Бейсенбі Дөненбайұлы 1802 жылы туып, 1872 жылы қайтыс болған. Алтай өңірі күйшілік мектебінің негізін салушылардың бірі.
Әр өңірдің күйлері бір-бірімен байланысты, сабақтасып жатады. Қазақ күйлерін жеке-жеке бір-біріне қатысы жоқ дара құбылыс ретінде қарау қиын. Күй тамыры терең бәйтерек сияқты. Кез-келген күйшінің басқа өңірдің күйшілерімен ешқандай тікелей байланысы болмағанымен, оның күйлері жалпы ұлттық сарыннан көктейді. Сондықтан, қазақ күйлеріне тән ортақ мотивтен алыс кетпейді. Солай бола тұрса да, қазақ күйлері қалыптасқан «аймақтық ұяларына» қарай дара-дара болып келетін өзіндік ерекшеліктерге де ие. Әр өңірдің, әр күйшінің күйлерінің болмыс-бітімі, философиясы, бейнелеу тәсілі, тартылу ерекшелігі бір-біріне ұқсай бермейді. Бірақ, бұл – салыстырмалы айырмашылық. Қазақ күйлерінің сарыны, тақырыбы, мән-мағынасы, тарихи тамыры, психологиясы бір желіден көктеген. Кейде тарту тәсілінде де тектестік, ұқсастық анық аңғарылып отырады. Бұл тұрғыдан қарағанда, әр өңірдің күйлері сөзі басқа, ойы ортақ шығарма тәрізді.
«Күйлер өзінің дәстүрлі орындаушылық ерекшелігіне байланысты, орындау мәнеріне, құрылымына, қағыс түріне, саз әуені мен екпін ырғағына қарай, екі үлкен мектепке жатады… Шертпе күйлер ежелден Қазақстанның Шығысы: Алтай, Тарбағатай, Жетісу, Қаратау және Сыр бойына дейін ел арасына кеңінен тараған, ел арасында шертпе күй деп те, нақысты күй деп те айтылған.» [1,144]
Қалыптасқан дағдыға сай, Бейсенбі күйлері шертпе күйлерге жатады. «Бейсенбі күйлері музыкалық формасына, шерту тәсіліне қарағанда шертпе күйлерге жатады. Төкпе күйлер де жоқ емес» [2,9 ] деген пікірдің дұрыстығы да, жаңсақ тұстары бар.
Бежең жасаған өңір – Алтай тауының күнгейі. Сондықтан оның күйлерін Арқа және Шығыс Қазақстан күйшілік ұясынан шыққан күйлерге жатқызуға болады. Бұл ұяның күйлері шертпе күйлер екені жұртқа мәлім. Жеке адамның күйшілік өнері көрген, игерген дәстүрінен тамыр тартады. Ешбір күйші өзі көрген дәстүрден алшақ кете алмайды. Егер ол дәстүрден қол үзіп, мүлде бөлек, сол өңірдің елі естімеген әуен, сарынға бой ұрса, оның сарыны қабылданбайды. Тіпті ол басқа бір елдің сарынында күй шығарса да, оған өзі жасаған ортаның дәстүрлі ерекшеліктерін, дыбыстық бояуларын қосуы керек. Сонда ғана оның күйлері тыңдаушыға жетеді. Ал дәстүрден көктеген жаңашылдық сол өлкенің дәстүрлі музыкасынан алынады да, оған жаңаша бояу, реңк беріледі. Алтай-Тарбағатай күйлері де арқа күйлерімен жақын, сарындас келеді. Айырмашылық олардың дыбыс бояуында, тартылу ерекшелігінде. Бұл айырмашылықтар аса күрделі емес. Бежең күйлерінің Арқа күйлерімен ортақтық ерекшеліктері көзге ұрып көрініп тұрады.
Мысалы Бежең күйлерінің көбінде бірнеше такт кіріспе болады. Ол көбінде бос қағыспен тартылады. Бұл кіріспе күйдің негізгі сарынына жақын еліктірме дыбыстардан тұрады. Мұндай тәсіл Арқа күйшілерінің көбіне ортақ. Сондықтан мұны Бежең күйлерінің бір ерекшелігі дейміз, алайда тек Бежеңе ғана тән ерекшелік дей алмаймыз.
Жоғарыда келтірілген Қабылалды Абдоллаұлының «Төкпе күйлер де жоқ емес» деген пікірін біз жаңсақ ұғымнан туған пікір деп ойлаймыз.
