Руханият

Дүкен Мәсімханұлы. ОСПАН БАТЫР

Әр-әр жерде өтіп жататын, түрлі деңгейдегі ғылыми мәжілістерде, Оспан батыр туралы сөз бола қалса, оның кіммен, не үшін соғысқанына байланысты қима-шату сұрақтар алдымыздан жиі шығады. Солардың бір парасы: «Оспан кіммен майдандасып, қалай батыр атанды?», «Оспанның басты жауы кім? Ол коммунистік қызыл қытаймен майдандасты ма? әлде гоминдаңшыл Чан Кайшимен соғысты ма? жоқ әлде, Шығыс Түркістан ұлттық әскерімен қырқысты ма?», «Оспан кімге арқа сүйеді? КСРО-ға ма? АҚШ-қа ма? жоқ әлде Моңғолияға ма?», «Оспан жаңа құрылып жатқан Шығыс Түркістан Республикасымен қандай қарым-қатынаста болды?» деген рәуіште болып келеді. Қарап отырсаңыз, бұның бәрі шынында да өте күрделі сұрақтар.

 231104_10150168603365741_5216056_n

Сондай-ақ Оспан туралы айтылып жүрген әр алуан әңгіменің туындауына да осы сұрақтарға әр кімнің әр қалай жауап беруі мұрындық болып жүр. Бұл сұрақтарға жауап беруден бұрын, біз ең әуелі мына күрделі түйінді тарқатып алуымыз керек, яғни «қытайдағы қазақтардың ұлт-азаттық күреске аттануына не себеп болды?» деген тұғырлы мәселе. Ал бұл мәселені түп қотара айқындау, әрине, кем дегенде нешелеген монографиялар мен қаншалаған конференцияларға жүк болары анық. Дегенмен, Оспанға барар жолдың қақпасы да, сол қақпаның кілті де осы сұрақта жатқандықтан, оны айналып өту, әсте мүмкін емес. Сондықтан біз қысқаша болса да, әуелі осы мәселені айшықтай кетуді жөн көріп отырмыз. «Арқада аяз болмаса, арқар ауып несі бар?» дейді атам қазақ. Егер ел аман, жұрт тыныш болса, қарын тоқ, көйлек көк болса, өз елінде, өз жерінде отырған жұртқа қаймана біреу келіп, әңгір таяғын ойнатып «ер ұлдарыңды құл, пәк қыздарыңды күң етем» демесе, «тіліңді жойып, дініңді құртам»… демесе, зады сол шатақ дегенде кімнің қандай шаруасы бар?! Халық дегеніміз алып теңіз. Оны толқытатын даурыға соғатын дауылдар мен орай да борай соғатын құйындар. Бұл өзі күллі жер бетіндегі халықтардың бәріне ортақ адами мінез, қашаннан қалыпты қағида. Қытайдағы ағайындардың да шамырқана толқуына, бес қаруын асынып, ту ұстап тұлпарға қонуына сол кездегі саяси-әлеуметтік «дауылдар мен құйындардың» түрткі болғаны тарихтан белгілі. Атышулы Жоңғарды күйретіп, өздерін одан қалған жердің заңды мұрагеріміз деп есептеп алған Цинь патшалығы, кейіндеп бұл өңірге жеке-дара ие бола алмасын сезіп, еріксіз Ресеймен олжа бөлісуге келісті. Ондағы «олжасы» біртұтас, ежелгі қазақ даласы еді… Қазақ даласын пышақ үстінен бөлісіп, шекарасын айқындап, жалпақ Шығыс Түркістан даласына (Жоңғар, Шағатай жұртына) иелік етіп, ел мен жерге қожа бола бастаған Цинь патшалығы үкіметі, ендігі жерде «жаңа шекараның» (Синьцзян) қорғанысын күшейту мақсатымен, Тәңір тауының оңтүстігі мен солтүстігін алып жатқан бай да байтақ мекенге Ішкі қытайдан мыңдаған-миллиондаған әскер кіргізеді. Сенімді дерек бойынша, сол кездегі Цинь армиясының бестен төрт бөлігі Шығыс Түркістанға кіргізіліпті. Ашалап айта кетерлік тағы бір жағдай, Шығыс Түркістанға кіргізілген әскердің дені Іле, Тарбағатай, Алтай өңірлеріне шоғырландырылды. Осылайша, Цинь патшалығы «жаңа шекараның» батыс-солтүстік бүйірінің ұрымтал деген тұстарын өздерінің аса қуатты да сенімді деген қосындарымен қорғаудың қамына көшті. Цинь үкіметі бұл аймақтың қорғаныс саласына ғана емес, әкімшілік-басқару жүйесін де жаңғыртып, өзінше «күшейте» түсті.

