Кітапхана

Ақеділ ТОЙШАН: МОНҒОЛИЯ ДЕРЕКТЕМЕЛЕРІНДЕГІ ОСПАН БАТЫР

ОСПАН БАТЫР ИСЛАМҰЛЫНЫҢТУҒАНЫНА 110 ЖЫЛ («Азаттықтың өшпес рухы» атты халықаралық ғылыми-тəжірибелік конференциясында жасалған баяндама)

Оспан батырға қатысты деректер мен құжаттар коммунистік дəуірде Монғолияда жабық тақырып болып келді. 1981 жылы Монғол Халық Республикасының батыры, армия генералы Б.Дорж «Отан үшін соққан жүрек» мемуарын жария етті [1]. Бұл еңбекте Оспан туралы мəліметтер мұрағат құжаттары мен əскери-саяси оқиға куəгерінің естелігі бойынша алғаш рет кең ауқымда, салмақты дəрежеде сөз болды. Алайда автор Кеңес одағының қызыл идеологиясы, сонымен бірге Монғолияның ұлттық мүддесі тұрғысынан Оспанға əрқилы баға берді. Генерал мемуарының ІҮ бөлімі «Отанның батыс шекарасында», Ү бөлімі «Мылтықтың соңғы үні» деп аталады. Осы бөлімдердің Оспанға қатысты тараулары «Біздің ақ ниетіміз, Оспанның қара пиғылы», «Оспанның бас сұғатын мекені, ас ішетін аяғы қалмады» деп аталуы – саясаттың салқын ызғарын сездіріп тұрғандай. Осы бөлімдерде Шығыс Түркістан қазақтарының ұлт-азаттық көтерілісі, оның жетекшілерінің бірі Оспан мен Монғолия əскерилерінің қым-қиғаш қарым-қатынасы туралы түйінді деректер келтірілген. Біз генерал Б.Доржының еңбегінен көлемді үзіндіні аударып, түсініктер жасап, «Оспанға қатысты оқиғалар» деген атпен «Жұлдыз» журналына жарияладық [2].

Б.Дорж кітабының алғы сөзінде осы еңбекті жазу барысында көмек жасаған полковник, марқұм Х.Цэдэндорж, подполковник Да.Дамдиндоржларға рахмет айтады. Бұнда айтылған Ақеділ ТОЙШАН, М.О.Əуезов атындағы Əдебиет жəне өнер институтының ғылыми қызметкері, ақын, филология ғылымдарының кандидаты, Алматы Х.Цэдэндорж көзі тірісінде Монғолияның батыс шекарасындағы қарулы қақтығыстар туралы кітап жазып, ол цензураға ұшырап, Монғолия Қоғамды Қауіптен Қорғау Министрлігі (НАХЯ) тарапынан тəркіленеді. Сонымен бірге генерал Б.Цэдэништің «Киелі шекараның аңызға толы тағылымы» (Дархан хилийн домогт сургамж) деген кітабына да тыйым салынады [12,4]. Болашақ зерттеушілер бұл еңбектерге қол жеткізіп танысса, көптеген бұлыңғыр жайттар анықтала түсері даусыз.

Монғолия қазақтарынан Сарсүмбені азат ету майданына партизан басқарып барған, Оспанға келіссөз жүргізуге белсенді араласқан, белгілі мемлекет қайраткері Ноғай Шымшырұлы туралы тарихшы А.Сарай 1987 жылы «Шұғыла» журналының №2 санына (Б.41-55) «Отан тапсырмасымен» деген мақала жариялады. Бұл зерттеу генерал Б.Дорж еңбегінің ықпалымен жазылады жəне Оспан батырға қазақ зерттеушісі ретінде алғаш рет бейтарап баға беруге талпыныс танытылады.

Əлбетте, Оспан батырға шынайы баға беру ісі демократия құлаш жайған 1990 жылдардан кейін ғана монғол баспасөзінде орын алды. Əскери журналист, подполковник Да. Дамдиндорж «Үкілі хат» (Өдтэй бичиг) газетінде Оспан батыр мен маршал Х.Чойбалсанның бірігіп алғызған фотосуретін жариялады жəне генералдың Оспанға оң ниетте болғанын білдіріп, осы суретті заман оңалғанда жарияларсың деген аманатын орындады [3]. Естелікті Б.Бəмішұлы жедел аударып, Қазақстанда «Шалқар» газетіне жария етті [4]. Əрине, Да.Дамдиндорж əйгілі «Отан үшін соққан жүрек» мемуарының редакторы болғандықтан мақалада келтірілген деректер ілкі еңбектің аясында қалғаны байқалады.

