Әдебиет

ДӘУІРБЕК ДҮЙСЕБАЙ: ЖЫМЫҢДАП МАҒАН СЫР АЙТАР МА ЕКЕН ЖҰЛДЫЗДАР.

Вокзал

Қолды сүйіп қолымды қалған қысып,

Алматыға кетуші ем арман құшып.

Осы вокзал еді ғой мені өзіңіз

Шығарып сап сан мәрте, алған күтіп.

Енді келіп егілем, ақтарылам,

Сыр іздеймін қаланған тастарынан.

Сіз барда, әке, бұл вокзал өзгеше еді,

Тірлік кешіп жататын шат-шадыман.

Қайда, жанға сол вокзал сыр құятын?

Қазір өңі бозарған, сұрқия тым.

Мерекенің базары секілді еді,

Септі бүгін көңілге сұр сиясын.

Мына гүлзар (ол кезде гүлі ашылған)

Пойыз күтіп сізбенен тұратын маң.

Қарайтынсыз ойланып составтарға:

«Жылдар сынды, – деп – зулап шұбатылған».

Сіз кеткелі, шынарым заңғардағы,

Өңін берді өмірдің тозған бағы.

Өзіңіздей енді ешкім қарсы алмайды,

Құлазып тұр, мінекей, вокзал маңы.

Құлақ салсам вагондар ырғағына,

Қамалады өзі кеп мұң жаныма.

Қараң қалған вокзалда күңірендім,

Қарап тұрып зулаған жылдарыма.

Түнмен сырласу

Сырласып түнмен, отырмын ояу. Бөлме іші.

Әй, ерке сәуле, ойымды менің бөлмеші.

Қап-қара түнек, сыр айтам саған оңаша,

Түсінсең болды, керегі де жоқ өңгесі.

Еңсемді менің тастаған кезде басып күн,

Түсінемісің, өзіңе ғана асықтым.

Кез-келгенге жанға сырыңды жая бермейтін

Тұңғиық тылсым табиғатыңа ғашықпын.

Тіл қатшы маған, сырласым менің ең дара!

Сен жоқта көңілім – иесіз қалған ен дала.

Басқа жандармен жараспай қойды жұлдызым,

Түсінетұғын ендігі мені сен ғана.

Көбелектей бір от ойларыма құмармын,

Шырмала берем, ес ауып, сірә, құлармын.

Жығармын әлде әділетсіздіктен тынармын,

Сын туар әлі-ақ алдына барар шын Ардың.

Жанымда менің өткеннен қалған жара көп,

Сондықтан маған жан жылуыңмен қара тек.

Ұғыншы, досым, келмейді мұнда қалғым да,

Тұңғиығыңа батыр да мені, ала кет.

… Балконға шықсам, бір қарып бойды түнгі ызғар,

Жымыңдап маған сыр айтар ма екен жұлдыздар?

Бір түннен басқа бермейтін ешкім аңғара

Көңіліме келіп қалықтап қонған сұр күз бар.

Тіршілік жұмбақ. Таппадым жауап дұрысын,

Жалпыға бірдей төкпей ме құдай ырысын?

Ертеңгі болар баянсыз күнге қамданып,

Нән қала жатыр кең алып қойып тынысын.

Ағылар түнде мұңдарым менен азапты ой,

Сол кезден бастап ауыр жүгінен азат бой.

Бар ынтасымен шеріңді тыңдап, сыр айтар

Сенімді түндей сырласың болса, ғажап қой.

Атамекен

Балығы тайдай тулаған…

Бақасы қойдай шулаған…

Қайран да менің Еділім!

Қазтуған жырау

Жүргенде аңсап елдегі нұр көктемді,

Теһранға қоңырқай күз жеткен-ді.

Осы маңда үш қазақ жүр деп естіп,

Бізді түрікмен жігіті іздеп келді.

Жарқын мінез көрсетті ол жайсаң күліп,

әрі құдай сыйлапты қайсар қылық.