Шығыс Түркістан аумағын Цинь үкіметі алғашқы кезде үш әкімшілік округке бөліп басқарды. Яғни Ертіс өзенінің шығысы мен солтүстігі және Алтай ұранқайы мен Алтайнұр ұранқайы Ұластай генералының Қобда ақылшы амбысына қарады. Іле, Тарбағатай, Қашқар, Иңсар, Яркен, Хотан, Ақсу, Күшар, Тұрпан, Шиху қатарлы өңірлері Іле генералына бағынды. Ал шығыстағы Құмыл, Баркөл, Үрімжі қатарлы аймақтар Ганьсу өлкесіне қарасты болды. Сондай-ақ Цинь билеушілері жатпай-тұрмай жергілікті халықтың бек-төрелерінің құлқынын майлаумен бірге, “тың игеру” деген желеумен Ішкі қытайдан Шығыс Түркістанға мыңдаған-миллиондаған қытайларды көшіріп алып келді. Бұл процестің өзін Цинь билеушілері үш салаға бөліп жүргізді. Яғни «әскерилердің тың игеруі», «қарапайым шаруалардың тың игеруі», «қылмыскерлердің тың игеруі» деген айдарлармен Шығыс Түркістанға қыруар әскер, есепсіз егінші, сансыз қылмыскер кіргізді. Әрине, Цинь үкіметі қыруар әскери қосынды Шығыс Түркістанға әкеліп, оларды жайдан-жай жатқызып қойған жоқ. Оларға хисапсыз қаржы бөліп, олардың сонда орныға түсуіне, тамыр жаюына, жеткілікті қарулануына барынша жағдай жасады. Бұл туралы, 1760-1911 жылдар аралығында Цинь үкіметінің Шыңжаңға бөлген әскери қаражаты 400 миллион сәрі күміске жеткенін айтсақ та жеткілікті. Бұл жалпы сол кездегі Цинь патшалығы қорғаныс салсасына жұмсап отырған қаржысының 50 пайыздан астамын құрайды.

Демек, бұдан Цинь үкіметінің тегеурінді әскери қосынмен Шығыс Түркістанды мықтап шеңгеліне алғаны аңғарылады. Осындай айла-шарғылар арқылы жаңа өлкеге қожа бола бастаған Цинь патшалығы, ендігі жерде жергілікті халықты дінінен, салт-дәстүрінен айырудың қамына кірісті. Атап айтқанда, XIX ғасырдың соңына келгенде, өкіметтің дінсіздендіру саясатына наразылық білдірген молдаларды, діндарларды қуғындау басталды. Сондай-ақ «ислам дінінің саясатқа араласуына тиым салу», «дінбасыларды үкімет ісіне араластырмау», «егер діндарлар мемлекеттік қызмет істегісі келсе, онда олар діннен бас тартуы керек» деген сияқты қитұрқы заңдар шығарды. Міне өстіп Шығыс Түркістан халқының мойнына мықтап мініп алған Цинь үкіметі, енді оларды аяусыз езіп-қанаудың да қамына көшті. Атап айтқанда, Цинь үкіметі Шыңжаңдағы алым-салықты шексіз-шетсіз өсірді. Бұрындары ептеп қана алынатын астық, кездеме салықтарынан тыс, мақта, тұз, шай, жан, мал, жол салықтары алына бастады. Малшылардан тұяқ, жайылым, су, ет, сүт… салықтарын алудың сыртында, жергілікті қытай билеушілері жыл сайын мыңдаған тұяқ малды малшылардан жинатып, өз қорасына айдап алатынды шығарды. Сөйтіп халықтың еркіндігіне, дініне, діліне қауіп төніп қана қалмастан, ішер ас, киер киімнен де жұтай бастады. Қысқасын айтқанда, қиын тағдырдың қылбырауы жанын буған халық өте мүшкіл жағдайда «шықпа жаным, шықпалап» өмір кешіп жатты… Бір қызығы, әбден іріп-шіріген Цинь патшалығы 1911 жылы қытай көтерілісшілері тарапынан құлатылып, оның орнын Сун Ятсен басшылығындағы Қытай Демократиялық Республикасы (қытайша «Чжұңхуа минго», жетекші саяси партиясы Гоминдаң, кейінгі көсемі Чан Кайши) басқанымен, оның Шынжаңдағы жергілікті басшылары ылғи да жеке-дара үстемдік құру пиғылында бола отырып, жергілікті халықты езіп-қанауды барған сайын күшейте берді. Дегенмен, шыдамның да шеті-шегі бар емес пе, Шынжаңдағы әр ұлт халқы әр тұстан отаршылдық езгіге, дінсіздендіруге қарсы көтеріліске шыға бастады. Атап айтқанда Алтайдағы Бөке батыр бастаған қарулы көтеріліс, одан кейінгі Зуқа батыр бастаған көтерілістер осы сөзіміздің жанды дәлелі болмақ. Бұлардың ішіндегі аса ықпалдысы 1912 жылғы Іле көтерілісі еді. Көтерілісті о баста Іледегі қазақ, дүнген қатарлы мұсылман халықтар бастап, жеңіске жете бергенде билікті тағы да қытайлардың қолына беріп қойды. Олар Іледе жарты жылдай тәуелсіз үкімет болып тұрды да, қайта құлады. Бұдан кейін Шынжаңның билік басына Яң Дзыңсин келді. Ол билік басында отырған 17 жылда (1912-1928) жергілікті халықты езіп қанауды, қорлауды еселеп жүзеге асыруға тырысты. Одан кейін таққа бес жыл (1928-1933) отырған Зинь Шужэн де, он бір жыл (1933-1944) отырған Шың Шицай да жауыздық жағынан бірінен-бірі асып түсіп, алдарына жан салған жоқ. Әсіресе, Мәскеумен астаса отырып, 1937 жылдан бастап «Шынжаңдағы жапон тыңшыларын», «троцкийшілдерді» (анығында түрікшіл, исламшыл, ұлтшыл элитаны) қырып-жоюға келгенде Шың Шицай Кремльдегі «мұртты көкесінен» асып түспесе, кем соққан жоқ. Сталин «халық жауы» деп айдар тағып, «мойындатып» өлтірген болса, Шың Шицай қазақ-ұйғырдың атқа мінер, сорпа бетіне шығар тұлғаларын «жиналысқа», «құрылтайға» шақырып алып-ақ қырып салып отырды. Ресми деректерге қарағанда, 1937-1942 жылдар аралығында қандықол Шың Шицай тұтас өлке бойынша қазақ, ұйғырдан 100 мыңнан астам адамды тұтқындап, оның 4000-нан астамын сан алуан хайуандық қинаумен өлтірген. Осы көрсетілген санның дені елдің игі-жақсылары, халық көсемдері, ақын-жазушылар мен молда-имамдар еді. Міне осылайша өз елінде, өз жерінде отырып, қайдағы бір келімсек қанішерден осынша қорлық көргеніне, «елім!» деп еңіреген игі жақсыларынан қар жаумай, қазан ұрмай айырылғанына, алаңсыз күн кешіп, тыныш ұйықтай алмағанына ашынған, қаны қарайған халық тағы да азаттық үшін атқа қонуға мәжбүр болды. Міне бұл қытайдағы қазақтардың ұлт-азаттық күреске аттануының негізгі себебінің бірі.

