-артынан жеңіліске ұшыратты. Шықынты соғысында бес жүз таңдамалы қытай әскерін тіл құтқармай қырып салды. Осыдан кейінгі жерлерде көтерілісшілер қатары үздіксіз молайып, жоғарғы үш аудан халқы түгелдей көтеріліске қатынасты. Гоминдаң үкіметінің әскерлері бекіністер мен аудан жамбылдарында ғана өмір кешті. Жаралы андай жыртқыштығы да еселеп артқан гоминдаң әскерлері Сарысүмбе ауданының Тұлты, Қарасу, Ноғайты деген жерлерінде Көктоғай, Шіңгіл аудандарының бейбіт халқын топ-тобымен оққа ұстады.

1944 жылы Монголия үкіметінің басшысы Шойбалсан, генералдары — Доржы, Попов және екі министрін бастап шекараға келіп, көтерілісшілермен кездесіп, екі жақ тоқтамға қол қойды. Шойбалсан: Оспанға әскери-саяси нұсқау берді және жол-жорық көрсетті әрі мың бесатар, жүздей ауыр-жеңіл пулемет, оқ-дәрі көмек берді. Сол жерде Оспанды ақ киізге орап, патша сайлап, Сүлеймен, Келес, Қазанқап, Мұхамеджан сияқты бес уәзірін белгіледі. Партизандардың қолбасшылық штабы құрылып, қолбасшысы — Сұлубай, орынбасары — Кәмел болып белгіленіп, бүкіл партизан алты үлкен отрядқа бөлінді. Жаңа сайланған партизан отрядының үлкен-кіші басшылары Оспан патшаға адалдық сертін білдірді. Сонымен бірге “халықтың Шың шы цайға қарсы ұйымы” құрылды.

Партизандық штабтың бас қолбасшысы Сұлубай әрі батыр, әрі ұйымдастырушы, әрі ақын, әрі композитор, сегіз қырлы, бір сырлы жігіт еді. Ол негізі Сарысүмбе ауданының адамы, руы – тасбике. Жастай әкесінен айырылып жетімдік көрген Сұлубай қаршадай кезінен шешесімен бірге өзімен аталас келетін бір байдың малын бағып күнін кешіреді. Жиырманың үстіне шығар-шықпастан еті тірі өжет бала Сұлубай жалға жүріп, туыс болса да байдың қорлауы мен жаласына ұшырап, көз түрткі болып күн көруді ар санады. Тәуекел деп тас жұтуға бел байлап елінен бөлініп, бір өгізге төсек-орнын артып, шешесін мінгізіп, жалғыз бұзаулы сиырын байлап өp Алтайға қарай сапар шегеді. Ол кезде көптеген адамдар кәсіп істеп, тіршілік көру үшін әр түрлі әрекетке кірісетін. Соның бірі — Құты би, Шонжы, Мәри, Баркөл, Үрімжі секілді жерлерге барып, әр түрлі кәсіп жолын қарастырады. Енді кейбірі тау асып Моңғолияға да кетіп қалады. Осыны көзде ұстаған Сұлубай да жаңа бір сапарға бел байлайды.

Бұл 1928 жылы күз айы еді. Осылай тәуекел деп сапар шегіп келе жатқан Сұлубай талай жолды басып, Бурылтоғай бойындағы бір жерге келгенде, арт жағынан шыққан жылқы айдаған жеті-сегіз адам лезде онымен айқасып қалады. Сұлубайдың сәлемін алған отағасы ат тізгінін тартып, онымен жөн сұрасады:

— Қай елсің?

— Кереймін.

— Оның ішінде қайсысың?

— Сәменбет.

— Оның ішінде?

— Тасбикемін.

— Атың кім?

— Сұлубай.

— Жә, қайда барасың? Туыс қуалап барасың ба?

— Пәлендей қойнын ашып, кел деп тұрған жақын туысым да жоқ. Пәлен жерге барып қоныс тебем дейтін атадан қалған мекен де жоқ. Жоқтық айдаған соң кәрі анамды сүйретіп кетіп барамын. Өзімді жақын тартқан қазақ баласының ағасына — іні, қариясына — бала болмақшымын, — дейді.

Бала жігіттің көзінің оттылығына, жауаптың татымдылығына, дене бітімінің келістігіне сүйінген отағасы:

— Мен де қазақпын. Қазақ ішінде керей, керей ішінде жәнтекей, жәнтекей ішінде сәменбет тұқымы боламын. Маған іні болуды қалайсың ба? — дейді.

Отағасының мысы мол, салауатты жүзін, мейірімді көңілін көзінен байқаған сезімтал бала: “Осы адамға ілессем қор болмаспын” — деген ойға тез келіп, біржола бекиді де:

— Болсам болайын, “Өз ағасына қарай алмаған, кісі ағасын жағалай алмайды” — деген, сәменбеттің баласы болсаңыз — ағам екенсіз. “Қой асығын қолыңа жақса сақа қой”, — деген, қолыңызға жақсам — іні етіп аларсыз, қолыңызға жақпасам — оны да көрерсіз.

Жанындағы жолдастарының біреуіне отағасы:

— Қалаға атың мен арқаныңды бер. Мына жылқыдан мініске екі ат ұстап алсын,- деді.

Ат асылына тиген бала жылқыны қайырмақтай келіп, өзіне жаққан жылқыны шалма тастағанда отағасы:

— Жарайды, мықты, псық бала, көрдіңдер ме? Мал таниды. Осы құлынға менің де көзім түсіп келе жатыр еді, — дейді.

Сұлубайдың апасы отағасына бар алғысын жаудыра жүріп, атқа мінгенде Сұлубай да бір өгіз, бір сиырын алдына салып, жаңа жолдастарына ілесті. Бұл — 1940 жылға көтеріліс басшысы Бірысхан батырдың әкесі Ноғайбай үкірдай еді. Өткен жылы қыста отардағы малынан Қобылгелді біраз жылқы әкеткендіктен, көз айналдырып Қобықтағы Шың төреге барып, ұрыны жығып, сол малын қайтарып алып келе жатқан беті болатын. Жол жөнекей Сұлубайға кезіккен үкірдай бет алдына қаңғырып келе жатқан жалғыз жігітке жаны ашып, әрі ұнатып, әрі жақын тартып, өз аулына алып кетті.

Міне, осы күннен бастап Сұлубай Шақабай руының ішінде болады. Ноғайбай үкірдай Сұлубайды мал соңына салып жасытпады, ақысын бермей қақсатпады, ел қатарлы күн кешіп, ер қатарлы азамат болып, ойын-тойда ән айтып, ел жұртты аузына қаратып өсе берді де, Ырысхан 1940 жылы ақпан айында көтеріліс бастаған күні атын ұстатып жанына ертті. Осы күннен бастап ел көзіне түскен ер болып аты шыға бастады. Сұлубай – Рысхан өліп, Есімхан тұтқындалғаннан кейін, көтеріліс басшыларының біріне айналып, ел сөзіне тоқтаған жігіт ағасы болып, қиын-қыстау кездерде де талай елді құтқарып, алдынан жау қайтқан жеңімпаз болды.

Жалаты қысаңындағы бір шайқаста Сұлубай небәрі отыз адаммен бес жүз әскерге қарсы шайқасты. Көк құрышпен қаруланған жау оңайлықпен жан берсін бе, қырылғанына қарамай тұрғыға өрледі. Осы кезде жау күшін шоғырландырып, ең биік бір тұрғыға шабуыл жасады. Бұл тұрғыға Оспан батыр жалғыз атыс беріп жатыр еді. Қалың жау қаптағанда, жан-жағына от шығарып жүрген Оспанның тізесіне оқ тиіп, ортан жіліктің тобығын аударып кетті. Қатар тұрғыда отырған Сұлубай Оспанға оқ тигенін көріп, өз тұрғысын жолдастарына қалдырып, Оспанға жан ұшыра жетті. Ол келгенде Оспан жараланып, жүруден қалса да, отырған орнында атысып жатыр еді. Тұрғының енді бір жағынан өрмелеген жаудың бетін қайтарған Сұлубай жаумен атыса жүріп, Оспанды оқ астында қоршаудан алып шығып кетті. Етіктерін шешіп, ұзын байпақтың қонышын бажырдан жоғары буып тастап, жалаңаш пышақтарын аузына тістеп, жау пулеметшыларының ту сыртынан жақындап, атылып барып дыбысын өшірді. Талай қан майданда бірге болған екі арыс бірін-бірі сынап келген еді. “Осы күннен бастап ақиреттік доспыз”, — деп ант ішті.

