Білім

Əбдіуақап ҚАРА: ОСПАН БАТЫР ТУРАЛЫ ҒЫЛЫМИ ЗЕРТТЕУЛЕР ЖƏНЕ ШЕТЕЛ ҒАЛЫМДАРЫНЫҢ ПІКІРЛЕРІ

ОСПАН БАТЫР ИСЛАМҰЛЫНЫҢТУҒАНЫНА 110 ЖЫЛ («Азаттықтың өшпес рухы» атты халықаралық ғылыми-тəжірибелік конференциясында жасалған баяндама)

Оспан батыр жəне Іле көтерілісі жайында зерттеулер мен ма- териалдар шетелдерде айтарлықтай баршылық. Оларсыз Оспан батыр мен оның күресін толық танып білу мүмкін емес. Ол ту- ралы шетел ғалымдарының маңызды зерттеулерін атап өтпес бұрын, шетелдерде Оспан батырға қатысты дерек материалдар- дан қысқаша сөз қозғап өткен жөн.

Бұл материалдардың бастысы Қытай Халық Республикасын- да болғанымен, 1949 жылы Кытай Компартиясы Шыңжандағы билікті қолға алған уақытта Гоминдаңның көптеген əскери жəне саяси қызметкерлері Тайванға қашқанда өздерімен бірге Шыңжан үкіметінің мұрағаттағы көптеген құжаттарын да ала кетті. Қазір бұлар Тайван мемлекеттік мұрағатының негізі бо- лып есептелуде.

Осы материалдар негізінде тайвандық ғалымдар көптеген зерттеу еңбектер жариялаған. Олардың ішіндегі ең танымал болғаны Жаң Дажұнның қытай тіліндегі 1980 жылы 12 томдық еңбегінің соңғы екі томы 1940 жылдардағы Шыңжанның сая- си, шаруашылық, əскери, мəдени жəне ұлтаралық қатынастарға арналған.

Екіншіден Шыңжандағы 1943-1949 жылдардағы уақиғаларға қатысты ағылшын жəне американ дипломатиялық қағаздары осы орайда маңызды деректер болып табылады. Ағылшын дипломатиялық құжаттары Лондонда Үндістан Бюросы мен Халықтық Тіркеу Бюросында1, ал американ құжаттары Ва- шингтонда Сыртқы істер министрлігі мұрағатында сақтаулы2 . Батыстық елдерде уақиғалардан кейін арадан 30 жылдық мезгіл өткеннен соң мемлекеттік құжаттар зерттеулерге ашы- лады. Сондықтан бүгінгі таңда АҚШ пен Ұлы Британиядағы оқиғаларға қатысты аталған материалдарды көруге болады.

Енді шетелдегі зерттеулерге келер болсақ, Оспан батырға ең алғашқы қызығушылық ағылшын жəне америкалық ғалымдар арасында болды. Өйткені Оспан батыр көтерілісінің соңғы жылдары халықаралық көлемде таныла бастаған еді. Əсіресе 1947 жылғы Бəйтік Боғда уақиғасынан кейін Қытайдағы аме- рикан жəне ағылшын дипломатиялық баяндамаларында оның аты атала бастады. Үш Аймақшылардан ат құйрығын кесіскен Оспан батыр 1946 жылы көкек айында Бəйтікке барып орнала- сты. Осы жерде Монғол əскерлерімен шайқасты. Бұл шайқастар да кейде табысты, кейде табыссыз болды. Бірақ бұл жағдай Монғолия мен Кеңес одағының мазасын алды. 1947 жылы 5 маусымда Кеңес одағының қолдауында 4-5 аэроплан жəне 500 əскер Оспанға шабуыл жасады. Қытай бұған ресми түрде наразылық білдірді. Бұл мəселе халықаралық дауға айналды.

