Тұрсынхан Зәкенұлы – тарихшы, жазушы және аудармашы. 1962 жылы ҚХР СУАР Алтай аймағында дүниеге келген. 1986 жылы Шыңжаң университетінің тарих факультетін, 1989 жылы Пекин ұлттар институтының тіл-әдебиет факультетін бітірген. Қытай, ұйғыр, өзбек, түрік, парсы тілдерін игерген. Түркология саласы бойынша 150-ден астам мақаланың, «Көне түркі ескерткіштеріндегі қытай жазбалары», «Ойратнама: Жоңғария мемлекетінің қалыптасуы мен дамуы, жойылуы», «Қытай әдебиеті» монографиялары мен оқу құралдарының авторы. «Балқан тауға барғандар», «Көкбөрілердің көз жасы», «Мәңгітас» повест-романдарын жазып шыққан. Қытай тарихшысы Су Бихайдың «Қазақ мәдениетінің тарихы» атты кітабын қазақ тіліне аударған.
Қытайдан табылған “Жеті қаған” дастаны хақында бірер сөз
“Егемен Қазақстан” газетінің 1995 жылғы 28 шілде күнгі “Манас” эпосының мың жылдығына арналған мерекелік санында “Қазақтың жеті қағаны” деген тақырыппен “Қырғыз тууы” газетінің тілшісі Төлен Насирдинтегінің арнайы “Егемен Қазақстан” үшін әзірлеген мақаласы жарияланды. Онда осы тойдың құрметті қонағы, қазақтың “Жеті қаған” атты дастанын жырлаушы, егіз елдің шежірешісі, Қытайда тұратын манасшы Жүсіп Мамаймен таныс болыңыз дей келіп, оның еңбектеріне жан-жақты тоқталады. Әсіресе, оның қазақ халқы үшін істеген еңбегіне жоғары баға береді.
Қытайдан табылған “Жеті қаған” дастаны хақында бірер сөз
“Егемен Қазақстан” газетінің 1995 жылғы 28 шілде күнгі “Манас” эпосының мың жылдығына арналған мерекелік санында “Қазақтың жеті қағаны” деген тақырыппен “Қырғыз тууы” газетінің тілшісі Төлен Насирдинтегінің арнайы “Егемен Қазақстан” үшін әзірлеген мақаласы жарияланды. Онда осы тойдың құрметті қонағы, қазақтың “Жеті қаған” атты дастанын жырлаушы, егіз елдің шежірешісі, Қытайда тұратын манасшы Жүсіп Мамаймен таныс болыңыз дей келіп, оның еңбектеріне жан-жақты тоқталады. Әсіресе, оның қазақ халқы үшін істеген еңбегіне жоғары баға береді.
“Қырғыздың молда Қылыш деген атақты ақыны болған. 30-жылдарда “халық жауы” атанып, қуғын көріп, шығармаларына тыйым салынған. Содан ақынның апасы (әсілі інісі – Т.З.) Мамырхан Қытай жақтағы қырғыздарға жасырып өтіп, оның қолжазбаларын, кітаптарын Балбайға сеніп тапсырады. Сол тәбәріктердің арасында молда Қылыштың қазақтың жеті қағаны туралы жинаған деректері де ұшырасады. Әттең, отызыншы жылдарда шекара асып аман сақталған мұра енді 1868 жылы Қытайдағы мәдени революция тұсында Балбайдың үйінен тартып алынып, түгелдей хүнбейбиндер отында өртеніп кете барады. Манасшы Жүсіп енді сол жазбалардан есінде қалғандары негізінде “Қазақтың жеті қағаны” атты дастан жазып, алғашқы кітабын арап әрпімен басып шығарды. Шыңжаңда қазақ тіліне аударылды. Екінші, үшінші кітабын аяқтап, төртіншісіне кіріспек ойда “Бұл шежіре тек қытай елінде емес, жалпы қазақ жұрты оқып сусындар, тарихты толықтыруға септігі тиер дүние деп ойлаймыз” делінген мақалада.