Екінші себебіне келсек, бұл да өзінше ұзақ әңгіме. Бұны да біз барынша ықшамдап айтуға тырысып көрейік. Тарих көші жылжып, ХХ ғасырдың басына келгенде, Ресей мен Қытайда патшалық жүйе мен ұлттық езгіге қарсы толқулар жиілей түсті. Бұл өз кезегінде екі елдегі қазақ зиялыларының ұлт-азаттығына деген талпынысына таптырмайтын орай болумен бірге, олардың үміт оттарын да маздата түскені белгілі. Әсіресе Қазақстанда елім деген ерлер елді, жерді сақтап қалудың, мүмкін болса ұлт-азаттығына қол жеткізудің қамына білек сыбана кірісіп кетті. Осындай мақсатпен іргелі Қазақ елінде елдің түпкір-түпкірінен ұлттың ары мен намысын, азаттығы мен теңдігін ойлаған, сол ұлы мұратты армандаған есіл ерлер бас біріктіріп, тізе қосып Алаш қозғалысын ұйымдастырып, Алаш партиясын құрғаны белгілі. Отаршылдыққа, империализмге қарсы күреске жетекшілік етушілер, ұлт-азаттық қозғалыстардың идеологтары ұлт зиялылары еді. Олардың басты мақсаты қазақ елін отарлық езгіден құтқарып, ең кемінде өз алдына ұлттық автономиялы ел құру болатын. Бұл жағдай Чиң патшалығы билеушілерінің, қала берді Шығыс Түркістанды дара билеуші қытайлардың езгісі мен қорлығына төзбей, жиі-жиі көтеріліске шығып, азаттықты, теңдікті көксеп отырған арғы беттегі ағайындарды да желпіндірмей, жігерлендірмей қойған жоқ. Осылайша «Алаш партиясы» құрылудың алды-артындағы қазақ оқығандарының қам-қарекеті, үгіт-насихаты, бағыт-бағдарламасы, мұрат-нысанасы, бір ауыз сөзбен айтқанда «Алаш идеясы», «ұлт-азаттық ұран» әр түрлі жолдармен қытайдағы ағайындар арасына жетіп жатты. Сол «әр түрлі жолдың» бастылары мыналар еді: Бірінші жол. ұлт-азаттығын, ұлттық-ағартушылықты көздеген баспасөздің Шығыс Түркістан қазақтарына таралуы. ХХ ғасырдың басында Қазақ елінде жарық көрген «Айқап» журналы мен «Қазақ» газеті секілді мерзімді баспасөздің үздік-создық болса да Қытайдағы қазақтар жиі қоныстанған Іле, Алтай, Тарбағатай аймақтарына барып тұрғаны тарихтан белгілі. Екінші жол. «Алаш идеясымен» қаруланған, «ұлт-азаттық ұранды» ту еткен Алаш қайраткерлері ХХ ғасырдың 30-шы жылдарынан кейін, Мәскеудің қырына ілініп, қудалана бастағанда, олардың біразы шекара асып барып Шығыс Түркістанды паналады. Бұлардың ішінде біз, әсіресе Райымжан Мәрсековті, Ыбырайым Жайнақовты, Иса Тергеусізұлын, Зият Шәкәрімұлын, Ғазез Қалмановты, Төлеуғазы Абылайхановты, Мырзахмет Оразалинді, Молдағали Бектұрұлын бөле-жара айтуға хақылымыз. Міне осы ғазиз есімдері аталған Алаш арыстары ол өлкеге барғаннан кейін, ондағы ағайындар жиі қоныстанған өңірлерден мектеп ашып, медресе салып, жатпай-тұрмай ұлт-азаттық бағытындағы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Сонымен бірге ондағы Ақыт қажы Үлімжіұлы, Шәріпхан Көгедайұлы, Әбеу Құдышұлы, Нұртаза Шалғынбаев, Таңжарық Жолдыұлы, Мақсұт Сасанұлы, Баймолда Қараке, Шарғын Алғазыұлы, Жабықбай Бұлғыншыұлы т.б. жергілікті ұлтшыл, алашшыл тұлалармен бірлесіп, алаш-азаттық ұйымдарын құрып, ұлтты азат етудің қамына кірісе бастады. Міне осындай ішкі-сыртқы, әбден пісіп-жетілген саяси-әлеуметтік жағдай қытайдағы жергілікті халықтарды (қазақ, ұйғыр, дүңген, қырғыз т.б.) қолына қару алып ұлт-азаттығы үшін атқа қонуға мәжбүр етті. Әсіресе қазақтар шоғырлы қоныстанған Алтай, Тарбағатай, Іле өңірінің тұс-тұсынан қазақтар жаппай қарулы көтеріліске шыға бастады. Мәселен, 1940 жылы Көктоғай, Шіңгіл ауданының қазақтары көтерілген болса, 1941 жылы оларға Қаба-Сауыр қазақтары үн қосты. Одан кейін Шәуешек, Толы, Дөрбілжін, Сауан-Манас қазақтары да атқа қонды. Бұл көтерілістер дүмпуінің алды-артында жеткілікті дайындықтан өтіп жүрген Іле қазақтары 1944 жылы аса зор көлемдегі, кешенді көтерілістерін бастап жіберді. Міне осы көтерілістер, ХХ ғасырдың белортасында бес жылдай өмір сүрген әйгілі «Шығыс Түркістан Республикасының» (әрі қарай ШТР) құрылуына негіз болған ұлт-азаттық соғыстардың басы еді.

