(Хикая)
Төрт төңірек түгел қып-қызыл күрең реңге боялған… Көз алды бұлдыр бұлттай түнеріп, анық ештеңе көрінбейді. Кейде түтін секілді, кейде тұман… Үміт. Жо-жоқ кейде күмән… Қас қарайған алакеуім сәт пе? Қараң-құраң әлем-тапырық елестер… ақыреттің ақ кебіні секілді желмен бірге желбіреп, ақтүйенің шудасындай желкілдеген… Ақ буалдыр аппақ бозамық. Қолы қалтырап атаукересін өз қанынан жұтып жатқандай. Ақтық демі… «Жекпе-жек!», «Жекпе-жек!»-деп әр тұстан айқайлап тұрғандай. Ештеңе естілмейді, естілсе де еміс-еміс қана. Ер Жәнібек тізесінің бүгіліп, қайқы қылышына таянып, төмен қарай сырғи бергенін енді ғана сезді. Қолы қылышының балдағынан тайып барады. Алақаны қылыштың жүзін жалап төмен қарай сырғыған сайын, оттан ыстық қаны саусақтарының арасынан дірдектейді. Қу қалмақтың қағанағы қарқ, сағанағы сарқ боп, қарқ-қарқ күледі. Жоңғар аламандары қылды найзаларын көк аспанға шанышқылап жатқандай, «Хайла!», «Хайла!», «Өлтір қазақты!» десіп жоғары қарай серпіп-серпіп тұрғанын, қан талаған көзінің қиығымен бір шолды. Енді ентелеп артында тұрған талай-талай жорықтарда үзеңгілес серігі болған қарағайдай шайырлы, қара нардай қайырлы қайтпас та қайсар батыр ағаларына қайырылып қарауға, тай-құлындай тебісіп бірге өскен бауырларымен бақұлдасуға дәті бармады, әлі де, дәрмені де жетпеді. Батырым деп алқайтын, есіл Абылай ханын бір көре алмай көз жасы көл. Өкірді-ау кеп. Өкініші мен өксігі талыстай кеудесіне кептелгендей. Жартас шағылдар жаңғырып, күңіреніп тұрғандай.
Әлгі қалмақ семсерін соңғы рет «қақ жүректің тұсы, өлетін жерің осы» дегендей кеңірдектен қадай берді… Ер жастанып жатқан, Жәнібек батыр «Біссімілә, біссімілә»-деп басын жұлып алды.
***
Таң қылаң бере бастады. Бейне бір елі көшіп құлазыған қу меңіреу дала марғау тартып, қыз емшек таулар ұйқысынан енді ғана оянған адамдай қалғып-мүлгіп, анау зеңгір-зеңгір ақ басты көк таулардың шыңдары алыстан көз ұшында мұнартады. Айнала сілтідей тынған, өлі тыныштық. Анда-cанда таңғы шытқыл үп етпе жел ғана сүмеңдеп тыныштықты бұзғандай. Күзгі сүркей. Шамасы боқырауын кез.
Арқадан аттанған ауыр қол кеше ымырт жабыла Алтай тауларының батыс жоталарының біріне бөктерлей кеп қос тіккен еді. Қазір ақ пен қара анық айырылмайтындай бұлыңғыр. Сұп-cұры. Кей шатырлардың түтіндері будақтап, атқосшы, шабармандары қым-қуыт қыбырлай бастады. Бәрінің күйттегені ертеңгі жорықтың қамы…
Қамқа тонын желбегей жамылған, қара ала пұшпақ ханбөркі басында Абылай шатырынан шықты да, түнемеліктің сырт жағындағы шоқылы дөңге қарай бет алды. Сайын жатқан сақараға көз тастап, Алтайдың асқақ та тәккапар жоталарының әр төбесіне ойлы да нәркез көзімен, өзінің суық қабағын түкситіп, бір сүзіп шықты. Бұйра-бұйра бел-белестер. Ирек-ирек, тарам-тарам сүрлеулі қасқа жолдар – көз ұшында шимай-шимай боп, көкжиекке кіреді де, жоғалып кетеді. Төңіректі түгел шолған хан, бір сәт терең ойға беріліп кетті.