Бейсенбі жасаған дәуірде күйшілер бір ғана дәстүрді ұстанатын болғаны айдан анық. Ол күйшінің әлсіздігі, талантының кемшілдігі емес. Бұл арада бізге белгілісі бар, белгісізі бар, көптеген себептер болуы мүмкін. Сол себептерге логикалық тұрғыдан талдау жасасақ, мынадай жорамал айтуға болады. Күйші ең алдымен тыңдаушымен есептесуге тура келеді. Ата-бабасынан шертпе күй тыңдап, салмақты тартылатын «бойлауық» әуендерден лаззәт алып, соған әбден бейімделген өңірде төкпе күйдің тыңдаушысы көп болып еді деп айта алмаймыз. Ал, тыңдаушысы аз күйді тартуға Бежең де құлықты бола қоймасы түсінікті. Бұл бір. Екінші, күйшілердің мұндай дара дәстүр ұстануы күйшілікке деген жауапкершіліктің күштілігінен деп мөлшерлеуге де болады. Күйші қанша талантты болса да, естімеген бөгде сарындарды тартуға, өзі көрмеген әдіс тәсілдерді қолдануға қарағанда жастайынан бойына сіңірген, естіп өскен әуен-сарындарды тартуға, өзіне таныс әдіс-тәсілдерді қолдануға шебер келеді. Ал, қандай күйші болса да халыққа өзінің ең шебер тартатын күйлерін, ең жетік әдістерін көрсетері анық. Өйткені, күйші жұртқа өзінің ең кемел өнерін ғана ұсынады. Жалпақ жұртқа жағатын сарындарды көп тартады.
Үшінші, ол тұста Қазақ жерінің әр түкпіріндегі күйшілер дәл бүгінгідей жиі аралас-құраласта болмағаны тағы аян. Сондықтан Бежең екі дәстүрді бірдей ұстанды деу ақылға қонбайды. Бұған дәлел іздеудің де қажеті шамалы. Тәттімбеттің төкпелетіп күй тартуға шамасы келмеді деп ешкімде айта алмас еді. Құрманғазының шертпе күй тарта алмауы тіпті де мүмкін бе еді? Бірақ, олар өздері өте жетік меңгерген әуендерді тартты, өздері шебер меңгерген әдістерді қолданды. Әр шөптің басын шалатын даңғойлық ұлы күйшілерге тән қасиет болмаса керек. Олай болса Бежеңде төкпе күй жоқ. Онда «Бежеңде төкпе күй де жоқ емес» деген пікір қайдан туды? Қабылалды Абдоллаұлының төкпе күй деп отырғаны «Жеке батыр», «Кербез сылқым» сияқты леткіп, желдірте тартатын күйлер болса керек. Біріншіден, бұл күйлердің қазіргі тартылысы ежелгі қалыбынан өзгерген болуы да ықтимал.
Екінші, төкпелетіп шапшаң шертілген шертпе күйді төкпе күй қатарына жатқызуға болмайды. Егер күйдің шертпе немесе төкпе екені оның темпіне байланысты болса, Тәттімбетің «Азамат қожасын», «Боз айғырын», «Былқылдағын», Бәйжігіттің «Көкбалағын», Сүгірдің «Ыңғайтөгін», Төлегеннің «Анамасын», т.б. күйлерді түгел төкпеге жатқызу болар еді. Бұл арада назардан тыс қалдырмайтын нәрсе шертпе күйдің де, төкпе күйдің де басты ерекшелігі темпінде емес, тартылу әдісінде екендігі.
Алтай күйшілерінде төкпе дәстүр бертінгі кезде қалыптасқан. Тайыр Белгібайұлының заманында біршама күш алып орнықты деуге болады.
Өйткені, ол кісі оқыған, қазақ жерінің әр түкпіріндегі шертпе, төкпе күйлерді түгел естіген, шамасынша меңгерген күйші. Оның үстіне Тайыр жасаған дәуір Төкпе күйдің мерейі үстем болған кез. Белгілі мөлшерде оның да ықпалы болған шығар.
