Шежіре

Қалбан ЫНТЫХАНҰЛЫ: «ОСПАН БАТЫР ШЕТЕЛГЕ БАС САУҒАЛАУДЫ ОЙЛАҒАН ЖОҚ»

Сәуір айында біреулер Сталиннің, біреулер Гитлердің дүниеге келгенін айтып жатады. Рас, шынында да солай. Бірақ,  бұл айда  осыдан 63 жыл бұрын қазақтың ардагер ұлдарының бірі, Шығыс Түркістандағы ұлт азаттық көтерілістің даңқты қолбасшысы Оспан Сіләмұлы шейіт болған. Сталиннің, Мао Цзе Дунның, Чан Кай Шидің  жандайшаптарымен өмірінің соңына дейін тіресіп өтіпті жарықтық. Сөйткен Оспан  батырдың  туғанына биыл 115 жыл толыпты.  Біз осы жайды  ескере отырып  Хан Кененің ісін жалғастырған, алаштың азаттығы жолында басын бәйгеге тіккен  баһадүрдің  өмірі туралы  жазушы Қалбан Ынтыханұлынан сұхбат алған едік.

   –   Бүгінде Оспан батыр Сіләмұлы туралы әр алуан пікір айтылып жүр. Оспан батырдың ұлт тарихындағы орны өз деңгейінде анықталып болды ма?  
–Тарих үшін Оспан батырдың орнын тұрақтандыру оңай шаруа емес.
Бұны қазіргі 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына лайықты баға берілмей келе жатқан жағдаймен салыстыруға болады. Желтоқсанды да оқиға ма, көтеріліс пе деген мәселеге келгенде қоғам пікірі әр түрлі шығып жүр. Сол секілді Оспан батырдың ұлт тарихындағы орны мынау деп бір ауыздан баға берілген жоқ.
Мәселен коммунистер, «Шығыстүркістаншылдар», «Үш аймақшылдар» оны «банды» деп санайды. Ал, ұлтшыл, демократияшыл, өз еліннің, отанының бірлігін ту ететін азаматтар нағыз батыр, ұлт азаттығы үшін құрбан болған күрескер деп бағалайды. Менің пікірімше, бұл кісіде айқын бір мақсат болған. Ол – коммунистік жүйеге түбелейлі қарсы тұру. Өйткені, Оспан Сіләмұлы Шыңжаңды билеген коммунисшіл, сталиншіл Шың Шысаймен соғысты. Кейін коммунистік жүйеге арқа сүйеген «Шығыс Түркістан» және «Үш аймақ уақытша үкіметіне» қарсы болды. Ал, Шыңжаңға қытайдың қызыл үкіметі кірген соң да бұрынғы ұстанымынан қайтпай, оларға майдан ашты.
Осыған орай Оспан батырды Чан Кайшы басқаратын гоминдаң билігіне сатылды деген пікірлер бар. Оспан гоминдаңға сатылған жоқ. Ол кезде Шың Шысай Шыңжаң билігінен алынып, ішкі өлкеге қайтып кеткен болатын. Ал, Шың Шысайдан кейін Шыңжаңға келген гоминдаңның ұлығы Жаң Жыжұң коммунистік идеяға қарсы тұрған саяси топтың уәкілі, демократияшыл адам болды. Яғни, кім коммунистік жүйеге қарсы болса Оспан батыр сонымен бірікті. Осыған байланысты Оспан өзінің саяси мақсаты анық, майданы берік тұлға. Біреуге сатылу, ұстанымын өзгертуді ойлаған да емес.
– Осы жерде мынадай сұрақ туындайды. Сіз Шығыс Түркістан үкіметін коммунистік идеяны жақтаушылар дедіңіз. Олар әу баста құрылған кезде осы бағытты ұстанды ма, әлде кейін мәжбүрлі түрде осы жолға түсті ме? Себебі, Шығыс Түркістан басшысы болған Әлихан төре Алтайға барып Оспан батырды Алтайдың уәлилі етіп тағайындайды. Және олардың айтқанымен Оспан да келіседі?..
– Шығыс Түркісанды құрған коммунистік жүйедегі Кеңес одағы. Оның бүкіл офицерлерін, басқарушы элитасын Қазақстан мен Өзбекстаннан жіберіп отырды.
– Үш аймақ үкіметі мен Шығыс Түркістанның айырмасы қандай?