Жоғарыда сөз болған саяси-әлеуметтік жағдайлардың бәрі өмірге шыр етіп келген күннен бесігін тербеп есейткен, өсе келе санасын ұлттық ар-намыспен суарған, ХХ ғасырдағы әрісі күллі түркі жұртының қаһарман перзенті, берісі қазақ халқының бірегей баһадүр ұлы Оспан Исламұлы болатын. Жалпы Оспан батыр туралы айту әрі оңай, әрі қиын. Оңай болатын себебі – Оспан батырды білмейтін Алаш баласы кемде-кем. Бұл тұрғыдан келгенде «Оспан батыр» деген бір ауыз сөздің өзі-ақ жеткілікті сияқты. Ал енді қиын болатын себебі, Оспан өмірі, оның ерлігі, тағдыры секілді іргелі тақырыптар шағын әңгіменің аясына қалай ықшамдасаң да сия қоймайды. Себебі Оспанды айту үшін, кем дегенде ХІХ соңы мен ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы қытай қоғамын, аталған кезеңдегі Ресей (КСРО) мен Моңғолияны, сол тұста тарих сахнасына шығып, 4-5 жыл өмір сүрген ШТР-ын аттап өте алмайсың. Дей тұрғанмен, біздің мақсат – оқырманға Оспанның өмірі мен ұлт-азаттық күрестегі еңбегінен қысқаша мәлімет беру болғандықтан, сол төңіректе ғана сөз өрбітуге тура келеді. Оспан Исламұлы 1899 жылы бүгінгі ҚХР Шынжаң өлкесінің Алтай аймағына қарасты Көктоғай ауданының Өндірқара деген жерінде өмірге келген. Шыққан тегі Орта жүздің керей (абақ) тайпасынан тарайтын Молқы деген рудан. Жоғарыда баяндағанымыздай, Оспанның ат жалын тартып мінген кезі Шығыс Түркістан халықтарының басына отаршылдардың әңгір таяғы онды-солды ойнап тұрған тұсқа тура келді. Ол Яң Дзыңсин, Зинь Шужэнь, Шың Шицай секілді қанқұйлы баскесерлердің ондағы қазақ, ұйғыр, қырғыз, дүңгенге не ісетегенін көзімен көріп өсті. Діндес мұсылман баласының, қандас түрік жұртының төгілген бейкүнә қаны мен жазықсыз аққан көз жасына наркескен намысын қайрап өсті. Қанды қол жендет Шың Шицай 1930 жылдардың соңы мен 1940 жылдардың басында «ел-жұрттарыңның қолындағы мылтықты жинатып бермедіңдер» деген сылтаумен, бір ғана Алтай аймағының әр ауданынан Баймолда Қареке, Қалел тәйжі, Шәріпхан Көгедайұлы, Әлен уаң, Бұқат бейсі, Жанымхан тәйжі, Дәлелхан тәйжі (Сүгірбаев), Мұқаш, Қарақұл залың, Өнерхан тәйжі, Баянбай үкірдай, Байқадам үкірдай, Бөкейхан залың, Сақсайбай үкірдай, Жақсыбай би, Дөнен залың бастаған мыңдаған ел ағалары мен игі-жақсыларды тұтқындап, алдын түрмеде хайуандықпен өлтіре бастауы халықтың қанды кегін қозғады. Әсіресе әйгілі діни ғұлама, ағартушы-ақын Ақыт қажы Үлімжіұлы мен оның ұлы Қалманды тұтқындауы, олардың мал-мүлкін тәркілеп, ақынның барлық кітаптары мен қолжазбаларын, «Құран» кітаптарын жыртып, аяққа таптап қорлауы, жұрттың көз алдында отқа жағуы – тұтанып келе жатқан отқа май құйып жібергендей болды.

