Қазақ халқының ұлт-азаттығы жолында бар өмірін сарп еткен, Абылай ханның бас батырларының бірі болып, оның оң тізесінен орын иеленген Ер-Жәнібек батырдың туғанына биыл 300 жыл толып отыр. Бұл мерейтойды атажұрттағы барша қазақпен бірге шетелдерде өмір сүріп жатқан қазақ ағайындар аса қуанышпен еске алып, батыр бабаларының ерлігін елмен бірге тойлап, ұлықтауда.
Ер-Жәнібек батыр жасынан қолына қару алып, Қазақ жеріне көз алартқан қаптаған қалың жоңғарға қарсы елі үшін, жері үшін қол бастап қан майданда нағыз батырларша соғысқан. Жоңғардың шапқыншылығына ұшыраған, торғайдай тозған елін қорғауды өзінің басты парызымын деп түсінді. 1726 жылы 18 жасында алғаш ұрысқа кірген Ер Жәнібек ежелгі қазақ жерін Жоңғар басқыншыларынан толықтай азат еткенше аттан түспегені белгілі. Ол әсіресе 1726 – 1757 жылдар аралығында жоңғарлармен болған шайқастардың барлығына қатысып, ерен ерлігімен ел есінде қалған батыр. Оның батырлығы жыр-дастандар арқылы елден-елге тарады. Әсіресе Шұбар теңіз жағасындағы, Бұланты өзенінің бойындағы, Балқаш, Шаған өңіріндегі шайқастарда теңдесі жоқ ерлігімен танылады. Тек батырлығымен ғана емес, ел бастаған көсемдігімен, дана шешендігімен танылған ол 1760 жылдан Абақ Керейлерді бастап Қалба, Сауыр өңіріне, Ертіс өзені бойына, Алтай тауларындағы байырғы қоныстарына көшіп барып елін орнықтырады. Ер-Жәнібек батырдың бұдан кейінгі өмірі елінің тыныштығы үшін жаулардан қорғау, елдікті бекемдеу ісіне арналады.
Оның ерлігі, шешендігі жайында тек атажұрт- Қазақ елінде ғана емес сондай-ақ Моңғолияда, Қытайда, Түркияда және Еуропа елдерінде өмір сүріп жатқан қазақтар арасында кеңінен айтылып, ұрпақтан-ұрпаққа дәріптеліп келді. Тіптен бірнеше роман кітаптар, өлең-жырлар жазылып, баспадан шықты. Мұнда Моңғолия жазушысы Сұлтан Тәукейұлының 2000 жылы Ұланбатырда жарық көрген «Ақыр Жәнібек» роман-шежіресін, Қытайдың Шыңжаң өлкесінде тұратын жазушы Шәміс Құмарұлының «Ер-Жәнібек» кітабын айтуға болады. Сондай-ақ батыр бабаға арналған көптеген жыр-дастан жинақтар жарық көрді. Абақ керейден шыққан белгілі ғұлама, кемеңгер ақын Ақыт қажы Үлімжіұлы «Ер-Жәнібек» дастанында батыр тұлғасын былайша суреттейді:
Жәнекең он алтыға келген жасы,
Бұлшық етті, бура сан, зор тұлғасы.
Жауырынды, иықты, қас-қабақты.
Ер жүрек батырдың бар нышанасы.
Денелі, еңгезердей, сұңғақ бойлы,
Кеуделі, кеңнен толғар, терең ойлы.
Кішіпейіл, кең мінезді, кешірімді,
Ел тарықса табады ол тура жолды.
Тілеген еліне ерек берекені,
Түсінген жаудан келер әрекені.
Желбуаз жесір сөзге жан семіртпес,
Танылған жасынан-ақ ер екені.
С.Тәукейұлы «Ақыр Жәнібек» романында: Ер-Жәнібек 12 рудан тұратын Керейдің Абақ тайпасының ел ағалары мен атқамінер ақылгөйлері бас қосқан жиында, «Ел іргесін орыстан аулақтап, ежелгі мекен, ата-жұрт – Алтайға ат басын бұрсақ қалай көресіңдер» деп сұрап олардың келісімін алған соң Абылай ханның келісімін алуға оның алдына екі мәрте барады. Алғашқысында «Ағайыннан алшақтап кетесің!» – деп хан рұқсат бермейді. 1771 жылдың күзінде Жәнібек би Көкшедегі Абылай ханның ордасына екінші рет барады. Сонда Абылай қалың ойға шомыла отырып: «Иә, аңсарың ауған Алтайға да жетерсің, арада бір ғасыр өткен соң жат болып та кетерсің. Артыңнан ерген ел айдаһардың аузына түссе, алпауыт батыр болсаң да нетерсің? – деген көрінеді.
