Әдебиет

Қаусылқан ҚОЗЫБАЙ атындағы арнайы сыйлық иегері Сағадат ОРДАЩЕВА: Қан майданда қайтыс болған қарағым… (новелла)

220759ptat4n20xawa30tw.jpg.thumb

                                                 Елге есті ер керек!

                                                                   (І.Жансігүров.)

 Қара бұлт көшкіндеп барып ұялас қасқырдай күнбатысқа ұйлықты. Қарбарқын тартқан күңгей батыс зәре құты жоқ еді қалтырап бара ма? Иә тоңған, дүние тоңған мына есірік желден де, түреңсіз қапырық күннен де… Асып сасып асыққан адамдар да тоңған. Қалшылдап иегінен сыпырыла берген шекпенін көтеруге хәлі жоқ. Жоқ әлі, біз тоңдырдық мына сарыбелең шапаққа жылына алмай. Ғапылмыз ғой. Кешкі қала қара бұдақ қоңылтақ сасыған көшесімен тұрқына енер, әйтпесе қаланың өңі кірер ме? Қаланың өңсіз тұманымен былығып сасық майдың иісіндей күңірсек иіс қолқаны қауып барады. Тысқа шығып шырылдаған торғайдың үнін естігісі келген-ді, атыраптың ажырайған ағашына телміріп қарады. Торғай ….торғай неге тап мынадай ымыртта есіне түсті екен. Екі күндік ақыретке айналған жұмысында миына құйылған зәр мен қоңсық иістен әзер құтылып шыққанда, үйі мен жылы төсегін аңсап емес, торғайды еске алған. Торғай… Бала кезінде сол торғайдың балапандарын талай қолына алып аялаған, сонда кішкентай бүлдіршіндердің анасы мен әкесі ауыз жаппай жан берісіп шырылдап “майып қылар ма” деп қорғаштайтын. Жоқ. Торғайдың кіп-кішкентай сүйір тұмсығына мұрнын сүйкеп жаны елжіреп жақсы көруші еді. Сол торғайлар ешқашан ұясын бұзып басқа жаққа көшіп кеткен жоқ-ты. Әр көктемнің жылқұсымен қос жұбын жазбай оралатын. Иә, торғайлар-ай сендер азатсыңдар. Сендер тіпті киімді де, тамақты да біз құсап сатып алу үшін ғұмыр кешпейсіңдер. Мақсұттарың не өзі? Жанды тіршіліктің шырқын бұзбау ма? Сосын ұрпақ жалғау болар. Тағы не деп ойлады. Ойының шарқ ұрып жеткен жері осы, миы зеңіп денесі қалшылдай бастаған. Қаланың ызғары беттен алады, қойны-мойныңа енген суық жаныңа ғана ене алмайды. Бірақ, осы суық деймін, жанымызға емес, ызғарлы ысылымен жүрегімізге де еніп кеткен болды. Екі күндік есік алдын торып итше көрінгенге далақтайтын “охранник” деп аталатын қызметінің міндеті түнгі клубтың марапатты қонақтарын мереймен қарсы алып, қақ жарылған жүрегіңді жайып көзтаса етпеу болатын. Клубтағы қара түнекке малданған шырақтардың жылтыңы жанарын қамастырып, қиғылық салған сайтан төрінде сайқал-сылаң қыздар мен қақыраған қарын май еркектердің көзінен адамшылық тұрпатқа ұқсас бір леп көрді ме? Адам деген – тіпті жыртқыш екен.