1991 жылы Монғол Халық Республикасының батыры, шекарада 14 жыл əскери қызмет атқарған Ж.Нэхийт мырзаның естелігін журналист У.Амарсайхан «Оспан шебіне шабуыл» деген атпен жариялады [5]. Естелікте 1948 жылы қаңтарда Шонжы маңында құмға жасырынған Оспан шебіне шабуыл жасаған шеріктер батырдың үйіне граната лақтырып, əйел, бала-шағаны қырып-жойып, Оспанды қолға түсіре алмай, 200 түйе, 30 сиыр, гоминдаңның радиобайланысшы 2 əскерін, керек-жарақ құжаттарды олжалап, еліне қайтқанын айтады [5, 38].

туралы неше түрлі жағымсыз лақап-қауесеттер халық арасында мол таралғаны белгілі. Тіпті Монғолкино өндірісі «Шекарада» (Хил дээр) деген фильмде «Тау бандысы» Оспанның жағымсыз рөлін сомдауға ден қояды жəне ол бейнені Монғол Халық Республикасының еңбек сіңірген əртісі, кезінде Ш.Ноғай бастаған партизандармен бірге Алтай аймағын (Сарсүмбені) Қытайдан азат ету майданына қатысқан Б.Төлеухан ойнайды. Шын мəнісінде бұл «банды қазақ» туралы эпизод ғана, Оспан тұлғасы фильмде бадырайып көрінбейді. Киногерлердің əу бастағы мақсаты «тау бандысы» Оспанның жыртқыш бейнесін көрсету болған екен. Бірақ бұл жоспарды Баян-Өлгий аймағының əртістері Б.Төлеухан, Жəпил, Құсайын, Дүйсембай, Əбдіраштар күйретіп тастаған көрінеді. Мəселен, Б.Төлеухан киногерлерге «Фашизмге қарсы соғыс жылдарында Гоминдаңның қаупінен қаймыққан Монғолияның партиясы мен үкіметі Оспанды өзіне қалқан еткісі келгені анық. Бірақ Оспанның түпкі мақсаты – тəуелсіз Шығыс Түркістан Республикасын орнату болатын. Сол кезеңде екі алып империяның қысымына тап болған оның бұл асқақ идеясы арман қалпында ғана қалған еді», – деп түсінік жасаған екен. Б.Төлеуханның бұл пікірін фильмде шекарашылардың бастығы рөлін сомдаған əртіс Д.Цэндаюуш 1998 жылы өз естелігінде оқырманға ағынан жарылып жайып салған болатын [6]. Демек, театр қайраткері Б. Төлеуханың бұл пікірін халықтың атынан Оспанға берілген, ешқашан құнын жоймайтын, шынайы баға деп таныған абзал.

1992 жылы тарихшы, мемлекеттік мұрағат қызметкері Д.Өлзийбаатардың «Коминтерн – Оспан – Монгол» деген көлемді зерттеуі «Шинэ үе» газетінде жарық көрді [7]. Тарихшы Д.Өлзийбаатар бұл зерттеуінде шын мəнісінде ұзақ жылдар қалыптасқан ақтаңдақты жоюға қадам жасап, кəсіби маман ретінде Оспан батырға шынайы да дəлелді баға береді. Мақаланы біз қазақ тіліне аударып, «Жас алаш» газетіне 1993 жылы жариялаған болатынбыз [8]. Одан кейін Оспанға қатысты байсалды бір деректер тарих ғылымдарының докторы Л.Бат-Очир жазған «Чойбалсан» деген монографияда кездеседі [9]. Кремль қожайыны Сталин мен Монғолия басшысы Чойбалсанның Оспанды əскери-саяси істерге пайдалану туралы жасаған астыртын жоспарларын ав- тор жан-жақты ашып береді. Сонымен бірге 1944 жылы 25 қаңтарда Мəскеуде Х.Чойбалсан чекист Л.Берияға да оңаша кездесіп, одан «Оспандардың ортасында жұмыс істейтін бір молда, қазақтарға үгіт жүргізуге жарайтын бір тəжірибелі адам, араб əріпті баспахана машинасын асай-мүсейімен жəне сапа- лы радция байланыс құралын» сұрап алғанын да жазады [9, 169]. Бұл еңбектен қажетті үзінділерді қазақ тіліне аударып, «Қазақстан тарихы туралы монғол деректемелері» жинағына жарияландық [10]. 1939-1948 жылдары Монғолия үкіметінің төрағасы, маршал Х.Чойбалсанның кеңсе ісінің бастығы, хат- шысы, көмекшісі лауазымында болған П.Шагдарсүрэннің «Мен білетін Чойбалсан» [11] деген естелігінде Оспан тура- лы құнды деректер мен батырдың фотосуреті жарияланды. Біз бұл еңбектен де үзінді аударып, Оспан мен Чойбалсанның бірге тұрған суретімен қосып, «Қазақстан тарихы туралы монғол деректемелері» жинағына жария етке болатынбыз [12].