Осылайша Алтайдың түкпір-түкпірінен Ырысхан, Сүлеймен, Рахат, Қалман, Сәли, Зейнел, Есімхан, Оспандар бастаған қарулы көтеріліс оты тұтанып, Шың Шицай әскерімен қиянкескі қанды шайқас басталып кетті. Әрине, жер жағдайына қанықтығы мен атты әскерлерінің ержүрек, мергендігінің арқасында, бір жолғы шайқаста қазақтар жағы қытайларды ойсырата жеңсе, енді бірде, үсті-үстіне тың жасақтар келіп, қосыны ұлғайып жатқан, өздері мұздай озық қару-жарақпен (әуе шабуылына арналған әскери ұшақтары да бар) қаруланған жау жасағынан ойсырай жеңілген сәттері де болды. Осындай бір жеңіліс кезінде жоғарыда аттары аталған көтеріліс көсемдерінің біразы тұтқындалып, кейбіреуі майданда оққа ұшты. Осыдан кейін көтеріліске жетекшілік табиғи түрде Оспан Исламұлына жүктеледі. Жалпы Оспан 1930 жылдардың басынан бастап-ақ Алтайдағы қазақ шаруаларының қытай езгісіне қарсы көтерілістеріне белсене қатысып, өзінің ерен ерлігімен, сынайпер мергендігімен жұрт көзіне түседі. Ал 1930 жылдардың соңына келгенде, қан майдандарға өз сарбаздарының топ басы ретінде шыға бастайды. 1940 жылдың соңында Есімхан, Ырысхан қатарлы көтеріліс көсемдері Шың Шицайдың уағдасына сеніп, қаруларын тапсырып, келісімге келгенде, тек жалғыз Оспан ғана қаруын тапсырмай, өзіне ілескен жігіттерін бастап, тау сағалап қашып кетеді. Содан бастап Оспанның тобы отаршылдыққа қарсы күреске шындап бел буғандармен, қытай билеушілерінен қорлық-зорлық көріп, оны паналап барғандармен толыға береді. Қысқасы 1941 жылдың күзінен бастап төңірегіне жиналған, езгіден қиналған халық тарапынан Оспанға Алтай өңіріндегі қытай отаршылдарына қарсы көтерілістерге қолбасылық ету міндеті жүктеледі.

