Шежіре

Ашамайлы Керейлер

13-ші ғасырда монғол қысымынан ығысып, Ертісті бойлай, солтүстік-батысқа ауып, одан Тобылға жеткен Керейлердің бөлігі. Тобылдан өткен шағын тобы XV ғасырда Кіші жүз құрамына енген. Ашамайлы Керейлер қарақалпақ, өзбек халықтарының құрамында да бар. XIX ғасырда Ашамайлы Керейлер тайпасы Семей, Павлодар, Қарқаралы, Петропавл, Омбы, Ақмола уездерін мекендеген.

Ашамайлы Керей үлкенді-кішілі мына рулардан құралған:

Тарышы — рулар бірлестігі. Тарышыдан — Смайыл, одан — Ақсары, Құлсары (Құрсары), Тоқымбет, Матақай (Манатай), Самай, Еменəлі (Семенəлі), Нұралы, Нұрымбет, Ақымбет. Бұл аталар XIX ғасырдың бас кезінде бүгінгі Орталық, Солтүстік Қазақстан, Омбы жерін мекен еткен. 1824 жылы Көкшетау округы ашылғанда, мұнда Құлсары — 870, Еменəлі (Семенəлі) — 895, Самай — 795 түтін болған

Мəшһүр Жүсіп Көпейұлы Тарышы — Смайылдың екі атасы (Құрсары (Көрсары) мен Ақсары) туралы мынандай қызық деректі ұсынады: «Құрсары (Көрсары), Ақсары «Төрт сарының нəсіл- жұрағаты»: «Орысқа қарамаймыз!» — деп, Алатау, Алтай тауларынан асып кеткен. Олар бұл күнде Қытайға қарап қалды: «Мейлінше бай болған, бодамсыз Керей» атанады», — дейді.

Құрсары, Ақсарыны Тұрлыбек орналастырған Ақмола облысына. Құрсарыдан: Есбол, Есенəлі; Есенəліден: Құдайқұл, Қодас, Жібек. Құдайқұлдан — Құдайберді; Жібектен: Жаңбыршы, Жəнібек. Мұнан Жанғабыл, Досай туады. «Соқыр Жанғабылдан» алтау туады. Бірі — Сүйінбай, Сүйінбайдан Ақыл бес ағайынды болған. Тау-Көтібақ баласы: Қызылтауда тұрғандықтан, атын «Тау» қойған. Ақыл-Күлік: Ақыл Сексен ішінде туғандықтан, атын «Ақыл» қойған. Өз заманында Ақыл «Тау» атанған.

Ақылдан тоғыз: бəйбішеден төртеу, тұңғышы — Асаубай. Асаубайдың кенжесі «Бəзіл қажы» атанған, қыстауы Сілетіде: Ешкіөлместе. Бəзіл қажыдан: Ғұбайдолла (Ғұбайдолда), Бопкен. Бопкен балалары: Жиыпалла (Жепла), Нұрхамит. Бұл екі баланың «қара орманын» сыпырып алып, Ғұбайдолланы Омбыға, Бопкенді Семейге жер аударған. Бұл Бопкен: «Семей барамын» — деп, Қызылтау бауырында атын ұрлатып, жаяулап қайтып, Ескелдіде отырған, Құдай рахмет қылсын Мəшһүр Жүсіпке кез болып:– Қатын-балаңды тауып ал, — деп, — бір шабдар атты басыбайлы өзінікі қылып, мінгізіп қоя берді» .

Сарман — Ашамайлы Керейдің рулар бірлестігі. Шежіре деректеріне қарағанда, Сарманнан Болат, Қорған деген рулар тарайды. Ертеректе олар Петропавл уезін мекендеген. Егіншілік, мал шаруашылығы, аңшылық, саятшылық, қол өнерімен шұғылданған.

Сибан (Сибан Керейлер) — рулар бірлестігі. Шежіре деректері бойынша, Сибаннан — Ерімсары, Күнкене, Шимойын, Қорқыт, Шоқматор. 1822 жылға дейін Сибан Керейлер Петропавл уезін мекендеген. 1822 жылдан кейін Ерімсары, Күнкене рулары қазіргі Қостанай облысына; Шимойын, Шоқматор рулары Павлодар, Семей облыстарына қоныс аударған. Сибандар егіншілік, аң жəне балық аулаумен, мал шаруашылығымен айналысқан.