«Қорқамыз ғой ат жейтін қазақтан», – деп,

Әзілдеді ирандық бойшаң жігіт.

Жыр оқыдық, ән салдық, сыр ақтардық,

Жанымызға нұр тарап шуақтандық.

«Отаныңа өзіңнің қайтпаймысың?» –

Деп, аңдамай біз одан сұрап қалдық.

Кенет онда алаулап ыстық жалын,

Шашыратты көзінің ұшқындарын.

Іргедегі картадан «отаным» деп,

Хазар көлдің көрсетті түстік жағын.

«Жұртым осы, жүректе от ұштандырған,

Амал қанша, болған соң іс тағдырдан?

Шекараны өзгелер кескен кезде,

Тілім жерді елімнен тыс қалдырған.

Бабам қанша ту ұстап атқа мінді,

Менің қаным өзен боп ақтарылды.

Ата жаумен қырқыстық, майдан қылдық,

Әне, солай түрікмен жатқа кірді.

Атажұртты тұтамын аса құрмет,

Бөтен жақта ешқандай шатағым жоқ.

Құдай нәсіп еткенде, мына жерді, –

Қарап тұрды ол, – еліме қосамын», – деп.

Қайрат көрдік түрікменнен осындай көп,

Жарқылдады ол тілетін жасындай көк.

Басқа жұрттың басымен ойлап келген

Бізге бұл сөз көрінді тосын жай боп…

Атамекен, ардағым, төр жайлауым!

Шүкір, биік тауың бар, кең қойнауың.

Бірақ әркез жүрегім толқып жүріп,

Еділ, Алтай, Шаштағы жерді ойладым

Таста да тіл бар

 

Таста да ғажап бар ма әлем?

Тастан мен тірлік, жан көрем.

Тастар да тас боп ұйықтайды,

Тұрады сосын таңменен.

Іздесең суды таста бар,

Тас емес, бәлкім жас болар.

Дүниені тастай сезе алмай,

Жер басып жүр ғой қасқалар.

Мәңгүрттің дерті асқынды,

Еліне тасын лақтырды.

Шуылдақ өңкей неменің

Түсінігі де жоқ тас құрлы.

Бабамның сырын ашқанда,

Алғысымды айттым тастарға.

Адамның мұңын ұқпаған

Кісіде жүрек, бас бар ма?

Есіріп найсап, жөні жоқ

Көрсетті құқай сан рет.

Мен сонда балбал тастармен

Көріскім келген еңіреп.

Мейір бар таста, дәлелі –

Тасжарған гүлдер әдемі.

Үміттің гүлін солдырған

Қоғамның іші тар еді.

Саңылауы жоқ… аш көзі…

Бұл надан неткен қатты еді!

Тамшыға төбе тестірген

Жұп-ұмсақ екен тас, тегі.

Таста да тіл бар, айғағы –

Дерегін алға жайғаны.

Туған тіл ар ғой. Арсыздар

Түсінбей соны қойғаны.

Көрген күніміз осындай.

Құт болсын бізге ғасыр қай,

Төрге озған мына мақаулар

Зіл қара тасқа басылмай?

Құстар қайтып келді, әке…

Құстар қайтып келді, әке, сырнайлатып,

Сездіңіз бе, әуенін тыңдай жатып.

Сізді іздеді өлкеден, таппаған соң,

Қанатына ұшты олар мұң байласып.

Аңсап олар дәл сіздей текті арысты,

Тауды шарлап, аралап кетті алысты.

Қазығұрттың басынан көп айналып,

Қосмоланы, міне, енді бетке алысты

Еш өкпем жоқ ақ жүрек ұялыға,

Жеткен екен сізді алып қиялына.

Басу айтты қамыққан көңіліме,

Қарғыс айтты және де Зия ұлына.

Есті екен-ау, текті екен мына құстар,

Көңіл айтып келіпті түу алыстан.

Бірге егілдім қанатты достарыммен

Сізді жоқтап, қайғырып жылап ұшқан.

Самғады олар жанардан жас сауғалап,

Күңіренді қара жер аспан қарап.