Содан бастап Оспан жатпай-тұрмай қосынын қайта жасақтап, көтеріліс қанатын тұтас Алтай өңіріне жая бастайды. 1943 жылдың соңында Оспан қосындары Шіңгіл ауданы Бұлғын өзенінің бойында «Алтай ұлтты құтқару қоғамын» құрып, Оспанды бір ауыздан сол қоғамның төрағасы етіп сайлайды. Ел арасында «Оспанды ақ киізге отырғызып, хан көтерді» деп айтылып жүрген әңгіме осы шара туралы дақпырт. Әйтпесе, хан болу үшін хан тұқымы болу керек екенін ондағы жұрт та жақсы біледі. Әрине, әскери қосын ұлғайғаннан кейін, оларға қажетті қару-жарақ пен оқ-дәрінің де, азық-түліктің де мөлшері өсетіні екібастан белгілі. Қазақтың қорасындағы аз малы аман болса, азық-түліктің бір амалы болар. Қанша жаужүрек болсаң да, мынау сойыл-шоқпармен, қылыш-найзамен майдандасатын заман емес, заманауи қару-жараққа қалай қол жеткізбек керек?! Оспан әрі ойлап, бері ойлап, ақыры Моңғолияның сол кездегі төрағасы, армия маршалы Х.Чойбалсанға елші жіберіп, қару-жарақ жағынан көмек беруін сұрайды. Мәскеусіз аттап баса алмайтын МХР басшысы, Кремьлдің келісімен Оспанға қыруар заманауи қару-жарақ, жеткілікті оқ-дәрі береді. 105 түйеге ыңыранта теңделген қару-жарақ пен өзге де қажетті заттардың санын енді өзіңіз мөлшерлей беріңіз. Бұл 1944 жылдың ақпан айы еді. Сөз осы араға келгенде, «Сталин неге Оспанға Чойбалсан арқылы қару-жарақ беріп отыр?» деген заңды сұрақ туады. Бұның себебі, біріншіден, Шың Шицайға «көмек» деген желеумен Гоминдаң әскери қосындарының Шынжаңға жаппай кіріп жатқанынан ресми Мәскеу толық хабардар болатын. Гоминдаңшыл қытайларды Шынжаңға жолатпау – сол кездегі КСРО-ның өзекті саясатының бірі еді. Себебі Гоминдаңның артында мойны қылқиып АҚШ тұр. Ендеше сол гоминдаңшыл қытайлармен, кеше ғана өзін сатып кеткен Шың Шицаймен өз алдына майдандасып жатқан Оспанды неге қолдамасқа?! Екіншіден, КСРО сол жылдарда жедел жасақталып жатқан Семейдегі полигонға қажетті уранды Шығыс Түркістанның Алтай аймағынан тасып отырған болатын. Егер Оспан жеңіліп, Алтай аймағы гоминдаңшыл қытай қолына өтсе, уранның да жолы кесіледі деген сөз. Осылайша Чойбалсан арқылы орыстың қуатты қару-жарағына ие болған Оспан өз қосынын бұрынғыдан да ұлғайтып, өздерінің негізгі штабтары орналасқан Шіңгіл, Көктоғай аудандарынан тыс, Алтайдың Сарсүмбе, Буыршын, Бурылтоғай, Қаба, Жеменей аудандарында партизандық ұйымдар құрып, қалың қазақ бұқарасын «Алтай ұлтты құтқару қоғамын» паналауға, оны қолдауға, отаршылдарға бірге соққы беруге шақырды. Онсыз да Шың Шицай мен гоминдаңшыл қытайларға қаны қарайып отырған қазақ шаруалары жаппай атқа қонып, өз аудандарында орналасқан Шың Шицайдың күштік құрылымдарымен, гоминдаңның әскери қосындарымен қиянкескі майдан ашты. Осылайша Оспан бастаған баһадүрлер жылдан аса толарсақтан қан кешіп, жан алып, жан беріп майдандасып жатқанда, оларға бір бүйірден ШТР ұлттық армиясы да көмекке келіп жетті. Сөйтіп 1945 жылдың қыркүйек айында тұтас Алтай аймағы отаршылдардан түбегейлі азат етілді. Әлқисса, Оспан бастаған Алтайдағы ұлт-азаттық күрестің төбесі көрініп қалған тұста, Іленің Нылқы ауданында бұрқ еткен қазақ шаруаларының қарулы көтерілісі күн санап, тіпті сағат санап ұлғайып, жалпы Іледегі қытай билеушілерінің зәре-құтын қашыра бастайды. Сөйтiп көтерiлiсшi қазақ шаруалары Iленiң аудан-ауылдарындағы қытай әскерлерiн тып-типыл жойып болғаннан кейiн, 1944 жылы қарашаның басында Құлжа қаласын азат етеді. Қарашаның 12 жұлдызы күні Құлжадағы «азаттық ұйымы» мен көтерілісшілер бірігіп, қаладағы «қазақ-қырғыз-ұйғыр мәдениет-ағарту клубында» жиналыс өткізіп, «Шығыс Түркістан Республикасы уақытша өкіметінің» құрылғандығын ресми жариялайды. Сол жиналыста Әлихан Төре уақытша өкіметтің төрағасы, Әкімбек қожа төрағаның орынбасары болып сайланады. 1945 жылы сәуір айының басында ШТР ұлттық армиясы құрылады. Көп өтпей, толық азат болмаған өңірлер бойынша соғыс жоспары әзірленіп, сол жылы маусым айында ұлттық армия жауынгерлері – оңтүстік, солтүстік, орталық – үш бағыт бойынша алғышепке аттанып кетеді. Солтүстік бағытының міндеті – Тарбағатай, Алтай өңіріндегі партизандармен бірлесе отырып, гоминдаңның қалдық күштерін аластау болатын. Әлгінде Оспан қосынына келіп қосылған ШТР ұлттық армиясы деп отырғанымыздың мәнісі сол.

Алтай аймағы азат болғаннан кейін, ШТР уақытша өкіметінің басшысы Әлихан Төре Алтайға арнайы келіп, «уақытша өкіметтің» көшпелі мәжілісін өткізіп, мынадай қаулы қабылдайды: «1. Алтай аймағы – ШТР-ның құрамдас бөлігі болып табылады. 2. Оспан Исламұлы, Дәлелхан Сүгірбаев, Зәкихан Әленұлы «ШТР уақытша өкіметтің» тұрақты мүшелігіне қабылдансын. 3. Алтай аймақтық әкімдігі құрылып, оған Оспан Исламұлы уәли болып тағайындалсын». Бұдан сырт осы жолғы жиналыста Алтай аймағы әкімідігіне қарасты мекемелер құрылып, олардың басшылары, аудан әкімдері де тағайындалады. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінде-ақ «ШТР уақытша өкіметі» жариялаған, тоғыз баптан тұратын тәуелсіздік туралы декларациясы болсын, сондай-ақ «уақытша өкіметтің» органы «Азат Шығыс Түркістан» газетінің ұстанымы мен үгіт-нәсихаты болсын, бәрі-бәрі де Оспан батырдың көңілінен шығады. Сондықтан да ол өзіне жүктелген уәлилік қызметті еш қомсынбай-ақ, аймақтағы халықтың әл-ауқатын көтеру қамына білек сыбана кірісіп кетіп еді. Алайда, Әлихан төренің саяси ұстанымы мен беталысын ұнатпаған Мәскеу, 1946 жылдың мамырында оны төрағалықтан алып, жасырын түрде әрі күштеп КСРО-ға алып кетеді де, олардың орнына ешкіммен ақылдасып жатпай-ақ Ахметжан Қасыми, Абдукерим Апбасов секілді өзінің «қызыл коммунистерін» тағайындай салады. Олар таққа отырысымен, яғни 1946 жылдың маусым айында «Шығыс Түркістан Республикасы уақытша үкіметі» дегенді «Үш аймақ өкіметі» деп өзгертеді. Сонымен А.Қасыми мен А.Апбасовтың қатары Дәлелхан Сүгірбаев (қазақ), Ы.Мононов (қырғыз), Ложы (қытай) секілді қызыл коммунистермен толыға түседі. Дәл осы кезде «Үш аймақ уақытша өкіметі» мен Гоминдаң үкіметі Шынжаң мәселесін бейбіт жолмен шешіп, біріккен (коалициялық) үкімет құру жөнінде сөйлесе бастайды. Бұған түрткі болып отырған, Ішкі қытайдағы Гоминдаң (Чан Кайши) мен Коммунистік партияның (Мао Цзэдун) бейбітшілік келісіміне қол қоюы еді. Демек, олар соғысты тоқтатқан жерде, Шынжаңда соғыстың жалғаса беруін Мәскеу де қалаған жоқ. Оның да өзіндік себебі бар еді. Біріншіден, Сталинге Маоның өтінішін орындау керек болды. Яғни Мао «Үш аймақ уақытша өкіметiнің» Шынжаңды Гоминдаңнан тез тазартып, тәуелсіздік жариялап жіберуінен алаңдаулы еді. Сондықтан Кремль қалай болғанда да Мао ішкі қытайда жеңіс тұғырына көтеріліп, Шынжаңға кіргенше «үш аймақшыларды» осылай айналдыра тұруы керек. Екіншіден, Мәскеу «өзі асыраған күшіктердің» ертеңгі күні тыңдамай кетуінен де қауіптенетін. Ал, «бейбіт келісім» деген сылтаумен сәл тыныстап, күш жинап алу – әбден әлсіреп, сілікпесі шыққан Гоминдаң үшін де таптырмайтын орай еді.