“Қазақтың жеті қағаны”
Тарих қойнауында ежелден бергі өсіп, біте қайнасқан, тілі, ділі, тағдыры ортақ қазақ пен қырғыздың әдебиеті мен мәдениеті де өзара тоғысып, бірін-бірі толықтырып, заманның бүгінгі кемел шағына дейін сол қалпында қатар дамып келе жатқаны белгілі. Соның бір жанды айғағы – ауыз әдебиетіндегі тоғысуы. Бір кездері “Ер төстік”, “Қыз Жібек” сияқты қисса-дастандар халқының арасына да кең тараған еді. Ал қырғыздың “Манас” эпосы арқылы қазақ халқы сонау Енесай бойынан өрбіп-өнген, түбі бір туысқан халықтың бай тарихын, ежелгі тұрмыс-тіршілігін ғасырлар кеңістігінен қайталап көргендей болды. “Манас” жырын тыңдап отырып, құдды “Қобыланды”, “Алпамыс” жырларын оқып отырғандай, ондағы кейіпкерлерді, тұрмыс-салттарды, батырлық үрдістерді еш жатырқаусыз қабылдай бергеніміз де сондықтан шығар.
“Жеті қаған” – Қытайда тұратын қырғыз халқының атақты манасшысы Жүсіп Мамай бұрынғы хатқа түскен нұсқа негізінде жаңғыртып айтып берген қазақ халқының ерте заманнан қалған батырлық дастаны.
Онда бірінен-бірі ұрпақ жалғаған қазақтың жеті бірдей қағанының (Қызыл Арыстан немесе Түктабан, Мәлік Қатам, Мұхаммед Бинни, Мәлік Зат, Бидайық, Мұзбұршақ, Аққуақ) ерлік істері сөз болады. Дастандағы басты бір ерекшелік – онда сөз болатын қазақтың үйсін, қыпшақ, керей тектес тайпалары Әмудария мен Сырдарияның арасындағы байырғы Жиделі-Байсын өлкесінде және оған көршілес аймақтарда өмір сүреді. 1993 жылы Шыңжаң халық баспасынан араб әрпімен жарық көрген “Жеті қағанның” “Арыстан хан” (Түктабан) атты бірінші бөлімінде ерте кезде, Самарқан жерінде қазақтың үйсін, қыпшақ тайпалары билік жүргізіп тұрғаны баяндалады. Олардың басшысы Қартаң ханның сұлу тоқалы Жезмаңдай нәпсі қуып, Қоженд ханы Миянмен көңіл қосады. Соның кесірінен Қоженд пен Самарқан арасында егес туып, арты үлкен қақтығысқа айналады. Екі жақтан да шығын көбейе береді. Бұл егестің арты Самарқанға тиімсіз болған шақта, балықшы Құнттың әйелі Ақкөрпе Жәйілден туған ұлы Түктабан Қоженд батырларын қанға бөктіреді. Бұл жеңістен кейін еңсесі қайта көтерілген Қартаң хан оған “Арыстан батыр” деген ат беріп, бұрынғы уәдесі бойынша оны өз тағына отырғызбақ болады. Бірақ Арыстан батыр тақ пен тәжге қызықпайды. Ауылына барып, әке-шешесінің қасында тұра береді.
Нәпсі қуған Жезмаңдай ендігі жерде бала батыр Арыстанға құмартады, қайткен күнде де оны өз қолына қондырудың қамында болады. Бар пәле осыдан туындап, ақыр аяғында Арыстан батыр зынданға түседі. Бірақ, істің ақ-қарасы белгілі болғанда Жезмаңдай нөкерін ертіп, Балық шаһарындағы әкесі Мамыр Халпаның қасына қашып кетеді. Мамыр Халпа көп әскерімен келіп, Арыстан батырдың қолынан жеңіліп қайтады. Бұрыннан тату, берекелі екі ел бұл қақтығысты қоздырған Жезмаңдай екендігін алғашында білмейді. Сонымен Балық, Бадақшан, Бұхар хандары бірлесіп Самарқанға жаза жорығын жасамақ болады. Арыстан батыр олардың бетке ұстар батырларымен жекпе-жекке шығып, бәрін дерлік жеңеді. Алайда жеңілген батырлардың көбін өлтірмей қоя береді. Бұл жағдай сол елдерде Арыстан батырға деген құрметтің оянуына септігін тигізеді. Ел басшылары мен батыр-бағландар Арыстанның өздерімен түпкілікті жау емес екендігін түсінеді. Ақыры бірнеше ұлысты егеске салған сайқал әйел – Жазмаңдайдың әрекеті әшкереленеді. Оқиғаның соңында жоғарыда аталған ұлыстар түгелімен Арыстан батыр жаққа өтіп, Миян ханға еріп Қожендке қашып бара жатқан Жезмаңдайды Қартаң хан өз қолымен өлтіреді. Ел басынан жаугершіліктің сұрқай тұманы айығып, мамыражай заман орнайды.