Белгілі ақын, шежіреші Шынай Рахметұлының «Оспан ба- тыр» деген кітабында батырға қатысты монғол, қытай, батыс деректері ұлттық мүдде тұрғысынан сараланады [13]. Сонымен бірге тарих ғылымдарының докторы Құрметхан Мұқамедидің, журналист Бекен Қайраттың, ақын-зерттеуші Сұраған Рахметтің еңбектерінде [14] Шығыс Түркістан қазақтарының саяси өміріне қатысты құнды деректер мол. Əрине, Оспанға қатысты түпнұсқа деректер мен құжаттар қоры Монғолия Ұлттық Қауіпсіздік комитеті мен Барлау орталығының мұрағаттарында қапаста сақтаулы тұр. Ондағы мəліметтерді кешенді сараптап зерттеу – болашақ кəсіби мамандардың еншісінде.

2007 жылы Ұланбатырға ғылыми іс-сапармен барғанымда Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Төралқа төрағасының бірінші орынбасары, алыстағы ағайындардың саялы бəйтерегіндей болып жүрген қабырғалы қайраткеріміз – Талғат Асылұлы Мамашев мырза жан-жақты қолдау көрсеткені үшін жұрт алдында көп-көп рахмет айтам!

Пайдаланылған əдебиеттер

  1. Б.Дорж. Эх орны төлөө цохилох зүрх. Улаанбаатар, 1981.
  2. Б.Дорж. Оспанға қатысты оқиғалар // «Жұлдыз» журналы, 2002. №9. Аударған, түсініктерін жазған А.Тойшанұлы.
  3. Өдтэй бичиг. 30.04.1991. №15.
  4. «Шалқар» газеті. 1991, тамыз. №31 (263)
  5. У.Амарсайхан. Осваны хуаранг дайрсан нь // Сэтгүүлч. №2, 1991. Х.36-37.
  6. Н.Баасанжав. Оспан баатар Үрэмчид цаазлуулжээ // Цагийн хүрд. 1998. №3.
  7. Д.Өлзийбаатар. Коминтерн – Оспан – Монгол // Шинэ үе. 1992. Ү.21-31. №10 (73)
  8. Ақеділ Рүстем. Оспан батыр // Жас алаш. 1993 жыл 19 тамыз; Бұл мақала жаңа деректермен толықтырылып, қайтадан жарияланды. Қараңыз: Ақеділ Тойшан. Оспан батыр // Жас алаш. 2001 жыл 5 шілде. №80 (14340)
  9. Л.Бат-Очир. Чойбалсан. Улаанбаатар, 1996. Газетте жарияланған нұсқасын қарауыңызға болады: Л.Бат-Очир. Сталин, Чойбалсан нарын 1940-өөд оны уулзалтууд // Ардын эрх. 1995, №149-151.
  10. Қазақстан тарихы туралы монғол деректемелері. ІІІ том. Деректемелер мен мұрағаттық құжаттар. Алматы, 2006. Б. 112- 115; Баспасөзде жарияланған нұсқасын қарауыңызға болады: Оспан батыр // Туған тіл. 2005, № 2. Б.62-68; Жас қазақ. 2007 жыл 22 маусым, № 24.
  11. П.Шагдарсүрэн. Миний мэдэх Чойбалсан. Улаанбаатар, 2000.
  12. Қазақстан тарихы туралы монғол деректемелері. ІІІ том. Деректемелер мен мұрағаттық құжаттар. Алматы, 2006. Б. 115- 117; Баспасөзде жарияланған нұсқасын қарауыңызға болады: Оспан батыр // Туған тіл. 2005, № 2. Б.62-68; Жас қазақ. 2007 жыл 22 маусым, № 24.
  13. Р.Шынай. Оспан батыр. Өлгий, 1996. 14. Сұраған Р. Оспан батыр жəне маршал Чойбалсан // Жұлдыз, 2004. №8.

Ақеділ ТОЙШАН,
М.О.Əуезов атындағы
Əдебиет жəне өнер
институтының ғылыми
қызметкері, ақын, филология
ғылымдарының
кандидаты, Алматы

Теги: , ,

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*