Міне осылайша Гоминдаңның сұрауымен, Мәскеудің қолқалауымен «Үш аймақ уақытша өкіметі» мен Гоминдаң бейбітшілік келісіміне 1946 жылы қаңтардың 2-ші жұлдызында Үрімжіде қол қойды. Келісімнің мәтінін жазудан тартып, қол қойғанға дейінгі бас қосудың бәріне КСРО-ның Үрімжідегі елшісі Иесеев тұрақты түрде қатысып отырды. Сонымен 1946 жылы шілденің 1-ші жұлдызында Шынжаң өлкелік коалициялық үкіметі ресми түрде құрылып, төраға Чжаң Чжэчжуң, оның орынбасары болып А.Қасыми тағайындалды. Әлихан Төре тақтан тайдырылып, оның орнына Мәскеудің тәрбиелеген қызыл комунистері билікке келген күннен бастап, Алтайдың уәлиі Оспан батыр мен Сауанның әкімі Қалибек әкім қатарлылар Құлжадағы қуыршақ өкіметтен теріс айнала бастады. Бұл туралы осы кезеңді жеткілікті зерттеп, Оспан батыр өмірінен төрт томдық роман жазған жазушы Жақсылық Сәмитұлы: «Әлихан төре осы тұста Сауаннан шыққан Қалибек, Тәкіман тобымен де қарым-қатынас жасауға ұмтылып көреді. Алтайдан Оспан, Сауаннан Қалибек, Үрімжіден Жанымхан, Құлжадан Әлихан Төре болып, Шығыс Түркістан Республикасын қорғап қалуға, коммунизммен аянбай күресуге бел байлайды», -деп жасады. Осылайша Оспан, Қалибектер Гоминдаңмен астаса отырып, «Үш аймақ уақытша өкіметіне» қарсы оқ атады. Тура осы тұста мына мәселенің басын ашалай кетуіміз керек. Яғни, ҚХР КП мен КСРО КП үгіт-насихат құралдары жарты ғасыр бойы Оспанды жаппай «банды» ретінде ғана емес, «саяси сауатсыз, жабайы» ретінде сыйпаттағаны жасырын емес. Бүгінде осынау жалған үгіт-насихатқа имандай иланып, соны әлі малданып жүрген қандастарымыз қаншама?! Керісінше Оспанның азаматтық тұғырнамасы мен саяси сана-сезімі, таным-пайымы сол замандағы кез-келген «мен-мен» деген көсемнен озық болса болған шығар, бірақ зәредей де кем болған емес. Яғни Оспанның тек отаршылдық езгіге ғана емес, коммунистік жүйеге де жан-тәнімен қарсы болғаны осының айғағы. Жалпы Оспанның саяси, азаматтық ұстанымы деген мәселе бөлек әңгіменің арқауы. Әрине, ол туралы деректер, дәлел-дәйектер де өте мол.