Осы уақиғадан бастап шетелдердің назарының Оспан батырға ауа бастағанын көреміз. «Чикаго Дейли Ньюстің» тілшісі Доак Барнетт сол оқиғадан кейін Оспан батырды тау- ып кездескен. Ол 1947-1949 жылдары арасында Қытайда көріп білгендерін «Коммунистік төңкерістің қарсаңында Қытай» атты жəне 1963 жылы жарық көрген кітабында3 əнгімелейді. Барнетт Тянь-Шань тауындағы бекіністе Оспан батырмен кездескенін айта келіп оның аса тартымды көрнекті тұлға екенін, адам айт- са сенгісіз үлкен ерліктер істегенін көрсетеді. Соңғы он жыл- да Шыңжандағы күресті күрделілендіріп жіберген барлық маңызды топтардың жағында оның соғысқанын айтады

Сол кезде Тянь-Шань тауларының оңтүстігінде Читай де- ген жерде тұрған Оспан батыр Барнеттке қасында 4000 үй жəне 15000 қазақ бар екенін айтқан. Оның бірге қолбасшы Қапас ба- тыр, Нұрға, Ласихан жəне Орынхан сияқты əскери басшылар болған5.

Барнетт Оспан батырдың 1940 жылдан бері жүргізген күрестері туралы айта келіп оның жеке тұлғасын былай деп суреттейді: «Зор денелі үлкен адам, үлкен саусақтары жəне өте күшті его- сы бар. 49 жаста, бірақ аса зор энергиясы бар. Салқын шегір көзі, қалың ерні сондай-ақ, қара сақалымен дастандардағы батырлар сияқты көрінді. Жəне ол менің есіме ғасырлар бұрын Еуразия құрылығында үрей туғызған ғұн жауынгерлерін салды»

Сол жылдары Оспан батырмен кездескен тағы бір журналист Ян Моррисон. Оның бұл туралы мақаласы 1949 жылы «Journal of the Royal Central Asia» атты жұрналда “Шыңжан қазақтары” деген атпен жарық көрді. Онда Оспан батыр өзінің күресі жəне Үш Аймақшылардан неге бөлініп кеткенін əңгімелейді

Оспан Батыр шəйіт етілгеннен кейін ол туралы мəліметтер Түркияға қоныс аударған қазақтар арқылы əлемге тарай ба- стайды. Мұнда сол қазақтардың əсіресе, Үрімжідегі американ консулы Даглс Маккирнан мен жолдастарын Оспан батырдың нұсқауымен Тибет шекарасына дейін өткізіп жіберуі маңызды рөл ойнаған болуы керек. Өйткені бұл қазақтар 1951 жылы Үндістан шекарасынан өтіп, Кəшмірге барғаннан кейін Мил- тон Кларк деген журналист барып сұхбат алады. Олардың суреттері мен бірге 1954 жылы «National Geogphrapic Magazin» атты журналда “Қазақтар еркіндікке қалай шықты?” деген ат- пен жариялайды.

Бұл журналдың мақаласынан кейін бірқатар зерттеушілер түркиялық қазақтардың тарихына үңіле бастайды. Бұлардың ең маңыздысы Годфрей Лайас атты ағылшын дипломаты жəне журналисті. Ол “Kazakh Exodus” яғни «Қазақтардың босуы» деген атпен 1956 жылы Лондонда басылып шықты.

Кітапта Оспан батыр туралы жан-жақты мəлімет беріледі. Бұл кітапты Оспан батыр туралы көлемді мəлімет берген алғашқы еңбек деп айтуға болады. Онда сонымен қатар, түркиялық көш жетекшілері Қалибек əкім, Хамза Шөмішбайұлы, Сұлтан Шəріп Тəйжі, Құсайын Тəйжі туралы көптеген мəліметтер келтіріледі. Годфрей Оспан батырдың есімін алғаш рет осындағы қазақтардан естіп білгенін айтады. Ол Оспан батырдың Түркияның Қайсар қаласына орналасқан Құсайын Тəйжі ау- лына барғанда ақын Қарамолла Сейітханұлының əңгімелеп бергенін мəлімдейді. Қарамолланың осы кездесуден алдын- да ғана Оспан батыр жайында бір дастан жазып шыққанын атап өтеді. Осы дастанды магнитофонға да жазып алған автор Оспан батыр өлгелі жаңа ғана бес жыл толса да ол туралы аңыз- əңгіме шежірелердің бұл қазақтар арасында айтыла бастағанын келтіреді.

