Әлен Жеңісханұлы – Шыңжаң қазақтарының, соның ішінде Алтай қазақтарының тарихындағы айтулы тұлға. Оның кім екенін білу үшін сөзді арғы ата-бабасынан бастаған жөн. Арғы атасы – атақты Әбілпейіз хан. Әбілпейіздің 8 ұлы болған дейді. Соның бірі Көгедайдан Әленге дейінгі ұрпақ және билік жалғастырғандар: Көгедай Әбілпейізұлы (1785-1823), Ажы (Әділғазы) Көгедайұлы (1823-1868), Қасымхан Ажыұлы (1868-1890), Жеңісхан Қасымханұлы (1890-1912), Әлен Жеңісханұлы (1889-1961). Әлен Алтай қазақтарының ағарту тарихындағы бірегей тұлға саналатын Шәріпхан Көгедаевтың бір әке, бөлек шешеден туған ағасы.
Жеңісханның ұсынысымен 1913 жылы бас князьдік орынға Әлен отырды. Ол сол жылы 23 жаста еді. Цинхай төңкерісінен соң Қытай республика болып жарияланып, жаңа үкімет құрылды. Жаңа үкіметтің тұңғыш құрылтайына Алтай қазақтарына жаңа үкімет сыйлаған шен мен оның күміс таңбасы, мансап киімі Әленге тиіп, қазақтарға қайта берілген бірден-бір уаңдық (князьдік) ол жақтағы жұртты ерекше серпілтеді. Бұған алақайлап қуанған Алтай қазақтары 1915 жылы Саршоқы жайлауында он екі қанат ақ орданы ат үстінде жүріп тігіп, ұлан-асыр той жасайды. Содан бастап Саршоқы «Әлен уаң шоқысы» деп аталып кетеді. Жеңісханның бес ұлы жастайынан медреседен білім алып, діни тәліммен қоса есеп, тарих пәндерін де оқиды. Медреседе ұлты татар Ақшорин молда мен Біләл хазірет сабақ береді. Біләл қазақ тіліне қоса орыс, араб тілдеріне жетік болған адам деседі. Жастайынан өте талапты болып өскен Әлен әкесі Жеңісханның хатшысы Әбетайдың қасында көмекші бола жүріп, көп нәрсе үйренеді.
Ұлының осы қасиетін ұнатқан Жеңісхан кейін келе жоғарыда айтқанымыздай, оны өз орнына ұсынады. Әлен билік басына отырған кез Алтай тарихының алмағайып кезеңі еді. 1912 жылы Моңғолия Жыпсын Данба Ман-Цин империясынан қол үзіп, тәуелсіздік жариялаған соң, 1913 жылы біраз әскерімен Алтайға басып кіреді. Бірақ Іле генерал-губернаторы 10 батальон әскер шығарып, олардың бетін қайтарады. Кейін Пекин үкіметі Алтай аймағын Цин империясы тұсындағы мәртебесін қайтарып Шыңжаң өлкесінің құрамына біріктірді. Арада көп өтпей, 1921 жылдың көктемінде Алтайды Ресейден келген генерал-лейтенант А.С.Бакич бастаған ақтар қолы басып алды.
Алтай аймағының Үрімжіден тағайындалған өкілі Чжоу Усуэ өз-өзін мерт етеді. Осындай қысылтаяң уақытта Әлен мен Қанапия секілді ел ағалары А.С.Бакичпен бетпе-бет отырып сөйлесіп, олар талап еткен ат-көлік, азық-түлікті мүмкіндігінше тауып беріп, тезірек кетіп қалуға көндіреді. Әлен мен Қанапияның ақыл, парасаты Бакичтің асу бекімей тұрып Алтай тауынан асып Моңғолияға өтуіне жол ашады. Осыдан соң Шыңжаң өлкесінің басшысы Ян Цзэнсин Әлен мен Қанапияны шақырып, шекаралы аймақты қорғаудағы ерлігі үшін мәртебесі биік атақ беріп, айлық жалақысын жоғары дәрежелілер қатарына жеткізеді. Сондай-ақ Әленге Тарбағатай аймағының Мұзтаудан Алтай жайлауындағы Ақтауға дейінгі аралықтағы Кеңес Одағымен шектесетін желісін күзетуді міндеттейді. Ол үшін 300 әскердің қару-жарағы мен ат-азығын берді. Әлен Жеңісханұлы Алтайға қайтып келген соң, Назарбек Дәмежанұлын командирлікке ұсынып, бекіттіріп алады.