Төкпе күйдің Қытай қазақтарына кең таралған кезі мөлшермен ХХ ғасырдың 40 жылдарынан кейін екен. ХХ ғасырдың 70-80 жылдарында шертпе күй күйдің жетілмеген түрі ретінде қаралып, таланттың өлшемі төкпе күй болып, оның өзінде де шапшаң шерту шеберлік, мәртебе саналған кез болды. Бұл арада төкпе күй мен шертпе күйді салыстырғалы отырғамыз жоқ. Екеуі де қазақтың атадан балаға жалғасып келе жатқан аталы өнері, өз мұрасы. Артығы да, кемі де жоқ. Алайда бірінің орнын бірі баса алмайтыны тағы анық. Осындайдан барып Бежеңде төкпе күй бар деген жаңсақ ұғым қалыптасқан. Бұл логикаға симайды. Осындай жаңсақ ұғымдардың салдарынан Бежең күйлерін төкпелетіп лекітіп тартатын әдіс пайда болғанға ұқсайды. Болса несі бар, жаңаша тартылса күйдің несі кетеді дейтін ағайын да табылар. Оған талас жоқ. Бірақ тартыс күй табиғатына жарасуы керек. Күйші күй табиғатын аша алмаса ол күй халықтың жүрегіне жетпейді. Бежең күйлерін төкпелей жылдам тарту ол күйлердің табиғатына келмейді. Ең бастысы күй тарылғанда тыңдаушы одан ләззат алуы шарт. Бұл күйшінің жетуге тиісті ең басты мақсаты, биік мұраты. Мен Шинжаңда шыққан бір күй таспасынан Бейсенбінің «Жеке батыр» атты күйін тыңдадым. Күйдің темпінің тездігі сонша, күй не бары 30 секундта аяқтайды. Ол тартыстан бірдеме ұғу, немесе ләззат алу былай тұрсын тыңдап та үлгіре алмайсың. Бұлай жылдам тарту «Жеке батыр» ғана емес, жалпы Бежең күйлерінің характерін ашпайды.
Бежең алып тұлғалы салмақты, кең мінезді адам болған деген сөз бар. Мұндай алып адамға шапшаңдықтан гөрі салмақтылық жараспай ма!? Онан қалса, Бежең ел ұстаған би. Қазақ билерінің ең ұлы қасиеттерінің бірі сабырлы, салмақтылығы деп ойлаймын. Күй деген адамның көңіл күйі десек, сабырлы адамның көңіл күйі де тез өзгермейтін салмақты келері анық. Кеңес күйлеріне шапшаң тарту тіпті жараспайды. Кеңесті ой қорыту үшін, әлдекімге бір нәрсені ұқтыру үшін тартатынын күй аңыздарынан білеміз. Демек асығудың еш бір реті де, себебі де жоқ. Қысқасы, Бежең күйді асығыс-үсігіс шығармаған, шапшаң тартпаған. Бұл, әрине, менің ғана болжамым. Бежең күйлерінің дыбыстық ерекщелігі де ол күйлердің сабырмен баяу тартуға арналғанын көрсетеді. Әр дыбысты асықпай, ішектің тербелісін аяқтатып тартқанда, шанақтың жаңғырысы дыбысқа бір түрлі тәттілік беріп отырады. Сонда ғана күй нашына келіп, әуені ашыла түседі. Ал, шапшаң тартсаң дыбыстары тұйықталып, құлаққа түрпідей тиетін жағымсыз әуен пайда болады.
«Бейсенбі күйлері әсем сазды, жеңіл ырғақты, майда лепті болып келеді де, Абай айтқандай «құлақтан кіріп бойды алар», 62 тамырды иітетін қоңыр әуенді кеңес күйлері тыңдаушыны бірден үйіріп, кімнің болса да, көкірегіне ұялай кететін қасиетке ие. Сондықтан да, Бежеңнің күйлері жоғалып кетпей, сыны бұзылмай, біздің заманымызға жетіп отыр» [3,88]. Бежең дәстүрін ұстанған күйшінің сөзі. Қапысыз таныған, қалтқысыз бағалаған. Алайда бұл арадағы «жеңіл» деген сөзді тура мағынасында түсінбеген абзал. Күйдің мазмұны жеңіл, айтайын деген ойы таяз деп отырған жоқ, құлаққа жағымды, тыңдауға жеңіл деген мағынада айтылған. Әйтпесе Бежеңнің «Жеке батыр», «Ажар», «Екеуім», «Кеңес басы» т.б күйлері мазмұны терең, әуені күрделі, «табыттан ауыр, көбіктен жеңіл» күйлер.