1987 жылы Түркияның Ыстамбұл қаласында қайтыс болған Қарамолланың отбасына хабарласып, осы дастанды сұрадық. Өкінішке орай, Қарамолланың үлкен ұлы Сұлтан ол кітаптың болғанын, бірақ 1990 жылы Баркөлден келген нағашысы Ма- нат Көңбайұлының қадала сұрап, оны кітап қып Шыңжанда шығаратынын айтып алып кеткенін жеткізді. Негізінде қазақтардың Шыңжаннан Түркияға көшін өлең түрінде баяндаған бұл кітап 2001 жылы «Мұра» журналының 4-ші санында басылып шыққан. Бірақ сол басылымда аталған дастанның Оспан батыр туралы зерттеулерге қойған қытайдың тиым шектері салдарынан қаншалықты толық орын алғаны беймəлім.

Годфрей 1956 жылы басылып шыққан еңбегінде Оспан батырдың балалық шағынан тұтқынға түскен 1951 ақпан айына дейінгі өмірі мен күресін жан жақты баяндайды. Əрине кітап ол кездің, яғни бұдан 50 жылдан аса уақыт алдыңғы мəліметтері тұрғысынан алып қарағанда құнды кітап. Ал бұгінгі мəліметтер тұрғысынан онда бір қатар кемшіліктер мен қателіктердің болғаны байқалады. Мəселен автор, Оспан батырды жастайынан соғыс өнері мен тактикасына Бөке батырдың баулығанын келтіреді. Бұл кітап 1960 жылдары түрік тіліне аударылып басылады. Осыдан болса керек түрік зерттеушілеріне Оспан батырдың соғыс өнерін Бөке батыр- дан үйренгені жайында ұғым қалыптасқан. Біздіңше бұл мүмкін емес, өйткені Бөке батыр Тибетте 1903 жылы ыстан қайтыс болғанда Оспан батыр небары төрт-ақ жаста еді. Бұл жастағы баланың соғыс өнерін үйрене алмасы анық. Сондықтан қазақ тілін білмейтін автор Бөке батыр мен Зуқа батырды шатастырған болуы керек. Өйткені екі есім айтылу тұрғысынан ұқсас келеді. Екі ба- тыр арасындағы байланыстарды қарастырғанымызда, ойымыздың негізсіз емес екенін байқадық.

Қолда бар мəліметтер Оспан батырды соғысқа үйреткен, немесе батырлық тұлғасына елігіп өскен көтерілісшінің Зуқа батыр болуының əбден ықтимал екенін көрсетеді. Өйткені олар 1930 жылы қытайлар айлакерлікпен қолға түсіріп өлтірген Зуқа батыр мен Оспан батыр арасында байланыс болғанын айғақтайды. Бай-манаптар мен өктем əкімдерден алып, кедейлер мен жетім-жесірлерге үлестіріп берген, сондықтан қазақтың Робин Гуды деп атауға болатын Зуқа батырдың жас кезінен Оспанның тегін жігіт емес, кейін үлкен батыр болатынын болжағаны жөнінде де деректер баршылық. Сонымен бірге Зуқа батыр Оспан батыр ауылымен құдандалы болып келеді. Зуқа батыр ауылы Оспан батырдың руы молқыдан бес келін түсірген. Тіпті біреуі, атап айтқанда төртінші ұлы жəне бүгіндері Алматы облысының Райымбек ауылында тұратын Арыстан Тосын ағамыздың əкесі Шəдетке құда түскен келіні Салиха Оспан батырға немерелес болып келеді. Сондықтан Оспан батыр Салиха апайына барып-келіп Зуқа ауылымен араласып жүреді екен. Əсіресе, Оспанды бал- дызым деп əзілдесіп күресіп жүреді екен Шəдет.

