Жаңалықтар

Мерейі үстем Мерейтой

Маусымның 21-22-сі күндеріне жоспарланған Ер Жәнібектің 300 жылдық мерейтойының алғашқы күні бүгін көпшілік қауымның таңғы сағат 08.00-де Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданы Қалбатау кентіндегі «Ер Жәнібек мемориалды кесенесіне»жиналып, батыр рухына арнап оқылған құран хатымнан бастау алды. Одан кейін 100-ден аса тігілген киіз үйлерге республиканың әр бұрышынан келген қадірменді қонақтарды орналастырып, ас-су беру шаралары атқарылды. Түске таман республикалық деңгейдегі көкпар ұлттық ойыны басталып, бірнеше облыстық командалар бап пен бақтарын сынауға кірісіп кетті. Көкпар қызығы келесі күні де жалғасын таппақ.

20140621_173742 20140621_173449 20140621_173438

Сондай-ақ, Шығыс Қазақстан облысының Жармау ауданында өтіп жатқан Ер Жәнібектің 300 жылдық мерейтойы Қалбатау кентінде «Ел қорғаны Ер Жәнібек» атты ғылыми-тәжірибелік конференциямен жалғасты. Жиын шымылдығы «Ер Жәнібек» атты деректі фильмнің көрсетілуімен ашылды.  Сөз тізгінін ұстаушы Семей қаласының әкімі Айбек Кәрімов конференцияға келген барша қонақтар мен тарихшы, жазушы-ғалымдарға алғыс айта келе баяндама кезегін Жарма ауданының әкімі Әнуарбек Мұхтарханұлына берді. Өз кезегінде Әнуарбек Мұхтарханұлы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың құттықтауын жеткізе отырып: «Ер Жәнібектің 300 жылдық мерейтойы барша қазаққа ортақ қуаныш. Өйткені, батырдың өзі алты алашқа ортақ тұлға екені даусыз», – деген зиялы пікір білдірсе, академик Тұрсынбек Кәкішұлы: «Мұндай көлемді жиын бұрын-соңды қазақ даласында өте қойған жоқ шығар. Батыр рухын асқақтатуға сіңірген еңбегі үшін облыс әкімінен бастап барлық азаматтарға айтар алғысым шексіз. Тарыдай шашылған қазақты көк тудың астына біріктіру үшін мұндай шараның маңызы ерекше. Жәнібектің мерейтойы барша қазақ халқын елдікке бастасын», – деп, ақ тілеулі лебізін білдірді.

20140621_173428 20140621_173001

Конференция барысында Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов, ҚР мемлекеттік сыйлығының иегері, ақын Несіпбек Айтұлы, белгілі алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай, ҚХР еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Шәміс Құмарұлы, әдебиеттанушы ғалым, пофессор Серікқазы Қорабай, жазушы-ғалым Нұрдәулет Ақыш, тарихшы Жанымхан Ошанұлы сынды тұлғалар баяндама жасап, Ер Жәнібектің ерлік істері мен саяси-қоғамдық еңбектеріне жете мән берді. Конференция соңы Жарма ауданының «Кәусар» ұлт-аспаптар оркестрінің концертімен аяқталды. Ал, мерейтойдың екінші бөлімі 22 маусым күні аламан бәйге, қазақ күресі, әйелдер күресі, қыз қуу, теңге алу сынды т.б. ұлттық ойындармен жалғаспақ.

20140621_104723 20140620_101114 10440790_685191368194637_6848977421059221774_n

Теги: , ,

1 пікір

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*