Бейнематериалдар

Жәркен Бөдешұлы: Оспанды қазір атады…(Видео)

Осыдан 70 жыл бұрын, сәуір айының 29 күні, ХХ ғасырдағы ұлт қаһарманы, қолбасшы, батыр Оспан Сіләмұлы қытай коммунистерінің тұтқынында ату жазасына кесілген күн еді. Батыр бабамыздың сол сәттегі тәкапар бейнесін, асқақ рухын, батыр тұлғасын төрт шумақ өлеңмен өрнектеп берген, Жайыр таудың жырауы, аяулы асыл, аңғал ақын ағамыз Жәркен Бөдешұлы да күні кеше ғана, осы сәуір айында мәңгілік келмес сапарға аттана берді. Бүгін халқы ардақты ұлын арулап жер қойынына тапсырып қайтты. Жәніңіз жаннатта болғай алаштың айбоз ұлы. 

Оспанды қазір атады

Жәркен Бөдешұлы

Бөрідей шулы атағы,

Оспанды қазір атады.

Айдауда әне, келеді Ол,

Ешкіммен жоқтай шатағы.

 

Түнерген суық түс-өңі,

Шойындай қара кісі еді.

Қолында көзір, аяқта,

Білеудей темір кісені.

 

Деп сөйледі Ол: – ағайын,

дәреттеніп алайын.

Дұғамды оқып соңғы рет,

Қыбылама қарайын.

 

“Тарс” етті мылтық… құлады,

Шулады елдің құлығы.

Анадай жерге кетті ұшып,

Алтайы сеңсең тұмағы…

 

Жолбарыс сынды ақырғы,

Басы бар батыр атылды.

Басы жоқ тобыр селт етіп,

Қарасын құмға батырды.

 

Дайындаған: Мағаз Ретбек

 

 

Теги: ,

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*