Сибанның Қорқытынан (Қортығынан) — Қошқарбай, одан — Байжігіт, Ақпанбет, Тоқпанбет. Ақпанбеттен — Сейіт. Тоқпанбеттен — Беспай, Шыныбай, Сəдір, Қуат, Қадыр. Шыныбайдан — Жолғұтты (Жолымбет), одан — Еламан, одан — Əсіреп, Мүсіреп, Кенжетай. Мүсірептен —   Ботбай, Кəжімбай. Кəжімбайдан — Махмұт, Ақан, Мақан, Самырат. Махмұттан — Ғабит (Қазақтың ұлы жазушысы Ғабит Махмұтұлы Мүсірепов) [10; 187].

Шимойынның бірнеше аталары Шығыс Қазақстанның Қатонқарағай аудандарындағы Наймандармен аралас қоныстанған. Шимойыннан — Байназар, Қайназар, Есназар, Ерназар, Жаназар, Маназар, Алданазар, Жолдыбай, Жылқыбай (Жылыбай), Досай, Отарбай деген он бір ата өрбіген.

Отарбайдан — Қосай, одан — Сырымбет, одан — Байбарақ, одан — Бектемір, одан — Шүкей.

Шүкейден — Мұқан, одан — Сəбит (атақты жазушы Сəбит Мұқанов) [10; 186].

Балтадан — Көшек, одан — Айтуған — одан Қошқыл, одан — Жəдік, Байқожа, Жарылғапберді. Жəдіктен — Мұратəлі, Құрманəлі, Ырсымбет, Сырлыбай, Дəулетберді, Сырымбет, Баталы. Жарылғапбердіден — Қара, Сары, Қожагелді, Дүйсенбі [11; 36].

Таз — Айтуар, Хангелді, Шаң, Естай, Достан деген аталарға бөлінеді. XVII ғасырда жоңғар шапқыншыларына қарсы азаттық жолындағы күресте қол бастаған Қара батыр осы Таз Ашамайлы Керейден шыққан [8; 515].

Көшебе — «Көшебелі көп Керей көше алмайды Сибансыз» деген атау алған. Көшебеден — Жауынгер, Жауғашты, Жалайыр, Шəукер (Шəукер Керей).

Жауынгерден — Бағлан, одан — Асылболат, одан — Байбол, одан — Аңдаспан, одан — Шілікті, одан — Жаңбыршы. Жаңбыршыдан екеу: Жоламан, Таузар.

Жауғаштыдан — Құдайназар, одан — Əлмембет.

Ашамайлы Керейдің Көшебесінен тараған үлкен ру — Шəукер Керей. Ол — Қаратоқа, Жантоқа, Байтоқа, Жанұзақ, Жасұзақ, Байұзақ, Малдыбай, Барлыбай, Өтеміс, Бегімбет болып он атаға бөлінеді. Олар бұрынғы Петропавл уезін, көлденең Есілдің теріскей бетін, Ресейдегі Тюмень облысының Есіл, Есет өзендерінің алқаптарын, Қорған облысының Лопатинский ауданын, Петропавл қаласын мекендеген. Ертеде аңшылықпен, балық аулау, саятшылықпен, егіншілікпен, қолөнерімен, мал шаруашылығымен шұғылданған [12; 210].

Сақал Керейлер. Олар, шежіре деректері бойынша, Асан, Үсен, Сапар деген үш атаға бөлінеді. Сақал Керейлер ертеде Петропавл уезін, көлденең Есіл бойындағы Жолдыөзек өңірін, Омбы облысының Есілкөл ауданын мекендеген. Олар егіншілікпен, аңшылықпен, қолөнерімен, мал шаруашылығымен шұғылданған [13; 617].

Сағындық Керейлер — рулар бірлестігі. Шежіре деректері бойынша, Сағындық Керейден: Тоқсары, Аю, Тұрлыбек, Көтеней, Есбол, Қамысбай, Қамшыбай, Қалпақ, Тамшыбай, Жолаушы деген рулар тараған. Петропавл уезін, көлденең Есілдің теріскей бетін, Еманалы болысын мекендеген. Сағындық Керейлер егіншілікпен, мал шаруашылығымен, аңшылықпен, саятшылықпен жəне қолөнерімен шұғылданған

Қазақ шежіресі бойынша, Ашамайлы Керейден — Ошыбай, одан — Баһрам, одан — Төбей, одан —  Тұрсынбай,  одан  —  Жарбақ,  одан  —  Жанай,  одан  —  Бекарыс,  одан  —  Наурызбек,  одан — Қажығали, одан — Əлмұхамед, одан — Пархат, одан — Танаш

Этнографиялық зерттеулерде Танаш жиі аталмай, оның жоғарыда қарастырылған кейінгі ұрпақтары (Тарышы, Сарман, Сибан, Балта, Таз, Көшебе, Сақал, Сағындық Керейлер) туралы көз жазылған.

Р.С.Кареновтың “Керей тайпасының этникалық шығу тегі жəне шежіресі” атты мақаласынан алынды.

Теги:

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*