Руханият

Абақ керейдің төре іздеуі

Абақ керейдің төре іздеуі

(Асқар Татанайұлы)

XVIII ғасырдың екінші жартысында Шыңғыс тауынан қоныс аударып, Қалба тауына орын тепкен Абақ елі бұл жерде көп жыл тұрды. Көршілес монғолдардан басқа Найман, Уақ, Арғын руларымен жер дауы, жесір дауы, құн дауы тағы молаяды. Қалбаны бұрыннан мекендеп келген ел, «көмген іргесі, орнатқан ошағы жоқ, ырықты төресі, күл төгер төбесі жоқ, жан-жақ күмәнға толмайды» деп тойтара береді. Бұл кезде Керейде төре жоқ еді. Керей бір жағынан басқа рулардан қақпай көреді екен. Енді бір жағынан Жәнібек батыр қартайып, елін біріктіріп, басын құрасқан Байтайлақ батыр қайтыс болады. Сөйтіп 12 Абақ бірдей бағынып, бойсұнатын, сырт ел құрмет ететін басшы керек болады. Осыны ойлаған Жәнібек батыр Керей баласын шақырып кеңес құрып, ел айтқанына көнетін хан ұрпағынан төре сайлап алуға кіріседі де, 1784 жылы Қазыбектің үлкені Тауасар би бастаған он жеті адамды Әбілманбет ханның баласы Әбілпейіз төренің ордасына аттандырады. Әбілпейіз төре тарту-таралғысымен арнайы келген қонақтарын шын ықыласпен күтіп алады. Тауасар бидің бұйымтайы оңайлықта шешіле қоймайды. Себебі Әбілпейіз екі әйел алған кісі екен. Үлкен ханымынан Ханқожа, Орысты, Пиды, Гада, Ақатай атты бес ұл, кіші ханымы Тұмардан Көгедай, Сәмен, Жабағы атты үш ұл көреді. Бәйбішенің балалары азамат болып, ат тізгінін тартып мініп ел басқаруға жарап қалғандықтан Керей адамдары бәйбішенің бес баласының бірін сұрайды. Бірақ төркіні мықты, төресіне де жағымды, биліктің бір шетіне бой ұрып қалған ханым бұл күнде

азамат болып қалған балаларын бергісі келмей: -Ел шетіне шығып, қиыр қонып шет жайлап жүрген Керейге баламды қаңғыта алмаймын, деп көнбейді. Бәйбішесін көндіре алмай қайрандаған Әбілпейіз Керей адамдарына, «бәйбішеден туған бес баламның бәрінің де үкі тағып қойған жері бар еді. Кіші әйелім Тұмар ханымнан туған Көгедайды алыңдар, сұрағанымды бермеді демеңдер, Көгедайымды жас болса да бас көремін, дейді.

-Үлкендері тұрғанда Көгедай қалай бас бола алсын, дейді Тауасар би таңданып. Оның сұрауына Әбілпейіз он екі жылдың алдындағы бір оқиғаны жауап қылып қайтарады. Қырғыздарға қатысты бір дау-шарды шешуге қырғыз ханы Орманбеттің ордасына барып түстім. Орманбет хан бізді қатты күтті, дау-шар да разылықпен аяқтады. Ақыры екі жақтың билері «судың түбін шым бітіреді, даудың түбін қыз бітіреді» десті де, бұдан кейін қазақ-қырғыз баласы ұрпақтан-ұрпаққа дос болып өтуі үшін Орманбет ханның қызы Тұмарды маған атастырып, Орманбет ата, мен бала болып едім. Тұмар ханымды алып қайтқан жолымда, «аспандағы көк ай қойныма кірген» түс көріп едім. Сол түсімді ырымдап, Тұмардан сүйген тұңғыш баламның атын Көгедай қойғанмын, бар баламнан осы балам ыстық көрінеді. Абақ Керей баласы алыс жерден хан көтеремін деп келіпсің, берейін осы баламды дейді. Ертеңінде Әбілпейіз Керей адамдарын өзі ертіп кіші бәйбішесі Тұмар ханымның ордасына келіп түскенде, күні бұрын хабар тауып отырған сұңғыла, білімді әйел Тұмар ханым, өзіне Әбілпейіз сөз салған заман: -«төрем, сіз балаңызды қисаңыз мен неге қимаймын? «Хан көтеріп, қадыр тұтамын, ел басқартамын, арқа тірек етемін» деп мәуедей салбырап келген ел болса, мен неге тартынайын. Кеше хан қызы болсам, бүгін ханым шығармын. Бірақ елден үлкен емеспін. Ел алтын басымен алдыма келгенде, мен неге шалқаямын? Қадыр тұтқан еліме рахмет! Көгедайым бүгін жас болса, ертең ержетеді. Бүгін бала болса, ертең ер азамат болады, беріңіз балаңызды! Сәмен, Жабағы Көгедайыма серік болсын, менен көрген үш балаңызды бірақ беріңіз. Көгершіндерімнен қалмаймын, көзімнен үш баламды таса қылмаймын, үш баламнан бөлмей мені де жіберіңіз», дейді. Керейлер Тұмар ханымның сөзіне разы болады. Әбілпейіз де Тауасар биге айтқан сөзін жұта алмайды. Тұмар ханымның Көгедайдан қалмайтыны, үш баласын бөлмейтіні анық еді. Баласы Көгедай ел басқарса, Керей Әбілпейіздің қолтығынан шығып қайда барады. Осыны ойлаған Әбілпейіз Тұмар ханымның сөзіне мақұл болады. Тұмар ханым өзіне қарасты мал-жанымен көшуге дайындалады.

