Кітапхана

Қайрат Айдарханұлының жаңа үш томдығының тұсаукесері өтеді

5 тамыз күні Алматы қаласындағы қалалық төртінші  кітапханада Қайрат Айдарханұлының жаңа үш томдығының тұсаукесері өтеді.

кеш барысында Медицина ғылымдарының кандидаты, Академик Қ.Айдарханұлының “Қазақ емшілігі” аталатын жаңа екі томдық кітабымен қатар “Қазақ емшілігі энциклопедиясының” тұсауы кесілмек.

Қайрат Айдарханұлы (1960 жылы 10 шілдеде туған, Қытайдың Алтай аймағы, Жеменей ауданы, Шалшықай ауылы) — жоғары санаттағы дәрігер, денсаулық саласының үздігі, зерттеуші, ҚР Қоғамдық ғылымдары академигі. Нұр-Сұлтан қаласындағы “Шипалы” емдеу орталығының директоры әрі бас дәрігері.

Қатысушыларға осы үш томдық еңбек сыйға беріледі.

Дәрігердің “Қазақ емшілігі” атты көп томдық зерттеу және жинақтау кітабы қазақстанның дәрігерлік саласына қосылған үлкен үлес ретінде зор резонанс тудырған. Сонымен бірге өз өмірінен сыр шертетін “Арқа төрінде”, “Сыр мен сауыр арасы” қатарлы естелік кітаптарының, неше ондаған дәрігерлік зерттеулердің авторы. Осылайша ғылымның көзін ашып ғана қоймай жанына араша, ауыруына ем іздеген ағайындарға көмегін аямай жүрген әтімтай азамат ретінде де елге танымал. Орта мектепті тәмамдаған соң Шыңжаң медицина университетінің жалпы медицина факультетіне оқуға түседі. Оны ойдағыдай бітіріп, еңбек жолын қатардағы хирургтан бастайды. 1993-1996 жылдары Шыңжаң медициналық академиясының аспирантурасында білім алып, кандидаттық диссертациясын «Өт обырын зертханалық талдау» тақырыбы бойынша қорғаған. Елуден астам ғылыми мақаланың авторы. Қайрат Айдарханұлы медицина саласындағы 39 жыл қызметінде 17 мыңнан аса адамға ота жасаған екен. Өт, өкпе, ұйқы безі және бауырға жасаған оталары озықтар қатарынан көрініп, Мемлекеттік сыйлыққа ие болған. Оның есімі 1998 жылы Қытай елінің аз ұлттар өкілінің әйгілі адамдар топтамасы кітабына алғашқы бірі болып енгізіледі. Елімізге тәуелсіздіктің таңы атқалы ол атажұртқа қоныс аударуға бел байлайды. Жүрегінің түкпірінде өзі аңсаған қазақ жұрты, тәуелсіз елі, жазиралы кең-байтақ жері тұрды. Сөйтіп, Қазақ еліне 2005 жылы көшіп келіп, 2012 жылы Қазақстан Республикасының азаматтығын алады. Сол жылы Астанадан «Отбасылық дәрігер» емдеу ісі бойынша мемлекеттік лицензия алып, «Шипалы» емдеу орталығын ашады. Бүгінгі күні еліміздің түкпір-түкпірі мен көршілес мемлекеттерден келіп ем-дом алып, сауығып кеткен адамдар сан мыңдап артып келеді.

Дәрігер Қайрат Айдарханұлы – ұлттық тарихымыздың насихатталуына және тарихи түп тамырымыздың қанат жаюына бірден-бір үлес қосып отырған ұлт жанашыры. 2017 жылы “Астана тіл жанашыры” сыйлығының иегері атанды. Сонымен қатар, елімізде өткен жоңғар басқыншылығына қарсы шайқаста Абылай хан мен Қаракерей Қабанбай батыр бастаған қазақ қолының алғы шебінде жүрген айбынды қазақ батырларының бірі болған Жәнібек Бердәулетұлы батырдың 300 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция мен Зуқа батырдың 150 жылдығына арналған «Тәуелсіздік арманы және Зуқа батыр» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференциясына демеушілік жасады әрі ұйымдастыру комитетінің мүшесі болды. Жуырда ғана Астана қалалық Тілдерді дамыту басқармасы тарапынан Қазақстан халқы тілдерінің ХІХ қалалық фестивалі аясында қазақ руханиятының насихатталуы мен ұлт құндылықтарын ұлықтау жолындағы Қайрат Айдарханұлының игі істері ескеріліп, «Рухани жаңғыру – отбасынан басталады» атты шараға белсенділік танытқаны үшін отбасысы алғыс хатпен марапатталды.

Қайрат Айдарханұлы – дәрігерлік қырымен ғана емес, тұлғалық болмысынан адамгершілік, имандылық, адалдық, парасаттылық тәрізді қасиеттердің табы жан дүниесінен, жүрегінен айқын білініп тұратын ізгі жан. Оның елім деп соққан жүрегінен шыққан ұлтының қадір-қасиетін жоғары қоюға деген ұмтылысы, дәрігерлік кәсібіне деген таза сүйіспеншілігі, дені сау ұрпақ қалыптастыруға деген жоғары талпынысы үлгі тұтарлық. Жүздеріне бақыттың табын салып, құлан-таза айығып, өмірге деген құлшынысын одан әрі арттырған талай жандардың да дәрігер туралы ойы осындай екеніне сенімдімін.

Өтетін уақыты:
05.08.2019
Сағат: 15:00де
Өтетін орыны: Алматы қаласы Абай даңғылы 141 үй. (Т.Жараков қилысында) 4-қалалық кітапхана

Теги:

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*