Бір күні Зуқа батыр Көктоғай Күреде тары дорбалап жатқанда жас Оспанды көреді. Оның мықтылығын ұлы Шəдеттен естіп жүрген Зуқа батыр оны сынау мақсатында бір дорба тарыны арқасына салуды сұрайды. Сонда 100 кг тары- ны Оспан батыр көтерген екен. Мұны көрген Зуқа бұл жігіт тегін емес, кейін үлкен батыр болады деген. Осыдан кейін арада бірнеше жыл өткеннен кейін Зуқаның жігіттері Оспан ауылының жылқыларын алып кетеді. Оспан арттарынан қуып- жетіп, Зуқанын үш-төрт жігітін жығып жылқыларды алып қалады. Мұны естіген Зуқа батыр бұрынғы айтқан сөзін еске алып «Мен сіздерге баяғыда айтқан едім, бұл мықты жігіт бола- ды деп. Оны шақырыңдар» деп шақыртып шай береді. Шайдан соң Оспанға батасын берген Зуқа ауыл адамдарына «Бұл жігітті құрметтеп жүріңдер» депті. Зуқа 1930 жылы ұсталып өлтірілгеннен кейін Сұлтаншəріп бастаған Зуқа ұрпақтары Шанхай жаққа кетіп қалады. Ара- да он бес жылдай уақыт өткеннен кейін, атап айтқанда 1946 жылы Оспан батыр Алтайға уəли болғанда оларға хат жіберіп «Қайтыңдар ел тынышталды» деп Алтайға шақырады. Сұлтаншəріп хабарды алады, бірақ өздерін шақырған Оспанның қай Оспан екенін білмейді. Сонда жездесі Шəдет «Бұл тақ менің балдызым Оспан болу керек» деп қасына үш жігіт ертіп Алтайға аттанады. Бұлар Оспан ауылына жақындағанда, Оспан бір төбеде отыр екен. Алыстан үш- төрт атты кісінің қарасы көрінгенде «Алдында келе жатқан Зуқаның төртінші ұлы Шəдет болуы керек» дейді. Адам жақындағанда расында алдағы кісі Шəдет болып шығады. Сонда қасындағылар «Оның Шəдет екенін сонау алыстан қайтып біліп қойдыңыз?» деп сұрағанда Оспан: «Өйткені ол менің жақын жездем, атқа мінгенде бір аяғын алдына салып отырады» деген. Сөйтіп 15 жылдан кейін жездесін қарасынан танып қойған екен. Оспан оларға бес атар мылтық, ат беріп еліне қайтарады.

Оспан батыр мен Зуқа батыр арасында осындай етене жақын байланыстар болуы бізге қазақ көтерілістерінің жалғастылығы мен сабақтастылығы турасында пікір береді. 1986 жылы шетелде жарық көрген жəне Ендру Форбестің қаламынан шыққан маңызды бір енбек «Кытай Орталық Азиясындағы Сардарлар жəне Мұсылмандар: Республикашыл Шыңжанның саяси тарихы 1911-1949» деп аталады. Форбестің пікірінше Кеңес одағы Оспан батырға қолдау көрсету арқылы көп жылдан бері өзінің ықпалы астында болып келген Іле, Шəуешек жəне Алтайды қайта бақылауға алды. Өйткені аталған аймақта орасан зор жер асты байлықтары бар еді. Бұл тек мұнай, вольфрам, қалайы ғана емес, сонымен қатар 1945 жылы тамыз айында Хиросима мен Нагасакиге тасталған атом бом- басынан кейін стратегиялық маңызға ие болған уран кендері еді10. Форбес Оспан батырдың бастапқыда қытайлардың қазақ ауылдарына жасаған езгісіне жəне орталықтың саяси озбырлық əрекетіне қарсы шыққанын, кейін саяси сипат алғанын айта- ды11. Форбес Оспан батырдың Үш Аймақ үкіметінен бөлініп кетуін Кеңестік жəне Кеңеске бейім бұлақтардың мəнсіз уақиға ретінде көрсетуге тырысуының дұрыс емес екендігін көрсетуде. Оның айтуынша, шындығында ол үкімет үшін орны толмас үлкен олқылық болды. Негізінде, – дейді Форбес жаңа билік орнатылып, Үш Аймақта құрылып жатқан Кеңестік Халықшыл демократиялық басқаруда Оспан батыр сынды ер тұлғаларға орын жоқ еді.