  – Шыңжаңға қызыл қытай билігі кірмей тұрғанда гоминдаң билеушілері Шығыс Түркістанға республика дәрежесін беріп, мойындағансымақ болды. Кейін 1945 жылдары қытай коммунистері билікті алуға таяған қарсаңда, яғни Ялтадағы кеңестен кейін коммунистер Шығыс Түркістан деген атаудан бойын аулақ салып, оны дереу «Үш аймақ» үкіметіне айналдырды. Бірақ, ол мейлі Шығыс Түркістан, мейлі Үш аймақ болсын, бәрібір Кеңес Одағының әмір-пәрменімен іс жүргізді.
Сондықтан бұл уақытша үкіметтерді Оспан батыр, Қалибек бастаған ұлт азаттық күресінің жетекшілері мойындаған жоқ. Себебі, оның аржағында ықпал етіп отырған коммунистік жүйені біліп отырды. Олардың қой терісін жамылған қасқыр екенін қапысыз аңдады. Сол үшін саяси майданда нық тұрудан таймады. Оспан батыр коммунистерге ешқашан бүйрегін бұрған емес, сондай-ақ гоминдаңға да бойсұнған жоқ. Тек жағдайға қарай уақыттық әріптестік орнатып, қызыл үкіметке қарсы тұрды.
Ол кісі Семейден келген кезде Дәлелхан Сүгірбаевқа да сенген жоқ. Себебі, оның тәрбиеленіп, коммунистік идеяны сіңіріп қайтқанын білді. Егер өйтпегенде Дәлелханды үлкен бір қызметке тартып, басшылық лауазымға қою арқылы бірлікте күрес жүргізер еді.
Оспан батырды оқымаған, сауатсыз адам деген де пікірлер жүз беріп қалады. Ол кісі арнаулы жоғары оқу орнын оқымаса да өте білімді болған, жан-жақтан дүниенің ауқымынан хабардар болып отырған адам. Тіпті, Алтайдың Көктоғай ауданындағы уранды алып жатқан Кеңес үкіметінің сол уранды атом бомбасы үшін пайдаланғанын да біліп отырды. Осыдан кейін оны қалай надан адам деп айтуға болады. Бұның бәрі жаңсақ ұғым.
– Осындай кереғар түсініктердің қылаң беретіні Оспан батыр туралы толық, жан-жақтылы зерттелмей жатқаннан болар. Өзіңіз қытай деректеріндегі Оспан батыр туралы жазылған материалдарды жинастырып жүргеніңіз туралы естіп едік, енді осы жайында айтып өтсеңіз?
– Алматыда этнограф, тарихшы, әдебиеттанушы, аудармашы Ақеділ Тойшанұлы деген жас ғалым бар. Өзі Моңғолиядан елге оралған азамат. Ақеділ Оспан батыр туралы моңғолдар тарапынан жазылған деректерді жинаған екен. Бұны Моңғолия мемлекеті тұрғысынан жазылған материалдар деуге болады. Олардың Оспан батырмен қалай, қайда, қашан соғысқаны туралы, екі арадағы қарым-қатынас, өзге де байланыстар, сол кездегі ахуал жайлы мәліметтер бар. Олардың арасында сол кездегі оқиғалардың басы-қасында болған моңғол офицерлері мен әскерлердің жазған түрлі естеліктері мен жазбалары да бар. Ақеділ Тойшанұлы осыларды реттеп, жинастырған. Ал, дәл осындай қытайлар тарапынан жазылған материалдарды мен де топтастырған едім. Содан екеуіміз ақылдаса келе бұны жеке-жеке кітап қылғанша біріктіріп, «Оспан туралы моңғол-қытай деректері» деген бір жинақ кітап шығаруға келістік. Қазір кітаптың негізгі жұмыстары аяқталды. Енді тек редакция жасайтын тұстары ғана қалды.
– Оспан туралы қытай деректері не дейді?
– Қытай қазақтары да Оспан туралы біраз дүниелер жазды. Батырдың кешкен жолы көркем шығармаларға да арқау болды. Ал, көп адамдар күрескер қолбасшы туралы шындықты Қазақстанға келген соң ғана айта алып жүр. Қытайда жазылған дүниелердің дені Оспанға тікелей қарсы айтпаса да, оның шынайы бағасын, ақиқат болмысын аша алған жоқ. Бар болғаны оқиғалардың бетін сипай қамшылап сөз еткен.
