Руханият

Мұқамедрақым ЖАРМҰҚАМЕДОВ: НҰРЖАННЫҢ “СЕГІЗ СЕРІСІ”

Жазушы Н.Әбуталиевтің газетіміздің өткен жылғы 15 июльдегі номерінде жарияланған “Сегіз сері” атты мақаласында XIX ғасырда өмір сүрген айтулы ақын, үлкен өнерпаз Сегіз сері Шақшақовтың өмірі мен творчествосы жөнінде біршама мағлұмат берілгені мәлім. Осы мақалаға орай редакциямызға түскен кейбір хаттарда, “Мақпал”, “Қарғаш”, “Ғайни”, т.б. әндерді Сегіз шығарды дегенге сенімсіздік білдіргендер де бар. Төмендегі мақаладағы соны деректер сондай солқылдақ пікірлерге бағыт сілтер деп ойлаймыз.

Нұржан Наушабаев (1859-1919) артына елеулі мұра қалдырған белгіліақындарымыздың бірі. Ол өзінің барлық жиған-терген өлең-назымдарын көзі тірісінде-ақ өз қаржысымен бастырып шығартады. (“Жұмбақ. Сапарғали мен Нұржанның айтысқан жұмбақтары”. С.Петербург, 1903,“Манзуматқазақия”. Қазан. 1903, “Алаш” Қазан, 1910). Ауылда 4-5 жыл ескіше оқып сауатын ашқан Нұржан жастық қызығымен оқуын тастап, көп жылдар бойы серілік құрған. Ел ішінде әйгілі балуан, әнші, арқалы ақын атанады. Қырық жасқа келгеннен кейін, ақындыққа ден қойып, ел-жұртты адамгершілікке, оқу-білім, өнерге үндейтін жалынды жырларын жазады. Нұржан жазған “Сегіз сері” атты дастанды 1973 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясы, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорынатапсырған әдеби мұра жинаушысы жезқазғандық Мәди Болатов ақсақал 364 жолдан тұратын бұл дастан бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған. Дастанда Сегіз серінің он саусағынан өнер тамған шебер, әйгілі әнші, күйші, құралайды көзге атқан мерген, жауырыны жерге тимеген палуан, ділмар шешен, суырыпсалма ақын-жырау болғаны асқақ жырланады. Ақын, ең алдымен, Сегіз серінің қалдырған асыл мұрасы мен ел ішіндегі сан қилы ерлік, өнегелі істерін кейінгі ұрпақ – жас буынға үлгі етіп ұсыньш, былай дейді:

Ұрпаққа жақсы дәстүрбастап кеткен,

Артына өшпес жырлартастап кеткен.

Үш жүзге батырлықпен аты әйгілі,

Керейде Сегіз сері болған екен.

 

Ер Сегіз көптің сөзінтастамапты,

Ешкімді жаман жолғабастамапты.

Ғұмыры жақсылардың қысқа болған,

Ғазиз ер қырық жас тажасамапты.

 

Сегіз деп халқы қойған атын қалап,

Жақсыға Ер Сегізді жұрты балап.

Жасынан әрі зерек, әрі өжет боп,

Сегізде болған екен таудай талап.

 

Ер Сегіз шежіресін толық жазған,

Өз бойын аулақ салғанөнері аздан.

Үш жүзді салдықпенен көп аралап,

Жинаған жігіттерін өнерпаздан.

Ақын Сегізге арналған жырының жазылу тарихына тоқтала келіп, өзініңҰлу жылы серінің туған елінде бес ай жүріп, әйелі Ырысбике мен балалары Мұстафа, Мұсайынға, көне көз қарттарға жолығып, оның өмірі мен ел ішінде сақталған өлең-жырларын, хисса-дастандарын ізі суымай тұрып жазып алғанын айтады. Ең ақыры Сегіз серінің Доскөлі дейтін жердегі бейітінің басына қойылған құлпытастың жазуларына дейін үңіле зерттеп, оның өміріне қатысты өзге оқиғаларды да хатқа түсіреді. Осы жәйттіақын былайша баяндайды:

Ұлу жылы қолыма қалам алып,

Сегізді жырламаққахұзырланып,

Өткен жаз Сегіз ұлыМұсайыннан,

Дұрыстап Сегіз жайлыалдым жазып.

Осыдан он жыл бұрын іздеп барып,

Әдейі Ер Сегізге назар салып,

Доскөлінің жағасында бейітіндегі,

Орнатқан құлпытасынкөрдім анық.

Жазумен құлпытастыңболдым таныс,

Туған, қайтыс болған жылдары екен Барыс.

Көзіме мен жас алдым ер елестеп,

Арманда кетіпті-ау деп қайран арыс.

