Қазақ елі туралы айтқанда Керейт хандығы туралы үндемей кету тарихымызды жартыкеш баяндауға алып келеді. Батыс Моңғолия аймағында құрылған бұл мемлекетті әлі күнге дейін қазақ тарихына кіргізбей жүрген тарихшылар бар. Әдетте, Керейлер мен Керейттердің қазақ халқын құраған тайпалар екендігін мойындаймыз да, ал олардың байырғы Батыс Моңғолия аймағында өмірге келген алғашқы мемлекетін мойындамаймыз. Нағыз парадокс осы емес пе?Бұл мәселе қытай деректерімен белсенді жұмыс жасаған Нығмет Мыңжанның зерттеулерінде біраз қарастырылған. Ол бойынша Керей мемлекеттігінің бастауын Жоңғария аймағындағы бұрынғы Теле тайпалар одағына жатқан Шеп, Сеп, Байлау, Қойлау тәрізді түркітілдес тайпалар негіздеген. Бұлар негізінен Түргештер (Сарыүйсіндер) ұлысымен бірге Батыс Түрік қағанаты тұсында-ақ Бес Түрік Дулу бірлестігі құрамына кірген, Шу өзенінен шығысқа қарайғы аймақтарды мекендейтін түркілер еді. Сары Керейден тарайтын Абақ Керейдің рулық таңбасының Сарыүйсіндермен (Түргештермен) бірдей болып келетіні осындай туыстыққа байланысты.
Әбілғазыда Қара деген кісінің балаларынан тарағандар ретінде көрсетілетін Керейлердің бабалары кезінде Жетісудағы Он оқ ұлысын билеген Ашына Қара ябғудың қарауындағы Шеп-Шад тайпалық одағынан бастау алған. Бұл тайпалық бірлестік көрші Түргештермен бірге Бес Түрік Дулу одағына мүше еді. Осы Шеп тайпасынан кейінгі Керейлерді билейтін хандар әулеті шықты. Ал Ашына Қара кім еді дегенге тоқталар болсақ, ол Істеми Қағанның жүрежаты еді. Сондықтан да Түрік қаған оны Талас өңіріндегі тайпаларға яғбу етіп тағайындады. Осы тұста оны Шеп-Шад, Шөмекен, Баб, Қарлық, Нүшбе тәрізді арыстар белсенді қолдады. Қытай патшасы Қара басқаратын аймақты ықпалынан шығармау үшін осында 649 жылы бірнеше тұтықтарға бағынатын дуандар құрды. Енді бұрынғы Қара ұлысы Қара дуаны деп аталатын болды. Дегенмен де қытай патшасы Қараға сенімсіздікпен қарап, оның көзін біржолата жоймақ болды. Қытайлықтар мен ұйғырлардың біріккен жорықтарына төтеп бере алмаған Қара қытай патшасына бас иіп, сонда, жат жерде, 659 жылы қайтыс болды да, ол билеген Он оқ елі қожырап кетті.
Дербестікке ұмтылған Керейттер оңтүстіктегі қауіпті көршісі Алтын патшалығымен (Қытаймен) де тату тұра алмады. Рухани тұрғыдан алғанда Марқұз Бұйрықтың Керейттерді христиан дінінің неохристиандық сеніміне кіргізгені белгілі. Деректер мұны былай түсіндіреді: ауыр жорықтардың бірінен қалжырай қайтып келе жатқан Марқұз басқарған Керейттер қолы шөл далада адасып кетеді. Осындайда оның көзіне бір бейне елес беріп, оны дұрыс бағытқа бағдарлап жібереді. Осылайша Керейттер шөл даланың ортасындағы шұрайлы суатқа кез болады. Осыны пайдаланған Мервтегі (кейінгі Түркменстандағы) христиан дінін уағыздаушылар осы әңгімені естіген бетте Марқұзға жаушы аттандырып, шөл далада оның көзіне елестеп, оған дұрыс бағыт сілтеген Сергий әулие екендігін, сондықтан да Марқұздың христиандықты қабылдауы қажеттігін ескертеді. Бұған сенген Марқұз халқын неосториандық сенімге кіргізіп, өзі жаңа Марк есімін қабылдайды. Керейттердің жаңа христиандық діни ұстанымы көршілері татарларға да, қытайлықтарға да ұнамады. 1147 жылы Керейттер Цзинь әулеті басқаратын империямен келісім жасаса да, екі арада тығыз ынтымақтастық орныға қойған жоқ.
