Шежіре

Қазақтың Алтын Аңызы – Оспан Батыр

Бүгінгі «тарих айдынында» сұхбатымызда, қазақтың ХХ ғасырға таңбасын басқан соңғы батыры Оспан батыр туралы әңгімелейтін боламыз. 1940-1951 жылдары арасында Шығыс Түркістанда халқының егемендігі жолында күрес жүргізген Оспан Батыр Исламұлы күні бүгін толық зерттеліп бүкіл қыр-сыры ашылмай келе жатқан ұлы тұлға. Оның күресі мен қазақ тарихында алар орны туралы әңгімелеп береміз. деп жазды «Түрік Теле-Радио» қызметінің ресми сайты.

Қазақ тарихында елі, отаны үшін қасиетті күреске түсіп басын бәйгеге тіккен батырлар аз болған жоқ. Солардың ең соңғысы және көрнектілерінің бірі Оспан батыр. 1899 жылы Көктоғай қаласында туылған Оспан батыр саналы өмірін туған халқының азаттығы жолында күреске арнаған. Ол Қытай әскерлеріне қарсы жау жүрек ерлігі, мергендігі және үздік соғыс тактикасымен көзге түсті. Америкалық тарихшы Линда Бенсон “Қазақтың алтын аңызы” деп атаған Оспан Батыр бүкіл Алтай жерін және Шығыс Түркістандағы қазақтарды езіп жаншып тұрған Қытай губернаторы Шың Шы Сайдан азат етуді мақсат етуді алдына қойды.

Оспан батырдың қолына қару алып қанды шайқастарға баруына халқына қарсы жасалған озбырлықтар себеп болған. Ол халқының қақ-құқықтарын қорғау жолында соғысуға мәжбүр болған. Бұл жағдайды оның тоғыз комиссарының бірі болған Нұрғожай батыр өзінің естеліктерінде былай деп ортаға салады:

“Соғысты соғыстан үйрендік. Жамандықты жамандықтан үйрендік. Уды умен қайтардық. Құтты Сұлубай айтқандай:

Аспанда айырплан бытырлаған,

Қайласы бұл Қытайдың артылмаған

Біз қазақ малды баққан момын едік

Соғысты бұрын көріп жатылмаған.

Осы өлеңде айтылғандай біз соғыс өнерін соғыстан үйреніп алдық. Мал бауыздаудан қорқатын момын  біз қазақтар жауды тырнағымен бауыздауды үйреніп алдық.

Оспан батыр көтерілісінің басынан аяғына дейін ішінде болған Нұрғожай батыр естеліктерінде одан әрі ұлы батырды былай деп суреттеуде:

“Оспан оқымаған адам еді. Бірақ шын батыр еді. Оның тоғыз орынбасары да оқымаған немесе сауатты ғана адамдар едік. Бізді заман мылтықпен ер жеткізді.”

Оспан батырдың Шың Шы Сайға қарсы күресін Кеңес Одағы мен Монголия да қолдады. Өйткені, озбыр қытай әкім бастапқыда Сталинмен ауыз жаласқанымен дүниежүзілік екінші соғыстың алғашқы жылында немістер бір қатар жеңістерге жеткенде, одан бас тарта бастады. Сөйтіп 1943 жылы Оспан батыр Монголиямен келісім жасасып қару жарақ және басқа көмектер алды. 1943 жылы шілденің 22 күні Бұлғында жасалған жиында Оспан батыр ақ кигізге шығып, Алтай қазақтарының соңғы ханы деп  жарияланды.

1944 жылы Әлихан Төренің жетекшілігінде құрылған Шығыс Түркістан Ислам Республикасының Алтай әкімі болып Оспан батыр сайланды. Сөйтіп ұйғұр – қазақ ұлттық мемлекетінің іргетасы қаланды. Бірақ бұл жағдай Кеңес Одағының мүддесіне қайшы еді. Сондықтан Сталин қазақ күштері арасына іріткі салды да, Кеңес Одағын жақтаушылар “Үш Аймақшылдар” аталды.

Үш аймақшылдардан ат құйрығын кесіскен Оспан Батыр 1946 жылы көкек айында Бәйтікке барып орналасты. Бұл жерде Монғол әскерлерімен шайқасты. Бұл шайқастарда кейде табысты, кейде табыссыз болды. Бірақ бұл жағдай Монғолия мен КО мазасыздандырды. 1947 жылы 5 маусымда КО-ның қолдауында 4-5 айырплан және 500 әскер Оспанға шабуыл жасады. Қытай бұған ресми түрде наразылық білдірді. Бұл мәселе халықаралық дауға айналды. Осы Бәйтік Боғдо уақигасынан кейін оның аты халықаралық көлемде айтыла бастады. Сөйтіп Оспан батыр 1947 жылдың өзінде әлем назарын өзіне аударды.