Алтайға көшіп барған Абай Керейлердің ондағы жағдайы да бірден оңалып, оңай бола қоймады. Бір жағынан Абылай хан бастаған қазақ сарбаздарынан екінші жағынан Қытай әскерилерінен оңбай жеңіліп тоз-тозы шыққан жоңғардың тайпалары мен қазақтар арасы жақсы болмағандықтан ол жақта да соғысуға тура келген. Бұл жайтты Абақ керейден шыққан ғұлама, кемеңгер ақын Ақыт Үлімжіұлы «Абақ Керей» шежіресі-кітабында былай деп суреттеген:
Алтайға келген елдің Керей алды,
Жәнібек елге тірек бола қалды .
Керейді қалмақ шауып қырыпты, деп
Жәнібек Қабанбайға кісі салды.
Қабанбай хабарды естіп келген екен,
Керейдің аққан қанын көрген екен.
Бірігіп екі батыр тізе қосып
Сазайын қалмақтардың берген екен.
Маңғолмен екі батыр соғыс салған,
Түтігіп қара тамақ найзаны алған.
Бере алмай бұған төтеп қалмақ жауы
Қобдаға қаша көшіп кетіп қалған…
Қазақ-Жоңғар соғысы кезінде Қабанбай батыр, Бөгенбай батырдан кейін түмен (он мың қол) басқарған үш қолбасшысының бірі- Ер Жәнібектің есімі неге шетелде тұратын қазақтар арасында көп айтылып, Қазақ елінде онша айтылмай келді деген сауалға жауап іздеп көрейік. Тіптен оның істеген батырлығы, ерлігі, шешендігі Шақшақ Жәнібек батырға шатастырылып айтылып келгені тағы бар. Бұған себеп біріншіден елін, жерін қорғап жауға қарсы шыққан қазақ батырларының бірқатары Жәнібек есімді (Мысалы, Әз-Жәнібек, Шақшақ Жәнібек, Божбан Жәнібек) болғаны әсер етсе, екіншіден Кеңес өкіметі кезінде батыр бабаларымыздың аттарын атауға тыйым салып, олардың ерлігін, есімін айтқызбай, ұмыттыру саясатын әдейі жүргізгенінен болған деуге болады. Үшіншіден, Жоңғарды жеңгеннен кейін иесіз бос қалған байырғы жеріне өз жұртын бастап Ер-Жәнібек батырдың көшіп кеткені, кейін орыс пен қытай шекара сызығын түсіріп, олардың жат елде қалып қойғандары себеп болса керек.
Бүгінгі күні Ер-Жәнібек батыр бастап көшкен Абақ Керейлердің негізі Моңғол жерінде (150 мың), Қытай жерінде (850 мың), Түркияда (20 мың) және Франция (2 мың) , Германия (1500), Швеция (500), Австрия (200), Ұлыбритания (600), Голландия (250) секілді Еуропа елдерінде тіршілік құрайды. Моңғолияны мекен еткен Керейлердің осы өлкеге келіп қоныстанғанына 150 жылдай уақыт болғаны туралы тарихшылар, зерттеуші-ғалымдар тарихи деректерге негізделген өз еңбектерінде жазады. Яғни, алғаш Абақ керей руының қазақтары қазіргі Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өлкесіндегі байырғы жерлерінен Моңғолияның батысына 1860 жылдардан бастап қоныстана бастағаны туралы Батыс Моңғолияны аралап зерттеген орыс ғалымдары Г.Е.Грумм-Гржимайло, Г.Н.Потанин, А.М.Позднеев және Моңғолия қазақтары арасынан шыққан Ә.Мініс, А.Сарай, Қ.Ислам, Қ.Зардыхан секілді тарихшы-ғалымдар ғылыми еңбектерінде келтіреді. Аталған ғалымдар 19-ғасырдың екінші жартысында қазіргі Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өлкесін мекендеген Керейлердің бір бөлігінің Алтайдың Қобда бетіне ауа көшуінің басты себептерін Шыңжаң өлкесінде орын алған саяси-әлеуметтік оқиғалар салдарымен және малға жайылым жердің жетіспеушілігімен байланыстырады.
