Шежіре

Жанымхан Ошанұлы: Нұралы батыр

65-001 

Нұралы батыр

Жанымхан Ошанұлы

Қазақтың ұлы ғалымы Ш.Ш.Уәлиханов Абылайханға арналған өз еңбегінде XVIII ғасырдың қазақ тарихы үшін аса бір ауыр кезең болғандығын ашып айтады. Қазақты қан жылатқан «Ақтабан шұбырынды» жылдардың халық есінен көтеріле қоймағынын да тілге тиек етеді, сөйте отырып жалпы  тарихи дәуір жөнінде «Абылай дәуірі қазақтардың ерлігі мен серілігінің ғасыры болды» деп жазып қалдырған.

Қазақ халқы үшін қатерлі сын-сағатта Абылай сияқты дана қолбасшының билік басына келіп, халықты ұйымдастыра білуінің арқасында, анталаған жауға тойтарыс бере алғаны да тарихтан белгілі. Әрине, қазақ хандығы хан-сұлтандарының жауға төтеп беру жолындағы жанкешті шайқастарды жасай алуы оның қасындағы данагөй билері мен баһадүрлерінің еңбегінен бөле-жара қарауға болмайтын. Бұл жағын сол дәуірден бүгінге жеткен түрлі тарихи құжаттар мен ел арасында кең тараған тарихи жырлар мен аңыздар да дәлелдеп бере алады. Абылайдың бас батырлары болған Қабанбай, Бөгенбай, Олжабай, Баян, Тұрсынбай, Малайсары, Райымбек, Наурызбай, Бармақ, Шақшақ Жәнібек, Керей Ер Жәнібек т.б. батырлар мен Төле би, Қазыбек би сияқты билер туралы туған жырлар мен аңыздардан сол кезеңдегі тарихи жағдайдың жалпы сүрлеуін көз алдымызға елестете аламыз.

«Қазақтардың ерлігі мен серілігінің ғасыры болған» деп сипатталған Абылайхан дәуірінде жасаған батырлардың бірі –  Абақ керейдің жастабан атасынан тарайтын Нұралы Есіркепұлы еді. Батырдың соңғы ұрпақтары мен артында қалған халқы батыр атаның ерлігі мен еңбегін жырға қосқан кезде:

Жорықтар жолын бастаған,

Ер Қосай батыр Нұралы.

Тарихқа ізін тастаған,

Жәнтекейұлы Шақабай.

Шақырған қалың бақадай,

Өзіммен бірге тел өскен.

Бекназар, Қосай атадай,

Мекендеп Сары-Арқаны.

Мерейі үстем артады

Сайрандап өскен Жастабан,

Арғын мен Найман ортаңды.

Қайран Керей ерке елім,

Бұлдыр тұман ертеңің.

Алтайда жаудың бетінде,

Шежіреде сыр шертемін.

Қытайменен алысып,

Моңғолдармен шабысып.

Қалың елім қазағым,

Сағынып келіп табысып.

Жәнібек еді батырым,

Ерлікпен танды атырдың.

Тосқауыл жасап жауыңа,

Тіктірген күміс шатырын.

Жобалай еді жолдасын,

Нұралы еді құрдасың.

Керейде асқан қос батыр,

Тиянақ елге тұлғасың.

Алтай үшін айқасып,

Сауыр үшін шайқасып.

Он қалмақты өлтірген,

Нұралы батыр Қобда асып.

Жәнібек батыр құрдасы,

Жантай  батыр сырласы.

Басын кескен  Тайшының,

Нұралы еді мың басы.

Батыр Тайшың өлді деп,

Қалмақ қашты тырақай.

Нұралы батыр келді деп,

Қанас үшін қандасып.

Қара Ертіс үшін жандасып.

Керей Қалмақ соғысты,

Тұяғынан аттың шаң басып.

Қара Ертістің бойында,

Қыранның құйған ойында.

Ата жаумен алысып,

Қалмақты Керей қиратты.  – деген жыр жолдары Нұралы батырдың кім болғанын баяндап берген.

