Әдебиет

Тұрдыхан Айдарханұлы: Біздің тарих толағай бұлты қалың…  

Халық әні

﹙Ықылас ожайға﹚

Айтамын деп қазақтың қазынайын,

Тағдырымнан тартпадым аз уайым.

Әуелете шырқашы халық әнін,

Ауырудан аз уақыт жазылайын.

 

Аспандата шырқасаң халық әнін,

Қатпарынан тарихтың табыламын.

《Ағажайдай 》естісем есіл мұңын,

Алтын алтай өзіңді сағынамын.

 

Сағынамын тауыңды, өзеніңді,

Ертіс бойын еңселі еменіңді.

Сары атанның бұйдасын соза тартып,

Көшім асқан көк кейкең кезеңімді.

 

Көзіңде үміт, кеудеңде қазына жыр,

Арғы жақта бауырым сағына жүр.

Үріқкен аққу секілді тағдырым бар,

Қайта айналып қонбаған сазына бір.

 

Біле тұра жалғанның жалғандығын,

Таусылмайды жанымның арман мұңы.

Қара таңба басылып маңдайыма,

Қорғасыны құиылған таңдайыма,

Біржан салды арбаға таңған күні.

 

Ақан жоқтап жатқанда құлагерін,

Шуламадың, шұрқырап ұлар елім.

Селкілдеген серінің зарын еміп,

Жанарда жас, ішімнен тынар едім.

Қазақ қана құлады құлагерің?!

 

Жанға батып заманның зобалаңы,

Басылмады көңілдің көп алаңы.

Мекенінен үркіткен кімдер екен,

Айғыр үйір жылқымды көгалалы.

 

Біздің тарих толағай бұлты қалың,

Қонады ертең бабамның жұртына кім?

Әуелемей қалса егер қайран әнім,

Қанатымның білемін қырқыларын.

Қонады ертең бабамның жұртына кім?

 

Сол қырда

Сол қырда сағым қуып сандалған ән,

Сездің бе, менің әнім арман далам.

Сәбилік қалған еді тәтті елесің,

Үміттің  жібін ұстап жалғанбаған.

 

Қайран шақ қалай ғана ұмытылады,

Ойға алсам жанарыма мұң тұнады.

Ойнақтап бұзауқандар сонау сайда,

Сезім боп жүрегімде жүрсің әлі.

 

Алысса алапат бір сезімменен,

Бозбала ымырттағы жоқ іздеген.

Жарысса қозы – лақтар үйге қарай,

Қой жайған атам келер өгізбенен.

 

Түтіні түтеп өмір шаңырағы,

Қараша үй кешкі арайды жамылады.

Маңдайшадан үздіге қарайтұғын,

Аяайды сол аруды жаным әлі.

Армысың қозы жайған көк жүрекше,

Аспанын тыныштықтың мөлдіреткен.

Ауылға ат ойнатқан ол кім еді?!

Түсіріп тарихымды шерлі кепке.

 

Ырғайлы сай, ұшқатты, тобылғылы,

Өзіңмен қымбат еді – ау өмір құны.

Қарт терек жар басында қалжыраған,

Шертеді өткен күннің не бір мұңын.

 

О, шіркін! Тұнық дүние бақ қайнаған,

Кім еді несібемнен қақпайлаған.

Ырымдап ізгі ниет жүрегімен,

Бастаудың басына апам ақ байлаған.

 

Тепсіген теріскейім күреңселі,

Жанымның жәннәті деп білем сені.

Қуылған ұжымағынан пендең едім,

Көгіне көтере алмай жыр еңсені.

 

Қарсы алған таудың таза таңын ғажап,

Балалық жүрегің –  гүл, бағың да абат.

Жанымды әлсін – әлі жазалайды,

Жартастың жаңғырғаны жадымда қап.

 

Қаракөлде бір қыз бар

Дүриә мешпет жарасып дүр жамалың,

Күлкіңдей боп сыңғырлап сырғаларың.

Тереңіне тартатын ойларымды,

Қаракөлдей тұңғиық түн жанарың.

 

Үйің бізбен көрші еді әудем жерде,

Аузым бармай қиналдым сәулем дерге.

Қарай-қарай ауылыңнан аттанушы ем,

Қара арғымақ астымда сау желгенде.

 

Үйіңе кеп шай ішкен бозбаланың,

Қайсысына білмедім көз қададың.

Жақсылыққа жоримын өзім іштей,

Неге тарта береді оң қабағым?

 

Қаракөлдің саяалы көк терегі,

Сеніміне Жанымды көп бөледі.

Содан бері үйіңе көп келемін,

Сезбеген боп жүресің ештеңені.

 

Қаракөлдей тұңғиық түн жанарың,

Қозғап еді жанымның мың ғазалын.

Дүлдүл мініп қолыма құрық алып,

Махаббаттың жүректе сыры жанып,

Іздеп шығам өзіңді түсімде ылғи,

Алаулаған ақ маңдай жыр жамалы,

Қаракөзі қайда деп бұл даланың?!

 

Есілім- ертіс

Бала күнді өткізіп жағаңда біз,

Жас сәбиің кешегі саналғамыз.

Ағысыңнан өркешті жыр алғамыз,

Мөлдіріңнен Тұп-тұнық ән алғамыз.

 

Толқыныңдай шұбырған санамда сан,

Сағыныш бар,

жетемін саған қашан?

Балаң болып аңсадым құшағыңды,

Анам болып ертісім алаңдасаң.

 

Бағып мынау Тағдырдың Қас-қабағын,

Жыр жазамын жоқ енді басқа амалым.

Тайдай тулап арда емген құрық көрмей,

Дүрсілдейді жүрегім ырық бермей,

Секілденіп айдындағы ақ сазаның.

 

Толқын жырын бейуақта тыңдап аққан,

Жағаңа кеп мен едім мұңға батқан.

Есіл ертіс кеудемді шымырлатып,

Тамырымда қанымсың тулап аққан.

 

Армандайды, аңсайды босқа балаң,

Кекілді күн, кең дәурен хош бол аман.

Оңашада кінәсіз ойға батқан,

Жолаушыңдай едім мен жоқ қараған.

 

Теги:

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*