Оспан патша болғанда, Сұлубай бас қолбасшы болып, халық болып жұмылып “бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып”, басшылығын сайлап, ұйымын құрып, сайлауыттарын реттеп бола сала, уақыт ұттырмай 1944 жылы көкектің басында партизандардың бас қолбасшысы Сұлубайдың бастауында Шіңгіл ауданының Алатөбе деген жеріне орналасқан гоминдаң әскерімен соғысуға аттанды. Алатөбе — гоминдаңның Шіңгілдегі жиырма мың әскері орналасқан бекінісі берік, ең үлкен базасы. Партизандар алдымен Дабысын, Қаратүңке, Сарыноғай және басқы жақтардан келетін жау байланысын үзіп, едел-жедел Алатөбе бекінісіне бет алды.

Алатөбе шайқасына партизандардан сұрыпталған — 500, моңғолиядан — 200, жиыны 700 адам соғысқа қатысты. Соғыс бір жұмаға жалғасқанда Моңғолиядан келген жеті ұшақтың соғысқа қатысуымен, Алатөбе қамалының тас-талқаны шығып, партизандар қамалды тартып алды. Және қашқан жаудың алдын орап, Сарытоғайға дейін жеті жерден тосқауылдап соғысып әрі артынан екшелеп қуғандықтан, жаудың мыңға жетер-жетпес адамы Сарытоғай бекінісіне әрең жетті. Осы қашқан дұшпанның алдын орап соғысып жүргенде де Дөңкі деген жерде (қазіргі Сұлубай шоқысы) партизандардың қолбасшысы Сұлубайға оқ тиіп, шейіт болады. Бес жыл бойы қанды соғыс көрген Оспан екі рет қана көзіне жас алған деседі жұрт. Соның бірі Сұлубайдың қазасы екен.

Сұлубайдың адамгершілігі, азаматтығы, жомарттығы, ел бастаған батырлығы бір төбе, қолбасшылық қабілеті бір төбе болса, оның ақындығы, әншілігі, домбырашылығы, композиторлығы үшінші бір төбе. Оның осы кезде туған ел мен туған жердің тағдырына күйініп:

Атымды Сұлубай деп әкем қойған,

Руым жәнтекейде ортаны ойған.

Таршылық қолды байлап бір қоймадың,

Бұл ісің кетер емес, сірә да, ойдан.

Секпілтай, Шаңқан, Тұрғын-ай,

Есен бол ел-жұрт, құрбым-ай!

Басында мәуесі жоқ қу қайыңның,

Адамға пайдасы жоқ уайымның.

Сан жердің дәмін татып, суын іштім,

Білмеймін қайда аларын құдайымның.

Қайқая шапқан Қаракер,

Қайырылар ма екен қайран ел?!

Басы еді Секпілтайдың Қарашора,

Айырылған ел-жұртынан мен бишара.

Қайырылып туған жерге қарағанда,

Ағады көздің жасы сора-сора.

Қалдырып туған жерді ел кешті ғой,

Бойынан ақ даланың оқ есті ғой.

Қаражарға жығылып қара тұлпар,

Бұйдасын қара нардың оқ кесті ғой, —

деп шырқаған “Сұлубай батырдың әні” бүкіл көтерілісші халықтың арман-тілегі, мұң-мұқтажы, жан күйзелісі еді.

Халық бүл әнді талай қанды-сойқанды жылдардан туын жықпай алып шығып, бүгінгі күнге жеткізіп отыр. Сұлубайға оқ тиген Дөңкідегі сол шоқыны халық қимас батырдың атымен “Сұлубай шоқысы” деп атады.

Алатөбе шайқасында жиырма мың әскерді екі аптаға жеткізбей өптер-тәптерін шығарған партизандар қимылын жию оған көмектескен сыртқы күштің тегеуірінін көріп-біліп, жанын қоярға жер таппаған Шіңгіл ауданының өкімі Тау мен сақшы бастығы — партизандардың Алатөбеден Сарытоғай бекінісіне қашқан әскерлерді қуып кеткен орайын пайдаланып, аудан қалашығын өртеп, түрмеде отырған жиырма шақты адамды өлтіріп, аудан маңына көшіріп апарған елден сегіз жүз түтінді қорқытып күшпен айдап Шонжыға қарай қашты.

Шіңгілдегі гоминдаң үкіметінің әрекетінен хабар тапқан партизандардың қолбасшылық штабы — Қапас, Тоқтыбай, Кескенбай бастаған жетпіс адамды аттандырды. Олар гоминдаң әскерлері айдап бара жатқан елді тал түсте дамылдап отырған жерінде қуып жетеді. Аудан әкімі мен мекеме бастығы — ел бастығы Латиптің үйінде отырғанын ұғады да, партизандарды елді қоршап тұрған әскерлермен айқасуға бұйырып, Тоқтыбай мен Қапас екеуі елді қақ жарып, Латиптың аулына қарай тартады.

Латип үйіне келе жатқан бетінде үй сыртындағы екі күзетші әскерді атып-атып жіберген екеуі аттарынан секіріп түсіп, екі босағада тұра-тұра қалып, үйдегілерге құрал тапсыруды бұйырады. Шошып кеткен Тау өкім Латиптің бәйбішесінің ту сыртын паналайды. Сырттағы постарының өліп кеткенін сезген олар, еріксіз құралдарын есіктен сыртқа лақтырып тастайды. Партизандар бір-бірден шығуды бұйырған соң бәрі шығады. Ең артынан шыққан сақшы бастығын екеуі екі бүйірінен найзалап, тік көтеріп лақтырып жібереді де, Шіңгілден аттанғанда халықты қырып, қаланы өртеп кеткендігі үшін Тау өкімді де атып тастайды. Бұларға аудармашы әрі халықты алдап-сулап, қорқытып Шонжыға көшіріп бара жатқан гоминдаң офицері Махмұд Шөкмановты та атпақшы болғанда Латип ара түсіп, алып қалып, артынан қашырып жібереді. Партизандар алғаш келіп тиіскенде-ақ сұрқыға ұшқан гоминдаң әскерлері белдесіп атыса алмай, елді тастап, Гушыңға бір-ақ тартқанда партизандар сегіз жүз үйді тұтастай жаудан аман алып қалады.

1944 жылы көкекте Шіңгіл ауданы гоминдаңнан тұтастай азат етілді. 1944 жылы мамыр айының соңында партизандар Көктоғай ауданына жақын келіп, қоршауға алды, бірақ әскер саны мол, бекінісі берік болғандықтан да басып ала алмады.

Көктоғайды қоршауға алған күннің ертесі партизандарға қатты өштескен гоминдаңның әскерлері өткен жылы тұтқында отырған Оспанның екінші әйелі Мәми мен онан туған алты баласын, Сүлейменнің әйелі Қойтубақпен келінін және үш баласын, барлығы қырық адамды партизандарға көрсете отырып қылыштап жөне тірідей зынданға тастап өлтіреді. Осы қырық адамның арасынан Оспанның әйелі Мәми жан ұшырып, қолы байлаулы қалпы қашып барып Көктоғай өзеніне түсіп кетеді. Соңынан оқ тигізе алмаған гоминдаң әскерлері қаланы қоршап отырған партизандардан қорқып, қорғаннан шығып ата алмады. Өзенге өзін атқан әйелді көріп отырған партизандар бір сеңгір айналған жерден талықсып келе жатқанда аман-есен құтқарып алды. Сөйтіп, Оспанның алды 18 жасқа толмаған алты баласын, Сүлейменнің отбасынан бес адамды, барлығы Көктоғай қаласында бейуаз бұқарадан қырық адамды қанқұйлықпен қинап өлтірді. Бұл қорлыққа шыдамай, баса-көктеп кірмекші болған партизандарды Оспан өзі келіп ақыл айтып:

— Бұл асқан зұлымдық. Гоминдаң бұл қаныпезерлікті әшкере істеп отыр. Туысына күйінген бізді орға жығып, қақпанына түсірмекші. Жаудың мұндай шырғасына аранданып қайрылу — есе қайтару болмайды. Ақылын тауып, бодау бермей отырып, жаудың тауын шағып, күлін шашу керек, сонда ғана жеңіске жетеміз, кек те қайтады, — деп тоқтатты.

1941 жылы қыркүйектің басында “жоғалып кеткен” Дәлелхан Сүгірбаевтің Кеңес одағында екендігі жөнінде 1943 жылдан бастап ел ішіне аңыз тарады. Сонымен бірге Дәлелхан сол жылы өр түрлі амалдармен ел ортасындағы құдандас, дос-жарандарына хат жазып, өзінің тірі екендігін хабарлай келін, гоминдаңның жеңілетіндігін, оны сез жоқ Алтайдан қуып шығу керектігін үгіттей бастады.