Кей шежіре бойынша Абақтан Изен, Жусан. Изеннен Мағыналы, Сидалы, Жабайды таратады. Мағаналыдан Қойлау, Байлау делінеді. Қойлаудан-Ителі. (Абақ Керейдің ішінде ителі руы «ноқта аға» аталады). Байлаудан Жәнтекей, Жәдік, Шеруші рулары тарайды. Сидалыдан Жастабан, Шимойын, Көнсадақ рулары тараған. Ал Жастабаннан Сартоқай, Бегімбет, Сарбас деген үш ұл туып олардан тараған ұрпақтары түгелімен «Жастабан» деп аталған. Нұралы батыр осы Жастабанның Бегімбет атасының ұрпағы болып келеді.

Жастабан руының Бегімбетінен тараған бір бөлім елі Қазақ-Жоңғар соғысынан кейінгі тарихи кезеңде Шығыс Қазақстан облысының бұрынғы Шұбартау ауданына қоныстанып (қазіргі кезде Шығыс Қазақстан облысының Аягөз ауданы құрамында) неше ғасыр бойы мекендеп келеді. Олардың бұл өлкені қоныстануы туралы әр түрлі мәліметтер бар. Елдің қонысы, малдың өрісі өлшеуге түсіп қазақ рулары арасында қоныстанудың жаңа кезеңі басталған кезде Нұралы батыр өзінің үзеңгілес батырларымен кеңес құра отырып жаңа қоныста «ағын судың басын алмаса жүлгелі өлке байырқалы қоныс болмас» дейтін қазақтың арыдан келе жатқан дәстүрлі ұғымын берік ұстана отырған. Сонымен олар Шыңғыс таудан аққан үш өзеннің тоғысқан тұсын мекен етуді ұйғарған. Жастабандардың он екі абақ ауылдарынан шеткерілеу жатқан Шұбарту өңіріне көшіп келу тарихын кей дерек бойынша Керей көші Алтайға бет алғанда Қабанбай батыр мен Ақтамберді батыр жыраумен дос-жар Жобалай,  Нұралы, Шақантай батырлар найманнан қоныс алып, мекендеп қалған делінеді. Енді бірде сол кездегі тобықтының биі Ырғызбаймен қатысты айтылып, олардың бұл өлкеге келіп қоныстануына Ырғызбайдың жөн көрсеткені және соңғы кезге дейін тату-тәтті көрші ретінде ел өмірінде болған уақиғаларды кеңесе шешіп отырғаны айтылады.

Осылайша Жастабанның Шұбартау өңіріне келіп қоныстануы Жобалай, Шақантай, Нұралы батырлардың атымен тіке байланысты айтылады. Әдетте бұл көші-қон 1761 жылдары шамасында болғаны баяндалады. Олар Қалбатау маңынан келді ме, болмаса одан да шығыстан Зайсан көлі маңынан келді ма? ол туралы да әр түрлі айтылады. Аталған батырлардың бастауымен болған бұл көш кезінде 300 отбасы осында көшіп келген. Жастабандардың қалған бөлігі Зайсаң маңында қоныстанып қалады. Олардың елеулі бөлігі ХІХ ғасырдың соңғы жылдарына дейін сол мекенде отырған еді. Кейін біртұтас Қазақ жерінің бөліске түсуіне байланысты Қытай бетіне көшіп барып, Бір бөлімі Ертістің жоғары бойына, енді бір бөлігі Сауырдан Барлық пен Майлы-Жәйірге дейін барып қоныстана бастаған, кейін келе олардың алдыңғы толқындары Еренқабырға тауларына барып жетті.

Нұралы Есіркепұлы 1714 жылы дүниге келіп, 1787 жылы дұниеден озған. Мөлшермен жоңғарлармен соғыстың соңғы неше онжылдық кезеңінде атқа қонып жеке басының ерлігімен танылған. Бұл тұстағы Нұралы батырды біз ел мен жерімізді жат жаудан тазарту жолында ерекше ерліктерімен көзге түсіп, аты ел арасына жайылған даңықты батыр болғанын көре аламыз.

