Кітапхана

«АЛАШ» АТАУЫ ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

SV2O7v2a7x0I2gaXjP09tctdqISboN-300x255

Қазақ қазақ болғалы талай тарих беттері жатыр ашылмай…Алаш hәм Алашорда туралы бірер сөз

Алаш туралы сөз қозғалғанда, тарихшылар, жазушылар, журналистер, қоғам қайраткерлері Алаш қозғалысы, «Алаш» партиясы, Алашорда үкіметі және Алаш автономиясы сияқты үлкен ұғымдарды орынсыз, ретті-ретсіз қолданады. Тіпті, ғылым докторлары мен мүйізі қарағайдай жазушылардың өзі осы ұғымдардың мән-мағынасын айырмайтындығы еңбектерінен көрініп тұрады. Бұл – Қазақстан Республикасы, Қазақстан үкіметі, «Нұр-Отан» немесе «Ақ жол» партиясы, «Ұлт тағдыры» яки «Желтоқсан» қозғалысын бірінің орнына бірін атағанмен бірдей ғой.

«Алаш» партиясы 1917 жылдың жазында, тарихи деректерге қарағанда, І жалпықазақ съезінен бастап құрыла бастады. Өйткені, Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына қазақ мүддесін қорғауға жеке партия қажет еді. Бірақ, Уақытша үкімет Құрылтайды бірнеше рет сырғытып, ақырында Ленин оны тарқатып жіберуге нұсқау берген соң, «Алаш» партиясының жұмысын жалғастыруға дәл сол мезеттерде аса қажеттілік болмай қалды. Ал, біздің жазарман қауым «Алаш» партиясын 1937 жылға шейін бір-ақ әкеледі.

Алашорда үкіметі Алаш автономиясының ісін жүргізетін бірден-бір саяси құрылым болды. Рас, 12 (25) желтоқсанда Алаш автономиясы де-юре жария етілген жоқ. Оны жариялау мәселесі кейінге қалдырылды. Бірақ, 1918 жылғы жаздағы Ә.Бөкейхан қол қойған жарлықтар автономияның нақтылы іске кіріскенін көрсетеді. Әсіресе, «Алашорда үкіметі Алаш автономиясы территориясындағы билікті өз қолына алады» деген мазмұндағы құжаттар автономияның де-факто құрыла бастағанын білдіреді. Осы құжаттармен бірге Алаш әскері, сот, білім-ғылым, Совет өкіметіне көзқарас туралы бірнеше жарлық шыққан болатын. Біздің тарихшылардың осындай маңызды тарихи деректерге аса зер салмай отырғандығы бізді әлі де таңдандырады.

Енді Алашқа жаңа көзқарас қажеттігі туралы пікір білдіре кетсек. 1988-89 жылдардан бүгінге дейінгі жиырма жыл аралығында Алашқа деген саяси, ғылыми, қоғамдық баға «1937 жылы Алаш қайраткерлері атылмағанда…» деген әуен басталады. Біздіңше, бұл нағыз конъюнктуралық, ғылымнан гөрі саясиландырылған баға. Неге? Жауабы – айқын: Алаш – тәуелсіздік мұратына жете алмады, біз – жеттік!

Бұл мәселеде Алашты 1905 жылғы Қарқаралы петициясынан бастап, 1937 жылдар аралығындағы локальды, бөлек құбылыс ретінде қарастыратын тарихшылардың да ұстанымы айрықша рөл атқарып тұр. 37 жылы аяқталған тарихи құбылысты «тікелей» Желтоқсан-86-мен немесе Тәуелсіздік-91-мен байланыстырып, Алашқа «құрмет» көрсететін тарихшыларға да жол болсын дейміз!

Біздіңше, Алаш тарихы 37-мен аяқталған емес, 37-ден соң да жалғасқан тарих. Біздіңше, Алаш – жеңілген емес, жеңген ұрпақ, белгілі дәрежеде өз мақсат-мұраттарына жеткен ұрпақ. «1937 жылы Алаш қайраткерлері атылмағанда…» деген көзқарас – Алаштың шекара мәселесіндегі жеңістерімен, ғылым-білім, өнеркәсіп, театр мен тарихты зерделеу, баспасөздегі қыруар-қыруар жеңістерімен,  Кенесары мен Кеңес одағының арасындағы тарихи ролімен ауыстырылуы керек сияқты.  Әйтпесе, Алаш туралы сөз басталғанда  олар ештеңе жасай алмай  кеткендей, үлгере алмай кеткендей әсерде қаламыз.