Дастанның соңғы бөлімдерінің мазмұны туралы манасшы Жүсіп былай дейді: “Түктабаннан (Қызыл Арыстаннан) Қатам деген бала болған. Әкесінің орнына хандыққа отырғанда Мәлік (парсыша қаған – хан деген ұғымды білдіреді) Қатам деп аталған. Мәлік Қатамнан Ерзат деген бір бала болған. Әкесінің орнына отырғанда Мәлік Зат деп аталған. Сыртқы елдер оны “Набираһи Қызыл Арыстан қазақ қаған Мәлік Зат” деп атаған. Мәлік Заттан Ибн Мұхаммед деген бір бала болған, мұны “Набираһи Қызыл Арыстан хан қазақ хан Ибн Мұхаммед” деп атаған. Мұхаммед әкесінің орнына отырғанда біреу оған бауырында жалғыз аяғы, қақ маңдайында жалғыз көзі бар, сыңар қанатты алып құс әкеліп берген екен. Мұны көрген елдер: “Бұл қанаттылардың патшасы, құс төресі Бидайық екен” дескен. Сол күні Мұхаммедтің әйелі босанып, ұл табады. Мәлік Заттың барлық жұмысын атқаратын Жабаш дейтін қария болыпты. Мәлік Зат дүниеден өтерде Мұхаммедке: “Балам, сен қандай кезде болмасын Жабаш қарттың айтқанын орында, оның ақылымен бол”, деп тапсырып кетіпті. Әлгі құсты көрген Жабаш Мұхаммедке: “Балам, ұлыңа осы құстың атын қой, аты Бидайық болсын, онан соң құсты шаһардың шетіне алып барып, бет алған жағына қоя беріңдер. Бұл Бидайық деген құс ұстаған адамның бауыр етін жемей қолға көнбейді, ұшқанда қанатының зуылын естіген хайуанаттар тегіс қырылып қалады. Оны қоя берген кезде өзің де басы-қасында болып қарап тұр, ол қай жерге барып қонса, біз де сол маңға барып қоныстанайық”, – дейді. Мұхаммед құсты шаһар шетіне апарып қоя береді, құс тура егістікті бетке алып ұшып кетеді. Мұхаммедтің баласы Бидайық ержетіп, қаған болған кезде саят-серуен құрып жүріп, қазіргі Алматыға келіп, ымырт түсіп кеткесін бір түп алма ағашының түбіне ерін жастанып түнейді. Бір кезде әкесі қоя берген құс түсіне кіріп, оған адамша тіл қатып бүй дейді: “Сен Набираһи Қызыл Арыстан қазақ хан Мәлік Заттың баласы Мұхаммедтің ұлысың, атың менің атыммен бірдей. Менің бауырымда жалғыз аяғым, маңдайымда жалғыз көзім бар. Самарқан саған түбегейлі қоныс болмайды. Ол бұрын Тақ Сүлеймен, Ескендір, Жамшидтерден қалған. Бұдан кейін де бірде оның, бірде мұның ілкіне өтіп тұрады. Сен тамам ұлысыңмен келіп, осы жерді мекенде, бұл мекеннің аты Алма Ата болсын”.
Мұны естіген Бидайық Самарқаннан Алма Атаға көшіп келеді. Самарқан Манастың әкесі Жақыптың қолына өтеді. Кейін Манас Таласқа келгенде, Самарқан жері ілгерінді-кейінді парсы, өзбек, қара шапан, дешті қыпшақ, ермендердің қол астына қарайды.
Алма Атаға келіп қоныстанғасын бір күні біреу Бидайық ханға бүркіттің балапанын әкеліп: “Хан тақсыр, Алатаудың мұзарт биігіне, жалтыр мұздың жақпарына бүркіт ұя салыпты. Мына балапанды сол жерден әкелдім. Мұны мұзға туған “мұз мұрт” дейді екен. Әулие Жабаштың немересі Ақылтай шешенге апарып едім: “Сен мұны Бидайық ханға апар” деді, содан соң сізге әкеліп тұрмын” дейді. Дәл осы кезде Бидайықтың әйелі Нұсқа ұл тауып, оның атын Мұзбұршақ қояды.