Әкесі Орманбет Тұмарды Әбілпейізге ұзатқанда, шаңырағына екі құл, бір күң мінгізіп берген екен. Бұл тұста олар үйленіп үш түтін болады. Әбілпейіз төре еліне келгеннен кейін Тұмар ханымның ордасын көшіруге, малын бағуға, шаруасын істеуге он бір үйлі малшы-қосшы береді. Тұмар Керей еліне қарай көшкенде өз ордасымен қоса осы он төрт үйлі жанды, және екі үй молла, қожасын қосып, он жеті үйлі ауыл болып бірақ көшеді. Тұмар ханым балаларымен Керей еліне келгенде, Жәнібек батыр он екі Абақ баласының атқа мінер азаматтарын жиып Абылай хан, Әбілманбет ханның ұрпақтарынан кісі шақырып, арғын, уақ, найман, қоңырат, қыпшақтың адамдарын қатыстырып төре сайлайды. Ақ киізге отырғызған Көгедайды он екі Абақ баласынан он екі мықты жігіт көтеріп, барлық жиналған жұртпен бірге Қалба тауының биігіне алып шығады. Осы биіктің үстінде ақсарбас қой сойылып, он екі Абақ баласынан бір-бір адам шығып, «Көгедайға қарсы келмейміз, айтқанына бойұсынып, әміріне көнеміз, қарсы келгенімізді ант атсын!»- деп қолдарын қанға батырып, құран ұстап ант беріседі.

Сөйтіп 12 жасар Көгедай Абақ Керейге төре болады. Бұл 1785 жыл еді. Осыдан кейін Абақ Керей- төресі, заңы бар елге айналғанымен, басқа елдердің азулы шонжарлары, адуын сотқарлары Керей еліне сонда да азуын батыра береді. Әсіресе Әбілманбет балалары Керейдің өз уыстарынан шығып бара жатқандығын көріп көз алартады. Осы тізеден бір жола сыпырылып шығу үшін, Жәнібек батыр Көгедайға Цин империясына қарасты болуға ақыл-кеңес береді де, Көгедайдың разылығын алғаннан кейін, айлалы батыр, билерінен жолдас қосып, 1790 жылы Көгедай, Сәмен, Жабағы үшеуін Бейжіңге аттандырады. Бұл туралы халық аузында мынадай сөз қалған. «Көгедайды көтеріп, көктеменің кезінде. Көкпектіде отырғанда, көк қасқа тай сойып, көп тілеу тілеп, хан жолына аттандырды». Көгедайдың осы сапары туралы Көнсадақ Ахмет ақын былай деп жырлайды.

«Барлыбай, Шұбаш ерген Көгедайға.

Жанторы, Майқан да бар осы жайда.