Бежең күйлерінің бір ерекшелігі – құрылымы қарапайым болып келеді. Соған қарап оңай күйлер екен деп ойлауға болмайды. Сол қарапайым күйлердің сарыны тым тереңде. Осы арада Алтай-Тарбағатай күйлерінің, әсіресе, Бейсенбі мен Қайрақбай күйлерінің өзіне тән бір ерекшелігін атай кетуге тура келеді. Бұл күйлердің басынан аяғына дейін сыбызғы сарыны есіп отырады.
Қаратау күйлерінде қобыз сарыны сақталғаны туралы күй зерттеушілері көптен айтып келеді. Оны есті тыңдаушы өзі де тани алады. Әсіресе, Сүгір күйлерінің даралығы осында деседі. Қобыз сарынын домбыраға түсіру Сүгірдің маңдайына жазылған бақыт. Оған себеп болған қобызшы Ықыластың қоңыр сазы. Сүгір күйлері арқылы домбыраға көшіп, тұтас Қаратау өңіріне кең таралып, Қаратау күйлерінің өзіндік қасиеті болып қалыптасқаны анық.
Бежеңнің «Қарақұлақ аттың жүрісі», «Қымыз күйі», «Ажар» т.б күйлері сыбызғыда тартылады екен. Онан да маңыздысы, бұл күйлердің дыбыстық ерекшелігі сыбызғыда тартуға өте бейім, соған қарағанда Бежең күйлерін домбырамен де, сыбызғымен де шығарды ма екен деген ой келеді. Бұл жорамал ғана. Алайда, Бежең күйлерінде сыбызығы сарының сақталуының себебі мұнан ауқымды.
Бежең күйлеріндегі, тіпті, тұтас Алтай-Тарбағатай күйлеріндегі сыбызғы сарынының тамыры тым терең. Бұл сарын арғы Түркі-Моңғол дәуірінен қалса керек. Сыбызғы қазірге дейінгі музыка аспаптарының ішіндегі ең егдесі болса керек. Өйткені адам қолымен өңдеуді қажет етпейтін бұл аспаптың жасалуы тым қарапайым. Адамзат музыканың не екенін табиғаттан үйренгені анық, әсіресе, табиғи дыбыс шығаратын заттар адамзаттың алғашқы музыкалық ұстазы болған сияқты. Олай болса, желмен ызыңдаған қуыс қурайдың үнін алғаш естіген ата-бабаларымыз оған еліктеп өздері аузымен үрлеп әуен шығаратын сыбызығыны басқа аспаптардан бұрын жасағаны түснікті. Ал, сыбызғы жасалатын қара қурай («қара шоңай» деп аталады екен) «жер шарында Алтай тауларында ғана кездесетінін» Жағда Бабалық жазған. Бұл арада этнограф ғалым асыра айтып отыр деп ойлаймын. Қара қурай Алтай тауларында көп өседі десек шындыққа жақын келер еді. Әкем Ереймен тауларынан қарақурайды (шоңайды) тауып әкелген. Бұлақ бойларында көктейді екен. Десе де, сыбызғының ежелгі отаны Алтай таулары, сыбызғыны алғаш пайдаланғандар алтайдан тараған түркі нәсіліне жататын ұлыстар болғаны анық. Қурай көп өсетін Алтай өңірінде сыбызғы тарту ғасырлар бойы үзілмеген дәстүрлі өнер. Бежең заманынында сыбызғышылар тіпті де көп болған болар. Алтай елінде Бежеңмен замандас Балжан деген сыбызғышы болыпты. Ол кісі сыбызғы тартқанда өрістегі жылқы жиылып сыбызғы тыңдайтын болған дейді. Бейсенбі Дөненбайұлының өзі де сыбызғышы болғаны туралы аңыз-әңгімелер бар көрінеді.
Алтай күйлеріндегі сыбызғы сарынының өзі екі түрлі болып келеді. Мысалы, Бежең, Қайрақбай сияқты таяу заман күйшілерінің күйлерінен сыбызғының ашық та, қоңыр үні естілсе, теріс бұрауда тартылатын ескі күйлерден қурайдың ащы үні мен бұрлығыңқы көмекей әуені қатар жарысып отырады. Бұл Алтай күйлеріне тән басты ерекшелік деуге болады. Кейбір теріс бұраудағы ескі күйлерде көмекей әуені күшейіп кететінін байқамыз. Қазақ күйлерінің ішінде теріс бұраудағы күйлердің көбін тарихы ұзақ ескі күйлер деп мөлшерлеуге болатын сияқты. Алайда, Бейсенбі күйлеріндегі сыбызғы сарыны Сүгір күйлеріндегі қобыз сарынындай күшті емес, анық байқалмай қалатын кездері де болады.
