Шежіре

АБЫЛАЙ ХАННЫҢ ЖӘНІБЕКТІ СЫНАУЫ

Жас батыр Жәнібектің жау алдындағы қайраты аңыз болып, ел ішіне тез жайылады да, Абылай хан оны жете сынамақ болады, сол ойдың орайы бораны күркіреп, жаңбыры сіркіреп бір күннің түніне тура келеді.

Жорыққа аттанған Абылайдың қалың қолы нөсерлі қою қараңғы түнді жамыла иендегі ағаш бейіттен бірер шақырым өтіп барып түседі. Күз аспаны сағымша құйылып, бір ашылып, бір түнеріп, нөсер бірде құйып, бірде толастайды. Қолын тоқтатып, шатырын тіккен Абылай Жәнібекті шақыртып алып:

– Мына жігіттер су соқты болып малшынып, жол соқты болып шалдыққан көрінеді. енді бүгесінен жатып шігесінен кетуге бейіл секілді, – дейді. «Хан шынымен-ақ қайрандап қалғаны ма?» деп ойлаған ақ еділ жанды, аңғал батыр:

– Қан майданда өлсек шаһид дер еді, қарап жатып өлгеннің не жөні бар? Бірақ, түн қараңғы, отын табар жер қинайды бізді, – дейді шын қайрандап.

– Ендеше отын іздеп таба алмассың, бағанағы жолдағы ағаш күмбезді қоапарып алып кел, – дейді Абылай.

Екі жолдасына бір түйені жетелете жөнелген Жәнібек аялдамай бейіт басына жетіп келіп, күмбезді бұза бастайды. Осы кезде көр топырақ арасынан ағараңдап ақыра айқайлаған аруақтар көрінеді.

– Мола да болса баспанамыз еді, кім бізді жалаңаштап жатқан?! – деп дебейлейді олар.

Түнгі иен далада бұл қаһарлы дауыс күмбезге жаңғырып, аспан-көкті тітіретеді. Жәнібектің екі жолдасы көк аспан жарылып түскендей ес-ақылынан айырылып, жығылып-сүрініп ат-көлігін тастай-тастай қашады. Сонда Жәнібек батыр аспай-саспай:

– Ей аруақ, тыныш жат! Өлі аруақ сені қойып, тірі Абылай үсініп өлгелі жатыр, – деп тұра ұмтылады. Әлгі екі аруақ секіріп барып көр топыраққа кіріп кетеді.

Жолдастарының қашып кеткенін енді ғана байқаған батыр бейіттің ағашын түйеге артып, Абылайдың шатырына қарай тартады.

Бұл «аруақтар» Абылай ханның Жәнібекті сынамақшы болып, ақ киім кигізіп қойған адамдары еді, олар Абылайға келіп болған істі даттап, Жәнібектің ашумен аруақтарға ұмтылғанын айтқанда бұл жүректілікке таңданған Абылай хан:

– Меңіреу түнде күңірете түрегелген аруақтан сескенбеген жүрек ашық майданда жауынан қалай тайсасын?! – деп қайрандай таңданады.

Ертеңінде Абылай Жәнібекті тағы шақыртып алып:

-Түнде не ғажайып болды? Аруақтарды ашуландырып, кәріне қалмасақ игі еді, – дейді. Бұл жайды қаперіне алмаған Жәнібек:

– Бұл елдің хан, төресі сен едің,

Қас батыры мен едім.

Сен бұйырған жұмыстың,

Мұнысы қалай демедім, – дейді, Қазыбек бише термелеп.

Теги: , ,

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*