Ән сөзін, өлең сөзін, өсиет сөзін,

Сегіздің шежіресінен оқып көрді көзім.

Дастанын, хиссаларын,жұмбақтарын,

Жинаған көшіріп жазып алдым өзім…

Сегіздің үлкен ұлы Мұстафадан,

Сегіздің бәйбішесіЫрысбике анадан,

Тарихын Ер Сегіздің бастан-аяқ,

Керейде бес ай жүріп жазып алғам… —

дейді. Бұдан Нұржанның Сегіз шығармаларын оның өзі жазып қалдырған шежіресінен тікелей өз қолымен көшіріп алғанын көреміз. Олай болса, бұл жолдар мен мұндағы басқа деректердің дәлдігіне ешбір нұқсан келтіруге болмайтын сияқты.

Нұржанның “Ұлу жылы дастан жазу үшін қолына қалам алғанын” ескерсек, бұл хиссаның жазылуы 1892жылға сәйкес келеді екен. Сонда Мұсайынмен жолығуы 1891 жылдар шамасында болған тәрізді, ал ақынның Сегіз серінің бейітін көруін, осыдан он жыл бұрын деуіне қарағанда, ол оқиғаны 1882 жылдары еді деуге келеді. Қолдағы бар деректерге қарағанда, ол кезеңде Сегіз серінің айелі Ырысбике де (1821-1904), үлкен ұлы Мұстафа да (1840-1899), кіші ұлы Мұсайын да (1843-1920) тірі. Ақынның Сегіз серінің туган, өлген жылдары Барыс екен деген сөздерін есепке алсақ, онда қазіргі біз айтып жүргенмерзімге де тұстас келеді (1818-1854). Сөйтіп, осы деректерге сүйенсек, Нұржанның Сегіз сері туралы арнайы дастан жазуға он жылдап астам уақыт сарп еткенін көруге болар еді.

Нұржан ең алдымен, серінің “сегіз қырлы, бір сырлы” өнері мен асқан ақындығын, көзсіз ерлігін сипаттаудан бұрын, оның қандай ортадан шыққанын айтып:

Болмапты Ер Сегізде елдің жаты,

Сегізді қостамаған ел қалмапты.

Әкесі Ер Баһрам, атасыШақшақ батыр,

Болады Толыбай сыншы арғы заты.

Маманай деген жерде Сегіз туған,

Ерлікке бала кезденбелін буған.

Ата-анадан жасынан жетім қалып,

Талпынып кішкентайданөнер қуған, –

дейді де, Сегіздің ерлігімен қатар, ел қамын жеген зерделі азамат болып жетілгенін үлкен мақтаныш тұта сөйлейді.

Ақын сипаттауынша ол өнерлі де саналы азамат қана емес, бұған қоса қара қылды қақ жарған әділ, әлсіз момын бұқараның бай-шонжарлардан есесін қайырып отыратын қамқоршысы да:

Ерлікпен елін қорғап шыққан даңқы,

Өзіне жарасымды мінген аты.

Шонжарға кеткен емесердің ақы.

Атақты бай-мырзасы болмасада,

Басқадан артық болғансалтанаты.

Сегіздің тұлғасы зор, бойы биік,

Асынды қару-жарақ,сауыт киіп.

Ер Сегізөле-өлгеншеқорықпады,

Ешкімге көрген емес басын иіп.

Беліне қылыш, қанжар,семсер іліп,

Жаратып Бозшұбардайтұлпар мініп,

Болысып жетім-жесір,ғаріптерге,

Жарды ол жендеттердіңішін тіліп.

Нұржан он жеті жасар Сегіздің алғашқы ерлігі “Патша жендеттеріне қарсы күресте” көзге түскен еді дей келіп, оның Кіші жүз еліне өтіп кетуіне де осы оқиғаның басты себеп болғанын тілге тиек етеді:

Омбыға білім іздеп Сегіз барған,

Омбыда офицерлік оқу оқып.

Оны да Сегіз серітәмамдаған

Қолбасшылық оқуды бітіргенмен,

Патшаның қызметінатқармаған.

Офицер патша ағзамғаболмаған соң,

Жандарал Ер Сегіздіқудалаған.

Омбыдан елу бес солдатіздеп шығып,

Есілде Ер Сегіздіқамалаған.

Ер Сегіз жендеттердіжеңіп шығып,

Кетуге Кіші жүзге тоқтам қылған.

Сегіз сері әуелі Бағаналы елінде, кейіннен Жайық бойына өткен соң, Исатай-Махамбет бастаған шаруалар көтерілісіне қатысып, сол қозғалыстың жалынды жыршысының біріне айналады:

Ер Сегіз Кіші жүзге өткеннен соң,

Исатай, Махамбетке досжар болған.