Халық арасында аңыз болып жеткен әңгімер бойынша Нұралы Батырдың батырлық белгілері оның бала кезінен әйгілі бола бастағаны айтылады. Сондай мәліметтің бірін  өткен ғасырда жүзге келіп дүниеден өткен Байдомалақ Тиыштықбай деген қарияның аузынан жазып алып хатқа түсірген. Онда баяндалғанындай: Нұралы батыр бала кезінде өзінің бойындағы ерекше өасиеттерімен де ел аузында қалғаны айтылады. Өзен бойында балалармен ойнап отырып, су шайған жұмыр малта тастарды мытып жібергенде малта тастар үгіліп құмға айналып кетеді екен. Батырлық белгілері бала кезден біліне бастаған Нұралыны әкесі, тіл-көзден аман сақтауды ойлап оны  көп көзіне түсірмейтін болған. Халық арасында Нұралы батыр алты жасында атпал азаматпен күресіп жығыпты, атан өгізді көтеріп кетіпті дейтін аңыздар да бар. Мұндай мазмұндағы сюжет жалпы қазақ фолкулорлық әдебиет үлгілерінде дәйім қайталанып отыратындығын ескерте кетуге тура келеді.

Тарихи аңыздар мен жырларда қазақтың басқа батырларындағы сияқты, соның ішінде Қабанбайдың «Қубас аты», Ер Жәнібектің «Көк дөнені» сияқты Нұралы батырдың шайқастарда мінетін түсі «темірдей қаракөк тұлпары» болғаны көп айтылады. Нұралы батырдың осы тұлпары туралы:

Жылқы ішінде тұлпар еді қаракөк,

Жануардың шабысы барады үдеп.

Қырғидай жауға тиген Нұралыға,

Қайран қап, қайратына қарады көп. – деген жыр жолдары кездеседі. Батырдың ұрпақтары арасында күні бүгін сақталып келе жатқан аңыздар мен жырларда батырдың ерліктерін оның тұлпарымен қосып жырлайтын мазмұндардан тыс, басындағы ақ дулығасы, үстіндегі баданакөз сауыты, қолындағы айбалтасы мен ақ найзасының болғаны да жиі сөз болып отырады. Сондай-ақ батырдың қару өнерін шебер меңгергені де айтылады. Шайқастарда жау жүрек батыр еш екіленбестен жауын жайратып кетіп отырған. Кей-кейде тіпті жылыстаған жау шоғырының соңынан жападан жалғыз «Жәнібек!», «Жәнібек!» деп ұрандатып кіріп кетін отыратын әдетінің болғаны баяндалады.

Аңыздарда Нұралы батырдың алғаш рет ерлік көрсетуі мен «Жас жолбарыс» деген атаққа ие болуын қазақтың қарт қолбасшысы Қаракерей Қабанбай батырға қатысты айтылады. «Нұралыны Қабанбайдың сынауы» енді бірде «Нұралының Қабанбайдан бата алуы» деп аталған аңызда баяндалуы бойынша: Бірде Ер Жәнібек көп қолмен Тоқта-Барлықта бекініс жасап жатқан қаракерей Қабанбай батырдың қолына келіп қосылады. Бұлар орманды, шатқалды құлдилап келе жатады. Сол тұста қосынның алды жүрмей тоқтап қалады. Аттар дірілдеп-қалшылдап алға қарай баспайды. Сонда Қабанбай: «Жануарларда тіл жоқ, алдымызда қауіп бар екен. Сол қауіпке қарсы шығатын кім бар дейді». Сонда ортаға жас жігіт шығып Қабанбайдың алдына келіп өзін таныстырып: «Он екі абақ керей Жастабанмын. Атым Нұралы, әкем аты Есіркеп, жасым онсегізде» дейді. Сонда Қабанбай: «Жортқанда жолың болсын, күш-жігерің болса көрсет!» дейді. Содан Нұралы самсап өскен теректің ішіне кіріп, өсіп тұрған аққайыңның бірін жер ошақтай тамырымен жұлып алып, «келден сойыл» әзірлейді. Онан соң аттанып барып Қаратөбенің күнгей бетінде күншуақта жатқан дәу жолбарыс қарсы атылғанда дәл басынан ұрып өлтіреді. Сонда Нұралының ерлігіне разы болған батырлар: «Жас жолбарыс» деп атапты. Содан бастап аты шығып «Жас жолбарыс» Нұралы батыр атала бастаған екен.

