Алтай аңызы

Марқакөлге ғана біткен майқан балығы – мұз дәуірінің символы

Қарт Алтайдың қалың жынысты, қарлы жоталарының биігінде көз тамшысындай болып мөлдіреп жатқан Марқакөл дейтін ғажап бір көл бар. Тау басындағы таңғажайып көлде мамандардың айтуынша, әлемде біздің елде ғана ұшырасатын майқан балықтары тіршілік құрады. Сонау мұз дәуірінің көзі тірі символы деп жүрген майқан балығы жайында сіз не білесіз?

«Ускуч» атауы қайдан шықты?

Бұл тіршілік иесінің тұқымы жоғарыда айтып өткендей, ежелгі мұз дәуірімен байланысты. Зерттеуші мамандар майқандардың шығу тегі сол кезден бастау алып, бертін келе аздап өзгеріске ұшыраған деген болжамдар айтады. Жергілікті жұртшылық майқанды ауызекі тілде «ускуч» деп атайды. Майқан балығы ағынға қарсы жүзіп, бір судан екіншісіне «ұшып» өтіп кететіндіктен жергілікті қазақтар оны алғаш көргенде «ұшқыш» балық деп атаса керек. Ал көлге келіп құятын Ұрынхай өзенінің сағасына ең бірінші болып қоныс тепкен, осы арада екі жылдай кемпірі екеуі ғана тұрған орыстың Фрол Минаев дейтін шалы оны орысшаға икемдеп «ускуч» деп атап кеткен көрінеді. Содан ел аузында «ускуч», «қызыл балық» атауымен кең таралып кетті. Көнекөздердің шежірелеріне құлақ ассақ, ерте кезде Марқакөлде балықтар тайдай тулап, ернеуінен асып, шүпірлеп жатады екен. Минаев ақсақал балықтарды өздерінің ішіп-жемі мен сырттан келетін саудагерлерге сатуға немесе айырбастауға ғана аулап жүріпті алғашқыда. Кейіннен тау қойнауындағы жарқырап жатқан айдында байлықтың мол қоры барын білген келімсектер осында қарай жөңкіле көшеді.

Орыстар келіп қоныстанғанға дейін мұнда балықты аз аулапты, сондықтан майқанның қоры мызғымаған. Көлдегі тіршілік иелерінің көптігі сырттан келген орыс мұжықтарын қайран қалдырған. Табыскерлердің айы оңынан туып, қайткенде де «өз сыбағаларын» алып қалуға жанталасқан олар балық қорына әжептәуір зиян келтіріп баққан.

Табиғат зерттеушісі, саяхатшы Николай Яблонский Марқакөл туралы жазған очеркінде былай деп суреттейді: «Балыққа ең қарық болатын кез – көктем мен күз. Көлге құятын бұлақтар мен өзендердің арнасы көктемде суға шүпілдей толады да, балық біткен үйір-үйірімен уылдырық шашуға ыңғайлы жер іздеп, ағысқа қарсы жоғары өрлейді. Су кемерінің көтерілуіне байланысты тып-тымық қойнаулар түзіліп, оларға балықтар жиналады. Мұны білетін балықшылар қайың мен көктеректі бұтарлап әкеліп қойнауларды қоршап тастайды. Бұл жердің суы тартылғанда қайраңдап қалған балықтарды тұп-тура қолдарымен жинап алады екен…».

Жергілікті тұрғындар айтқан әңгімелерге иек артсақ, көктемде адамдармен қатар мұнда «қонаққа» қысқы ұзақ ұйқыдан ашығып оянған Алтайдың қоңыр аюлары да қорек іздеп көптеп келетін көрінеді.

– Көктем шыға көлдегі мұздың көбесі сөгіле салысымен майқан уылдырық шашу үшін бұлақтар мен өзендерге қарай беттейді. Бұлардан басқа Марқакөлде теңге балық пен талма тіршілік етеді. Көлдің балық түріне мұншалық кедейлігін оның басқа су көздерінен томаға-тұйық жатуынан, әрі Ертіспен жалғастыратын Қалжыр өзенінің балық өте алмастай биік табалдырықты, тар өткелді болып келетіндігімен түсіндіруге болады, – дейді Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ихтиология зертханасының меңгерушісі Дамир Жәркенов.

Ихтиологтың сөзіне қарағанда, мұзаралық дәуірде Марқакөл өзге сулардан оқшауланып қалғаннан кейін ондағы балықтар өз алдына бөлек бір түр құрап, эндемиктерге айналған. Өзен-суларды мекендейтін басқа тұқымдастарынан олардың дене құрылысы мен тіршілік ету әрекеті өзгеше болып келуі сондықтан.