Мұзбұршақ Бидайықтың орнына қаған болған кезде бір қыз өмірге келеді де, оның атын Аққуақ қоды. Әйелі одан өзге бара көтермейді. Сол қыз он екі жасқа келгенде оны бүйі шағып өледі. Сол жылы бұдан кейін Мұзбұршақтың әйелі Көкей екіқабат болып, бір ұл бала туады. Мұзбұршақ қызымды еске алып жүрейін деп оның атын да Аққуақ қояды.
Манасшы Жүсіп Мамайдың өз сөзімен айтқанда, “Жеті қағанның” қысқаша мән-жайы осылай. Олардың ел қорғаған ерліктері, жеке басының жағдайы туралы дастанның өзінде толығырақ сөз болады.
Осы арада бір айта кететін жайт, 1993 жылы Қазақстанға қоныс аударудан бұрын мен ШУАР ұлт істері комитетінің құзырындағы аз ұлттардың көне шығармаларын жинау, реттеу және бастыруға жетекшілік ету кеңесінде жұмыс істедім. 1989 жылы жазда тарихшы-ғалым Нығмет Мыңжанұлы маған Үрімжі қаласында тұратын манасшы Жүсіп Мамайдың қазақтың бір-бірімен ұрпақ жалғаған жеті қағаны туралы көлемді тарихи жырды жатқа білетіндігі туралы айтқан еді. Бұл хабарға бәріміз елең ете қалдық.
Өйткені, осыншама көлемді дүние бұрын қайда жүрген? Кім жырлаған? Ол қалайша қырғыздардың арасында сақталып қалған деген сияқты сауалдар өріп шыға келді. Неге десеңіз, ғылымда дәлдік, шындық басты орында тұруы керек.
Сөздің қысқасы, маған Жүсіп Мамаймен жақын араласып, дастанға байланысты деректерді тәптіштей ұғып-білуге тура келді. Бұл орайда тарихшы ғалым Нығмет Мыңжанұлы мен Шыңжаң пединститутының ректоры, профессор Әуелхан Қалиұлы ақыл-кеңесін аяған жоқ.
Манасшы Жүсіп Мамай
Бүгінге дейін бірсыпыра елдер қырғыз халқының көркем поэтикалық шежіресі “Манас” жыры тек Алатау қырғыздарының арасында ғана кеңінен таралған деп есептейді. Сағымбай Оразбекұлы, Саяқбай Қаралаұлы сынды манасшылар Алатау аймағында өмір сүргені, “Манастың” қайнары Алатау қырғыздарының арасында жатқаны ақиқат. Дей тұрғанмен, қырғыз елінің ұлттық мақтанышы – “Манастың” эпикалық болмысын және қырғыз елінің тарихи тұрмысы мен мәдениетін тұтас қамтыған “Манас” эпопеясының тағы бір жаңа нұсқасы Қытайға қарасты Шыңжаң ұйғыр автономиялы өлкесінің Қызылсу қырғыз автономиялы облысында тұратын қырғыздар арасынан жинақталды. Қытайдағы 130 мың қырғыздың 110 мыңы аталған облысты мекендеген. Олардың өз баспасөзі, ғылыми мекемелері бар. 1961 жылдан бастап Қытай оқымыстылары тарапынан “Манас” эпосына қызығушылық байқалып, Қызылсу қырғыз автономиялы облысында “Манасты” жинау мақсатында арнайы экспедиция жасақталды. Кейін елде “Манасты” зерттеу қоғамы құрылып, 90 манасшының аты белгілі болды. Олардың арасында Манастың ата-бабалары Төгейхан, Көбейхан, Жаңбыршы, Шаянхан, Шойхан, Бөнейхан батырларды жеке дастан етіп жырлайтын 52 жастағы Сатыбалды Аалының атағы елге әйгілі. Алайда, ондағы манасшылардың ең үздігі Жүсіп Мамай екені анық. Ол 1918 жылы Қызылсу қырғыз автономиялы облысына қарасты Ақши ауданының Қарабұлақ ауылында (Қоңырөлең деген жерінде) туған. Қырғыздың шерік тайпасының майда деген руының қызыл әулетінен. Ол жастайынан өнер-білімге жақын болған. Өз кезінде ауылбасы болған әкесі Деңгелек ауқатты кісі болыпты. Жүсіп Мамай сол бала кезінде ауыл молдасынан оқып, сауатын ерте ашады. Кейін Ұштұрпанда оқыса, денсаулығына байланысты одан қол үзеді. Баласының білімге бейімділігін байқаған әкесі Қашқар шаһарына барған сайын түрлі кітаптар сатып әкеліп беріп тұрады. Сондай-ақ, Кеңес Одағының Ташкент, Қазан тектес қалаларынан шығатын газет-журналдарды да кірекештерге тапсырып, алдыртып тұрады. Кішкентай Жүсіп келімді-кетімді кісілердің сөзіне де көп ден қойып жүреді. Шешесі Буырыл сөзге шешен, қисса-дастандарды көп айтатын кісі екен.