Ал біз қытайдың баспасөзінде шыққан, қытайлардың өзі жазған Оспан туралы дүниелерді аудардық. Оспан туралы жазылған материалдар гоминдаң кезінен басталады. Онда Шыңжаңға келген гоминдаң генералы Сұң Шилиан Оспан батыр туралы шынайы пікір білдіреді. Негізі ол кісі Шыңжаң туралы үлкен кітапты жарыққа шығарған адам. Сол шығармасының ішінде Оспан батыр туралы арнайы жазады. Қытай генералы Оспанның коммунистік жүйеге тізе қоса қарсы тұрайық деп өздеріне бірнеше рет келгенін жазады. Батыр оларға Үш аймақ үкіметі басшыларының бәрі қызыл үкіметтің жіберген адамдары екенін айтып, оларды қуып шығу керек дейді. Бірақ Сұң Шилиаң ол кезде өздерінің Үш аймақ үкіметінен қорқып отырғанын жасырмай айтады. Сол үшін олар Оспанға бірден жауап бере алмаған. Жай ғана қолдайтынымызды білдірдік деп жазады. Сонымен бірге кітапта Оспанның батырлығы туралы да жақсы көрсетілген. Бәйтікті моңғолдардан қорғап қалған Оспан екенін айтады.
Ал, коммунистік жүйенің қытайлары өз жазбаларында Оспанды жамандап отырады. Бірақ, оның әскери шеберлігін, айларкерлігін жасырмайды. Оны қалай қуғанын, өздерінің қанша адамы қаза тапқанын, Оспанды қалай ұстағанын, бәрін жазған. Осы әскери қимылдарды кім ұйымдастырып, кім бұйрық бергені де бар. Олардың жазбаларын қарап отырсаңыз «Банды Оспанды аластау» деп тақырып қойып, бұл шараны кішірейтіп көрсеткісі келгенімен шын мәнінде олар Оспан батырмен соғысуға үлкен әскери дайындық жасаған. Оспан мақсатсыз, стихиялы түрде бағдарсыз соғыса берген адам емес. Ол үлкен саяси, идеялық дайындықпен, өзіндік жоба-жоспар, стратегиямен күрес жүргізген адам.
Мәселен Шыңжаңға қытайдың қызыл армиясы бөлімін бастап келген Генерал Уаң Жынның хатшысының Шыңжаң туралы естеліктер деп жазғаны бар. Онда да Оспан туралы айтылған. Батырды ұтсап әкелгені, соған байланысты жоғарғы жақтан телеграмма жіберіп құттықтағаны және қытай генералдарының Оспан батыр ұсталған соң батырдың қандай адам екенін арнайы келіп, көріп кеткені баяндалған. Біз осы деректерді жинап, дәйектілерін топтастырып бір кітап қылып құрастырдық, бұйыртса жақын арада жарық көреді деген жоспарымыз бар.
– Оспан батырды ұстау барысында қазақтардың жансыз болғаны, өздеріне жол көрсеткені туралы мәлімет қытай коммунистерінің деректерінде кезіге ме?
– Ондай нақты айтылған дерек жоқ. Жасырын ат қолданған белгісіз адамдар туралы бар. Негізінен, ақпарат алу үшін Оспан батырдың ауылына саудагер ұйғырларды жіберген. Сол арқылы тіл алып отырған. Сонымен қоса Үш аймақ үкіметіне беріліп, коммунистік идеяның ықпалына жығылған қазақтарды да жұмсаған. Сөйтіп, Оспан сарбаздары туралы мәлімет алған.
– Оспанды ұстаған кезде батыр жалғыз қолға түсіп пе, ол туралы тың мәліметтер бар ма екен?
– Батырдың ауылын жау әскері басып қалғанда ол кісі жалғыз қашып шығады. Бірақ, қырсық шалып аты мұзға тайып жығылған және мылтығы қызып от алмай, оққа қақалып қалады. Сөйтіп, тағдырдың жазуымен жалғыз өзі ұсталады. Ауылындағыларын бәрін жау тырп еткізбейді.
– Оспан батыр туралы қытай қазақтары ашық айтып, нақты бағасын бере алмай жүр. Оның себебі түсінікті. Ал, Қазақстан тарапы батырға қандай баға берді, ұлт тарихындағы елеулі тұлға ретінде өз дәрежесіне көтере алды ма?
– Бағалай алған жоқ. Және оны мемлекеттік деңгейге көтеріп, Оспан батырды биік дәрежеде, үлкен мінберлерден талқылайды дегенге мен сене алмаймын.