 

«Алаш» этнонимі біздің халқымыздың ежелгі этникалық тарихымен тығыз байланысты атау екендігін қолда бар деректер дәлелдеп отыр. Сондықтан да этникалық тарихты жазғанда бұл мәселені айналып өте алмаймыз. Тарихымызда тіптен белгілі бір кезеңдерде «алаш» атауының кейінгі «қазақ» атауы қолданылатын мағына арнасында әрекет жасағанын байқауға болады. «Қазақстан ұлттық энциклопедиясында» «алаш» ұғымына мынадай түсініктемелер берілген: «Алаш (ежелгі түрік сөзі – бауырластар, қандастар, туыстар) – көне заманда, түркі халықтары бөліне қоймаған қауым кезінде дүниеге келген ұғым. Орта ғасырлық және одан ерте кезеңдегі деректерде қазақтың өз алдына ел болып хандық құрғанға дейінгі ежелгі тайпаларының ортақ атауы. Алаш аты тарихта кездесетін ең көне атаулардың қатарына жатады. Монғол-татар – қазақ шежірелерінде Алаш (Алашы) хан туралы айтылады. Бұл айтылғандар тым жалпылама және «Алаш» этнонимінің мән-мағынасын нақты ашып бере алмайды. Мұнда «Алаш» деген не сөз?” деген басты сауалға нақты жауап жоқ. «Алаш» атауы көбіне «Алты Алаш» ұғымымен қатар қолданылады. Осы ұғымдардың тарихи тамырларын ежелгі түркі дәуірінен іздестіріп жүрген зерттеушілеріміз де баршылық. Мәселенің мән-мағынасын ежелгі Орхон жазуындағы Білге қағанның кешеніндегі «Алты тақ иегерлері» деген сөздің мағынасынан іздестірген белгілі түркітанушылар М.Жолдасбеков пен Қ.Сартқожаұлы кезінде Алты ұлыстық бірлестіктер: қыпшақты, тоғыз-оғызды, басмылды, қарлұқты, түргешті, отыз-оғызды атап көрсете келе, былай деп жазған еді: «Түріктер қағанат орталығын орда деп атаса, хандықтардың орталығын «алачу» (алаш) деп атаған. Олай болса байырғы түріктердің осы алты тайпасы кейін «Алты алаш» атанып, күні бүгінге дейін халық жадында сақталып қалған. Бұл атау еуразия құрлығындағы ұлы дала көшпелілерінің ұранына айналған, бүтін оғыз, қыпшақ, қарлұқ, басмыл, он-оқ түргештерінің кейінгі ұрпағы – қазақ халқының ұранына айналған. «Алты Алачу» көк түріктердің ұраны болуы да мүмкін. Ол заманда «Алты Алачу» деп ұран салып, ту көтергенде, бүкіл түрік бір тудың астына жиналған да болар. Олай болса алты есірдің (тақ) Алты Алашы көк Түріктің аналогы болмақ. Біздің бұл ойымыз әлі де тереңірек зерттей түсуді, зерделей түсуді қажет етеді».

Түрік қағанаттары тұсында «Алты Алаш» атауының жазба деректерде кездесе қоймайтыны белгілі. «Алты есір (тақ)» деген ұғымның Білге қаған мәтінінде бар екені рас. Бірақ бұл, «Алты Алаш» дегенді аңғарта қоймайды деп ойлаймыз. «Алаш» атауының Орхон жазуларында кездеспеуіне қарағанда бұл ұғым VIII ғасырға дейін әлі де қолданысқа кеңінен ене қоймаған. Тіптен М.Қашғари өмір сүрген кезеңнің (ХІ ғ.) өзінде де «Алаш» әлі хандық немесе «есір (тақ иегері)» деген саяси мағынаға ие бола қоймаған.