Ежан хан үшеуіне мансап беріп,

Ұқсады Керей елі туған айға!» Бұл өлеңде айтылған Көгедайдың жолдастары- Жәнтекей Барлыбай би, Шеруші Шұбаш батыр, Молқы Жанторы би, Қарақс Майқан би еді. Бұл кезде Цин патшалығының бесінші мұрагері Чян лұң (Чиян Лун, яғни Теңгір тетікші патшаның) патшаның билік құрған кезі еді. Чиян лұң патша бұларды жан-жақтылы сынап көреді. Кесеге мөлдірете ыстық шәй құйдырып, ішуге бұйырғанда Көгедай қолының күйгеніне қарамай, әрі шайқап-төкпей ішіп тауысыпты. Екінші рет Чиян лұң патша, шошқаның басын әкелдіріп, «же» деп бұйырғанда, Көгедай: «хан бұйырғанның бәрі қайран» деп пышағын суырып алады. Оны көрген патша шошқаның басына Көгедайдың қолын тигізбей қайта алып кетуге бұйырады. Осыдан кейін Чиян лұң патша елі мен жерінің көлеміне жарай Көгедайға «Жың Гұң» шенін, екі інісі Сәмен мен Жабағыға «Фугүң» шенін береді. Цин еліне қарасты болғанына байланысты Абақ Керей елі патшаға әр жылы он мың теңге ақ күміс алман төлейтін болады. Сол жылы Көгедай он сегіз жаста, Сәмен он алты жаста, Жабағы он төрт жаста екен. Олар 1791 жылы Қалбаға қайтып келеді. Осыдан кейін Көгедай төренің елі алдындағы беделі өсіп, көршілес елдер алдында сөзі өте бастайды. Ол Жәнібек батырға амандаса барғанда, Жәнібек: «жігіті бар ел жаудан қорықпайды, шешені бар ел даудан қорықпайды, орның болды кемелді, Керей енді теңелді» деп тақпақтай қарсы алған екен. Көгедай ұрпақтары Керейді бертінге дейін биледі, екі Фугұң- Сәмен мен Жабағы да елдің екі шетін басқарды. Керей елі Алтайға, Тарбағатайға, Еренқабырғаға, Құмылға дейін ірге жайып, бір тарабы Қобдаға дейін мекендегенде, төре ұрпақтары да өсіп-өркендеп, осы елдерді бөлісіп биледі.Тарбағатайда Көгедайдың бір ұрпағы Мамырбек билік жүргізді. Еранқабырғада Сәменнің баласы Сатархан төре ел басқарды.

Әбілманбет ханның алты баласы болған. Олар Әбілпейіз, Әділ, Тоғым, Шыңғыс (Санияз), Әбілда, Үрістем бұларды төрт төре деп атайды. Әбілпейіздің баласы Көгедай Гұң көк тулы төре болып, Абақ Керейді басқарды. Әділ төре ақ тулы төре, Тоғым шұбар тулы төре, Шыңғыс (Санияз) қызыл тулы төре аталды. Көгедай 1773 жылы туылып, он екі жасында Абақ Керейге төре болды. 1791 жылы Бейжіңге барып Гұңдық шен алды. Отыз тоғыз жыл ел билеп, 1842 жылы 51 жасында қайтыс болды. Көгедайдан Ажы, Әбілғазы, Әбеке, Тәтен

дейтін төрт ұл туған. Мұрагері үлкен ұлы Ажы екен. Ажы Гұң 1797 жылы туылып, 1824 жылы жиырма алты жасында әкесінің орнына отырды. 44 жыл ел билеп, 1867 жылы 70 жасында дүние салды. Сүйегі Зайсан жеріндегі баласы Тышқанбайдың қорғанына қойылған. Орнына баласы Қасымхан төре болған. Қасымхан 1834 жылы туылып, 33 жасында мұрагерлікке ие болды. 23 жыл ел билеп, 1890 жылы 56 жасында қайтыс болды. Зираты Сауырда. Орнына баласы Жеңісхан отырған. Жеңісхан төре 1863 жылы туылып, 1890 жылы мұрагерлікке отырып, 22 жыл ел билеп, 1912 жылы 49 жасында дүние салды. Бейіті Сауыр тауының Тосты деген жерінде. Орнына баласы Әлен отырған. Әлен уаң 1889 жылы туылып, 23 жасында билікке келді. 1954 жылы қайтыс болды. Әлен уаңның билік тізгінін ұстаған кезі, Сун Яцен бастаған буржуазиялық төңкеріс жеңіске жетіп, Цин империясы жойылып, Жұңхуа Минго орнаған кез еді. Жаңа құрылған үкімет Көгедай гұң ұрпақтарына «Уаңдық» мансап, Алтай өңірін басқарушы етті. 1945 жылы жеңіске жеткен Үш аймақ үкіметі (Шығыс Түркістан үкіметі) Әлен уаң Гоминдаң үкіметінің қолында қалғандықтан, оның баласы Зәкиханды мансапқа отырғызды. Бірақ Зәкихан билік жүргізе алмады. Осымен алты ұрпақ жалғаған төрелік тәртіп ақырласты.

Асқар Татанайұлы. 1987 жылы «Шыңжаң халық баспасынан» басылып шыққан «Тарихи дерек, келелі кеңес» атты кітабынан алынды.

Теги: , ,

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*