1933 жылы Ма деген дүнген қосындары Цинхай, Гансу және Шыңжаңды біріктіріп, Қытайда мұсылман мемлекетін құрамыз деген желеумен Алтай аймағын басып алды. Осы кезде Әлен інісі Шәріпхан Көгедаевпен бірігіп, дүнген қолына батыл қарсы тұрып, оларды сол жылдың күзінде Алтайдан қуып шығады. Сөйтіп, елін де, жерін де қорғап қалады. 1933 жылы Шыңжаңдағы билік басына келген Шэн Шицай Әленнің інісі Шәріпханды Алтай аймағының басшысы әрі шекара гарнизонының қолбасшысы етіп белгіледі. Шәріпхан билік басына шығысымен, Кеңес Одағындағы қуғын-сүргіннен бой тасалап барған Әбдікерім Ережепұлы секілді алашшыл азаматтардың көмегімен Алтайдың оқу-ағарту және мәдени істерін дамытуға бел шеше кіріседі. Жаңаша мектептер ашып, Кеңес Одағынан баспа машинасын кіргізіп, қазақ тілінде газет-журнал шығарады. Жаңа үкімет жағдайында Әлен інісі Шәріпханның қызметін батыл қолдап, өз қаражатына Жеменей ауданының Тосты деген жерінде алты бөлмелі мектеп салдырып, қазақ балаларының жаңаша білім алуына жағдай жасайды. Осы тұста Алаштың оқыған азаматтарының Қытай қазақтарының арасына барып паналауы Шэн Шицай мен Кеңес Одағының ондағы қазақтарға деген күдігін күшейтеді.
Тұтас ұлт өкілдерін «Жапон империализміне берілген», ал Шәріпханды «Алтай аймағын Шыңжаңнан бөліп әкетпекші» деп кінәлайды. Қазақтар арасында жаппай қару жинау науқанын бастады. Осы кезде Әлен де сенімсіздер қатарына ілініп, 1939 жылы қыркүйек айында Үрімжіде өткен «үш ұлт құрылтайына» өкіл ретінде шақырылып, бірден түрмеге тоғытылады. Содан 1944 жылы Шэн Шицай ішкеріге кетіп, Шыңжаңда Гоминьдан билігі орнағаннан кейін түрмеден босап шығады. Бұл кезде оның отбасы да Үрімжі түрмесінде қамауда болатын. Ал інісі Шәріпхан 1940 жылы Шэн Шицай жендеттері тарапынан азаптап өлтірілген еді.
Гоминьданшылдар 1945 жылы наурыз айында Әленді Алтайдың орынбасар басшылығына және Оспан батыр бастаған көтерілісшілерге үгіт-насихат айтушылар қатарында Сарсүмбеге жіберді. Бұл кезде жағдай шынымен қиын еді. Құлжада Шығыс Түркістан үкіметі құрылып, Гоминьданға қарсы 30 мың ұлттық әскер жасақталып қойған болатын. Оның үстіне Оспан батыр, Дәлелхан Сүгірбаев бастаған қарулы күштер Алтайдың Көктоғай, Шіңгіл аудандарын басып алып, енді аймақ орталығы Сарсүмбені алуға дайындалып жатқан Әлен Алтайға орынбасар басшы болып келгенімен, мандытып еш қызмет істей алмады. Өйткені, Гоминьданшылдар аудан орталықтарында ғана қалып, тұрғылықты қазақтар тұтастай көтерісшілер жағына өтіп кеткен еді. Құлжадан келе жатқан ұлттық әскер бөлімдері мен Өр Алтайдағы Оспан қолы Сарсүмбеге жақындап қалған кезде Гоминьдан үкіметі Әлен мен орынбасар басшының бірі Жанымханды ұшақпен Үрімжіге қайтарып алып, Әленді өлкелік құрылыс департаменті бастығының орынбасары етіп тағайындайды. Бірақ Әлен денсаулық жағдайын сылтауратып бұл қызметтен бас тартады. Бұдан кейін Әленнің саяси қызметін оның әйелі Қадиша ханым жалғастырады. Кеңес Одағының көмегімен Қытай әскері Шыңжаңға кірер қарсаңында, Әлен Гоминьданшылдардың Бұрхан Шаһиди бастаған бейбіт берілушілер тобында Үрімжіде қалып қояды. Коммунистік Қытай үкіметі орнағаннан кейін, Әлен Шыңжаң-ұйғыр автономиялы өлкелік саяси мәслихат кеңесінің тұрақты мүшесі, халық үкіметінің кеңесшісі деген лауазым беріліп, аймақ басшысы дәрежесінде мәміле жасалды. Ай сайын 280 юань еңбекақы беріліп тұрды. Бұл оған көрсетілген үлкен құрмет еді.