Арқан бой жерде ханның тыныштығын бұзбай Маддақия ғана тұр. Ашық, зеңгір көк аспан. Шығыстан күн енді ғана сығалап, түндіктей түріліп, көкжиектен алаулай қызара берді. Шарбыдай шұбатылған бірен-сараң көшпелі бұлттардан да алысқа көз тастап, тілек тілеген адамша іштей күбір-күбір етіп көп тұрған Хан кенет кілт бұрылды да: – Бармысың, Маддақия?! ‒ деді.
Маддақия басын сәл төмен иіп:
– Иә, аллажар, тақсыр!,-деді.
Хан сабырлы қоңырқай үнімен:
– Шолғыншы тіл әкелді ме?
– Келді тақсыр. Қол-аяғын суытсын деп қосына жібердім.
– Шақыр оны! Және, билер мен батырлардың барлығы да келетін болсын!
– Құп болады, ханеке!, – деген Маддақия кермеде таң асып тұрған атына қарай бұрылды.
Жорыққа аттанған алаштың оғылан ұлдары, қолбасылар мен ханның сарықарын қошаметшіл би-шешендері, жорықтың айла-шарғысы мен қандай жат жердің еңісі қайсы, тегісі қайсы ойлы-шұңқырына шейін біліп отыратын сартақым содыр мінезді сардарлар, мініс аттың болдырып қалмауын, оның оттығын қамдап жүретін атбегілер, ай мен күннің сәтін, амалдарына дейін айнытпай болжап отыратын жұлжызшы, есепшілер өншең сорпа бетіне шығатын шоралар мен хан тұқымды төрелер, бірен-сараң қаралар төрт көзі түгел Хан шатырына жиналды. Кеу-кеу кеңес басталды. Жан пида деген жауынгер сарбаздар мәжілісті Хан шатырының сыртынан еміс-еміс естіп тұр. Жорық барысы, жоңғарлардың соғыс тәсілі сөз етілді. Хан әр сөйлеген билерді бір шолып, өзі де ара-арасында сөзін салмақтап, салиқалы ғана ой тастағаны болмаса сөйлеуінен тыңдауы көбірек отыр. Дегенмен, көңілінде бір алаңдауы бар ма? Әлде бірдеңені ұмытқан адамдай, әлде біреуді күткендей ме? Есік жаққа қарағыштап, баяу қимылдайды…
Өткен бір жолғы қанқилы ұрыста Абылайдың астындағы аты болдырып қалғанда, Көкдөнен атты алмауыт тұлпарға мінген Ер Жәнібек келіп: «Көкдөненеге мініңіз, көтайналған жоңғарды көктей барып өтіңіз!» деді. Абылай қараның атын арланып, міңігісі келмеді ме:
‒ Мына жауды мен ұстап тұра алам, қашқан жауды сен қу,– деді. Сонда Жәнібек қаһарына мініп, семсерім білеп:
‒ Жауға өлтіртіп қор қылғанша, өз қолыммен өлтірейін, не ‒ мына Көкдөненге тез мін. Мен өлсем ‒ қазақтың бір қатыны жесір қалар, Хан Абылай, сен өлсең ‒ қазақ хансыз қалар»,– дегенде Абылай амалсыз сөзге жығылып, Көкдөнеге мініп жауды қайтарған-ды. Ханың оң тізесінен, көңілінің төрінен орын алған қанды көйлек серігі, үзеңгілес бауыры Ер Жәнібек бүгінгі құрылтайда көрінбеді… Ханның қипақтап күтіп отырғаны да сол болса керек.