Атап айқанда, 1864 жылғы Ресей мен Қытай үкіметтері арасындағы «Жунго-Ресей батыс солтүстік шекарасын тексеріп отыру шарты» аталатын келісімге сәйкес, Керейлер мекен етіп отырған жер екі мемлекет билігіне, екі тарапқа бөлінген соң, ру-тайпалар арасында іштей жылжу басталады. Керейдің кейбір рулары Тәңір тауының (Тянь-Шань) шығыс бөктері, Еренқабырға, Бурылтоғай, Көктоғай, Баркөл, Шіңгілге дейін қанат жайды. 19- ғасырдың екінші жартысында Абақ керейдің мал-жаны өсіп, бақ-дәулеті таси түсті. Деректерге қарағанда, бұл тұста Абақ керейдің түтін саны 50 мыңға, егер бір отбасында төрт-бестен жан бар деп көрсек, адам саны 200-225 мыңға жеткен. Алайда 1850-1864 жылдары Қытайда етек алған шаруалар көтерілісі және Батыс Қытай өлкесін қамтыған дүнгендер көтерілісі салдарынан көптеген қазақ ауылдары шабуылдарға ұшырап, ер азаматтарынан, жайылым жерлерінен айырылуға душар болды. Сол кездегі Шыңжаң өлкесін билеуші Манж-Чин үкіметінің алым-салығына қоса жергілікті би, төрелердің қосалқы алым-салықтары жергілікті қазақтарға ауыр соқты. Осындай қыспақтардан, қиыншылықтардан қашқақтаудың бір жолы Алтайдың теріскей бетіне асып, Моңғолияның батысы – Қобда бетін паналау болды. Алтайдың Қобда бетіне асқан қазақ көшін қашан, кімдер бастады дегенге келер болсақ, бұл мәселеде Г.Н.Потанин, А.Позднеев, Г.Е.Грумм-Гржимайло секілді орыстың тарихшы, саяхатшыларының жазып қалдырған жазба деректері және көшті бастарынан кешірген қариялардың айтқандары құнды материал болмақ.
Алтайдың Қобда бетіне алғаш көш бастаған: Шеруші үкірдайы Жылқышы Ақтайұлы, Базарқұл руының үкірдайы Көбеш Айтбайұлы, Ботағара руының үкірдайы Барлам Сабылдықұлы, Шұбарайғыр руының үкірдайы Жуанған, елі үшін басын берген Асылбек Көбешұлы және Қобда бетіндегі қазақтар арасында елеулі рөл атқарған: шеруші хошунын басқарған Сүкірбай Жылқышұлы, Моңғолияда Боғдыхан билігін алғаш мойындаған қазақ Қылаң Зайсан, Жантекей руының белгілі азаматы Арсалаң Майынтыұлы, Шерушінің әйгілі биі Жылқышының немерелері: Дөрбетхан Сүкірбайұлы, Шығыс Түркістан уақытша үкіметін басқарған, генерал Дәлелхан Сүкірбайұлы, мемлекеттік алғашқы ұлы құрылтай мүшесі Дәуітбай Тауданбекұлы қатарлы азаматтар Моңғолия қазақтары тарихында елеулі рөл атқарды. Алтайдың арғы беті Көктоғай ауданында туып өссе де, саналы өмірін, жігіттік шағын Қобда бетінде өткізген Алтай, Қобда қазақтарының азаттық жолындағы күрес басшыларының бірі болған, кемеңгер ақын Ақыт Үлімжіұлы (1867-1938) сол бір кезді былай деп жырға қосқан еді:
Алтай тау, Қобда, Сауыр, Бәйтік Боғда,
Ерентау, Сантай, Бөкен – тұрмыз сонда.
Алшаңдап азғантай жыл кеңдік көрген,
Байытқан берекелі қайран Қобда.