Уылдырық шашу үшін өздерін құрбандыққа шалады

Бүйірінде қара-жасыл теңбілдері бар майқан балықтар салқындықты ұнатады, әрі қараңғы иірімдерде үйір-үйірімен шоғырланып жүреді. Негізінен көлдің тереңін мекендейді. Мамыр айының басында тау өзендері мен ірі бұлақтардың сағаларына жиналып, уылдырық шашу үшін ағынға қарай жанталаса жоғары өрлейді. Өзен арналарының жіңішке жерлерінде майқандар бір-біріне жақынырақ жүзіп, суды шапшыта қайраңдардың бірінен соң бірінен өтеді. Осындай жерлерде, әсіресе, сарқырама шұңқырларында, жағалаудағы, құлама үйінділердегі шайынды суларда балықтар көп жиналып қалады, тіпті, қиналмай-ақ қолмен ұстап алуға болады. Кейде олар осы құлама үйінділерден, шұңқырдан шұңқырға, шұңғымадан шұңғымаға өтіп, суы аз бұлақтармен ұрпақ жалғастыру үшін бастарын өлімге тігіп жоғары өрлейді.

Балыққа бай көл жайындағы ақпарат бүкіл Алтай атырабына тарап, алыпсатарлар шалғай жерлерден, тіпті, Бийскіден де ағылып келді. Сүзекімен аулауға салынған тыйым ұзаққа бармады, табысқа құныққандар ақыры дегеніне жетіп, үш абағы бар, ұзындығы 150 сажын келетін қолдан жасалған сүзекілермен кей күндері 400 пұттан таңдаулы майқандарды ұстап жүрді. Зерттеуші ғалымдардың деректері қайсыбір жылдың көктемінде мұнда 675 адам ау салумен шұғылданып, олар 6750 пұт балық ұстағанын айтады. 1911 жылы Марқакөлде балық аулау көлемі 8250 пұтқа (1351,4 центнер) дейін жеткен.

Көлдің ихтиофаунасы мен балық қорының жай-күйі ұзақ уақыт бойы егжей-тегжейлі зерттелмей келді. Тек 1956 жылы ғана Қазақ КСР Ғылым академиясының зоология институты Марқакөлге өз экспедициясын аттандырған. Содан бері бұл көлдің ихтиофаунасын зерттеу жұмыстары жиі жүргізілмесе де әйтеуір жалғасып келеді. Ихтиолог В.Митрофанов бұл жайды былайша түсіндіреді: «Өзен майқаны жыныстық жағынан бес-алты жасында және одан да асқан шағында жетіледі. Оның қоры жеткіліксіз пайдаланылуда, мұның өзі уылдырық шашуға ыңғайлы жерлерді неғұрлым ірі (сақа) балықтар басып алып, басқалардың жолай алмауына әкеліп соқтырады. Соның салдарынан мұндай жағдайда балық жыныстық жағынан кеш жетілуге дағдыланады».

«Бір жолы майқанның үлкен терісін тауып алдық. Ал оның терісінің мықтылығы сондай, одан етік тігуге болады! Балықшылар оны көзбен мөлшерлеп, біраз кергілесіп алды да, бұл майқанның еті екі пұттан кем болмас деп ұйғарды» деп жазған Марқа өңірінің байырғы тұрғыны Петр Тумашев естелік әңгімесінде ертеректе жергілікті балықшылардың бірі қырық қадақ (16 келіден асады) болатын майқанды ескегімен соғып алғанын да айтады.

Мамандардың пікірінше, талма балықтардың санының азайып кетуі майқандардың қорегінің шеңбері тарыла түсуіне әкеліп соқтырған. Бұрындары олардың қарнын жарғанда ішінен ақтарылып талмалар шығатын. Кейін тек теңге балықтар ғана табылып жүрген. Қазіргі күні мұз астынан майқандарды қармақпен оңай аулап алудың себебі де осында. Өйткені, бұрындары олар тоқ жүргенде қармақ қаппайтын, енді аштықтың кесірінен амалсыз жем іздеуге мәжбүр.

Бір ерекшелігі, майқанды басқа су қоймаларында және көптеп өсіру мүмкін емес, себебі, бұл балық биік тау көлдерінде ғана өмір сүреді. Кезінде оларды аз мөлшерде су қоймаларына жіберіп, олардың сол суларда ішінара жерсініп, өсіп-өну жағдайлары болған. Алайда жануарлар мен балықтардың санын, мекендеу ортасын табиғат өзі бағыттап, реттеп отыратындықтан адамдардың қолдан өсіру әрекеті соншалық нәтиже бере қоймады.