***
Қасқайып кеп құлап ағып жатқан таудың қасқа бұлағы сылдыр-сылдыр, сыңғыр-сыңғыр қыз күлкісіндей көңіл кілтін қытықтап, күліп ағады. Дәл осы тас бұлақты жағалай тігілген сарала шатырлар; Қабанбай қосы, Бөкеңнің қосы жағалай жалғасып ру-рудың шатырлары… Хан шатырынан қозы көш жерде Барақ батырдың қосы, төрде алпамсадай денесі даладай жайылып Ер Жәнібек ұйықтап жатқан болатын. Жәнібек, Абылай алты алашқа сауын айтып, қол жиып шығыстағы жоңғарға жорыққа атанғалы түн баласы ұйқы көрген жоқ. Түн қатып жүріп анда-санада құс ұйқы көз іледі.
…Үсті-басы қара сорпа. Алты айрығынан тер кеткен Ер Жәнібек түсінен шошып оянды. Басын жастықтан жұлып алды да, жалма-жан Хан шатырына беттеді. Алқалы жиын аяқталып, құрылтайға жиналғандар өзді-өзі қостарына тарасып кеткен кезі екен. Есіктегі екі сарбазға да қарамады. Киіз есікті серпе ашып, киіп-жарып ентелей кірді. Жәнібек кірген бетте төрге ұмтылды. Хан өзімен өзі қалғанды жөн көрді білем, төрде қыранына жемсауынан ет жұлғызып отырған-ды. Ер Жәнібектің өмірінде сасқаны осы, бірақ қорқу емес, түсін түсіне алмай аң-таң…
– Ассалаумағалейкөм, Тақсыр! –деді Ер Жәнібек отырмастан оң қолын жүрек тұсына қойып. Хан:
– Уағалайкөмассалам, жайшылық па батырым, жүрісің суыт қой, тегі?! Айта бер бұйымтайыңды, – деді. Жәнібек басын сәл төмен иіп, жігерлі үнмен:
– Ханеке, бүгін түс көрдім,
Түсімде жаман іс көрдім.
Шапқанда желдей гулеген,
Табаны жерге тимеген,
Көлденең жатқан көк тасты,
Саз балшықтай илеген,
Мінген атым Көкдөнен,
Қыл құйрығы ту түбінен,
Кесіліңкі көрінді.
Садақ толы сай кез оқ,
Шашылыңқы көрінді.
Қолымдағы семсерім,
Қолымды келіп кескені.
Қалмақтың салған найзасы,
Қақ кеудемді тескені.
Жақсы болса, Хан Ием, батырыңа жорышы!
Жаман болса, мен қарабет,
Қабырғам түгел сөгілсін,
Өз басыма көрінсін! –деп, түсін баян етті. Түсінде Ер Жәнібек жоңғардың батырынан жеңіліп қалған екен. Жаңағы үрей сол. Хан Абылай орнынан шұғыл тұрды да, батырдың иығынан ұстап тұрып:
Мінген де атың Көкдөнен,
Шапқанда желдей гулеген,
Табаны жерге тимеген,
Қыл құйрығы ту түбінен,
Кесіліңкі көрінсе,
Құйрықтап жауды шапқаның.
Садақ толы сай кез оқ,
Шашылыңқы көрінсе,
Шашып жауға атқаның.
Қолыңдағы семсерің,
Өз қолыңды кескені,
Жау жанынан түңіліп,
Ат көтіне үңіліп,
Қолды болдық дескені.
Қалмақтың салған найзасы,
Қақ кеудеңді тескені,
Жалаулы найза жанға алған,
Жау отының өшкені.
Түсіңде сен жеңілсең,
Мерейіңнің өскені.
– деді де Хан, – түсіңде жоңғар жеңген екен, өңіңде сен жеңесің, батырым! Осы айтқаным, айтқан! Алла амандығын берсе, жеңіспен қайтамыз, әумин! -деді.
Ер Жәнібек батырлығына ақылы сай сөзге ұста, зерделі ер. Абылайдың алғырлығын аңдап, іштей таңданды. Ханның сөзі қанат бітіргендей ме қалай? Бойын күш билеп, әлдебір рухы биіктей берді… Батырдың түсін жақсылыққа жорып, Абылай хан ат сойып, түс садақасын шығарды.