Дәлелхан Сүгірбаев — 1906 жылы Қобданның Байынөлгей ауданында дүниеге келген. Оның арғы атасы Ақтай он екі абақ керей ішінде шеруші руынан шыққан, Жәнібек батыр заманының ізін баса ел көзіне түскен батырлардың бірі еді. Жаз жайлауы — Кәлжота, қыс қыстауы — Шұңқыр болатын. Заман өтіп, ел билігі баласы Жылқышыға тигенде, 1867 жылы “Қызылаяқ шапқыншылығы” кезінде “қызылаяқтарға” алым-салық төлеуден бас тартып, Ожеке (Қожамжар) төремен бірлесіп, өзіне қарасты шеруші руының бір бөлігін бастап, Алтай тауының теріскейіне асып, Байынөлгей, Қобда аймақтарын мекен етті. Жылқышы қайтыс болғаннан кейін баласы Сүгірбай ел тізгінін алғанда, қоғам өзгерісі жиілей бастайды. Шың хандығының да қолы ұзарып, Шинжаңға көзі қызарған Шар патшасының (Россия) алдынан көлденең келді. Екі үлкен империя қазақ жерін қазақтардың “еркі бойынша” бөлісіп алғаннан кейін Шың хандығы өзіне қарасты болған қазақтардың ел иелеріне үлкенді-кіші мансаптар беріп, шырғаға тартты. XX ғасырдың алғашқы он жылының ішінде Алтай аймағында төрт би төренің қол астындағы түтін саны мыңға толған ру иелеріне тәйжілік мансап берді. Сол орайда шеруші елінің біліктісі Сүгірбайға да тәйжілік мансап берілді. 1918 жылы Сүгірбай қайтыс болғаннан кейін орнына үлкен ұлы Дөрбітхан тәйжі болды. 1921 жылы Дөрбітханды ақ бандылар өлтіргеннен кейін орнына Дәлелхан тәйжілікке отырды. Дәлелхан жасынан бастап қайшылықты ортада өмір сүрді. Қобда қазақтарының “жала айдау” сынды қанды тарихын өз көзімен көрді. 1920 жылы “Қылаң басын ату” сынды қанды оқиғаны өз аулында өткізді.

Қылаң — Жылқышымен бірге туысқан Қалыштың баласы, Сүгірбай тәйжінің немере інісі. Ол жастайынан пысық, мықты болып, ел басқару ісіне араласа келе Сүгірбай қайтыс болғаннан кейін орнына отырған баласы Дөрбітхан жас болғандықтан, өз кезінде шеруші еліне билік жүргізді. Осы кезде Моңғолиядағы қазақтарды қаратып әкету ойында болған Ян зың шинАлтай аймағының уәлиі Жуушөге міндет тапсырады. Жуушө бұл туралы қазақ біліктілерін араға салып, тарту-таралғы ұсынып, сан рет қызмет істесе де Алтайдың теріскейін мекендеген ел мекенінен көшкісі келмей, сөз бұйдаға сала келіп, тізгін Қылаңның қолына өткен кезде Алтайдан біржола қол үзе бастады.Мұны байқаған Ян зың шин үкіметі Қылаңның басын алып, сол арқылы елді қорқыта отырып иелік етуге бекіді. Сондықтан уәли мекемесін қорғаушы әскерлердің бастығы Жандарынды (дүнген) жүз адаммен аттандырады. Жандарын осыдан бір жыл бұрын ру ара қақтығыста өлген Қиюбай молданың мәселесін шешу жұмысымен келдім деген сылтаумен, қазақтың күн дауын шешіп жатқан кісі болып көрініп, халық жайбарақат болып жатқан бір күні таңертең өзі түскен елге Қыланды шақыртып, үйге кірген заманда атып өлтіріп, басын кесіп алып қашып, Сарысүмбе кентіндегі қорғанның шығыс жақ қақпасына апарып іледі.

Міне, осы қанды оқиғаны Дәлелхан өз басынан кешіргеніне бір жыл толмастан Алтайдан аттанған ақ орыс армиясы Сүгірбай аулына сұғын қадап келіп түседі. Өйткені, ақ әскерінің Сарысүмбеде жатып салған әскери салықтарын Алтайдың теріскейіндегі ел бермей қойған. Бұл жұмысқа әрине, Дөрбітхан қатар ұстаған ақ генералы Бөкіш (Вакш) өздерімен бірге екі айдай мырза қамақта ұстай жүріп, ел шетіне шыққан соң атып кетуді бұйырады. Сол бойынша ағайынды екеуін ел көзінен жасырып, түн ішінде ату майданына алып барады. Сол кезде бір бекімге келіп алған Дөрбітхан мен Дәлелхан екі жаққа қашады. Осы барыста Дөрбітхан оққа ұшып, Дәлелхан құтылып аулына оралады. Міне, бұл қанды оқиға Дәлелханның он бестен он алтыға шығар жасында өтіп еді.

1928 жылға келгенде Моңғолияда феодалдардың тамырына балта шабу әрекеті тағы да жүреді. Осы жылдары Дәлелхан туыс-туғандарын алып, Алтайдың күн бетіне өтті.

Дәлелхан Алтайға келгеннен кейін тәйжілік мансабымен Алтайдың күнгейіндегі шерушіні биледі. 1932 жылғы Алтай халқы “Дүңген төңкерісі” деп атайтын өлке көлемінде “12- көкек төңкерісі” деп аталатын әрекетке белсене араласты.

Тянь-Шань тауының екі тарабын, Жоңғария мен Тарымды бір өлке етіп құрғаннан кейін, Үрімжі орталық қала болды да, өлке көлеміндегі барлық құқық осы орталыққа шоғырланды. Осы шоғырланған құқықты елге келген қытай мансаптылары бір-біріне кез алартты. Олардың көзінің “ағы менен қарасын” бақылап отырған Ұлы Британия, патшалық Ресей (кейін Кеңес одағы) сынды шет елдер де қарап отырмады. Олар осы алакөз мансаптылардың бірін ала, бірін құла санап, алауыздықтарын ұлғайтты. Мажүңиң секілді дүнген милитаристерін әрекетке келтіріп, бүлік тудырды. Осы қақтығыстардың кезінде Құмылда ұйғыр-қазақ шаруаларының көтерілісі басталды. Осы қиыншылықтар ұлғая келе Шинжаңның ұзақ жылдық билеушісі Яң зың шин қастандықпен өлтірілді де, орнына Жин шу рын таққа шықты. Бұл оқиғаның туу кезінде жаңағы күштердің таласы тіпті де күшейді. Міне, осы орайда 1932 жылы Мажұңиңың әскери мансаптысы Махыйин мыңның үстінде әскерімен Алтай аймағына кіріп, билеушісін қуып, дербес әкімшілік жүргізбек болды.

Бұл келген дүңгендердің арғы тірегі — Мажұңиңның түп-тамырын жете білген Алтайдың көреген басшысы Шәріпхан Көгедаев Алтай халқын ұйымдастырып, дүңгендерді жарты жылға жеткізбей қуып шықты. Міне, Алтайдағы осы көтеріліске Дәлелхан Шәріпханды қолдай отырып, белсене атсалысты.

1932 жылға келгенде өлке бастығы Мажүңиңның орнын әскери қысым жасап тартып алған Шың шы цай “12-көкек өзгерісін” қозғап, Мажұнин армиясын жеңіл, құқықты түгелдей өз қолына алды. Бұл жеңіске Кеңес одағының көмегімен жеткен Шың шы цай өзінен бұрынғы Яң зың шин, Жин шу рын үкіметтерін “қара әкімшілік” деп атап, өзінің басқа түсі барын көрсетіп, халықты өзіне тарту үшін әр жік, әр сала күштеріне сүйенуді көзде ұстап, “алты түрлі саясатын” қолданып, экономика, оқу-ағарту, мәдениет саласында бір шама алғабасарлық істер істеді. Кеңес үкіметімен достық орнатты. Коммунистік партиямен бірлесті. Жапон басқыншыларына қарсы ұйым құрды. Жергілікті халықтан әр түрлі басшылық орынға адамдар өсірді т.б. Осы орайда үкімет қызметіне қатынасқан Дәлелхан Алтай аймағында құрылған “Қазақ мәдениетін ілгерілету қоғамы” бастығының орынбасары болды. 1937 жылы Алтайда “Жаһангерлікке қарсы тұру ұйымының бесінші мүшесі” құрылып, Дәлелхан бұл кызметке де араласты. Қалың малшылар арасында бұл қызмет жақсы үгіттелгендіктен де, ел болып жұмылып, жапонға қарсы күресіп жатқан алдынғы шепке 5 ұшақтың ақшасын көмекке атады.