1990 жылы маңызды бір зерттеу Линда Бенсонның «Іле көтерілісі: Шыңжандағы қытай əкімшілігіне қарсы мұсылмандық қарсылық 1944-1949» деп аталады. Осы автор мұның алдында атап айтқанда, 1988 жылы «Қытай қазақтары. Бір этникалық азшылық туралы зерттеулер» атты еңбекте «Оспан батыр қазақтардың алтын аңызы» деген тарауын жазып шыққан.

Бенсон Оспан батырдың дəстүрлі қазақ қоғамын сақтау үшін қарулы көтеріліске барғанын мына сөздермен ортаға са- лады: Шыңжанда 1940 жылдары 5 пайыз болған қытайлардың үстемдігін орнатуға күш жұмсаған Шың Шысай қазақтың дəстүрлі қоғамына қауіп төндіріп отырды. Осыған қарсылық көрсету қазақ батырларының еншісінде еді. Олар қытайдың алым салықтарына, қазақтардың мол өрістерін тарылтып ала- стату шараларына қарсы қарулы күш ұйымдастырып оған жетекшілік жасады. Мұндайларға бандит деп ат-айдар тағу қытай губернаторларының «бандиттерді ауыздықтап жатыр- мыз» деген іс-шараларының бір бөлігі еді14. Бенсон Оспан батырдың кейіннен миф пен аңызға айналған тұлғасы туралы қарама қарсы пікірлердің қалыптасқанын келтіреді. Оның айтуынша Оспан батырдың 1940 жылдардағы іс-қимылдары 1985 жылдары Қытайда сыналып жатса, Қытайдың сыртындағы қазақтар арасында ол бір қазақ батыры ретінде мадақталып жатты15. Бенсон Оспан батырдың Үш Аймақшылдардан айырылу себебіне тоқталып, «коалициялық үкімет дəуірінде Оспан батыр Шығыс Түркістан үкіметінің Кеңес одағының қуыршағы екені жөніндегі қорытындыға келді. Сөйтіп ол Үш Аймақ үкіметіне қарсы Қытай үкіметінің жағына шығып кетті», – дейді.

Бенсон Оспан батыр туралы зерттеуінің соңында мына- дай қорытындыға келеді: Оспан əрқашан əкімшілік билікке, ол мейлі қытай, мейлі орыс болсын, қарсы тұрды. Ол қазақтардың дəстүрлі қоғамдық өміріне қауіп төндіргеніне сенген күштерге қарсы өзінің жəне халқының позициясын күшейтуді көздеді. Ол батырлық жолында күресуді жəне осы жолда шəйіт болу- ды таңдады. Нəтижеде Оспан батыр алтын аңызға, қазақтардың Орталық Азияның далалары мен тауларында еркін жəне тəуелсіз өмір сүру арманын бейнелейтін тарихи тұлғалардың біріне айналған. Тақырыбымызға қатысты жарық көрген маңызды зерттеулердің ең соңғысы 1999 жылы Гонг-Конгда «Кеңес одағының көлеңкесінде Іле уақиғасы Шыңжандағы этникалық қақтығыстар мен халықаралық бақталастықтар 1944-1949 жж.» деген атпен жарық көрді. Кітап авторы Дейвид Уаң 1979 жылға дейін Шыңжанда тұрған қытай азаматы. Іле көтерілісі туралы қазақ, ұйғыр достарынан көп əңгімелер естігеннен кейін бұл ту- ралы ғылыми зерттеу жасауды армандайды. Бірақ осы жөнінде Қытайда мүмкіндік болмағанын айта келіп, Австралияның Тас- мания университетінде 1987 жылы докторлық диссертация қорғап арманына жетеді.