«Үш аймақ армиясына» қарсы майдан ашуын Оспанға Гоминдаңның айдақтап істетіп отырғаны деп түсінген «Үш аймақ уақытша өкіметінің» басшылары Үрімжідегі өлкелік коалициялық үкіметтің жұмысын тастап Құлжаға қайтып оралды. Бірақ Оспан батыр бәрі бір райынан қайтқан жоқ. 1947 жылы Гоминдаңның Үрімжідегі өкілі Суң Силяннан мол оқ-дәрі, жеткілікті қару-жарақ алған Оспан не бәрі екі-үш айдай мерзімде, тұтас Алтай аймағын «Үш аймақ уақытша өкіметінің» ұлттық армиясынан қайтарып алады. Оспан қосынынан ойсырай жеңілген ұлттық армияның генералы Д.Сүгірбаев қалдық жасағымен Жеменей ауданы арқылы КСРО-ға қашып өтіп, жан сауғалайды. Кешікпей мыңдаған совет солдаттарын ұлттық армияның формасымен киіндіріп, мұздай қаруландырып қайта айналып келген Дәлелхан, оларға Іле мен Тарбағатайдағы ұлттық армия қосындарының басым бөлігін қосып, Оспанға қайта шабуылдайды. Соның өзінде бір неше айға созылған қан-қасап қырғыннан кейін ғана Алтайды Оспаннан зорға қайтарып алады. Қосыны әлсіреп, әрі қару-жарақ, азық-түліктен тарыға бастаған Оспан қалдық әскерімен шегіне қашып барып, Бәйтік тауына барып паналайды. Жаңа құрылған ҚХР үкіметі 1949 жылдың қараша айынан бастап Шынжаңға әскерін кіргізіп, әкімшілік құрылымдарын жасақтай бастайды.

Шынжаңға келген ҚХР қызыл армиясының қолбасшысы Уаң Чжэн бұндағы жұмысын Оспанға үгіт айтудан бастайды. Ол Оспанға арнайы хат жазып адам жібереді. Хатта Оспанның Шынжаңды гоминдаңнан азат етудегі еңбегі жоғары бағаланып, ендігі жерде райынан қайтып, береке келуі, қаласа Алтай аймағының уәлилігі қызметін атқара беруі туралы, алдағы уақытта одан да биік қызметтер ұсынылып, ерекше құрмет көрсетілітіні айтылған. Сонымен бірге барған адамы арқылы Уаң Чжэн Оспанға сыйлық ретінде мол оқ-дәрі тарту етеді. Бұл ұсынысты Оспан батыр қабыл алмайды. Сонымен Оспан Бәйтік тауынан әрі ілгерілеп Қаптық тауы маңына барғанда, солтүстік бүйірден МХР қызыл әскерінің тұтқиыл шабуылына тап болады. Артында (оңтүстікте) «Үш аймақ» ұлттық армиясының қуғыны, батысында КСРО қызыл армиясы, шығысында қызыл қытайдың «азаттық армиясы». Қысқасы бәрі анталап, Оспанды жан-жағынан қысып келеді. Енді қайтпек керек?! Оңтүстік, солтүстік, батыс бағытыңдағы тосқауылды бұзғанымен де әрі қарай жол жоқ. Өзекті жанға бір өлім. Неде болса, Оспан шығыстағы қызыл қытай армиясының шабуылын бұзып өтіп, Ганьсу арқылы Тибетке жетіп, одан әрі Үндістан, Пакистанға кетуді көздеді. Ондағы мақсаты сол елдерде жүріп АҚШ бастаған батыс елдірінің көмегін алып, қайта қол құрап, Шынжаңға қайыра шабуылдау, сөйтіп елін, жерін азат ету ұлы мұратын жүзеге асыру еді. Бұл туралы Үрімжідегі АҚШ консулының жауапты қызметкері Дуглас Маккиернанмен келісіп те қойған. Осы оймен Оспан батыр 1950 жылы Ганьсу өлкесіне қарасты Қанамбал тауына көшiп барып, сол жақта қыстап шығуды ойлайды.

Алайда бұл кезде Шынжаңға қаптап келіп орнығып, елге, жерге қожалық ете бастаған ҚХР қызыл әскері батырдың сар ізіне түсіп қуып жүріп, оны Хайдзы деген жерде 1951 жылы ақпан айының 19-шы күні қолға түсіреді. Ресми Пекин Оспанды ату жазасына үкім етеді. Үкім 1951 жылы сәуірдің 29-ы күні Үрімжіде жүз мыңдаған халықтың алдында орындалады. Батырдың үлкен ұлы Шердиман әкесінің сүйегін 1953 жылы 12 ақпанда ғана алып, Алтайдың Көктоғай ауданына апарып жерлейді. Саналы ғұмырын туған халқының азаттығы мен теңдігі жолына арнаған, сол жолда атынан түспей, бес қаруын қолынан тастамай, толарсақтан қан кешіп жауымен майдандасып өткен Алаштың теңдесі жоқ қаһарман перзенті Оспан Ислаұлының ұлы жүрегі, алып жүрегі осылайша дамыл тапты. Деректерге қарағанда, Оспан батырдың ерлігінің арқасында, Шынжаңдағы Гоминдаң мен Шың Шицайдың 30 мыңға таяу әскерінің көзі жойылыпты. Қайран ерлік! Қайран асыл арман! Қайран есіл ерлер! Адалынан қол ұшын беретін, тілеулес шын достың жоқтығынан төңірегіндегі КСРО, МХР, Гоминдаң, АҚШ, ҚХР бастаған өз есебін ғана күйттеп, өз мақсатын ғана ойлап жүрген елдердің ойыншығы болды да кетті!

Дүкен Мәсімханұлы

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ кафедра меңгерушісі.  
Филология ғылымдарының докторы,  профессор.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Теги: , , , , , , ,

3 пікір

  1. Pingback: Бүгін даланың соңғы нояны Оспан батырдың өмірден озған күні

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*