Керейттер бұл тұста еңсе көтеріп, іргелі елге айнала алған жоқ. Құржақұр қайтыс болған соң артында қалған бес ұл Керейт ұлысын бөлісе алмай, өзара араздасты. Билік үшін жанжал үлкен ұл Тұғырыл мен екінші ұл Еркеқараның арасында өрбіді. Соғыста алғашқысы жеңіске жетті. Еркеқара болса көрші Наймандарға қашып кетіп, олардан қолдау тапты. Билікке қол жеткізу арманы көкейін тескен Еркеқара ақыры көрші Наймандардың көмегімен ағасынан тақты тартып алды. Барар жер, басар тауы қалмаған Тұғырыл солтүстіктегі көршісі моңғол Өтеке Құршы Бұйрықты паналады және соның көмегімен Керейттер тағына қайта отырды. Осыдан бастап Керейттер мен Моңғолдар анда (айырылмас достар) болуға серттеседі.
Алайда Керейт хандығының тағына талас тоқтамай қойды. Енді Тұғырылдың әкесінің туған інісі Гұрхан өзіне қашып келген Еркеқараны қолдап, Тұғырылға қарсы өзін жақтайтын рулардан (тегінде, Қидандардан) әскер жинап, Харун Қыпшал деген жерде қанды шайқас болды. Мұнда жеңіліске ұшыраған Тұғырыл тағы да амалсыздан моңғолдарды паналады. Бұл кезде моңғолдарда болашақ Шыңғысханның әкесі Есугей баһадүр аса ықпалды еді. Ол Тұғырылды қолдап, Тула орманында ақсарбас атап, онымен анда (айнымас дос) болды. Оның қолдауымен Тұғырыл тағы да жеңіске жетіп, осы шайқас кезінде Еркеқара өлді. Тұғырыл Керейттерге хан болды. Тұғырыл ханның билігі тұсында Керейттер әскери тәртіпке негізделген хандық құрылыстың алғашқы сатысына аяқ басып, тәуелсіз ел болуға талпыныстар жасады. Қытайды билеген Цзинь әулетімен бейбіт қатынасты орнықтырып, алым-салықты оларға уақтылы төлеп тұрғандықтан Тұғырылға олар «Ван хан» («Ұлыс ханы») лауазымын да берген еді.
Тұғырылды Есугей баһадүрдың баласы Темучин де қолдап, оны өзінің әкесіндей құрметтеді. Мұның өзі Тұғырылдың беделін асқақтата түсті. Алайда манчжурлық Цзинь патшасы билеген қытайлықтарды Керейттердің Моңғолдармен жақындасулары қанағаттандыра қойған жоқ. Олар осы аймақта мекендейтін көшпелілерді өзара қағыстыру саясатын жүргізді. Осындай текетірестерде көшпелілер арасында Темучин үстем түсті. Әртүрлі себептермен онымен қарым-қатынастарын шиленістіріп алған Ван-хан Наймандар еліне қашып, сонда өлтірілді. Ал оның елінің бір бөлігі 1203 жылы Темучин талқандаған соң, моңғолдардан батысқа қашқан Меркіттерге ілесіп, Ертіс арқылы Қыпшақ даласына кетті. Олар Керейт атауын бірнеше ғасырлар бойы сақтап, ақыры Кіші жүздің Жетіруы құрамына кірген кейінгі Керейт тайпасының негізін қалады. Ал моңғолдарға бас иген Керейттер болса Шыңғысхан атанған Темучиннің батысты жаулау жорықтарына белсенді қатысып, аман қалғандары кейіннен қайта топтасып, моңғолдар таңған байырғы «Керейт» атауынан арылып, «Керей» деген жаңа этнониммен қазақтың Орта жүзіне енген арыстар қатарынан орын алды.
Айта кетер бір нәрсе, моңғолдарға бағыныштылыққа түсу Керейлердің тайпалық құрылымына адам танымастай өзгерістер алып келді. Кейінгі қазақ Керейлері мен Керейттері сондықтан да жаңа рулық құрылымдар негізінде Алаш қауымдастығы аясында қалыптаса бастады.
Талас Омарбеков,
тарих ғылымдарының докторы,
профессор