Ата-ананың мәуелі тәрбиесі және өзіндегі асқан ұғымталдық арқасында ол сол кезден бастап, сегіз ұрпақ “Манас”, “Құрманбек”, “Төстік” (Ер Төстік), “Бағыш”, “Жаңыл мырза”, “Көбен”, “Мәмеке Шопақ”, “Қыз Жібек” тектес қисса-дастандарды жиын-тойда сарнатып айтып жүреді. Бүгінде жасы 90-ға таяған құйма құлақ қарт аталған қисса-дастандардан басқа “Әбу Мүсілім Маруси”, “Сұлтан Сейтбаттал қажы”, “Рүстем-Дастан”, “Шаһар дәруіш”, (төрт дәруіш), “Жүсіп-Зылиха”, “Хиссасұл әнбие” (Әулие-әнбиелер шежіресі), “Ескендір Зұлқарнайын”, “Алпамыс”, “Бозжігіт” тектес жыр-хикаяттарды да жатқа біледі.
Жүсіп Мамай ауылында алғаш құрылған жаңаша мектептер тарих пен тіл-әдебиеттен сабақ береді. Қытайдағы мәдени революция аяқталып, ел ес жинағанда оны Үрімжіге шақырып, “Манас” дастанын жазып алады. Жырдың 18 кітабының Шыңжаңда араб әрпімен 15 кітабы басылып шықты. Оның баяндауындағы “Манастың” алғашқы томдары Бішкекте кириллица таңбасымен жарияланды. Жүсіп Мамай Манастан бастап, оның ұрпақтары Семетей, Сейтек, Кененим, Сейіт, Асылбас, Сомбілек, Шигитей туралы сегіз ұрпақтың тарихын баяндайды.
“Жеті қағанның” авторы
Жүсіп Мамайдың айтқан деректеріне сүйенсек, ол бұл дастанды алғашында Мамырхан молда деген кісінің қолынан (қазақ тіліндегі нұсқасын қырғыз тіліне қолжазба күйінде өлеңмен аударған)алып оқыған. Мамырхан молда Жүсіп Мамайдың ағасы Балбайдың қайын атасы екен. Бұл туралы Жүсіп Мамайдың өз қолымен жазған дерегі былай: “Бұрын Қазан шаһарындағы Шәмсиден деген жесір әйелдің баспаханасында екі қазақ оқымыстысы – Шайқы Ислам, Шайқы Жүсіп (бұл арада Жүсіп Мамай Жүсіпбек Шайхисламұлын айтып отыруы мүмкін) дегендер тұрыпты. Солардың қасында Қылыш молда деген қырғыз молдасы да болыпты. Араб әдебиетінен “Салсал”, “Зарқұм”, “Дәштігер бала” сияқты қиссаларды Шайқы Ислам, Шайқы Жүсіп қазақ тіліне өлеңмен аударыпты. Бұл шығармалар сол кездің өзінде баспадан шыққан емес. Қылыш молда “Самарқан қазақтары” атты қиссада арабтармен араласып кеткен Мәлік Қатам, Мәлік Зат, Мұхаммед Мәлік Зат деген қазақ қағандарының аттарын бөлек жазады. Шайхы Ислам, Шайқы Жүсіптердің қолынан алып Бидайық, Мұзбұршақ, Аққуақ қағандардың өмірін де әдебиетке айналдырады, бірақ баспаға бере алмайды. 1916 жылғы үлкен үркінде қашып келгендердің ішіндегі Мамырхан молданың қызы Гүлжамалды (кейін Зина деп те аталып кеткен) менің ағам Балбай алды. 1925 жылы Мамырхан сол қызына амандаса келіп: “Ағам Қылыш молда қайтыс болды, бұл кітаптардың ол жақта таралуына жол қалмады” деп ағам Балбайға көп кітаптар әкеліп берді. Мен “Манасты” жаттап жүрген кезімде ағам Балбай: “Інім, шамаң келсе қазақ дастандарын да жаттай жүр. Манас болса қырғыздың өз атасы, оны әркім өз әлінше біледі. Басқанікін білу бәрінен зәру” деген еді. Сонымен қазақ дастандарын жаттауға зауқым соға бастады да, Қылыш молда қырғыз тіліне аударған дастандарды оқуға кірістім. Жеті қаған аталған Қылыш молданың қолжазбасында “түгел қазақ қағандары” деп нақ жазылған. Бұл қолжазба менің қолымда 1968 жылға дейін сақталып келді”.