575 бет көлеміндегі еңбегінде көптеген деректер мен зерттеулері талдап шыққаннан кейін Дейвид Уаң мынадай қорытындыға келеді17: Мао Цзе Дун кезінде Үш Аймақ төнкерісі қытай халқының демоктратиялық төңкерістік қозғалысының бір бөлігі болады деп айтқан еді. 40 жылдан астам уақыттан бері Қытайдың рес- ми басылымдары осы пікірді қайталаумен келеді. Негізінде бұл пікірге қосылуға болмайды. Өйткені, – дейді Уаң, Үш Аймақшылдардың социалистік немесе коммунистік қоғам орнату жөнінде мақсаттары болған жоқ. Оларды Қытай демократиялық төнкерісі емес, Кеңес одағы қолдады. Сондай-ақ, Іле үкіметі фео- дал мұсылман ұлтшылдарының үкіметі болды. Уаң Кеңес одағының 1940 жылдардағы Шыңжан саясаты- нын ол жерде Шығыс Еуропадағыдай бір социалистік қоғам орнатуға бағытталмағанын да алға тартады. Өйткені сол кездің жағдайында мұндай мақсатты жүзеге асыру мүмкін емес еді. Оның орнына Мəскеу, АҚШ қолдауындағы Гоминдаң үкіметінің аймақтағы үстемдігін жоюды көздеді. Мұның басты себебі Шыңжандағы халықтар мен Кеңестік Орталық Азиядағы халықтар этникалық, діни жəне шаруашылық тұрғыдан бір- біріне етене жақын туысқан халықтар еді. Сондықтан осы екі аймақтың бірінде болған саяси өзгерістің екіншісіне əсер етпей қоймауы мүмкін емес еді.

Міне осы себептен Мəскеу Шыңжандағы мұсылмандардың Қытай əкімдерінің озбыр саясатына қарсы туындаған күшті наразылықпен бірнеше ғасырдан бері жалғасып келе жатқан басқарушы қытайлар мен жергілікті мұсылмандар арасындағы тарихи керістікті пайдалану тиімді еді. Сөйтіп ол Гоминдаңға қарсы осыларды пайдалану арқылы Шыңжанда Қытайдан толық тəуелсіз емес, бірақ мемлекет ішінде мемлекет ретінде Кеңес одағының жақтасы, анти-Американ бір үкімет құрғызу ақылға қонымды болды. Мəскеу үшін ол мемлекеттің исламдық болу болмауы да маңызды емес еді. Сондықтан Америка жақтасы, анти-Совет мұсылмандарға қарсы Кеңес одағының жақтасы мұсылмандарға қолдау көрсетілді. Сол себепті Шығыс Түркістан Республикасының кеңестік саясаттарға мойынсұнбаған президенті Əлихан Төре биліктен аластатыл- ды. Үш Аймақшылдар Америка мен Англияға бүйрегі бұрған түрікшіл саясаткерлер Масұд Сабри, Айсабек, Мұхаммед Əмин сынды қайраткерлеге күшті қарсылық білдірді. Іле үкіметі со- нымен қатар Оспан мен үзенгілестерін құртуды ойлады. Жал- пы айтқанда Кеңес одағы жақтасы саясат ұстанғанға дейін Шыңжанда бейбітшілікке жол бермек емес еді. Міне сондықтан Кеңес одағы Шыңжанның Шың Шысайдан кейінгі губернато- ры Жаң Жыжұңның кеңес жақтасы саясатын қолдады. Ол кеңес жақтасы саясатын жүргізе бастағанда Іле үкіметінің қимылдары Кеңес одағы тарапынан шектелді18. Бұл жағдай бізге Қытай аза- мат соғысында Шыңжанның оған қарағанда неліктен недəуір тыныш болғанын түсіндіреді.