Келесі бір шайқаста Нұралы қапияда кездескен қалмақ қосынының бетін қайтарып болғанда, қалың орманның тасасынан шыға келген Жоңғардың тағы бір қосынына тап болып қоршауға түсіп қалады. Батыр қалың қолды қақ жара «әупіріммен» әрең дегенде қоршауды бұзып шыға береді. Енді батыр қаша соғысып ұзай береді. Бірақ күшіне сенген қалмақтың бірнеше батыры соңынан қалмайды. Осы кезде батыр адам баласы жүріп көрмеген иен шатқалдан жол тауып кете барады. Оның қарасын алыстан көріп келе жатқан қалмақтар батырдың алдынан дәу айдаһардың шыға келгенін, артынша қазақ батыры еш ойланбастан жолда жатқан әлгі айдаһардың дәу басын түйреп өлтіріп кете барғанын көреді. Осы көріністі көрген қалмақ батыры Тайшы:

Қазақтың арыстаны екен,

Ақылдың дәнішпаны екен,

Елден асқан ер екен,

Аты-жөні кім екен?

Қалмақты қалың теңселтті,

Кереметін көрсетті.

Жүрегінің түгі бар,

Жолбарыстың жоны бар,

Аюдай әлуетті.

Ай балтасын қару етті.

Қыран екен шабытты,

Батыр екен бақытты.

Оны қуу қалмаққа,

Енді болар қауіпті. – деп қасындағы қалмақ батырларын тоқтатып, Нұралы батырды одан әрі қуа беруден қорқып кері қайтып кеткен көрінеді.

Батырдың жеке өмірі мен оның ұрпақтары туралы аңыздар мен шежірелік деректер бойынша Нұралының он ұлы болған деседі. Осы он ұл да өз дәуірінің батырлары болған екен. Қатысты тарихи жырларда:

Ата жауы алысқан,

Қалмақты керей қиратты.

Қимылды жылдам ширатты,

Жастабан деген ел екен,

Алтай деген жер екен,

Нұралының он ұлының сегізі,

Соғыста өлген ер екен. – деп баяндалады.

Батырға қатысты ел арасында сақталған аңызда батырдың қазасы да қан майданда алған ауыр жарақатының асқынып кетуіне байланысты  қайтыс болғаны баяндалады. Онда айтылуынша қалмақтар соңғы кезге дейін Тарбағатай тау қойнауларын қоныстанған найман, керей руларына жиі соғыс ашып отырған. Осындай соғыстың бірі Тарбағатайдағы Ақшатау маңында болған. Көне көз қариялардың баяндауы негізінде хатқа түскен дерек бойынша Тарбағатай тауларын мекендеген наймандарға қалмақтар шабуыл жасап, шапқыншылыққа тап болған наймандар жағы Шұбартау керейлеріне хабар береді. Бұл соғысқа Жобалай би бармай, қолды Нұралы батыр басқарып өз балалары мен інілерін ертіп барған екен. Бауырлары мен балаларының ерекше ерлік көрсетуінде Жауды Тарбағатай тауынан асыра қуып соғысып жүргенде қапелімде жаудың арасында қалған Нұралы батырдың қарасанынан оқ тиіп, сүйегі зақымдалып ауыр жарақат алады. Кейін келе оқ дарыған аяғы шіріп, үйіне жете алмай батырдың қазіргі кесенесі тұрған жерде қайтыс болып, өсиеті бойынша сонда жерленіпті.