 

Майқанның майына піскен тағамның дәмі тіл үйіреді


Сонымен қатар, тағы бір көңіл бөлетін жәйт – кейінгі уақыттарда балықтардың арықтап кетуі. Ертеде бір келі тартатын майқанды жұрт майбалық дейтін. Оның себебі ішегінен май ерітіп алуға болады. Ол маймен ауыл тұрғындары аяқкиім, ат әбзелдері сияқты былғары бұйымдарды майлайтын. Ауру-сырқаты бар немесе әлжуаз балаларға беретін. Тіпті, керек десеңіз, ас-ауқат пісіргенде майқанның майы ерекше дәм беріп тұратынын көнекөз қариялар тамсана баяндайды.

Браконьерлер аздық еткендей сол кездері майқан балықтарына Зайсан балық комбинатының өкілдері қырғидай тиіп, көлдің соңғы кілегейін қалқып алды десе де болады. Бұрынғыдай жаяу-жалпылы емес, енді жүйткіген моторлы қайықтармен жүзіп жүріп бірнеше метрлік ұзын аулармен сүзгенде жылына 10-15 тоннасын сыпырып әкететін. Әсіресе, майқандар баданадай қызыл уылдырығы үшін қынадай қырылды. Балықшылардың тойынғаны соншалық тірі балықты ұстап, уылдырығын сығып алған соң өзін керексіз етіп лақтырып тастайды екен. Ұрынхайлық тұрғындар осындай әрекеттердің салдарынан тау-тау болып үйіліп, сасып, іріп-шіріп жатқан өлі балықтардың талайын көздерімен көргенін айтады. Бұл бассыздық тек Марқакөл мемлекеттік қорығы құрылып, көлдегі су жәндіктерін жаппай аулауға тыйым салғаннан кейін сәл саябырсыған. Дегенмен түбегейлі жойылып кетті деуге келмейді.

Қазір көл балықтарын қорғаумен «Марқакөл» мемлекеттік қорығының инспекторлық құрамы тұрақты айналысады. Балық уылдырық шашатын кезеңдер – мамыр, маусым айларында қорғау жұмыстарын жүргізуге баса көңіл бөлінеді.

– Жыл сайын әр жылдың басында орман шаруашылығы, полиция және орман және аңшылық шаруашылығы инспекциясы қызметкерлерімен, шекарашылармен тізе қосып, көлдегі балықтарды қорғау бойынша бірлескен іс-шаралар жоспары әзірленіп, соның аясында нақты жұмыстар жүзеге асырылады. Уылдырық шашу маусымында балық көп шоғырланатын жерлерде және басты жолдарда оннан астам тұрақты бекеттер қойылады, сондай-ақ, жылжымалы топтар жұмыс істейді. Олардың барлығы байланыс құралдарымен, машиналармен және аттармен қамтамасыз етілген, – дейді облыстық орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекциясының бөлім бастығы Талғат Нұрахметов.

Дегенмен, маманның қолында бар деректерге жүгінсек, 2012 жылы қорық аумағында табиғат қорғау заңнамасын бұзуға байланысты 80-ге жуық хаттама толтырылған. Оның ішінде заңсыз балық аулау фактілері де бар. Мәселен, төрт адамның қатысуымен болған оқиғаға орай қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілген. Нәтижесінде, 1 миллион теңге сомадан астам келтірілген зиян мемлекет пайдасына өндіріліп алынған.

Бүгінгі күні гидробиология және экология институты қызметкерлерімен жүргізілген есеп бойынша көлдегі балықтардың саны тұрақты деңгейге жетіп отыр.

Керек дерек

Майқан – албырт тұқымдасына жататын балық. Етінің түсі қызыл, денесі ірі және қуатты. Төрт жастан он екі жасқа дейінгі майқандардың тұрқының ұзындығы 24-65 сантиметрден асса, салмағы 313-тен 3130 грамға дейін жетеді. Ішінара 5-8 келіге дейін салмақ тартқан майқандар болады. Денесінің сыртқы түсі қошқыл жасыл немесе қара болып келеді. Өзге балықтардікі сияқты қабыршықтары жоқ. Басқа су көздерімен байланысып жатпауы майқандардың сырт тұрпатының біраз өзгеруіне әсер еткен. Арқалық және аналдық жүзбе қанаттары кішірейіп, ал шалбарлық қанаттары керісінше үлкейе түскен. Сол сияқты басының ұзындығы сәл қысқарған және жыныстық өсіп, жетілуі, дамуы жылдам жүрген. Марқакөл майқанының кәдімгі Сібір майқанынан ерекшелігі, денесінің ірілігі мен салмағында. Сондай-ақ, дене тұрқында өзгешеліктері бар.

Серік Әбілхан

 

Теги: , ,

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*