Еліне адал қызмет істеп келе жатқан Дәлелхан 1939 жылы қыркүйек айында аты шулы “Моңғол — қазақ — қырғыз үш ұлт құрылтайына” шақырылды. Бұл құрылтай болмады. Ел басыларын мырза қамаққа алу болды. Осы мырза қамақта жатқан Дәлелхан 1940 жылы Алтай көтерілісшілерінің ырықты орынға шығып, батыл талап етуімен түрмеден босатылып, сол жылы қазан айында Сарысүмбе ауданының әкімінің орынбасары болып, жыл соңында Үрімжіге қайта шақыртады.

Шың шы цай бұл жолы Дәлелханды тағы бір қуғын жұмысқа салды. Ол -1936-1938 жылдары, ілгерінді-кейінді жерлік үкіметтің зұлымдығынан Шинхай, Гансу өлкелеріне жер ауып кеткен қазақтарды қайтару ісі еді. Дәлелхан бұған да мақұл болып, қасына Алтайда алғашқы төңкерісті бастаған Ырысханның інісі Түркістандыертіп, Үрімжіден ұшаққа отырып, Шәршен ауданындағы әскери әуежайға түсті де, онан Шақылық тауына жол тартып, Тибет жерінен қайта өткен Құсайын тәйжі, Сабырбай тәйжі, Тұңғышбай үкірдай, Қалақиден үкірдай бастаған елдің ортасына барып, атамекеніне қайту жөнінде үгіт айтып, бірнеше ай тұрып қайтты. Дәлелханның тілін алған елдің бір бөлігі Шинжаңға қайта оралды.

1941 жылы жаз маусымында Дәлелхан Сарысүмбеге қайта оралғанда, Алтай көтерілісшілерінің үкіметпен айқасы қызып жатқан кез болатын. Тамыздың соңына қарай Дәлелхан Жалтыр таста отырған аулына — анасы Әйеңе (Нүрила) амандаса барды. Дәлелханның аулына кеткенінен хабар тапқан Кеңес елшісі Буыршындағы сауда орнымен байланысы бар, халыққа белгілі саудагер Әбдірахман Тоқыловты жіберіп, Дәлелханға Кеңес одағына жасырын өтіп кетуге ұсыныс жасады.

Екінші дүниежүзілік соғысы — Кеңес одағының территориясында жүріп жатқан фашисттердің тебінінен қорыққан Шың шы цай “алты ұлы саясатынан” жалт бұрылып, гоминдаңға ойыса бастады. Осыны сезген Кеңес одағы Алтай халқының көтерілісін қолдауға бекінді. Әрине, көтерілісті қолдау үшін көтеріліске басшылық ететін адамды таңдап алу керек. Міне, осы мақсаттан шығатын адам Дәлелхан болатын.

Дәлелхан Әбдірахманмен жасалған келісім бойынша қыркүйек айының орта шенінде Кеңес одағының Алтай аймағындағы елшілігіне жасырынып, көп өтпей Жеменей шекарасынан жасырын өткізіліп, Алматы қаласында екі жылға жуық тәрбиеленеді.

1944 жылы ақпанда Дәлелхан ашық сахнаға шығып, монғолия арқылы жанына бірнеше Кеңес одағы ақылшыларын ертіп, Шіңгілдегі Оспанға келіп көтерілісті жүргізді. Дәлелхан қызметке араласқаннан кейін Оспан патшаның ауылында моңғолиялық ақылшылардың басқаруымен жиналыс жасап, қайтыс болған бас қолбасшы Сұлубайдың орнына Дәлелхан тағайындалды. Қуанышбай бастаған төрт жүздей адам Моңғолия шекарасынан өтіп, Сарысүмбе, Буыршын аудандарының жайлауындағы елге10, Қаби бастаған алты жүздей адам Қарайты асуы арқылы Қаба жайлауындағы елге барып үгіт-насихат жүргізді. Бүл қызметтің нәтижесінде онсыз да гоминдаңнан қысым көріп отырған ел сел суындай тасқынмен бөгеуді бұзып шықты. Сарысүмбе, Буыршын ауданының бір бөлік елі Ермегейді, Ботамойын, Жағаштай асулары арқылы Моңғолияға асып, Шіңгілге барды. Бір бөлігін күз соңында — Нұрғожай, Қапас, Манат бастаған бес жүздей партизан келіп Сарысүмбе, Көктоғай, Бурылтоғай, Сарытоғай, Қаратүңке бекіністерінің ортасын қақ жарып, Шіңгіл ауданына өткізіп әкетті. Көлеңкесінен қорыққан гоминдаң әскерлері бір де бір жерде оқ шығарып, қарсылық білдіре алмады.

Қаба ауданының халқын Кеңес одағына өткізіп әкетті де, Алтай аймағының (Буыршын ауданының біраз елінен тыс) бүкіл жерін, халқын көтерілісшілер еткізіп алды. Ал қала-қыстақ тұрғындары болған қытайлар мен ұйғырлардың көбі 1941 жылдан бастап ішкі өлкелерге – Үрімжі, Құлжа секілді қалаларға қоныс аударып кеткендіктен, гоминдаң үкіметі мен әскерлері тек аудан орталығындағы жамбылдар мен бекіністерде ғана қалған. Алтай көтерілісшілері Алтай аймағымен ғана шектеліп қалмай, басқа аймақтарға да өз ықпалын өткізе бастады. Қобық ауданынан Зұңғырып келең бастаған 200 түтін көтеріліс жасап шықты. Зұңғырып Шіңгілдегі көтерілісшілер арасында аз уақыт тұрғаннан кейін Оспан мен Дәлелханның Жеменейге жіберген партизандарына қосылып, Жеменей партизандарының Қобық жүздігін құрды. Көтерілісшілер және жүз елуге жуық партизандар Мори, Шонжы, Жемсары аудандарына барып, үгіт айтып, нәтижеде бес жүздей түтін көтеріліс жасап, Бәйтік тауының Алтай жақ бетіне өтіп шықты. Алтай көтерілісі — Тарбағатай, Үрімжі аймақтарында ғана тарап қалмай, солтүстік Шинжаңның бар жеріне ықпал етіп, тұтас Шинжанда дүмпу тудырды.

Сарысүмбе, Буыршын елі Оспанның тікелей басқаруындағы партизандарға барып қосылғанда, Жеменейде 1944-жылы маусымда тұрғын халықтан ұйымдасқан Жеменей партизандары құрылды. Сонымен бірге Жеменей ауданында “Халықтың гоминдаңға қарсы ұйымы” жарыққа шықты.

* * *

Жеменей халқының Шың шы цай үкіметі мен гоминдаң үкіметіне ұйымды қарсылығы 1943 жылы-ақ ашық бейнеленді. 1940 жылдан бастап тұралау күйіне түскен үкімет халықтан алатын алым-салығын еселеп көбейтгі. Ал азық-түлік, тұтыну бұйымдарымен қамдау бірте-бірте жоққа айналды. Заттың жоққа айналуы қымбатшылықты тудырғандықтан, елді кедейлік, жоқшылық басты. Халқының осы ауыр күйін көрген, 1935-1939 жылдардағы тұтқындаудан аман қалған елдің көзі ашық салауатты адамдары Рамазан зәлің бастап, 1943 жылы күзде ақылдасып, Кеңес одағымен астыртын байланыс жасап, сауда-саттық орнатуға, елге белгілі саудагерлер Құрманғали Нұршақұлы мен молда Ислам Исмайыловты жіберді. Олар Кеңес одағымен келіседі. Осыдан кейін Жеменей елі қолындағы малы мен шикізаттарын жасырын жолмен шекарадан өткізіп, қажетіне қарай зат алып сауда жасайды. Бұдан хабар тапқан әрі оны бақылап отырған үкімет елдің бүл қимылынан сескеніп, алдын алуға кірісіп, бастаушыларды тұтқындамақ болғанда -Құрманғали мен молда Ислам шекарадан өтіп қашып кетеді. Оларды қолға түсіре алмай ашуланған аудандық сақшының бастығы жанына бір топ адамын ертіп, халықты ұйымдастырып отырған Рамазан зәлінді ұстау үшін оның Шарықтыдағы ауылын түн жастана барып басып алады.

