Жаңалықтар

Қазақ қалай арақ ішті?

Araq-icmeyen

Жазыла-жазыла жауыр болған тақырып болса да, біз де бұл тақырыпқа өз әлімізше қалам сілтегенді жөн көрдік. Өйткені, кешегі Кеңестік қоғамнан «еншіге» қалған бүгінгі қоғамның айықпас дерті – ішімдік, алкоголизм. Ол өз кезегінде отбасы деген кішігірім мемлекеттің шырқын бұзып, шаңырағын ортасына түсіруге дәрмені жетеді. Алкоголизмнің адам денсаулығына тигізетін зиянын айтпағанда, отбасы үшін келтірер залалы көп. Араққа сылқия тойып, екі аяғын әзер басып үйіне енген отағасын, әкесін, яки ағасын отбасы мүшелері жақтыра қоймасы белгілі. Содан барып, ұрыс, жанжал шығып, отбасының берекесі бұзылады. Осыдан келіп, қоғамдық проблема туындайды. Ендеше, бұл проблеманың шығу тетігі мен шешілу жолдарын қарастырып көрейік. Зерттеп-зерделей келе, маскүнемдікке шалдығудың үш себебін анықтадық.

Статистика бойынша, қазіргі таңда Қазақстанда араққа басыбайлы құл болғандар саны жарты миллионды төңіректепті. Оның ішінде жастармен бірге орта буынның да үлесі басым. Оған себеп:

Біріншіден, кеңестік идеологияның жазылмаған заңдары. «Қалайша?» деп көзіңізді бақырайтпаңыз, қылышынан қан тамған сол қоғамның кесірі бүгінгі орта буынның өзін араққа тәуелді еткенін жасырмауымыз керек. Олай деуге толық негіз бар. Өйткені, адам өліп, жаназа шығарса да, арағын ауызына алатын орыс халқының менталитеті қазаққа сіңіңкіреп қалды. Қазақ адам өлгенде арақ ішпесе де, басқа кезде арақсыз болмайтын-ды. Бұл бір, екіншіден Кеңестік идеологияның зұлымдығы сол, қарамағындағы қалың бұқараның көзін ашып, оқытып-тоқытуға құлықты болған жоқ. Олар үшін халықтың арағын ішіп, қойын бағып немесе колхозда қара шаруамен таңды атырып, кешті батырып жүре беруі тиімдірек болды. Бір сөзбен айтқанда, халықты тобырға айналдырды. Халық өзінің жеке пікірін ашық айтуға өлердей қорықты. Өйткені, сұрқия саясат оған жар бермейтін-ді. Араққа тәуелділікті нығайтқан үшінші фактор – Семей полигоны тұсында, онан кейін де «Мас адамға атомың түк те қылмайды» деп халықты жаппай ішкіш қылған Кеңес Үкіметінің жандайшаптарының бірі Ильенко Аркадий Данилыч болыпты.  Сол жылдардан кейін қазақтың қариясына дейін арақ ішіпті. М. Әуезов атындағы драма театр сахнасынан қойылып жүретін Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» атты драмасындағы Қарауыл жұртының жаппай арақты сылқита беретін эпизодын еске түсіріңізші…

Екіншіден,  араққа тәуелді болуға отбасындағы әлеуметтік жағдайдың мәз еместігі де себеп болса керек. Психолог мамандардың пікірінше, отбасындағы материалдық жетіспеушілік, жоқшылық адамның санасын кеміріп, жүйкесін жұқартып қоятын дерт екен. Сол дертке шалдыққандар «ауруын» арақпен басуға мәжбүр болатын көрінеді. Өйткені, адам шөлмек шырмауына түскенде басындағы барша проблемасын ұмытып, белгісіз бір әлемге еніп кетеді. Сондықтан, ішкі күйікті арақпен басып жүргендер саны да көп. Сондай-ақ, бұл факторға бүгінгі ауыл баалсының жұмыссыз сенделіп жүргені де себеп бола алады.

Үшіншіден,  адамда рухани дағдарыс болады. Ол әр адамда әр түрлі болатын құбылыс. Мысалы, өнер жолындағы адамның рухани дағдарысы шабытының мұқалуы, шоқтығы биік туындылардың дүниеге келмей, шығармашылығының тоқырауы болуы мүмкін. Осы орайда, Оралхан Бөкейдің «Атау-кересіндегі» Тағанның болмысы мен тағдырын еске түсіріңізші? Ал қарапайым адам басындағы рухани дағдарыс мүлде басқаша. Мәселенки, адам өз ортасынан бөлініп қалса, өмірдегі қызығынан ажырап қалған сияқты сезімдерді бастан кешсе, жақын адамдарының оған селқос қарауы немесе адамның діттеген мақсатына жете алмай, санын соғып қалуы, тағысын тағылардың бәрі рухани дағдарысқа әкеп соғады. Осындай сәтте адам ішімдікке, басқа да зиянды әрекеттерге бой алдыруы әбден мүмкін.

Міне, біз анықтаған үш фактордың шешілу жолы айтпаса да түсінікті шығар. Бірінші фактордан арылу үшін құлдық санадан тазарып, өз болмысымызды тануға талпынуымыз керек. Екінші себептің шешілу жолы – әлеуметтік жағдайды барынша жасауға тырысу, ал жасалмаған жағдайда рухты берік ұстау ләзім. Ол үшін білім мен ғылымды сүюіміз керек. Үшінші критерийді жою үшін халықтың иманын күшейтуіміз керек болады. Халықтың иманы қайтсе күшейеді? Оқу-білімге көңіл бөлініп, отбасындағы тәрбиеге әр отбасы жауапкершілікпен қараса күшейеді.

Шынаргүл Оңашыбай


Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*