– Не үшін?
– Өйткені, қытай үкіметі Оспан батырды күні бүгінге дейін Шыңжаңдағы коммунизмге қарсы тұрушы бандылардың атаманы, кері төңкерісші ретінде санайды. Оспан батырды гоминдаң басшысы Чан Кайшы Шыңжаңдағы коммунистерге қарсы тұру штабының бас қолбасшысы етіп тағайындау туралы бұйрық түсірген. Бұл туралы да қытай деректерінде бар. Сондықтан Оспанды бүгінгі коммунистік жүйе басшылары ешқашан ақтамақ емес. Осыған орай олар Қазақстанның да Оспанды биікке көтеріп, өз бағасын беруіне оң қарамайтын болар.
Сондықтан екі ел арасындағы ынтымақтастық пен береке-бірлікті ойластырған бола отырып, Оспан батыр туралы жамандап та, мақтап та ештеңе айтпайды. Оны мемлекеттік тұрғыда жоғары деңгейге көтермейді. Ал, біздің елде, халық арасында батырды қалай үгіттесе де, оның тарихи орны туралы қандай жоғарғы деңгейде айтса да оған билік қарсы шықпайды. Бұл менің өз ойым. Өйткені, екі ел қазір достық, ынтымақ туралы ұран көтеріп отыр. Ал, қытай биілігінің Оспан батырға ұстанымы қатаң болары белгілі. Өйткені, олар көп әскерінен айырылды, шығынға ұшырады. Сондықтан оны банды, бүлікші ретінде тарихына жазып отыр.
– Оспан батыр жан-жақтан қысымға ұшырап, уақытша шегіне тұруға тура келді ғой. Сондағы батырдың негізгі жоспары қандай болды деп ойлайсыз. Америкаға арқа сүйеп шетелге өтіп кету ме еді, жоқ әлде күш толықтырып алып қайта күреске аттануды ойлады ма?
– Оспан батырдың мақсаты өте айқын адам. Ол ешқашан шетелге кету, өзінің қара басын күйттеуді ойламаған. Ол кезде батыр бастаған көтеріліс, күрес үшін жағдай ауыр болды. Қызыл үкімет Бұрһан Шаһиди, Жағдай Бабалықұлы секілді адамдарды жұмсау арқылы қазақтар арасына қарқынды үгіт-насихат жүргізіп, елді Оспаннан айырып әкетуге күш салды. Осының кесірінен артта қалған көп адам майданнан тайып кетті. Осыған орай батырдың күші әлсіреп, қолы азайды. Кейін қоршауда қалып Гансу жаққа шегінеді де, Хайзы деген жерге барып уақытша тұрақтайды. Сол кезде Қалибек хакім Оспанға 16 жастағы ұлы Хасан Оралтайды сәлем беріп келуге жұмсайды және бірге шетелге кетейік деген өтінішін де айтып жібереді. Сонда Оспан батыр өзінің ешқайда бармайтыны туралы айтады. Қол жинап әлденіп алған соң қайта барып соғысып, Алтайды азат етемін дейді. Бұл жағдай Хасан Оралтайдың кітабында жазылған. Негізі батырдың бір ойы Гансу жақтағы қазақтардан күш толықтыру еді, бірақ ол жерден аз ғана адамдар қосылды. Өзі ойлағандай көп күш жинала қойған жоқ. Және ол жаққа да қызыл қытайдың генералы Пың Дыхуайдың басшылығында 6 дала армиясы келіп кірді. Оспанға тіл жеткізіп, хабар беретін адамдардың бәрін Дұнхуаң деген қалада ұстап алды. Кейін Оспан қолы туралы хабар алу үшін ұйғыр саудагерлерді жіберіп, жағдайды біліп алады. Сөйтіп, Оспан батыр қапыда қолға түседі. Қорыта келгенде, Оспан батыр шетелге бас сауғалауды мақсат етпеген адам. Алайда батырды Америка елшісі Маккернан біраз үгіттеп, әуе тасымалы арқылы құрал жеткізіп беретіндерін айтқан. Бірақ, оның өзі Америкаға қашқан жолында Тибет үстіртінде оққа ұшады. Тибеттіктер атып кетеді. Оның хабары Америкға жетті ме, жеткен жоқ па, ол жағы белгісіз.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Мұрат АЛМАСБЕКҰЛЫ.
«Жебе» газеті,  24 сәуір 2014 
жыл
Теги: , , , , , , , , ,

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*