Ал Абақ Керейдің бір бөлігі Түркияға қалай барып жүр дегенге келсек, бұл туралы да тарихшы, зерттеуші ғалымдардың жазғандары жетерлік. 19-ғасырдың екінші жартысында, 1864 жылғы Шәуешек хаттамасы бойынша Қытай мен Ресей арасында шекара сызығы келісіліп, Абақ Керейлер мекен еткен Шығыс Түркістан яғни Шыңжаң өлкесі тұтастай Қытайға қарағаннан бастап елде саяси шиеленісті жағдайлар мен оқиғалар орын ала бастайды. Қытайлардың зорлық-зомбылығына шыдай алмаған қазақтар елін, жерін тастап кетуге мәжбүр жағдайға барады. 1938 жылы Гоминдаң үкіметінің губернаторы Шың-Ши-Сайдың зомбылықтарына шыдай алмаған Елісхан Тәйжі мен Зайып Тәйжі бастаған қазақтар гоминдаң әскерлерімен шайқаса отырып, Тибетке жетіп, Гималай тауын асып 1941 жылы Үндістанға барған. Бұдан кейінгі көш билік басынан гоминдаңдар кетіп, орнына қызыл коммунистер келгеннен соң басталған. Бұл көшке Сұлтан Шәріп, Қалибек хакім, Құсайын Тәйжі секілді адамдар басшылық еткен. Бұлар 1951 жылы Үндістанның Кәшмир аймағына орналасады. Арасына 10 жыл салып көшкен осы екі көште жолға шыққан қазақтардың ұзын саны 18 мың адамнан шекара асып Үндістанға жеткені 1800 дей ғана адам болған. Көбі жолда қытай әскерлерімен болған шайқастан және Гималайдың оттегісі сирек биік таулы климатына үйрене алмай «ыс» тиіп қаза болады. Үндістан, Пәкістанда уақытша тұрып жатқан осы қазақтарды 1952 жылы Түркия үкіметі көшіріп алады. Түркия мемлекеті оларға жағдай жасап, жер беріп қоныстандырады. Жаңа қоныстарын туған жерлерінің атымен Алтай деп қояды. Түркиядағы қазақтар мекен етіп отырған Алтайкөй қаласының негізі осылай қаланады.
2012 жылы Түркиядағы қазақтар алғаш Түркия топырағына келгендеріне 60 жыл толғанын атап өтті. Түркиядағы бауырларымыз өсіп, өнді, елмен бірдей күнін көрді. Бүгінгі күні саны 20 мыңға жетті. Көбі Ыстамбұл қаласының Зейтінбұрын, Қазақкент аудандарында және Измир, Анкара, Кония қалаларында өмір сүреді.
Еуропада тұратын қазақтар алғаш 1960 жылдың бас кезінде Түркиядан еңбек шартымен Германияға жұмыс істеуге барғандар. Соғыста экономикасы қираған және жұмыс күшіне өте мұқтаж Германия шетелдерден жұмыс күшін алуға мәжбүр жағдайға барады. Яғни Түркияда өсіп өнген Абақ Керейдің жастары Түркия мен Германия арасындағы еңбек миграциясы келісім-шарты негізінде жұмыс істеуге барып сонда қалып қойған қазақтар және олардың ұрпақтары. 2012 жылы Еуропа Қазақтары қауымдастығының федерациясы (FEKA) Түркия қазақтарының Германияға келуінің 50 жылдығын атап өтті. Олар негізінен 1962 жылдан бастап Германиядағы түрлі зауыт,өндіріс орындарына жұмыс істеуге келе бастаған. Түркиядан қазақтар тек Германияға ғана емес, Батыс Еуропаның өзге де елдеріне, атап айтқанда Швеция, Норвегия, Франция, Швейцария, Англия, Голландия, Австрияға да қоныс аударған. Қазір осы елдерде сол қазақтардың екінші ұрпағы өсіп келеді.
Ер-Жәнібек бабамыздың өзі көш басқарып қоныстандырған Абақ Керейдің байырғы мекенінен бүкіл әлемге қазақтардың осылай таралуының өзі талай кітапқа, жыр дастанға арқау болды. Тек 1991 жылы Қазақ елі әлемге өзінің тәуелсіз мемлекет болғанын паш еткен сол күннен бастап шетте жүрген Ер-Жәнібек батырдың ұрпақтары алдымен Қазақ еліне қарай көш тізгінін қолға алды. Оған себеп Қазақ елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шеттегі ағайынға арнап «елге оралыңдар» деген тарихи сәлемі және сағынышы еді. Содан бері 20 жылдан астам уақыт ішінде 1 миллиондай қазақ атажұртына көшіп келді. Егерде Ер-Жәнібек батыр 1771 жылы Абақ Керейдің руларын бастап Алтайға көшкен болса, содан 220 жыл өткен соң яғни 1991 жылы сол Алтайдан Моңғолия қазақтары әлем қазақтары арасында Қазақ еліне қарай алғашқы көшті бастады. Бұл мақтанышпен айтуға тұрарлық ерлік оқиға. Ұрпағының қамын ойлаған Ер-Жәнібек бабамыздың 300 жылдық мерейтойы құтты болсын! Бәріңізді баба рухы жебеп жүрсін!
Досан Баймолда
Философия ғылымының докторы, профессор
Адам Мискиевич Университеті, Познан, Польша