***
Қол атқа қонды. Абылай соғыстың неше түрлі айла-шарғысымен қасарысқан жауды қапыда сан соқтырып кететін әдістеріне баспақ еді. Алайда, осы жолғы жорықта шолғыншының аңдауын ақылға салып, жаумен бетбе-бет келуді ұйғарды. Таң атты. Тау шетіне күн шықты, күнмен бірге шу шықты, шумен бірге шаң шықты. Қазақтар да атқа қонып, жауды бетке алған болатын. Жау жоңғардың қарасы әлде неше есе көп. Тұрсатын жерін айтқан жоңғар мен қазақ бір бұлт пен бір бұлт қосылғандай түйісті. Дала заңынан аттамаған батырлар «Жекпе-жек!» десіп ұрандай бастады. Абылай сәл ойланып тұрды да, Қалдан-Серенге шабарманын жіберді, «Көті бар батыры болса, шығарсын жекпе-жекке, қазақ жеңсе соғысамыз, жоңғар жеңсе соғыспай бітімге келеміз», – деді. Қалдан-Серен көзі шарасынан шығардай сасқаны соншалықты дірілдеп, не дерін білмей қалады. Жоңғардың қолы көп, Қазақ жасағы аз. Абылайдың не мақсатпен айтқанын «ат жалы, түйе қомында» аңғара алмай дал болады. Бір жұтынып алды да, мырс етіп күліп:
– Келістік, – деді. Қалданның қасындағылары шабарманның өктем сөзіне шыдамай өлтіреміз деп тебітіп әлек. Қалдан-Серен мұздай қаруланған Сэдір деген батырын ортаға шығарды. Ұрандаған жоңғардың үнінен дала дірілдеп тұрды. Енді, Абылай «сен тұр, мен шабайын» деп шыйрық атып тұрған батырларға қарады. Қабанбай, Бөгенбай, Батыр Баян, Маддақия… Ентелеп тұрған дәл осы батырлардың артқы қатарынан суырылып Көкдөнен атты тұлпарына мінген Ер Жәнібек шығып келеді. Келіп сөйлей береді:
– Хан Абылай, ұлықсат-батаңды бер, мына жоңғардың жағасын мен жыртайын,– дейді. Абылай сурылып шыққан Ер Жәнібекке қарап оң төртіндегі жекпе-жекте, Шарыштың басын шапқаны есіне түсіп, көңілі толып Ер жүректігіне сүйсінді де батасын береді. Батырлар, билер қолын жайып «әумин!» десті. Ал, Жәнібек ұшқан құстай сорғалап, Көк дөненнің тұяғынан от ұшып, қалмақтың батырына түйілген күйі тиді. Найзаласады, семсерлеседі. Қабырға қайысып, семсер майысады. Қазақтың жасағының «Алаш!», «Алаш!», «Абылбай!» «Шақабай» дескен әр тұстағы ұрандар жердің бетін күңірентіп тұрғандай. Кенет, Ер Жәнібектің есіне түндегі түсі түседі. Бір аңдаса Ер Жәнібек әлсіреп қалғанын байқады. Бірақ, Абылайдың «Сен жеңесің!» деген сөзі әлсін-әлсін құлағына келе береді. Жәнібек «Абылай хан дәл қазір де солай айтып тұр ма?» дегендей көзінің қиығымен Ханға қарайды. Абылайдың жүзіне қарағаны сол-ақ екен айбаты адуын арланша тулап, қайраты бойына мінеді. Сэдірді атынан аударып алып, «қақ жүректің тұсы, қу қалмақтың өлетін жері осы» деп қайқы қылышын тығып алады.
Қалмақтың Сэдір батыры өгіздей өкіріп, күңіреніп жанын тәсілім етер сәтінде, Ер Жәнібекке қарап:
– Түсімде мен жеңіп едім, өңімде сен жеңдің, қанішер қазақ! Мен түсімді ханға айтқан едім, бірақ менің ханым жақсыға жори алмапты», – дейді де өліп кетеді.
2 пікір