Кітапхана

Жеңіс Шәкенұлы: Нардың сүті төгілген қара тауларым.

Ақын Жеңіс Шәкенұлы 1961 жылы Тарбағатай аймағы, Дөрбілжін ауданында дүниеге келген. 1985 жылы не бары 24 жасқа толар шағында өмірден озған. Соңында 37 өлеңі қалған. 

“Жеңіс Шәкен ұлы 80-жылдардың басында өзінің алғашқы және соңғы бір топ өлеңін баспа бетіне жариялап үлгерген жас ақындардың бірі еді. Ақынның ғұмыры қысқа болғанымен, оның өлеңдері екінші бір ғұмырына даңғыл жол ашты. Кейбір жас ақындар жеңістен үлгі алды. Кейде өмірді жеңісше жырлауға тырысты. Жеңіс сыншылардың назарына да көп ілікті. Кей өлеңдері тіпті әнге айналып халық арасына кеңінен таралды…”

– Мәдениет Мұқатайұлы 

 

Қара таудың елдері

Шағи белбеулі,
Ақ құр белдеулі,
Нардың сүті төгілген қара тауларым,
Жасылдың тұмсығы дал болған жартасым.
Түн кезген бөріге,
Маңыратып көтертпе,
Ауылдың лағын марқасын.

Еңіретсең біреуді,
Ертесі –
Азабын мың есе тартасың.
Кез ғой бұл
Қорықпай жолбарыс, аиюдан.
Түлкі де сонарда түсте ұйықтап,
Ақшамда жортатын.
Мекендеп қалған соң,
Адамдар ортасын.

Нардың сүтін емген қара тауларым.
Қара шалдарым,
Қараған қаққан майлы шалбарын.
Сол менің байтақ даламда,
Дүлдүлдің ізі қалған жандарым.

Сол менің,
Иісі бұрқыраған ерменнің,
Қажырлы қажымас ерлерім.
Басына көтерген туған жерлерін,
Тау деу керек, таудың елдерін.

«Таудай» дейтұғын таудың елінде
Қара таудың қаны бар,
Қара таудың қалы бар,
Қара аиюдың жалы бар,
Кісінесе жылқы қай жерде,
Сол жерден сол ел табылар,
Көбейсін жылқы жануар.

Сопылық

Тапсыратын сәлемім бар тоқтаңдар,
Жер астына кетіп бара жатқандар.
Абайға айт өлгендерді бастасын,
Топырақтың сызы өткенше жатпасын.

Тірілер боп өлгендер боп қаптаңдар,
Жер үстінен арам шыбын шаққандар.
Мәді қайда, мәдіні ерте келіңдер,
Осы өмірге енді келе жатқандар.

Бірі емеспін қонышынан басқанның,
Қамын жеймін сүйтсе дағы басқаның.
Қайсаға да хат бергізіп жібердім
«Түс енді» деп перісінен аспанның.

Абай бастап өлілер де қозғалар,
Мәді шығып ақ қылышын қолға алар.
Қайса түсер құдыретін қолданар,
Солпылық та осылармен оңданар.

Тірі сәби өлгендерге жол қарар,
Бақыт жауар мүсәпірге дорбалар.
Бұл күндерде теңелмеген тірлікте,
Қастық үшін қазылған тек ор қалар.

Көрем сонда ала аяқты жорғалар,
Көзің ағып одан сорың сорғалар.
Сол күндерде біздің елдің иті оттап,
Қасқырлардың ұлығаны жол қалар.

Босаға

Қабырғалап сыртында,
Дүлдүл тұрған босаға.
Күміс көмей Әсеттей
Бұлбұл туған босаға.

Түйе-бота іргеде,
Боздап өткен босаға.
Тегене құйрық қызыл қой,
Қозылап өткен босаға.
Елі үшін еңіреп,
Боздақ өткен босаға.

Қозы көрпеш-баяндай,
Ғашық өткен босаға.
Қонақ пенен есігі,
Ашық өткен босаға.
Арнасынан ырысы,
Тасып өткен босаға.

Қабанбайдай алпауыт,
Батыр туған босаға.
Құрманғазы секілді,
Күйші туған босаға.

Сәби туғаы шешелер,
Белін буған босаға.
Адам өлсе бөз жауып,
Сүйек жуған босаға.

Апам суға кеткенде,
Ұршық қалған босаға.
Атам соққан көкжалдан,
Қылшық қалған босаға.

Керегенің керілген,
Басын таңған босаға.
Ұзатылған қыздардың,
Жасы тамған босаға.

Қос жігіттеп көтерер,
Қоржын тіккен босаға.
Қос жіліктеп тартатын,
Табақ біткен босаға.

Сондықтан да достарым,
Босағаны сыйлайық,
Жанымызды қисақ та,
Босағаны қимайық.

Теги: ,

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*