Сақшы бастығы үйіне кіргенде оянған болып басын көтерген Рамазан дәретке баратындығын айтып, шапанын жамылып, көйлекшең, дамбалшаң далаға шығады. Тәртіп бойынша бәйбішесі де дәрет құманын алып, соңынан ілесе шығады. Қазақтардың бұл әдетін білетін сақшы бастығы іште қалып, сыртта әскерлеріне қарауылдауды тапсырады. Біраз уақыттан кейін Рамазанның кешіккендігінен күмәнданып сыртқа шығады. Дала қараңғы болғанымен адамдардың қарасы анық көрініп, дәрет құман алған бәйбіше үнсіз күтіп тұр, әрменде бір адам әлі дәрет сындырып тұрған секілді. Әр-әр жерде қарауылдаған өз өскерлері де көрінеді. Біраз күткен сақшы бастығы: “Рамазан, тұр енді!”,—деп бұйырады. Бірақ Рамазан үндемейді. Ашуланған сақшы бастығы есік алдындағы әскерге алып кел деп бұйырады. Сақшы жетіп барса — Рамазан жоқ. Қара шапанды жамылып, ақшытты киіп тұрған бір түп ши болып шығады. Қара басқанын сезген сақшы бастығы дереу іздегенімен Рамазанды таба алмай, соңында Рамазанның бала-шағасын, туған-туыстарын қамауға алып, мал-мүлкін мүсәдіралан алады. Қашып шыққан Рамазан зәлің Жеменей мен Қаба аралығындағы құмға бекініп, сол төңіректегі тінтушілер арқылы Жеменей көлеміндегі ел басыларына хат жазып, ел болып жұмылып күш көрсетіп, өзін және бала-шағасын, туған-туыстарын құтқарып қалуды талап етті.

Рамазанның Жеменей халқы үшін істеп жүрген істеріне разы болып отырған ел басылары ақылдасып, ертесі бес жүздей адам (Рамазан ішінде) Жеменей ауданында атпен ереуіл жасап зәбіp көрсетеді. Ереуілшілер атынан Мұстафа зәлің, Тағай зәлің, Зәкүн зәлің, Әбілмәжін сияқтылар аудандық үкімет мансаптыларымен сөйлесіп, Рамазанның істеген ісінің дұрыс екенін, халыққа бұл шәй, киім-кешек керек екенін, тіпті, бұл салаға бұдан былай да жол қоюын, егер Кеңес одағымен саудаға жол қоймаса — гоминдаң үкіметі халықты тұрмыстық тұтыну бұйымдарымен қамдауды талап етеді және Рамазанның отбасына жасаған заңсыздығын мойындауды, адамдарды түгелдей босатып, мал-мүлкін толық қайтаруды айтады. Сондай-ақ бүл іс орындалмаса, халық кегін тоса алмайтындығын ескертеді.

Халықты мұншалық жиналып, ашуланып қыр көрсетер деп ойламаған үкімет дереу ақылдасып, Көктоғай, Шіңгілде болып жатқан көтеріліс және оның тегеурінін ойласа келіп, елді күшпен емес, қулықпен басқаруды ойлап, Рамазанның мал-мүлкін, тұтқындалған адамдарын шығарып беріп, атты ереуілшілерді өрең тоқтатты.

Жеменей ауданындағы 500 адамдық атты ереуілшілері Сарысүмбе мен Үрімжіні дүр сілкіндіріп, бұқара арасында “дүниежүзіндегі тұңғыш атты ереуіл болуы керек” делініп жатса, үкімет пен сақшы мансаптылары “атты бүлікшілер” деп қарап, олардың ұйымдастырушылары мен “бүлікбасыларын” тізімдеп жатты. Ал осы атқа мінген 500 адам айтқанын орындатқанымен, өздерінің “қара тізімге” тіркелгенін де білегін-ді. Сонымен соғыссыз шайқастың толқыны өз арнасымен ағып, сағасына құйды. Рамазан бастаған Жеменей көтерілісшілері өр Алтайдағы көтеріліс орталығына ілгері-кейін Дәуіт Қошайұлы, Бөкен Иманбайұлы, Сатылғандарды жіберіп, жол-жорық сұрады. Көтеріліс басшылары Оспан мен Дәлелхан ақылдаса келіп, Жеменей көтерілісшілеріне іштей дайындық көре беруін, көп өтпей қарулы қосын жіберетінін ұқтырды. Ақыры сарыла күткен бұл күн де жетіп келді. Ор Алтайдың тәжірибелі көтеріліс басшыларынан — Жылқыайдар, Келес, Мұқай, Тескенбай, Балтабай бастаған 250 адам Сауыр жонына келді. Келген партизандарды қарсы ала шыққан Қабыл Ақпайұлы, Зәкихан Әленұлы, Рамазан Молымұлы, Тағай Мәметоллаұлы, Баянды Ыбырайымұлы, Алтынбек Оспанұлы, Жұмағұл Лақұлы, Зәкүн Мергенбайұлы, Әбілмәжін Ақпайұлы сияқты ел беделділерінің басшылығында бүкіл Сауыр елі жиналып, үй тігіп күтіп, хан көтерді.

Партизандар үкімет жағдайын, ел жағдайын ұғысқаннан кейін дереу жиын ашып, Алтай партизандарының бір бөлімі етіп “Жеменей партизандар қосынын” ұйымдастырып, басшылық жорасын бекітіп, Рамазан Молымұлын — бастық, Қабыл, Жұмагұл, Тағай, Мұсайыптерді — орынбасарлыққа тағайындады. Жаңа құрылған Жеменей партизандар қатары тез көбейіп, көлемі Бурылтоғай, Қаба, Қобық аудандарына дейін кеңейді. Қобық ауданынан Зұңғырып келең бастаған Қобық партизандары, Қожахмет бұдын бастаған ұйғыр партизандары, Қырықошақ пен Қобықтан келген орыс партизандары, Бурылтоғай ауданының көл бойындағы елінен Түреке, Әпсадық бастаған Бурылтоғай партизандары, Жапар, Мәуліхан бастаған Қаба партизандары келіп қосылды. “Жеменей партизан қолбасшылық штабын” құрып, оның қызметтеріне Сұлтан Есбосынұлы (мұғалім), Мәупіхан Нұғыманұлы (мұғалім), Ахмет Тиекбаев (малшы), Мақади (малшы), Қамза Есіркегенұлы (мұғалім) тағайындалды.

Бүл партизандар қосыны төрт жүздікке бөлініп, жүздік басшыларына Ахмет Тиекбаев, Талқы Тиекбайұлы, Қожахмет баудын (ұйғыр), Зұнғырып (мошыл) белгіленді. Ұйғыр, монғол жүздіктерінің кем орындары қазақ партизандарымен толықтырылды. Жеменей партизандары Өр Алтай партизандарына ілесіп, Қобық, Қостолағай, Жеменейде бірнеше рет соғысқа қатынасып, жауды жеңіп, қару-жарағын толықтырды. Дұшпанды ініне қорғалатып, енді бір жақтан халықтың амандығын қорғауды көздеп ұстап, Жеменей халқын тұтастай, Қобықтылардан екі жүз үй, Бурылтоғайдың Үліңгір көл жағасын мекендеп жүрген екі жүздей түтінді қосып, Кеңес одағы жеріне өткізіп орналастырды.11

Осыдан кейін Жылқыайдар, Тескенбай бастаған Өр Алтай партизандары Шіңгілге қайта қайтты. Ендігі жерде қызметті Жеменей партизандарының өздері басқаратын болды. Халықты қауіпсіз жерге орналастырған партизандар Жеменейдің Қызыладыр деген жеріне бас штабын орналастырып, күшін топтады. Қыс бойы Жеменей, Қаба, Буыршын, Қобық аудандарындағы гоминдаң әскерлерімен және Буыршындағы Борис бастаған қорғаушы бөлімдерімен арт-артынан соғысып, бір тараптан үгіттеп отырды. Нәтижесінде, Жеменей қаласындағы ұйғыр әскерлері партизандарға қосылды. 1945 жылы Бурылтоғай жамбылына бекінген гоминдаң әскерінен взвод бастығы Момын бастаған қазақ ұйғыр әскері тізе бүкті. “Қарық ошақ” соғысында елу ұйғыр әскері партизаңдарға өтті. Қарықошақ бекінісін мекендеген сексен үйлі орыс бұқарасы да партизандарға ілесіп, жол бастап, барлық үйлерін босатып беріп, үй қабырғаларын тесіп, жау бекінісіне жақындауға жол ашты. Қыс бойы қар жастанып, мұз төсеніп жүріп туған елін азат етуге бел буған партизандар “Айқай, ел” әнін шырқады.