1961 жылы Әлен өмірден озған соң, оның еңбекақысы тоқтатылмай, әйелі Қадиша ханымға беріліп отырды. Әдетте Әлен туралы сөз болғанда, оның құдай қосқан қосағы Қадиша Мамырбекқызы туралы айтпай кету мүмкін емес. Әлен екеуі 1910 жылы некеге тұрған. Алда айтқанымыздай, Гоминьдан үкіметі Әленді Алтайға орынбасар басшы етіп жібергенде Қадишаны да Үрімжі аймағына қарасты қазақтарға үгіт-насихат айтуға аттандырады. Сол сапарында ол азып-тозған қазақтарға пана болып, талай адамға қолдан келген көмегін жасайды. Қытай ұлықтары мен байлары түрлі жолдармен, ішкі есебімен жиып-теріп келген қазақ балаларын ақыл, айласын тең ұстап отбасына қайтарып отырады.
1945 жылы Гоминьдан «Вэйсин» ас өнімдер компаниясын қайта құрғанда, Қадиша ханым директорлар кеңесінің мүшелігіне белгіленіп, артынан директорлар кеңесінің орынбасары, бас алқалығына тағайындалады. 1946 жылы Гоминьданның Шыңжаң өлкелік партия комитетінің бюро мүшелігіне сайланады. 1946 жылы 8 маусымда Гоминьдан үкіметі Үрімжі аймағының басшысы, қосымша бас штабқа қолбасшы болып тағайындалады. 1946 жылы шілдеде Шыңжаң өлкелік коалициялық үкімет құрылғаннан кейін, қараша айында Нанкинде өткен Гоминьдан үкіметінің ұлы құрылтайына шақырту алып, Шыңжаң өкілі ретінде елдің жаңа конституциясын талқылауға қатысады. Бас-аяғы 40 күнге созылған құрылтайда ел президенті Чан Кайши мен әйелі Сун Мэйлин қазақ қызы Қадишаны (Қадуанды) екі рет қабылдайды. Сонымен қатар, Қадиша Сун Мэйлин басқаратын әйелдер мәселесі жөніндегі конференцияда Шыңжаң әйелдері атынан баяндама жасайды. 1947 жылы ақпанда Шығыс Түркістан үкіметін қолдаушылар Үрімжіде мәжіліс ашып, Қадишаны басшылықтан алып тастауды талап етеді.
Бірақ 1948 жылы Үрімжіде өткен халықтық сайлауда Қадиша аймақ басшысы және генерал-майор шенімен аймақты қорғау гарнизонының бас қолбасшысы болып тағайындалады. Ол жаңа үкімет құрылғаннан кейін де, 1951 жылдың соңына дейін Үрімжі аймағының басшысы қызметін жалғастырады. Бірақ бір кездері Қытайда орын алған маоистік асыра сілтеушілік кезінде Гоминьданға қызмет еткені оған үлкен айып болып тағылады. Саяси қуғын-сүргінге және елдегі бассыздыққа шыдамаған Қадиша 1963 жылы жүрек талмасынан қайтыс болады. Олардың кіндігінен Дәлелхан, Закихан, Меллатхан және Батухан деген ұлдары өсіп, өнді. Қорытып айтқанда, Әлен Цинхай төңкерісінен кейін қытай қазақтары арасында аса үлкен қайраткер деп танылып, халқына адал қызмет етсе, әйелі Қадиша Гоминьдан үкіметінің жаңа конституциясын жасауға қазақ халқы атынан қатысқан жалғыз бір өкіл және қазақ әйелдерінен шыққан бірінші басшы, бірінші генерал-майор ретінде тарихта қалды. Екеуі де бастарына қандай күн туса да, қиын-қыстау кездерде де қазағына қолдан келген қайырын аямады. Бүгінгі ұрпақ еске алуға татитын шетелдегі қазақ диаспорасынан шыққан бірегей тұлғалар еді деуге әбден болады.
Тұрсынхан ЗӘКЕНҰЛЫ
тарих ғылымдарының докторы, профессор.