Тағы да, әке, ұша алмай қалды ұлыңыз,

Қанатының жарасын жатқан жалап.

Менің әкем

Әкем бейнет тартқан соң ержеткелі,

Алатауға шыға алмай, төрге өтпеді.

Алматыда оқытып интернатқа,

«Мен жетпеген биікке сен жет», – деді.

Перзент десе, жан бар ма егілмейтін?

Оқуымнан қайтарда ол көз ілмейтін.

Күтіп алып пойыздан: «Келін қайда?

Неге жалғыз келдің?»- деп әзілдейтін.

Әзіл айтып жүруден ерінбейтін,

Тап бергенге шап беріп, шегінбейтін.

Талай жерге соңынан ертіп барып,

Танымайтын қыздарға «келін» дейтін.

Жалындағын жаны оның от болатын,

Ұшамын деп қанатын көп қағатын.

Құрдастарын қалжыңмен сипап, шымшып,

Жамандардың ішіне шоқ салатын.

Қайран әкем тілімен шоқ күреген!

О кісідей жазбадым ешбір өлең.

Менің байтақ аспаным аласарды,

Бәйтерегім құлады көк тіреген.

Жан екен-ау сөзі – алау, кескіні ерен,

Ойларымды қайтейін кеш түлеген?

Жан әкемдей тебіреніп түбінде бір

Жыр жазамын әлі ешкім естімеген.

Өнерлі жастың өлімі

Ол «нарықтан» күтпеген бе тәтті үміт?

Жан жарасы кетті ме әлде асқынып?

Біз тұратын жатақхана артында

Жіпке асылып жан тапсырды жас жігіт.

Тұрды жұрт та қара күздей күйге еніп,

Өнерлі еді ол, – деді біреу именіп, –

Соңғы кезде жұмысынан қысқарып

20

Жан болатын жүрген әбден күйзеліп.

– Өнер қуар заман ба бұл, әсілі?

– Пұл таппай ма болса өнері, ақылы?

– Жар, баласы жылап қалды-ау, – деп жатты

Жатақхана еркегі мен қатыны.

Жетті арбалы сұр мәшине аптығып,

Шықты ішінен шылым шеккен қос жігіт.

Мәйітті алып, ырғап-ырғап тұрды да,

Тастай салды арбасына лақтырып

Айыптыны тым алыстан іздеме,

Бәлкім, кінә жатқан шығар бізде де.

Мәйітхана жаққа қарай саңғырлап

Көк арбада кете барды мұз дене.

Түстеп тани алмай жүрген асылын

Сен не деген парықсыз ең, ғасырым!

Сүйген құлға өнер бердің, енді, Аллам,

Тәуір қылып бере көрші ақырын.

Қазығұрт

 

Беу, Қазығұрт, бақ қоныс, асыл кием,

Шуағына бөлепті тасыңды ием.

Аңыз болған әлемге өр даңқыңның

Құдіреті алдында басымды ием.

Болар, бәлкім, нышаны ұлылықтың,

Қалған екен кемесі ұлы Нұқтың.

Аласармас айбынды рух берген

Шежіреңді басқадан бұрын ұқтым.

Артық маған дәмінен суың балдың,

Өзеніңе шипалы жуынғамын.

Болуға осал еш хақым жоқ, өйткені

Құт дарыған өлкеңде туылғанмын.

Бүгін, міне, шабыттан теңселді иық,

Қабыл алшы, нөсер жыр берсем құйып.

Қиырда да қасиетің арқасында

Өзгелерден жүреді еңсем биік.

Жұртым қайтіп шет жүрсем құса қылмас?

Жұтып жұпар ауаңды құсадым мас.

Алыс жолдан қалжырап, аңсап келдім,

Аунап-қунап алайын, құшағыңды аш!

Алдың, өлкем, киеңмен тұсап бекем,

Кетпеу тиіс сондықтан ұсақта есем.

Небір қилы додаға түсер алдын

Саған келіп, қайралып, күш ап кетем.

Теги:

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*