Жүсіп Мамайдың бұл сөздеріне сүйенсек, “Жеті қаған” дастанының алғашқы бөлімдеріне қатысты деректерді Қылыш молда араб әдебиетінен жинағанға ұқсайды. Кейін ол оған желілес (ұрпақтас) қағандарға (Бидайық, Мұзбұршақ, Аққуақтарға) байланысты деректерді Шайқы Ислам, Шайқы Жүсіптерден алып, бәрінің басын құрып, қырғыз тіліне өлеңмен аударып шыққан. Соған қарағанда, “Жеті қаған” дастанының жарыққа шығуында Қылыш молданың еңбегі айрықша болған. Оны осы дастанның авторы деуге де болады. Ал Шайқы Ислам, Шайқы Жүсіптердің де еңбегін жоққа шығаруға болмайды. Олар өздері жазған “Жеті қағанға” байланысты деректерді, аңыз-әңгімелерді түгелімен Қылыш молдаға берген.
Қылыш молданың туған жері Қырғызстанның Нарын қаласы, Қошқар ауданы. Жүсіп Мамай оның Шайқы Ислам, Шайқы Жүсіптермен бірге қызметтес болған кезін мөлшермен 1850-1900 жылдардың арасы болуы керек деп тұспалдайды. Қылыш молда Ресейдің отарлау саясатына қарсы болғандықтан, 1915 жылы патша үкіметі жандаралдарының қолынан қаза табады. Қылыш молда туралы бұл деректерді Жүсіп Мамай маған 1990 жылдың сәуір айында әңгімелеп берген еді. 1993 жылы Қазақстанға көшіп келгеннен кейін қырғызстандық профессор Хусейн Қарасаевтың “Мұхтасар тарих Қырғызия және оның авторы” деген мақаласы қолыма түсті. Автор ол мақаласында бір кездері Қазан баспасынан шыққан Османәлі Сыздықұлының “Мұхтасар тарих Қырғызиясы” мен “Тарих қырғыз Шадмания” атты еңбектерін шағатай жазуынан реттеп көшіріп шыққандары туралы айта келіп, Қылыш молдаға қатысты мынадай деректер береді:
“…Осы кітапқа байланысты бұдан бірнеше жыл бұрын шыққан шығармалар жөнінде де мәлімет бере кетейін… Бұл мәлімет еш жерде жазылмаған және ешбір оқымысты да оны білмейді”.
“Қысса-и-зилзала”, жазушы молда Қылыш Төрегелдин. Қазан. 1911 жыл. Хақ Мәсулияты (баспа ұқығы) Ишеналы Арабаевте.
Қылыштың бұл “Зилзаласын” оқыған әдебиетші не тарихшы жоқ дерлік. Бұл да араб таңбасымен Қазанда шыққандықтан, оның емлесі де әбден бас қатырарлықтай. Көп сөздер бұзылып басылған…
Осы арада бір айта кететін жайт, профессор Хусейн Қарасаев бір кездері Қазан музейінен қырғыз халқының әдеби-тарихи мұрағаттары туралы көптеген мәліметтер топтаған. Бірақ олардың көбін көзбен көріп, қолмен ұстауға мүмкіндік болмаған. Дей тұрғанмен, оның Қылыш молда туралы тапқан мәліметі Қытайда жатқан Жүсіп Мамайдың айтқан деректерін толықтайды. Қылыш молда Мамырхан молданың ағасы, ал Мамырхан қызын Жүсіп Мамайдың ағасы Балбайға берген. Сондықтан Жүсіп Мамай Қылыш молданы жеке туыстық қатынас арқылы біледі. Енді міне, профессор Хусейн Қарасаевтың зерттеуі арқасында Алатау қырғыздары да Қылыш молданың кім екендігін білетін болды. Жүсіп Мамай Қылыш молданың жоғарыда аталған еңбектерінен басқа араб ертегілерінен алып, назиралық жолмен жаңғыртып жырлаған “Имам ади шаһ зинда” (Ақыр заман патшасы) деген еңбегінің де болғандығын айтады. Бірақ ол кісі Қылыш молданың “Имамиди шаһ зинда” мен “Жеті қаған” атты еңбектерінен басқасын білмейтін.