Есет, Қараұлы мен Абылды естіген соң,

Іздеп барып екеуіненбата алған, —

дейді. Сегіздің сонда жүріп патша әскерімен болған бір қанды қырғын соғыста көрсеткен көзсіз ерлігін ақын эпостағы заңғар батырлар іспетті шалқыта, асқақ жырлайды:

Кіші жүздің елінде,

Теректі деген жерінде,

Әскерімен патшаның,

Болған қанды ұрыста,

Көзге түскен қайрат қып,

Шошытқан жауды айбат қып.

Жекпе-жекке шыдатпай,

Жендетті қырған қойдай қып.

Батырлығы Сегіздің,

Жария болып ел-елге,

Жайылып кетті жер-жерге.

Құсбегіні өлтіріп,

Жауды қуды жөңкілтіп.

Сегіздің ісі аңыз боп,

Жауға тисе қашырды,

Быт-шыт қылды талқандап,

Сайды бұғып жау қашты,

Екі қолын қаландап.

Еріксіз елінен кетіп, патшадан қуғын көрген саналы ердің ішкі ой-тебіренісі мен арман-мүддесін де ақын тап басып таниды, мұны ол аз сөзбен былайша түйіп береді:

Патшаның қызметінен бас тартқан соң,

Жандарал Ер Сегізді елден қуған.

Ыза боп журегіне шер айналып,

Халқына жаны ашып көп ойланып,

Амалсызтуған елге келе алмады,

Үш жүзді кезсе дағы шыр айналып…

Дастанда Сегіз серінің әншілік, композиторлық өнеріне ерекше орың беріледі. Ақын Сегіздің өзінен кейінгі салдарды қобызбентоп ішінде әнгежол салып, үлгі-өнеге көрсеткенін айтып, әйгілі Біржан, Жаяу Мұса, Көрпе, Нұркей, Бәйеке, Тоқжан тәрізді ақын-әншілер Сегіз серінің дәстүрін жалғастырған шәкірттері еді дейді:

Үлгі алған Ер Сегізденжыршы, ақын,

Жаяу Мұса, Көрпе, Нұркей,Біржан ақын.

Сегізге онан басқа шәкірт болған,

Бәйеке, Шәрке сал менТоқжан ақын, –

дей келіп, бұдан әрі Сегіз сері шығарған сан алуан әндердің кімге арналып, қай елде, қалай шыққанына дейін нақты сипаттайды:

Ер Сегіз сал-сері ерткен түзеп сәнін,

Әр жердің салдық құрып татты дәмін.

Найманда Бақтиярдыңқызына арнап,

Шығарды бір жүз ауыз“Мақпал” әнін.

Ер Сегіз жақсыларменболған жолдас,

Бір әні, бір әнімен шыққан жалғас.

Шөмекейде бір қызға көңілі ауып,

Шығарған бір әнінің аты “Қарғаш”.

Тұрады екен иығы жұрттан асып,

Өсек сөзді еске алмас белден басып.

Шығарған “Жылы ой” атты тамаша әнді,

Сұлуға Бақытжамал болып ғашық…

Сегіздің әндері елге көп тараған,

Астында қос тұлпары көп жараған,

Елінен қашқын болыпшыққан кезде,

Шығарған алғашқы әні“Топқараған”.

Қазақта болған Сегіз шын асқар бел,

Өзінің үйренгені жастан өнер.

Қозғанның бес қызынақұрбылықпен

Шығарған ғажап әні“Бесқарагер”…

Бұдан әрі ақын оның “Ақбет қызға”, “Әйкен”, “Ғайни”, “Шолпан” секілді әндер шығарғанын тізе баяндайды. Бұлардың көбіне “халық әні” деп айдар тағылып жүргенін ескерсек, Нұржан дастанындағы тың деректердің ғылым үшін аса құнды екенін айтып дәлелдеп жатудың қажеті қанша? Жоғарыда Нұржан атап көрсеткен “Қарғаш” әнінің бұл күндері Сегіз серінікі екенін айту былай тұрсын, сол әннің өлең тексті де ретсіз бұрмаланып жүр. Айталық, қолда бар кейінгі деректердегі Сегіз серінің сол “Қарғаш” әнінің өлең тексті мына төмендегідей болып келеді:

Ақ дидарыңды көргенде тұра алмаймын,

Сенсіз жерде еш дәуренсүре алмаймын.

Сіз есіме түскенде, есіл Қарғаш,

Стамбул кемесіндейбұраңдаймын.

Жылқың жатыр Аралдың шаңдағында,

Жігіт сері болады-аубойдағында.