«Чикаго Дейли Невстің» тілшісі Доак Барнетт сол оқиғадан кейін Оспан батырды іздеп барып кездескен. Ол 1947-1949 жылдары арасында Қытайда көріп білгендерін “Коммунистік төңкерістің қарсаңында Қытай” атты және 1963 жылы жарық көрген кітабында әнгімелейді. Барнетт Тянь-Шань  тауындағы бекінісінде Оспан батырмен кездескенін айта келіп оның аса тартымды көрнекті тұлға екенін, адам айтса сенгісіз үлкен ерліктер істегеніне көрсетеді. Соңғы он жылда Шығыс Түркістанда күресті күрделілендіріп жіберген барлық маңызды топтардың жағында оның соғысқанын айтады. Сол кезде Тянь-Шань тауларының оңтүстігінде Читай деген жерде тұрған Оспан батыр Барнеттке қасында 4.000 үй және 15.000 қазақ бар екенін айтқан. Қасында Қапас батыр қолбасшымен бірге Нұрғожай, Ласихан және Орынхан сияқты басқа да әскери басшылар болған. Барнетт Оспан батырдың 1940 жылдан бері жүргізген күрестері туралы айта келіп оның жеке тұлғасын былай деп суреттейді:

“Зор денелі үлкен адам, үлкен саусақтары және өте күшті егосы бар. 49 жаста, бірақ аса зор энергиясы бар. Салқын шегір көзі, қалың ерні сондай-ақ қара сақалымен дастандардағы батырлар сияқты көрінді. Және ол менің есіме ғасырлар бұрын Еуразия құрылығында үрей туғызған ғұн жауынгерлерін салды.”

1951 жылы Қайыз деген жерде Қытай күштерінің қолына түскен Оспан батыр Үрімжіге жөнелтілді. Сол жерде Оспан батыр, өлім жазасына кесіліп 1951 ж. сәуірдің 29 күні атылды.

Оспан батыр атылғаннан кейін, оның ұлдары Шердиман, Ниғыметолла және Нәби күресті жалғастыруға күш жұмсады. Алайда сан жағынан әлдеқайда күшті жауға қарсы тұрулары мүмкін болмады. Сол себептен Шердиман Оспанұлы 1952 жылы үкіметке бағынғануға мәжбүр болды. Дегенмен бағыну шарты ретінде әкесі Оспан батырдың сүйегін қайтарып алды да, батырдың мүрдесін Көктоғайындағы туған жеріне апарып жерледі.

Өмірі және ұлт-азаттық күресі шетелдерде жүздеген мақалалар мен ондаған кітаптарға арқау болған Оспан Батырдың  2009 жылғы 110 жылдык мерейтойы тәуелсіз Қазақстанда Алматы қаласында аталып өтілді. Көптеген ғалымдар мен жазушылар қатысып, батырдың тұлғасы мен күресі туралы әңгімеледі.

Оспан батыр туралы тек қазақ зерттеушілер емес, сонымен қатар шетелдік ғалымдар да көптеген мақала және кітаптар жариялады. Батырдың күрескерлік даңқы туралы дастандар өмірге келді. Америкалық тарихшы ғалым Линда Бенсон Оспан батыр жөнінде

“Қазақтың алтын аңызы» атты көлемді бір мақала жазып, онда былай дейді: «Оспан батыр – өзінің бұрынғы өткен бабалары Шыңғыс хан, Әмір Темірлер сияқты аса құдіретті қолбасшы. Егер ол орта ғасырда өмір сүрген болса, сөзсіз әлемді жаулайтын жиһангер болар еді.”

Сонымен қорыта айтар болсақ, Оспан батыр қазақ халқының ХХ ғасырда әлем назарын аударған ұлы тұлғаларының бірі болып табылады. Оның ерлік күресі мен алға қойған мақсатын туған халқы ешқашан ұмытпақ емес. Бүгінгі сұхбатымызды белгілі ақын Жәркен Бөдешұлының Оспан  батыр туралы өлеңімен аяқтаймыз.

Бөрідей шулы атағы,

Оспанды қазір атады.

Көріңдер, әне, келеді ол,

Ешкіммен жоқтай шатағы.

Түнерген түнек түс-өңі,

Шойындай қара кісі еді.

Қолында – көзір, аяқта –

Білеудей темір кісені:

“Рұқсат болса, ағайын,

Дәретімді алайын.

Дұғамды оқып соңғы рет,

Құбыла жаққа қарайын…”

Оқ тиді. Оспан құлады,

Шулады елдің құлағы.

Анадай жерге кетті ұшып,

Алтайы пұшпақ тымағы.

Жолбарыс сынды ақырғы,

Басы бар батыр атылды.

Басы жоқ тобыр селк етіп,

Қарасын құмға батырды.

 

Әбдіуақап Қара

Тарих ғылымының докторы,

Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры

http://www.trt.net.tr

Теги: , , ,

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*