Дегенмен Бейсенбі күйлері мен Сүгір күйлерінің дыбыстық бояуында өте жақын элементтер де бар. Бұл жақындық сыбызғы мен қобыз әуенінің домбыраға көшуінен туған деп ойлаймын.
«Кейбір күйлерінде Дориялық, Эолиялық қалып формалары да өзінің ұнасымдылығын тапқан. Мысалы «Кеңес басы» сияқты күйлері. Бежең күйлерінің өлшем ырғақтары алуан түрлі, көбінде төрттен екі, төрттен үш болып келеді. Сегізден үш, сегізден төрт, сегізден бес, сегізден алты, сегізден жеті, сегізден тоғыз өлшемдері де аз емес. Кейде ауыспалы өлшемдерде кездеседі. Көлемі 60 тактіден 150 тактіге дейін жетеді» [2, 10] Бұл пікірде де шындықтың ізі бар. Алайда, әттеген-ай дегізетін тұстары да жоқ емес.
Жеке күйшінің күйшілік өнеріне сол өңірдің ескі күйшілері мен олардың күйлері әсер етіп отырған. Бежең күйлері туралы да осыны айтуға болады. Бежең күйлері арысы көне түркі-моңғол дәуіріндегі, берісі қазақтың бізге аты жетпеген ескі күйшілерінің әуендерін жаңғыртудан туған тәрізді. Ондағы тыңдаушыға анық естіліп тұратын сыбызғы сарыны сақталуы соны көрсетсе керек.
Бейсенбі күйлерінің ішінде «Кеңес» күйлерінің алатын орны ерекше. « Бежең күйлерінде кеңес күйлері мен атқа арналған күйлердің саны көп»[4,32] екені шындық.
Әрине, кеңес күйлері Бейсенбіде ғана кездесетін құбылыс емес, қазақ күйшілерінің көбінде кеңес күйлері бар. Деседе, басқа күйшілерде бірді-екілі кездесетін «Кеңес» күйлер Бежең күйшілігінің негізгі арнасы. Бұның да өз себебі болса керек. Бежең өз заманында аты шыққан би болған. Ал, кеңесті қашанда би бастайтыны белгілі. Бейсенбі күйлерінде кеңес күйлерінің санының көптігін ғана емес, кеңес күйлерінен басқа күйлерінің де көбі кеңес сарынды, құрылымы да кеңес күйлерінің өлшемінде шыққан, кеңес күйлерінің формасы сақталғанын көреміз. Мысалы, «Кер бұлан», «Кербез, сылқым», «Ажар», т.б.
Халық арасында Бейсенбінің «Қырық кеңес» күйі болған дейді. Бұған қарап Бейсенбінің «Кеңес» күйлерінің саны қырық деп кесіп айтуға болмас, қырық саны қазақта қасиетті, киелі сан. Сондықтан, «40 кеңес» — кеңес күйлерінің көптігі мен қасиетін меңзеп айтқан сөз болуы да мүмкін. Бейсенбі күйлерінің көбінің құрылымы ауыспалы пернемен негізгі тондық құрылымы өзгеріп тұратын күй үлгісінде болып келеді. Бұны жалпы Алтай күйлерінің негізгі ерекшелігі деуге болады. Тіпті оң бұраудағы көне күйлердің бәріне
ортақ ерекшелік болуы да мүмкін. Осыған қарамастан, Бейсенбінің кейбір күйлерінде төменгі сағадан қайыратын қосымша қайырма кездесіп отыратыны бар («Кеңес басы»).
Бізге жеткен «Кеңес» күйлерінің көбі ХІХ ғасырдың күйшілерінен қалған мұралар. Бұл ретте Бейсенбі сол күйшілердің бәрінен жасы үлкен, аға күйші екені тағы рас.
Осы ерекшеліктер Бежеңнің біздің заманға жеткен «Кеңес» күйлерінің негізін қалаушы екенін айқындайды.
Ақжусан Имамғазы,
күйші