Қорытып айтқанда, Қылыш молда өз кезегінде көпті көрген, бірталай тілді жетік меңгерген, ақындығына қоса ғалымдығы да бар ірі оқымысты болған. Ол “Жеті қаған” дастанын өмірінің соңғы кезінде қырғыз халқының бағзыдан келе жатқан эпостық үлгісіне салып жаңғыртып жазған. Бірақ баспаға беруге үлгермей, інісі Мамырханға табыстаған. Мамырхан молда кейін Қытайға қызын көргелі барғанда қолжазбаны ала барып, оны құда баласы Жүсіп Мамайға берген. Өкінішке орай, сол қолжазба Қытайдағы мәдени революция тұсында 84 нұсқа қолжазба және басқа кітаптардың қатарында өртелгені жөнінде жоғарыда айтқанбыз. Осы кітаптардың ішінде әлемге мәшһүр тарихи шығарма – “Хамзұл Әлем” де (Түркияда басылған, топан су дәуірінен тартып, 1840 жылға дейінгі тарихты баяндайтын алты томдық тарихи шығарма) бар еді дейді Жүсіп Мамай.
Дастанның құрылысы мен тілі
Қазірге дейін аталмыш дастанның “Арыстан хан” деп аталатын бірінші бөлімі 1994 жылы Шыңжаңда жарық көрді. Оның өзі 14 мың жолдан асатын ірі дүние. Дастанның жарық көруіне қытай қазақтарының маңдайалды зиялы азаматтары – тарихшы-ғалым, марқұм Нығмет Мыңжанұлы мен профессор Сұлтан Жанболаттың жәрдемі көп болғандығын айта кету орынды деп санаймын.
Кітапты баспаға өткізу қарсаңында ШУАР үгіт-насихат басқармасы тарапынан саяси мақсатта кейбір түзетулер жасалды, түркі тарихына байланысты сөйлемдер, беттер алып тасталды. Бірақ, біз осынау қалтарыста қалған халық мұрасының ертерек жарық көруіне қуандық. Дастанның саяси сұрыптаудан өтіп, қысқартылған немесе өзгертілген жерлері кейінгі басылымдарында түзетімді деп сенемін. “Жеті қаған” жырының бірінші бөлімі саналатын “Арыстан хан” дастанының көркемдік шешімі нәрлі, тілі батырлар жырының үлгісінде. Жырдың әр жолы жеті-сегіз буынды болып келеді. Өлең ұйқастары да әр ойдың тиянағына қарай бірыңғай. Дастанды қырғыз тілінен аудару барысында жырдың әуелгі сарынына, ұйқастарына көңіл бөлінген. Сондай-ақ, жер, су, адам аттарына, тарихи атауларға кітап соңында түсінік жасалады. Оқырмандардың кітапты оқуына қолайлы болуы үшін дастан бірнеше тақырыпшаларға бөлінген. Бірақ жырдың әуелгі үрдісіне баса назар аударылуы нәтижесінде аударма нұсқасының көркемдік сапасы діттеген деңгейге жетпей қалғандығын да жасырудың қажеті жоқ. Сондықтан келесі басылымда бұл жағына ұқыпты қараған жөн сияқты.
Дастан оқиғаларының шығу тарихын, оның қазақ ауыз әдебиетімен қатысын, сондай-ақ дастанның қалай жарыққа шыққандығын және оның авторына қатысты жайларды ғалымдарымыз әрі қарай зерттей жатар деген ойдамын.
Сөз соңында, ел ертеңін ойлайтын қалталы азаматтардың дастанның алғашқы бөлімдерінің кириллица таңбасымен қара шаңырақ – Қазақстанда жарық көруіне қол ұшын беруін өтінер едім. “Жеті қаған” – қазақ ауыз әдебиетінің алтын қорына қосылған қомақты қазына, бағалы байлық.
Тұрсынхан ЗӘКЕНҰЛЫ,
С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің оқытушысы,
тарих ғылымдарының кандидаты.
1 пікір