Аттандық Буыршын мен жер Қабаға,

Сиынып Жәнібектей ер бабаға.

Азаттықты алуға ту көтердік.

Атқа мінбей мұндайда ер қала ма?!

Айқай, ел, туған жер.

Туысқандар бірге кел!

Жан туды ма жалғанда Шәріпқандай?!

Қызмет еткен халқына жан аямай.

Мәнкей, Ақыт, Қалелді жөне өлтірді.

Гоминдаңнан сый күтер халық қандай?!

Мекендеген Алтайды абақ елі,

Емес пе еді Шәріпқан ардагері.

Айқара ашқан ғылымның нұрлы есігін,

Надандықтан құтқарған кемеңгері.

Мәнкей, Бұқат Алтайдың сындары еді,

Өлтірді сұм, халықтың сынды белі.

Қи сыпырды, қинаумен сарбаздары,

Қара әкімнің қан ішкіш жендеттері.

Тұлпар мініп, ту алып, тұрдық сапқа,

Ел құтқару міндеті азаматқа.

Ата жауды аластап кек алайық,

Аттан енді, айқай, ел, қарап жатпа!

Айқай, ел, туған жер.

Туысқандар бірге кел!

Гоминдаң қашан, кімге берген пайда?

Пайда берсе, ел бастар ерлер қайда?

Жағаласпай жауыңмен жан қалмайды.

Атой салып, қамал бұз осындайда.

Жеңіске жететіне сенімі кәміл партизандардың бұл ұранын бүкіл ел болып жаттап, көңіліне ұялатып, көгіне шарықтатты. Сонымен Қызыладырдағы Жеменей партизандарының қатары күн санап өсті. Қаба ауданынан Тышан Байсұлтанұлы, Төлеуқан Сақариұлы, Төлеуқан Қайдарұлы сияқты жүзге жуық азаматтар келіп, басқалармен толықтырылып, бір жүздік болып құрылды. 1945 жылдың көктемінде жақсы қаруланған мыңнан астам сарбазы бар қосынға айналды. Қыс бойы Жеменей ауданын қоршап жатқан партизандар, дұшпанның сырттан келетін азық-түлігі мен қару-жарағын тіл кескендей кесіп тастағандықтан, ақыры дәрмені қалмаған гоминдаң әскерлері 21-ақпанда түрмедегі адамдарды тамға бастырып өлтіріп, Буыршын ауданына қарай қашты. Сол күні соққан әйгілі “Ноқай” бораны олардың алдын тосты. Алдынан табиғат соққысы, соңынан партизандардың текпісіне түскен гоминдан әскерлерінің көбі жолда қалып, тамтығы Буыршынға әрең ілікті. Жеменей азат болды.

Жеменей азат болғаннан кейін партизандар наурыздың басында аудан халқын басқаратын Уақытша үкімет құрып, бастығы — Рамазан Молымұлы, іс жүргізушілеріне — Сұлтан Ісбосынұлы, Мәуліхан Нұғыманұлы, Ахмет Тиекбаев, Зұңғырып, Қажиман тағайындалды.

1945 жылы көктем шыға Жеменей халқы ата мекеніне қайта оралып, алаңсыз, бейбіт, азат өмірге есік ашты. Ал, жауды бір жола жоюға бекіген партизандар Сауыр тауынан бірде-бір жауды Алтайға беттетпеді. Сонымен бірге Құрманғали Бұршақұлы, Сұлтан Есбосынұлы бастаған сығайланған үш жүз адамдық қосынды Тарбағатайды азат етуге аттандырды. Олар Алтай партизандарымен бірлесіп, Қырық ошақты алғаннан кейін, нешеден келе жатқан ұлттық армиямен тізе қосып, Дөрбілжін ауданын азат етіп, Тарбағатай аймағының орталығы Шәуешек қаласындағы гоминдаң армиясын тізе бүктірді. Бас алдырмай соққылауға бекіген партизандар Қобықтағы топтасқан жау күшін қойып, ендігі жерде Сарысүмбе, Буыршын, Қаба аудандарының орталығына тығылған жауды жоюға жол алды. Ұлттық армия мен партизандардың Алтайға бет алғандығын Оспан мен Дәлелханға хабарлауға, Алтай партизан қосындағы Әділмен жіберді.

* * *

1944 жылы жаз, күз айларында төменгі торт аудан елін гоминдаңнан тартып алу, орналастыру, мал-жанына кепілдік ету жұмыстары сәтті, жеңісті, нәтижелі жүргізілгеннен кейін, қазан айының ішінде Шіңгілде: Сарысүмбе, Бурылтоғай, Көктоғай, Шіңгіл, Қаба, Жеменей, Буыршын сияқты жеті аудан халқының уәкілдері бас қосқан үлкен жиын ашылып, “Уақытша төңкерістік үкімет” құрды. Үкімет бастығы — Оспан Исламұлы, орынбасары — Дәлелхан Сүгірбаев, жора мүшелері — Латип, Рамазан, Келес, Көксеген, Уатхан, Дәлелхан, Кәмел, Кәріп, молла Ислам, Асхат Мәнкейұлы сияқты он үш адам болды.

“Уақытша төңкерістік үкімет” құрылғаннан кейін, қызмет — жедел, ширақы және сатылы жүргізілді. Гоминдаң үкіметін панасыз қалдырып, әскерін титықтату үшін әскери казармалар орналасқан аудан орталықтарын жеке-жеке қоршап, бір-біріне тіл айқастырмауға және әскери бекіністерін талқандауға әрекет жасады. Үрімжі, Шонжы, Тарбағатайдан келетін түрлі-түсті көмектің жолын кесті.

1945 жылдың қысы қатты бодды. Шіңгіл ауданына қоныс аударған төменгі төрт аудан халқының малы қыс қыстауға сиыспай, қатты жұтаңшылық болса да, “Уақытша төңкерістік үкімет” өз күресін тоқтатпай, бір тараптан халық жұмысын басқарып, енді бір тараптан әскер қосындарын жаңа адамдармен толықтырып, оларды құралдандырды және жаттықтырды. 1945 жылы ақпан айында Көктоғай ауданының орталығына шабуыл жасауға аттанды. Бұдан алдын-ала хабар тапқан дұспан табан тіреп тұра алмай, Көктоғай қалашығын тастай қашты. Жауды өкшелей қуып, бес жүздей адамын жойып, төрт жүздей қару-жарақ олжа алды. Көктоғай соғыссыз алынғаннан кейін партизандардың беделі тағы да артты. Енді едел-жедел Сарытоғай бекінісіне бес жүз адамдық қосын ұйымдастырып шабуылға дайындалды.

Сарытоғай — гоминдаңның Алтайдағы ең үлкен бекінісі жөне қатынас орталығы. Мұнда: “Алатөбе шайқасынан”, “Күмістің құйғанындағы шайқасынан”, Көктоғай ауданы сықылды бірнеше орындардан шегінген әскерлерден, жиыны төрт полктен құралған үш мыңға жуық әскер, қырық-елу автомашина, бес-алты болат қапты машина және бес-алты танк бар еді. Қару-жарағы озық гоминдаң әскерінің күші басым болғанымен көтерілісшілердің мысы басым еді. Көктоғай, Жеменей, Шіңгіл ауданын алған шайқастағы партизандардың тегеуріні арқасына аяздай батып, қынадай қырылған қырғыннан қашып, әр жерден жиналған гоминдаң әскері мен офицерлерінің рух күйі өте төмен еді. Олар қай күні, қай жағынан келетін ажалды күтумен ғана әуре болатын. Сондықтан, партизандар шабуыл жасамай-ақ жау 7-наурызда бекіністі тастап, Гучыңға қарай қашты.

Сарытоғай қамалынан жаудың шегінгенінен хабар алған көтерілісшілердің қолбасшылық штабы бес жүз адаммен шабуыл жасау жоспарын өзгертіп, екі жүз адамдық шағын қосын аттандырды. Бұлар шегінген әскерлерді екі бүйірден де, алды-артынан да соққылап, ес-ақылын алды. Ақыры дөңгелегі мен моторына оқ тиген автомашиналардың барлығы дерлік жолда қалды. Ал танк пен болат қапты машиналар алғашқы күні-ақ, құм жолында өз-өзінен істен шықты. Оларға оқ шығарған да жан болмады. Сонымен жол бойында аштық пен шөлден қырылып, көктемгі қалың қардан көзі қарлығып, әр жерде ұйлығып-ұйлығып өлген екі мыңдай өлекселерін қалдырып, Гучыңға тек сегіз жүз түйені көлік еткен мыңға жуық адамы ғана жетті.