«Алаш» алғаш рет Түргеш ұлысының жанама атауы ретінде белгілі болды. Мұның себебі іргелі Батыс түрік қағанатының ішінен құрылған Түргеш шынында да шағын ұлыс еді. Ол Бес түріктің бірі болатын.

Қытай деректерінде Кертау тұтықтығына Түргеш Алаш ұлысының құрылғандығы айтылады. Сонымен бірге бұл атау кейде Түргеш-Алаш ұлысы деп те беріледі. Бұл мәліметтерден аңғаратынымыз, біріншіден, Түргеш ұлысы (қағанаты емес) кезінде Алаш ұлысы деп те аталған. Және бұл атауды қытай да мойындап отыр.

Дегенмен де «Алаш» этнонимінің қолданылуының кейінгі тарихы да бұл этнонимнің әрі жеке тарихи тұлғаның, әрі ұлыс атауының мән-мағынасын беретіндігін дәлелдей түсті. Бұл жерде әңгіме кейініректе көптеген ғасырлар өткен соң қазақ атанған халықтың арғы бабалары туралы болып отырғаны түсінікті.

Тағы бір басын ашып алуды қажет ететін мәселе – «Алаш» атауының қазаққа жауынгерлік ұран болуы туралы. Этнограф В.В. Радлов (Ф.В.) (1837-1918) «Алаш» ұғымына бірнеше түсінік бере келе, оны «бүкіл қырғыз (қазақ) халқының жауынгерлік ұраны» деп атап көрсеткен еді. Бұл рас. Тарихи деректерге сүйенсек, аты «Алаш» ұранына айналуы мүмкін бірнеше Алаш немесе Алаша деген тарихи тұлғаларға кездесеміз.

Қазақ зиялыларының «Алаш» ұғымы төңірегіндегі көзқарастарына біздің нақты баға беруімізді қиындата түсетін тағы бір мәселе – осы ұғымдар айналасында бүгінгі қазақ тарихшылары пікірлерінің де әртүрлілігі дер едік.

Ал қазаққа ұран болған Алаш бұлардың қайсысы деген сауалға жауап іздегенде XIV ғасырдың екінші жартысында және XV ғасыр басында өмір сүрген Алаш баһадүрге ерекше назар аударамыз. Ол туралы энциклопедиялық басылымда мынадай мәлімет бар: «Алаш баһадүр (14 ғасырдың 2-жартысы – 15 ғасырдың 1-жартысы)  – Дешті Қыпшақтың атақты батырларының бірі, аймақ билеуші.

XVI ғасырдың соңына дейін бүкіл Қазақстанды мекендеген тайпалар алаш аталынып кетеді. Алаш – Қазақ этнонимдері бір этносты білдіретін синонимге айналады. Бірақ та алаш этнонимін тек қана Дешті Қыпшақ адамдары қолданса, қазақ этнонимін көршілер қол-данады. Халық санасында алаш сөзі жердің, елдің, халықтың, мемлекеттің тұтастығының символы ретінде сақталып қалды.

Қазақта сақталған «Алаш – алаш болғанда, Ала тай ат болғанда, Таңбасыз тай, енсіз қой болғанда» деген мақал осы тұста шықса керек. Әбілқайырмен тату қатынаста болған Алаша баһадүр көп жылдар бойы халықтың дәулетті өмірін, қауіпсіздігін, тыныштығын қамтамасыз ете алса керек.

Кейбір шежірелік деректер Алты Алаштың қатарына түркі халықтарын – өзбек, түрікпен, қарақалпақ, қырғыз, қазақ, ноғайды жатқызады. Алайда бұл халықтардың ортағасырлардағы тарихын зерттеген тарихшылары «Алаш» этнониміне назар аудара қоймай-тынын байқаймыз.

Оның себебі «Алаш» атауы ең алдымен ежелгі қазақ тарихына қатысты. Оны кейбір зерттеушілеріміздің басқа түркі халықтарымен байланыстырмақ болған әрекеттері сондықтан да онша сәтті бола қойған жоқ. Бүгінгі күнгі өзбек, түрікмен, қарақалпақ, қырғыз, татар, башқұрт және тағы басқа туысқан халықтар тарихшылары «Алаш» этнонимінің мән-мағынасына терең бойлап, «бастарын ауыртпайды». Өйткені, бұл шын мәнінде қазақтың ғана халық болып қалыптасуымен тікелей байланысты түсінік.