Уаң жалпы айтқанда Сталиннің Іле көтерілісін қолдау жəне оны өз уысында ұстау арқылы Шыңжанда көздеген мақсатына жетті дейді. Уаң сонымен қатар, Мəскеудің Іле ұлттық арми- ясын ұйымдастырғанын жəне тəрбиелегенің сондай-ақ, Іле үкіметін Кеңес одағы арқылы бағыттап отырғанын айта келіп, Іле үкіметінің шынайы басшысының, қожайынының Іледегі Кеңес одағы консулы болғандығын алға тартады. Міне осы жағдайды көргендіктен Оспан Іле үкіметінен безіп Гоминдаң жаққа шығып кеткен, дейді. Сонымен қорытып айтар болсақ, Оспан батыр жəне Іле көтерілісі шетелерде айтарлықтай зерттелген. Сонымен қатар бұл зерттеулерге Оспанның жеке тұлғасынан гөрі, жалпы Іле көтерілісінің арқау болғаны байқалады. Бұл жайында бірнеше докторлық диссертация да қорғалған. Оспан батырдың жеке тұлғасына қатысты алғаш докторлық зерттеуді биыл жазда Ыстамбұл университетінде Омар Құл деген түрік азаматы қорғап шықты. Біздіңше бұл осындай зерттеулердің бастамасы ғана. Бұдан кейін де бірнеше зертте- улер жасалуға тиіс. Оспанды толық зерттеу қиын. Өйткені оған қатысты дерек- тер Қытай, Тайван, Ресей, Монғолия, АҚШ, Англия, Қазақстан, Түркия сияқты елдерде. Бұларды игеру үшін қазақшадан басқа қытай, орыс, монғол, ағылшын, түрік сияқты кемінде 6 тіл білу керек.

Линда Бенсон Оспан батыр зерттеулерінің алдында тұрған кедергілердің бірі оған қатысты материалдардағы тараптылық екенін айтады. Оның пікірінше, Түркиядағы авторлар оны өз өмірін отаны мен халқының тəуелсіздігіне құрбан еткен үлкен батыр деп сипаттама береді. Орыс зерттеушілері болса оны гангстер, бандит ретінде көреді. Бұл көзқарасты Қытай үкіметі де қолдайды. Ал Тайван болса Оспанды коммунизмге қарсы батыл күрескен, өмірін осыған арнаған тұлға ретінде жоғары бағалайды.

Сол себепті қазірден бастап болашақ Оспантану саласының ғалымдарын осы кезден даярлай бастау керек. Сонымен қатар əлемдегі Оспанға жəне сол дəуірдегі оқиғаларға қатысты деректерді жинау жəне болашақ ғалымдарды даярлау үшін ар- найы институт ашқан тиімді. Оспан көтерілісі Қытай, Монғолия жəне Түркия мен Еуропа қазақтарының тарихының маңызды бір бөлігі екенін ескергенде, мұндай институттың сонымен бірге шетел қазақтарының жалпы тарихы мен мəдениетін де қамтуы сөзсіз. Сондықтан атын Оспан батыр немесе сол уақыттың ұлы ғұламасы Ақыт қажы атындағы шетел қазақтарының тарихы мен мəдениетін зерттейтін институт десе болғандай. Осы ин- ститут алғашқы жұмысын əлемдегі Оспан батырға қатысты шетелдік ғалымдардың зерттеулерін аударудан бастағаны жөн. Өйткені олармен таныса отыра жаңа зерттеулерге кірісу Оспан батыр тану ғылымының тезірек тереңдей түсуіне жəрдемдеседі.

Əбдіуақап ҚАРА,
тарих ғылымдарының докторы,
Түркия Мимар Синан Көркем
Өнер университетінің
профессоры, Ыстамбұл

Теги: , ,

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*