Сарытоғайдағы жеңіліс гоминдан армиясы ішінде үлкен ұрыс тудырып, әскерлерінің көңілін үрей басты. Бурылтоғайдағы бір полк әскер мен қызметшілер де 14- мамыр күні аудан орталығын тастап, бір түнде қашып, Сарысүмбе қалашығына кірді. Бурылтоғай азат болды. Сөйтіп, осы жылдың маусым айына дейін Алтай аймағының Шіңгіл, Жеменей, Көктоғай, Бурылтоғай сияқты төрт ауданы азат болды. Шілдеде Алтай партизандарының қолбасшысы Дәлелхан Сүгірбаев Әділ арқылы ұлттық армияның Қобықты алып, Алтайға қарай бет алғанынынан хабар тапқаннан кейін, өзі бастап Сарысүмбе, Буыршын, Қаба аудандарының қалашығын жаудан шұғыл азат етуге қайта аттанды.

1945 жылы тамыздың соңында ұлттық армияның Кеңсай полкі мен Жеменей партизандары тізе қосып Үшқара, Кексін тауынан асып, Ертіс бойына түсіп, Буыршын ауданын алуды жоспарлады. Алдымен, бір топ партизанды қаланың жоғары жағынан — Ертіс өзенінен жасырын өткізіп, Шегетай қабағын алып, Сарысүмбенің жолын кесті. Екінші рет Тышан, Тілеухан бастаған партизандар Буыршын өзенінің Ертіске құйғанынан төмен ат салып етіп, Буыршын паромын иелеумен бірге, Шұңқырдан келетін орыс әскерінің жолын кесті. Үшінші рет, Буыршын қалашығына қайықпен Талқы Тағайұлы бастаған қырық адамды еткізіп, олар Әбдірахман Тоқыловтың қорасына жасырынды.12

Сарсүмбе жақтан әскер келмегендіктен Шегетай қабағы жақтан айқас болмады. Ал, Буыршынның ар жақ жағасына өткен Тышан бастаған партизандар Буыршын өзеніне келгенде паромның шығыс жақта тұрғанын көреді. Енді паромды кию міндетін орындау үшін паром ұстаған екі қазақ жігіттерінің әйелдерін ертіп әкеліп, солар арқылы шақыртады. Әйелдер арғы жағадағы ерлеріне: “Қаба ауданынан адамдар келді. Тез өткізіп алыңдар”, —деп дабыстады. Паромды айдаған жігіттер бергі жағаға өткен соң партизандар паромды қиып жіберіп, паром ұстаған жігіттерден жәй-жәй ұғысады. Олар ертең Шұңқырдан орыс әскерлері азық-түлік әкелетінін айтады. Ертесі айтқанындай, он шақты орыс солдаты он бес өгізбен үн артып жетіп келгенде, партизандар оқпен қарсы алады. Орыстардың бірнешеуі өліп, қалғаны қашып жоғалады. Он бес өгізбен екі лаушыны ұстап алып, ендігі жерде бұйрық бойынша өзеннің Буыршын жағына өтіп, қаланы батыс жақтан қоршайды.

Партизандар орналасып болғаннан кейін Кеңсай полкі соғысты бастайды. Соғыс бір сөткеге жетпей тоқтап, гоминдаң әскерлері құрал тапсырды. 1-қыркүйекте Буыршын азат болды. Дәл сол күні Жеменей партизандары мен ұлттық армияның және Өрдебай Баянбайұлы бастаған Өр Алтай партизандарының бір бөлімі бірігіп, Қаба ауданын алуға аттанды. Қаба ауданындағы гоминдаң күштері төтеп бере алмайтынына көздері жетіп, 7-қыркүйекте Шұңқырды басып, Сарысүмбеге қашты. Қаба ауданын азат еткен партизандар мен ұлттық армия қосындары қашқан әскерді өкшелей қуып, Шұңқыр бойына түсіп, ол жердегі Борис бастаған орыс қорғаушы бөлімін бағындырып, ертесі гоминдаң әскерін қуалап, Сарысүмбеге бет алды.

* * *

Алтай аймағының орталығы Сарысүмбе — үш таудың ортасына орналасқан әйгілі тау қаласы. Қала ортасын асау ағынды Қыран өзені жарып ағып, тасыған кезде оңай-оспақ өткел бермейді. 1940 жылдары осы өзеннің үстіне салынған бір ғана көпір бар-ды. Сарысүмбе аталған бұл қалашықтың қанды тарихы аз емес. Алтайға таласқан алыптар Сарысүмбеге таласады. Алтайдың алтынына таласқан ашкөздер де Сарысүмбеге таласады. Абырой-атаққа таласқан астамдар да Сарысүмбеге таласады. Сол таластар Алтай халқын қан жілік еткен аласапыран тауқымет әкеліп, талай-талай баланы ата-анасынан, ата-ананы ел жұртынан айырды. Талай-талай тәнді жанынан, денені бастан айырды.

Сарысүмбе — “қанды қала”. Осы кішкене қалашық 1945 жылға дейінгі алпыс жылға жуық қанды тарихты басынан кешірді. Сонау 1880 жылдың соңында “Асылбектің басын алу” ісі осы “Сарысүмбе” бұтханасында жоспарланып еді. Сол кезде Алтай тауында бірден-бір ысқырып тұрған ордалы жылан Іле генералы жағынан орналастырылған билеуші Шаған Кеген өз қолымен Асылбектің басын алып, Алтайдың теріскейін қанға бояп, қазақ баласын түршіктірді. Онан кейін 1920 жылы “Қылаңның басын алу” ісі де осы Сарысүмбеде жоспарланып, Алтай аймағының билеушісі Жу Ушуе дауиңның бұйыруымен Алтайдың арғы бетінде басы алынып, қазіргі дөң базардың (Сарысүмбе қаласының солтүстігі) шығыс жақ дарбазасына ілінді. 1928 жылы “Зуқа қажының басын алу” ісі де осы Сарысүмбеде жоспарланып, дауиңның тікелей басқаруымен, Ма дарынның қолымен Бурылтоғай жерінде (Зуқаның бітеуінде) басы кесіліп, Сарысүмбедегі “Қара көпірдің” түстік оң жақ босағасына ілінді. 1929 жылы “Жантайлақтың басын алу” ісі де осы арада бекітіліп, тағы да Ма дарынның қолымен ата мекені Үшкөлде басы денесінен бөлінді. Осы төрт бастың алынуы кезінде қаншама халық зардап шекті, қаншама қазақ жер құшты.

Ол — ол ма? 1921 жылы Ресейдегі “ақ пен қызыл” соғысында қызылдардан жеңілген ақ армиясының генералы Бәкіш (Вакш) бастаған қашқын әскерлер Алтайды басып алып, Сарысүмбені иемденіп, қан шашьш, ойран салды. Бас бұзарлық істеді. Ал осы шетел шапқыншы армиясына кім тізе бүкті, кім қарсы тұрды? Қойды көргенде қоқаңдап, жолбарыстың айбарынан қорқатын Яң Зың лшннің сілікпе үкіметі мен арламта әскері Тарбағатай шекарасынан тұс-тұсынан ақ патша армиясы өтіп, Алтайға бет алыпты дегенді естігенде, Алтайды ақ орыстарға қалдырып, тайып тұрды. Алтай уәлиі Жоу Ушуе өлтіргенде, туған жерге туған халқы ғана жанашырлық істеді. Ақ армиясын еркіне жібермей тізгіндеді.

Жерлік үкіметті басына кірген ақ армиясы Алтайдағы әрекеті қашып кеткен үкіметтің мал-мүлкін иеленіп, үйленіп бірі кеткен қытай, ұйғыр, дүңген саудагерлерінің шын мүсәдіралаудап бастап, соңында жерлік халықты баса көктеп билік жүргізіп, алман-салық алуға кірісті. Халық бұлтарып тұрды. Зуқа батыр ақ генералы Бәкіштің жіберген адамына: “Бурылтоғай, Көктоғай, Шіңгіл — менің жерім. Ел — менікі, жер — менікі. Біздің халқымыз ақ патшаға қарамайды. Патшаның қашқын армиясын үкімет екен деп танымаймыз. Билігіңді өз елінде жүргіз. Мен сендерге —өз ел, өз жерімді аралата алмаймын да, бір бас мал бере де алмаймын. Соғысамын десең дайынмын, ал соғыспасаң тез жөніңе түс”, — деп қайтарды.

