Жаңалықтар

Өскеменде көшпенділер дәуірі мәдениетінің бірегей жәдігерлерінің көрмесі өтеді

Тамыз айының 22-24 жұлдызында «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты ІІ халықаралық этнографиялық форумы аясында бірінші рет ұйымдастырылатын мұражай-көрмеде көшпенділер дәуірі мәдениетінің бірегей жәдігерлері көпшілік назарына ұсынылмақ, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

Облыстық мәдениет басқармасының мәліметі бойынша, Өскемен қаласындағы С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың бесінші корпусында қатарынан үш көрме ұйымдастыру көзделіп отырған көрінеді. Солардың бірін осы оқу орнының тарихи-өлкетану мұражайының қызметкерлері әзірлеуде. Көрмеге қойылатын жәдігерлер арасында Шілікті, Берел қорғандарындағы қазба жұмыстары кезінде табылған алтын бұйымдар, қола мен сүйектен жасалған атәбзелдері және тағы басқа бағалы бұйымдар бар. Сонымен қатар, халықаралық форумға қатысушылардың назарына қазақтың дәстүрлі музыкалық аспаптарының толық коллекциясы ұсынылмақ. Асатаяқ, даңғыра, нарқобыз, қоңырау сынды жәдігерлер де көрмеге келушілердің көзайымына айналмақ.

Ә.Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап кітапханасы мен Абай атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасы қызметкерлерінің күшімен әзірленген сирек кітаптар көрмесін тамашалағандар қасиетті Алтай өңірін мекендеген халықтардың өмірі мен кәсібі туралы қызықты деректерге тап болары сөзсіз.

Осындай ауқымды шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, ең қызығы «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты ІІ форумының ашылу салтанаты көрінеді. Алыс-жақыннан жиналған қонақтар үлкен тосынсыйға тап болатын секілді. Қасиетті шығыс топырағына табаны тиген меймандарды Алтын адамның өзі қарсы алады екен.

Сондай-ақ, халықаралық форумға қатысуға он бес елдің танымал түркітанушы-ғалымдары ниет білдіріп отыр. Этнографиялық мереке Катонқарағай ауданында жалғасады.

 

Мәлімет көзі: Altaynews.kz

 

 


Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*