Қамбар батыр жырындағы «Тамашаға жиылсын, Алты алаштың баласы» деген жолдар Бұқар жыраудың Абылай ханға айтқанындағы «Он сан Алаш баласын, жұмсап бір тұрсың қолыңмен» немесе Махамбеттің «алты сан Алаш ат бөліп, тізгінін берсе қолыма», сондай-ақ «Атамыз – Алаш, керегеміз – ағаш» деген сөз оралымдары «Алаш» атауының қазаққа тән екендігін тағы да айқындай түседі. Оның тарихи тамырларын басқа түркі халықтарынан іздестірудің қажеті жоқ.

Кезінде Н.Мыңжан: «Алаш» аты ертеде жалпы қазақ қауымының ұраны болған; қазақтың байырғы шежірелерінде «Алаш» сөзі «Қазақ» атауының синонимі ретінде қолданылған», – дегенді айтқан еді. Мұның өзі «Алаштың» қазақтың қалыптасу тарихына қатысты этноним екендігін аңғартады. Қытайдағы ортағасырлар тарихын зерттеп жүрген бауырымыз Ж.Мырзахан өзінің зерттеуінде «Алты сан Алаш» атауының қолданылуын ХІІІ-ХV ғасырлар аралығына, қазақ халқының қалыптаса бастаған кезеңіне апарады. Нақтырақ айтар болсақ, ол былай деп жазады: қазақты құраған көшпелі тайпалар «…Шыңғысхан тұсында «Алты сан Алаш» (қыпшақ, найман, жалайыр, қоңырат, алшын, қаракесек) аталып, Жошы ұлысына берілгеннен кейін Ақ Орда хандығы құрылғанда ұйытқы болады да, оның қарулы күші екі қанатқа бөлінгенде Алаш мыңы деп аталады». Мұндағы «Алты сан Алаш» атауы Шыңғысхан тұсында шыққан дегенге келісу қиын. Өйткені аталып отырған қазақты құраған тайпалардың өзі бұл тұста моңғолдар жорығына байланысты ыдырап, қайта құрылу қарсаңында тұр еді. Бұл жаңа қазақ шежіресі басталар қарсаңындағы ғасырлар. Сондықтан да қазақты құраған ірі тайпалар жаңа руларды қалыптастырып, ес жиып, XIV ғасыр соңынан бастап қана «Алаш» атана бастады. Ал олардың «Алты сан Алаш» аталатыны біздің ойымызша, XV ғасырдың алғашқы жартысы. Бұл кезде Жалайыр, Қоңырат, Алшын, Арғын, Найман, Қыпшақ, тайпалары әбден күшейіп, қазақ тәрізді халыққа этникалық негіз болуға толық дайын болды.

Сонымен осылардың бәрін қорыта келгенде мынаған тоқталамыз. «Алаш» этнонимі ежелгі түрік сөзі, кейінірек жеке тарихи тұлғаның атына айналып, ұлыс аты да осыдан шыққан. Қазақты құраған ірі алты түркі ұлыстарының атауы да осыдан бастау алады. Олар: жалайыр, қоңырат, алшын, арғын, найман, қыпшақ. Бұлардың ішіндегі «үлкені» Қ.Жалайыри бабамыз айтқандай – жалайыр. Тағы бір ескеретін нәрсе, бұларды VI-VIII ғғ. қыпшақ, тоғыз-оғыз, басмыл, қарлұқ, түргеш, отыз-оғыз тайпалық бірлестіктерімен шатастырмағанымыз жөн. Осы түркі ұлыстары арасында тек Түргеш ұлысының ғана Алаш атауына ие болғанын ұмытуға болмас. Ал «Алты сан Алаш» атауы XV ғасырға дейін тарих сахнасына шыға қойған жоқ еді.

Материалдарды жинақтаған

А.ШӘКЕНҰЛЫ.


Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*