Сарысүмбені бауырына басқан Бәкіш өр жерге алман алуға адам жібергенімен, жергілікті халықтың қолдауына ие бола алмады. Алтайдың теріскейіндегі Қобда елі барған әскерлердің қару-жарағын тартып алып, өздерін құр қайтарды. Алғашында Алтайда тиянақ тауып, артынан тап беруді ойлаған орыс генералы бүл жерден тиянақ таба алмады. Халық қарсы тұрды. Төтеп берді. Жерін бастырмады. Бұйрығын қабылдамады. Заттық көмек бермеді. Ақырында халықтан қағажу көрген ақ армиясы Алтайдың жоғарғы ауданына өрлей алмай, төменгі аудандардан тиянақ таба алмай, моңғолия жеріне асып кетуге мәжбүр болды.

“Ақ орыс жылынан” он бір жыл кейін, 1932 жылы ислам дінін жамылып еткен Ма Жүңиңның бір бөлім әскерін басқарған Ма Хыиң Алтайға шабуыл жасап кіріп, Сарысүмбенің баурын басып жатып, ұлттық өшпенділікті қоздыру арқылы өз мақсатына жетпекші болды. Бұл кезде билік басында отырған уәли Алтай қазақтарын желкесінен бауыздады. Сарысүмбе қалашығынан қан ағып, Қыран өзеніне құйылды. Сөйтіп жүріп ақыры дүңгендермен атысуға жарамай, Алтайды тастап қашты. Алтайды жеке иелемекші болған Ма Жұңиң әскерлерін, Алтай халқының күрескер, көреген қолбасшысы Шәріпхан Көгедаев бастаған Бұқат, Өміртай, Қалел секілді ел басылары тізе қоса отырып, жергілікті халықтың жан қиярлық күшімен қуып салды.

Сөйтіп, Алтайдың жергілікті халқы ғана ала тулы орысты, ақ тулы дүңгенді де қанды бодау бере отырып, ата мекеннен тазартты. Жеңіс тапты. Ата мекеніне адалдық етті, қорғады. Міне, осы дүңгеннен қалған орынға, аузына бар жақсылықты көтеріп келген, келгеннен кейін халықты қойдай көгендеп қырған сары ала тулы Шың шы цай, бүкіл Шинжаң халқына бар бақытты өзі әкелген болып, Алтай халқының қан бодау берген еңбегін жеті басты жалмауыздай жұтып, оның есесіне халық азаматтарын “отанға опасыз, жапон имперализіміне тізе бүгушілер, сатқындар” — деп қарап, топ-тобымен топырлатып түрмеге тықты. Енді міне Шың шы цайді жамандап келген көк ала тулы гоминдаң — алдыңғылардың бәрінен де асқынып, Алтай топырағына қылышын жалаңаш ұстап кірді. Осы астамшылықтың бәрін көрген үш таудың ортасында тұрған Сарысүмбе қарт тарихтың куәгері болып, қаралы күнін бастан кешіріп келеді. Солтүстікте — Үсігенді бұлт ораса, Сарысүмбені — тұман басады. Шығыста – Жияң жүн (генерал) қызылды бұлт ораса, Сарысүмбеде – құйын көтеріледі. Батыста — Балқанақты бұлт ораса, Алтайда “ит жеккеннің” үскірігі жүреді.

Тарих бойы тағдыры кермал қаланың алда таңы атқалы келеді. 1945 жылы тамызда Алтай партизандары гоминдаң әскерлерін тықсыра-тықсыра Сарысүмбе қаласына әкеліп тықты. Қушаны шығыс және оңтүстік жағынан қоршауға алып, бас көтере алмастай етті. Алтай аймағындағы үкіметі мен әскерінің осындай күйде қалғанын білетін гоминдаңның Үрімжідегі үкіметі мұнан кейінгі істерінің жоспарын құрып, Алтайды сақтап тұра алмайтынына көзі жетіп, өз қолындағы Алтайдың білікті адамдарынан Әлен уаң, Жанымхан және Нұрғожай сияқты адамдарды арнаулы ұшақпен Үрімжіге әкелді. Дәл осы орайда Шәмши Мәмиұлы мен Дәлелхан Өлеңұлын машинамен Үрімжіге жолға салды. Олар жол-жөнекей Тарбағатай аймағының Дөрбілжін ауданында13 түнеп жатқанда, ауданды азат еткен Алтай партизандары мен “Үш аймақ” әскерінің қолына түседі.

Бұларды сол ұстағаннан Алтайға қарай алып жүрген көтерілісшілер Қобық ауданын азат еткеннен кейін, Шәмши Мәмиұлын Сарысүмбедегі гоминдаң үкіметіне елшілікке жіберіп: “Қарсыласпай тізе бүгуін; қала тұрғындарының өміріне, мал-мүлкіне зиян салмауын; үкімет қазынасының ойрандалмауын, өрт қойып, талан-тараж етпеуін ұқтырды”. Шәмши бұл хатты Гау Бэиүйге қол екі табыс етумен бірге, Алтайдағы ұлттық басшылардан Мұқаш Жәкеұлы, Әйтікен Аманжолұлы, тағы басқаларға құпия хат та әкеледі. Бұларға жазылған хатта: “Алтай сөзсіз азат болады. Гоминдаңмен ілесіп қашпау керек. Сарысүмбе қаласын қорғау керек. “Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң”, қатесін таныған адамның өткен істері сұрастырылмайды”, — делінген. 4-қыркүйекте генерал губернатор Гау Бэи иүй, двизия командиры Уан Ли үн шұғыл әскери жиын ашып, қаладан шегінетіндігін жариялады. Жиында атты әскер полкінің командиры Дәй Күйми мен сақшы бастығының: “Қала халқын қырып, қалаға өрт қойып, соңынан құм жолы арқылы Үрімжіге қашу керек” — деген жоспарын тура таппай: “Қаланы өртеуге, халықты қырғындауға болмайды. Себебі, қарсы жақтың өшпенділігі артады. Бәлкім қолға түскенімізді де тұздай құртады. Біз қашып Үрімжіге жете алмаймыз. Жақын жерден сыртқы Моңғолияға асып, баспана сұрауымыз керек” — деп қаулы алады. 5-қыркүйек күні түнде қала халқының амандығын сақтауға Манаттың екі жүздің үстіндегі қазақ әскерін қалдырып, гоминдаң үкіметінің адамдары мен әскерлері, олардың бала-шағалары болып төрт мыңдай адам Өрмегейті асуы арқылы сыртқы Моңғолияға аса қашты. Қаланы және қала халқын ойраншылыққа ұшыратпай, қаладан ең соңында аттанған Манаттың адамдары жақын тауға паналап тұрьш, 6-қыркүйекге қалаға кірген көтерілісшілерге тізе бүгетіндігін мәлімдеп, Мұқаш Жәкеұлы, Әйтікен Аманжолұлы бастап қайтып келді.

Қалаға кірген партизандардың қолбасшысы Дәлелхан Сүгірбаев аттанып кеткеніне жарым сөтке болған гоминдаң әрмиясын тіл құтқармай қолға түсірудің шұғыл шарасын қолданып, Әбдірасұл бастаған отыздай адамды төте жол арқылы Монғолия шекарасына аттандырады да, өзі бастап бірнеше жүз партизандармен жаудың қыр соңынан түсті. Нәтижеде Әбдірасұл бастаған партизандар асуды дұспаннан бұрын иелеп, дұспанның асудан асуына жол бермеді. Соңынан қуып жеткен партизандар қолбасшысы Дәлелхан Сүгірбаев оларға түгелдей тізе бүгуге насихат етті.

Өздерінің бастарынан асқан құнды қылмысынан қорыққан полк командиры Дәй Күй ми мен сақшы бастығы екі жүздей атты әскер, құрал тапсыруға мойынсал болмай, Қандығаты арқылы қайта қашып, Бурылтоғайды басып, Дагуай-Шяугуайға түсіп, Үрімжіге қашып кетті де, қалған гоминдаңның Алтайды (Сарысүмбені) паналаған әскерлері мен офицерлері, олардың үй ішіндегілері партизандарға тізе бүгіп, құрал тапсырды. 1939 жылдың желтоқсан айының соңында белең берген “Үш аймақ” төңкерісінің алты жылға созылған азаттық соғысы жеңіске жетті. Бүкіл Алтай аймағы азат болды.

Соңы

 

Теги: ,

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*