Руханият

Сары үкі дарыған Сәменбет.

Сәменбет ата үш әйел алған адам екен.Үлкен әйелі Сұқсұр, ортаншысы Тасбике, ал кішісінің аты Бадан екен.

Бадан ана сұңғақ бойлы, сұлу-сымбатты, сергек жан болыпты. Бірақ, алғашқы өмір жолы тосыңқы болса керек.

Әу баста Сары деген бабамыз үлкен ұлына Баданды атастырып алып беріпті. Бадан сұлу балаға жүкті бола алмай, Сары атамыздың көңілі күпті болып жүрген кезде, жазымыштың жазуымен атастырған күйеуі қайтыс болыпты. Бадан сыңарынан айырылған аққудай сұңқылдаған да, ата-енесі ботасы өлген бозінгендей боздапты. Өлгеннің артынан өлмек жоқ, өлген қайтып келмек жоқ дегенндей халық ақылиялары жұбатып жылдығын бергеннен соң Сары бабамыз келінін екінші ұлына некелендіріпті. Бадан сұлу қайынына некеленген соң жастық бұлаңдықтан бойын тартып, толғамды мінез қалыптастырыпты. Сары бабамыз да ордасынан отауын бөліп бөлек қондырып, маңын көршілермен толтырыпты.

Атасының қамқорлығына дән риза болған Бадан ата-енесінің жөргек исіне құмар аңсарын қандырар бір нәресте көтеруді күндіз түні Алладан тілепті.

Жығылған үстіне жұдырық дегендей сұлу Баданның басына қасыретті қаралы күн тағы түсіпті. Отарда жүрген жерінен Сарының екінші баласы да қатты науқастанып жол-жөнекей үйіне жете алмай қайтыс болыпты. Немере сүйемін деп үміттенген ұлынан айырылған ата-ана қайғының қара сойылынан қабырғалары қайысып бас көтере алмай жатып қалыпты. Сұлу Баданның да құлпарған гүл реңі солып, жұрты жиналып жұбату айтса да көз жасы тиылмапты.

Арада біраз уақыт өткен соң «Келінім үшінші ұлымнан үмітті болып отыр ма? Оны өзіне тартып әкетпесе игі еді» деген ойға келген Сары атасы келініне хабарламай, бір ақ түнде жұртта қалдырып көшіп кетеді. Тағдырдың басқа салғанына көнбеске шарасы қалмаған Бадан күңіреніп жұртта жалғыз үй қала береді.

Сары келінін жұртқа қалдырып кетіпті деген хабар ел арасына тарап кетеді. Бұл хабар сол кезде дәулеті шалқыған Сәменбет байдың да құлағына жетеді.

Күндердің бір күнінде Сәменбет баба жағдайын ұғысқалы жалғыз үй отырған Баданның отауына арнайы келіпті. Сәменбет бай келеді, халімді біледі деген ой Баданның ойынада кірмеген жағдай еді. Көзі жасты, көңілі күпті Бадан көңіліне сыр бүкпейтін жайдары мінезімен: некелі болған жұбайымнан айырғанда құдайдың ісі деп сабыр етіп едім. Енді бүгін жалғыз үй жұртта қалып қаңырап отырмын. Жасың үлкен болса да жолың кіші қайынсың, ақылыңды айтып, жолымды көрсетіп бер. Отыр дейсің бе? Көш дейсің бе? Көшсем қалай көшемін, отырсам қайда отырам?-деп Сәменбет байдан ақыл сұрапты.

Сәменбет ұзақ ойланған соң:

-Менің екі әйелім бар, одан тоғыз бала сүйдім. Қазір жасым ұлғайып

-қалды. Бірақ әйелдің адал мұң зары- қасиеті.-деп барып тоқтапты…

Жасың ұлғайса да мен саған ынтықпын дегендей көзі жаутаңдай қараған Бадан сұлу Сәменбеттің сезімін сілкіндіре беріпті.

Екі күн жатқан Сәменбет аттанарда:

Көшіп қасыма келіп қон деп кеткен екен. Бадан Сәменбетпен некелі болғаннан кейін де екі-үш жылдай бала көтермейді.

Бір күні тәңертеңгі шайға отырған Сәменбетке Бадан: мен бір түс көріп ояндым, тыңдаңызшы депті. Тыңдауға ниет танытқан Сәменбетке жадыраңқы жүзбен мына орданың шаңырағының күлдіреуішіне екі сары үкінің балапаны келіп қонып отыр екен. Екі омырауым исініп кетіпті-деп Бадан түсін айтыпты.

Мұны естіген бай:

Мынау жәй ғана түс емес «Сәуе» ғой деп, қуанышы қойынына симай дереу ауыл ақсақалдарын ақ ордаға шақыртып, ақсарбас қойға бата жасатып, Баданның түсін жорытыпты.

Бәлгердің бірі көп ойланған соң:

-Екі ұл табады екенсің депті Баданға қарап. Енді бір ақсақал: екі

-омырауың исінуіне қарағанда екі балаң ұрпақты болар мекен – деп сөзін аяқтапты.

Бадан сұлудың түсін сан-саққа жолыған жиылғандар бұда болса Сәменбеттің тасып жатқан бағы деп, Сәменбетке ізет білдіріп тарқасыпты.

Кейін бадан айтқандай екі ұл тауыпты. Оның бірі Байымбет(Есағасы), бенді бірі Қазыбек атаныпты.

Бадан түсінде сары үкі көргендіктен Есағасы мен Қазыбектің ұрпағы он бір Сәменбеттің ішінде ең көп өскен аталары екен. Сөйтіп «Сары үкі дарыған Сәменбет» деген аңыз ұрпақтан ұрпаққа жалғасыпты. Қазірге дейін Есағасы, Қазыбек балалары сары үкіні киелі құс деп қастерлейді. оған тиспейді, үкісін де жұлып пайдаланбайды.

 

Ел аузынан жазып қалдырған: Асқар Татанайұлы.

«Алтай қаласының халық аңыз-ертегілері» кітабынан. 1991 жыл.(196-201 беттер)

 

 

 

Теги: , ,

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*