Ауылыңнан Сіз кеткен соң, қызық кетер,

Жүргейсің келіп кетіп ойнағыңа.

Бұдан осы әннің өлең сөзінің қазіргі басылымдарда біраз өнделіп, жөнсізөзгеріп кеткенін, бұларда “салтанат құруға” – “Стамбул кемесі” – “дария кемесіне” – “Арал шаңдағы” – “Аққұм шаңдағына”, – “бойдақтың серілігі” –“бойдағында кімдер сері болмайды” делініп, мәні алмасып ауысып кеткен. Тіпті “Сіз” деп тікелей арналған жолдар өзгеріп, басқаша сипат алған. Біздегі мәліметтер бойынша, Қаркаш қыз – Кішіжүз Әлімұлының Шөмекей руынаншыққан Нұрмұхамед баласы Жанқожа батырдың кіші қарындасы екен, Сегіз Жайықтан өз еліне қайтып келе жатып, сол қыздың ұзатылу тойының үстінен шығып, осы әнді әдейі шығарыпты деседі (Арал бойы қыздың сол кезде отырған конысы болса керек).

Сонымен осы орайда ойымызды қорыта айтсақ, Сегіз серінің Нұржандастанында аталғандай өзі шығарған әндерін өзіне қайырып, бұрмаланған сөз тіркестерін де жаңа деректерге сәйкес қайта қарап қалпына келтіргені жөн. Бұл– алдымен мәдениет тарихында, қала берді әншілік өнерінде артына өшпестей мұра қалдырған әйгілі әнші, композитор Сегізге деген жұрттыңыстық ықыласының бір жарқын көрінісі болар еді.

Сегіз сері – лиро-эпос пен батырлар жырының туып, қалыптасуына да кезінде айтарлықтай үлес қосқан ақын. Бұл мәселе ірі жазушымыз Ғ.Мүсіреповтің “Ұлпан” повесінде, сондай-ақ Ә.Марғұлан, Е.Жақыпов, Ә.Дайыров, Қ.Биғожин, Ж.Бектұров,Қ.Мұхамедханов, А.Сатаев, И.Кенжалиев, С.Барқытов, К.Жексенов, С.Әліпов, Е.Қалданов, И.Әбулалиев тәрізді зерттеушілердің мақалаларында да әр алуан сөз болып келді. Бұл жәйт Нұржан дастанында да өзге бір қырларыменашылып жырланады. Ақын Сегіз сері дастандарының қай жерде, қалай туғанымен қатар, қандай аспаппен орындалғанына дейін айтып беруге зер салады:

Сегізге жұрт көңілі әбден толған,

Кіші жүз Шекті еліндеболғанында,

Шығарған дастаны оның“Айман-Шолпан”.

Ер Сегіз болған екен тым салмақты,

Ісіне берік екен олілтипатты.

Қобызбен топ ішінде әнге салып,

Жырлаған әсем жырын“Тарғын” атты.

Таратты салдық құрыпжұртқа өнерін,

Сүйсініп әрқашан да ел тыңдайды,

Сегіздің “Қобыланда”,“Қыз Жібегін”.

Халқының тілектерін қабыл алып,

Шығарған “Зейне-Зайып”,“Қамбар жырын”.

Жырлаған “Ер Қосай” мен“Ер Көкшені”.

Қазаққа аты мәшһүр Сегіз сері…

Нұржанның, бұл аталған жыр-дастандарды серінің әйелі мен балалары берген мәліметтерден тыс, Сегіздің өзі жазын қалдырған шежіресінен көзбенкөріп, жазып алғанын жоғарыда дәлел ретінде келтірген едік.

Осы тұста мына мәселеге көңіл аударған жөн. Нұржан ақын осыдастанында “Айман-Шолпан”, “Қобыланды”, “Қыз Жібек”, “Қамбар” сияқты жырларды Сегіз “шығарды” деген сыңай білдіреді. Шындығында, Сегіз бұл жырларды “шығарды” ма, әлде қайта жырлады ма, оны зерттеп, ақиқатына жету болашақтың ісі.

Сонымен ойымызды қорыта айтсақ, Нұржан Наушабаевтың осы аталған “Сегіз сері” атты дастаныфольклор мен әдебиет тануда кейбір мәселелерді қайта қарауға мұрындық болатындай бағалы шығарма. Мұны ұзатпай Нұржан туындыларымен қоса жариялау да алда тұрған игі істердің бірі.

Мұқамедрақым ЖАРМҰҚАМЕДОВ,

филология ғылымының кандидаты.

“Қазақ әдебиетігазеті, № 13, 13 сәуір, 1984 ж

Теги: ,

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*