Бейнематериалдар

Сұлубайдың әні

Сұлубай Сәпиұлы (1907-1944) Абақ Керей – Жәнтекейдің Тасбике руынан. Алтай қаласының Шірікши аулында туған. Сұлубайдың өз кіндігінен Мағила, Зағила атты екі қыз. Зағила Баркөл ауданында әлі бар. Ағасы Байбол мен інісі Көңбайдың балалары Шонжы мен Шіңгіл аудандарында тұрады.
Ұлт-азаттық қозғалысының зұлымдыққа қарсы атой-шылдарының бірі болған Сұлубай 1944 жылы “Алтай төңкерістік уақытша өкіметі” қүрылғанда он батырдың бірі болып марапатталған.
1944 жылы көкектің басында қазақ қолын бастап, жауға сілейте соққы беріп жүрген қан майданда қапияда оқ тиіп, ерлікпен қаза табады.

Сұлубайдың әні
Атымды Сұлубай деп әкем қойған,
Руым Жәнтекейдей ортаны ойған-ай.

Секпілтай, Шаңқан, Тұрғынды-ай,
Сағындым қалған құрбымды-ай.

Жазықсыз жауым мені қойдың қамап,
Кетпейді бұл қорлығың әсте ойдан-ай.

Шіңгілдің мөлдір суындай,
Деп салған әнім Сұлубай!

Астымда алқоңырым желмедің ғой,
Құдайым сұрағанды бермедің ғой-ай.

Былғары белдік, бұраңбел,
Бұрылар ма екен біздің ел?!

Талпынып қанша қанат қаққанменен,
Қысқа жіп күрмеуіме келмедің ғой-ай.

Қайқая шапқан қарагер,
Қайрылар ма екен қайран ел?

Басында мәуесі жоқ қу қайыңның,
Жігітке пайдасы жоқ уайымның-ай.

Секпілтай, Шаңқан, Тұрғынды-ай,
Сағындым қалған құрбымды-ай.

Сан жердің дәмін таттым, суын іштім,
Білмеймін қайда аларын құдайымның-ай?!

Шіңгілдің мөлдір суындай,
Деп салған әнім Сұлубай.

Қонаққа қой сояды лақ тұрып,
Құдықтан су ішпейді бұлақ тұрып-ай.

Былғары белдік, бұраңбел,
Бұрылар ма екен біздің ел?!

Сұлубай елін қимай, жерін қимай,
Қоштасқан әні осы жылап тұрып-ай.

Қайқая шапкан қарагер,
Қайрылар ма екен қайран ел?!

Теги: , ,

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*