Көп жыл ел басқарған әрі ел арасындағы көне көз қариялардан естіген- білгені көп Шұбартау ауданының тумасы, бүгінде шежірелі қарт Біліс Кәрімбекұлының айтуы бойынша болғанда:

Нұралы батыр 1739, 1740 және 1742 жылдары Жоңғар Қонтайшысы Ғалден-Цереннің шабуылына қарсы Есіл, Ор, Ырғыз, Елек өзендерінің бойында Абылай бастаған қазақ қосынынң сапында Ер Жәнібек бастаған керей қосындарында мың басы болып қатысқан. 1741 жылы Шыңғыстаудағы Шаған шайқасында ерлік көрсеткен. 1751 жылғы 80 күндік Шорға шайқасында Ер Жәнібектің қасында майданда сенімді серігі болған. 1751 жылы Оңтүстік аймақтарды Ташкент, Сауран қалаларын тартып алу жорығына қатысқан. 1752-1754 жылдары Ер Жәнібек бастаған керей сарбаздарының сапында Жетісу, Тарбағатай, Алтай өлкелерін Жоңғар басқыншыларына тазартуға қатысып отырған. 1765-1770 қырғыздармен арадағы соғыстарда, 1771 жылы Еділ қалмақтарының, яғни торғауыттардың шығысқа ауған кездегі орын алған тарихта «шаңды жорық» деген атпен белгілі болған соғыстарға қатысқан.

Батырдың осындай толып жатқан ерліктерінен өзге «батырдың айтқаны екен» деген көптеген жыраулық үлгідегі нақыл сөздері де халық жадында сақталып біздің дәуірімізге келіп жеткен. Соның ішінде аталы сөз ретінде сақталған нақылдар қатарында батырдың мынадай сөздері хатталған:

– Асқар тау төбе болар тас кеткен соң,

Жақсы ауыл жын болады бас кеткен соң.

–       Батыр бір өлмейді, мың өледі. Тағдыры қайратында, қайратсыз болса, бір өлер.

–       Керейге қорлық жақса да, озбырлық жақпайды.

–       Екі қатын алғанның ұрпағының егесі көп.

–       Өзімшіл болма, кісілігің бетегеден аласа болсын, өзің қорлансаң да басқаларды құрметте.

Бұлардан өзге батырға және батырмен бір дәуірде жасаған тарихи тұлғаларға қатысты ескілікті сөздерде:

Жәнібек  – найза,

Шақабай – қылыш!

Жаназар – қалқан,

Байқотан – құрыш!

Шақантай – шоқпар,

Жобалай – ырыс!

Нұралы – намыс,

Томан би – тыныс!

Бегімбет – қоныс,

Өмірзақ – өріс. – деп келетін тіркестер кездеседі.

Нұралы батыр бүкіл саналы ғұмырында туған отанын жат жұрттықтардың шабуылынан қорғау мен қазақтың мемлекеттілігін аман сақтау жолында өзінің  қара терін төкті, қызыл қанын ағызды. Сондықтан бүгінгі буынның тарихта өткен өз ерлерінің батырлығы мен ізгілігін ұлықтауға арналған кез келген қадамы олардың өшпес өнегесін тарих бетіне мәңгілікке қалдыру, сол арқылы өскелең ұрпақты отаншылдыққа баулу жолында жасалған ізгі қадам ретінде бағалануы керек.

 

 

 

Пайдаланған әдебиеттер:

 

Қадыс Жанәбілұлы. Абақ керей. ҚХР. Күйтің қаласы, 1994 жыл.

Бәйтік Дүйсебайұлы. Жастабан шежіресі (Алтай қаласының тарихи материалдары қосымша саны). ҚХР. Алтай қаласы, 1998 жыл.

Айтқали Мағауияұлы Кененбаев. «Шұбартау шұғыласы» газеті, 4 мамыр 1992 жыл, №22. Баспаға берген:.

Самхан Жұмабаев. Бабалар шежіресін білген жөн немесе баламмен сұхбат. «Шұбартау шұғыласы» газеті, 5  шілде, 1991 жыл,

Қайырбек Атығайұлы. Жастабанның жондағы Жобалай жұрты. Алматы, 2009 жыл.

Жортар Биболұлы. «Ертіс өңірі», 2009 жыл 18 ақпан.

 

 

 


Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*