Қоғами көліктің бір бұрышы мұның еншісінге тиіп, жүрісі ауылдың жүзжылдық арбасынан аумайтын ұзынсүйір көлік әзер мыңқылдап қозғалды. Әлем деді, егер тек осылай ғана қозғалыстан тұрса, не мән қалады сұм жалғанда? Тапшылық пен таршылық. Маңдайымды сипай қояр анашым, енді сенің де жылы алақаның жылыта алмайды жеріген жалғаннан. Бәсе, адамдар тек тойып не тоңып секіру үшін жаратыла ма? Тырбаңдап. Есіне бір кездегі Университетте тарихтан сабақ берген ергежейлі қарт ұстазы түсті. “Қазақ деген асыл тұқымды халық. Бар өнер өз қойнында. Мол асыл қазынасы бар ұлт. Бірақ, батыстың жеңшөп желкесіздеріне елігіп қоғам бұзылды. Міне, осының салдарынан біздің ұлт өз идеологиясын танып алмақ түгіл, қайда бара жатқанын аңдай алмайтын бейшара күйге түскен. Бірақ сол бейшаралықтың құрбанына айналған ұлтты сендер ғана құтқара аласыңдар”. Иә, біз құтқарамыз. Мырс етіп оқыс күлді. Тап қазір шалқалап тұрып күлгісі келген. Иә, біз дейсіз бе? Біз диплом алып кірерге жер таппай, қара жұмысқа жегіліп иттің ғана күнін көріп жүрген жоқпыз ба? Ха-ха қоғам бізге сондай мұрша берді ме? Ойбау-ау, күлкімді келтірмеңізші ағай. Ұлттың құлап кетуіне аз-ақ тұр дейсіз бе, өзім құлап кетуге әзер тұрмын. Еһ, күлкім емес жылағым кеп тұр. Жылай алмаймын. Тұншығып жоқ боп барам. Мен ауылға барып маңдытып жұмыс таппадым. Өзімнен кейінгі інілерімді аяққа тұрғызып, жетім қалған жалғыз қарындасымды жалтақтатпай өсіруім керек. Анам осы жасқа келіп бізді өзгеден кем етпей өсірді. Қазір екі қолы мен аяғы сал. Жүре алмайды. Ұстазым, ұлт түгілі маған күнде нан ақы берген қожайыныма итше жалақтай беру жаныма жағып барады. Иә, ол маған көп ақша беріп, мол жағдай жаратып отыр. Мен… бірақ оңбағанмын. Мені оңбаған еткен сендер! Кімге айтып отыр, жасаураған жанары қобыраған қара бастарды барлады. Көліктің ішіне бір уыс боп тығылған адамның сан басында сан қиял өрмекшідей торын өріп жатқан шығар. Тұла бойында күш жоқ, әлсіреп әзер тұр. Әне бір отырған ақсақал газет бетін төңкерістеп ақтарды. Көзіне оттай басылды. Үлкен мақаланың қақ шекесіне “Желтоқсан желі” деп баттастырып жазып қойыпты. Желтоқсан желі… Тарих, сол тарихтан сабақ беретін кісінің лекциясын мұқият тыңдап, жаны мен жүрегіне құйып оқыды. Ол кісі сонау қазақтың жоңғар, моңғол шапқыншылығынан бергі тарихты ұзағынан толғағанда жүрегі бар адамның іштей жылай алмасы мүмкін емес-ті. Сан мыңдаған қазақтың ұландары қапыда қаза тапқан сол байырғы заманның ері үшін кек алып шіркін бір бусанар ма едім деп те сан қиялдаған. Оны қойшы, кешегі желтоқсан үшін шаһит кеткен жеткіншіктерімді жоқтай алмай жесір қалған ұлтқа топбастар серкеше азуын айға білеген ұландарым қайда кетті? Қайдасыңдар?

Көліктің ішіне тығылған қаншама тағдыр өз жүгін уақытқа иектетіп, бір тағдыр екіншісіне бағынған қаперсіз тұл уақытта ғаламның бір уыс топырағы құдіреттің байлауымен бір жерге үйелей кеткендей еді, сан қиял өз қайғысын шерткенмен бір ақиқатын іздеп шабынарын аңдамас ауыр хәлде. Тіршілік өз арпалысында тазалық атаулы бастапқы негізге оралуға уақыт таппайды, есесіне ақиқаттың алыс мұнарын көруге соншалық мұқтаж, жақын тұра шалғайда. Ғапыл ұл, қара түн иегінде маңдайын терезеге жастап мың ғасырлық жер бетіндегі күйбеңге қарғыс айтты. Қанжылаған қасіретім мені тәрк етпеді. Мен қазақ боп туылғалы басым қасіреттен, кеудем шерден айыққан емес. Мен Сарыарқаның дарқандығын қомсынбаған ұрпақ ем ғой, он бес күн қараңғы болса он бес жарық болар дегенің алдарқату ма, Жаратушым? Бодандықтан құтылып ем зобалаңға тап болдым ба? Ақ қараның айырмасын ажыратуға әлі келмейтін қай ғасыр? Мен мың өліп тірілсем де қазақпын деп ұран салатын ұлдарымның жанарынан Махамбет-рухтың отын көрмеймін. Басын берген атамның құнын қайтара алмас қорлығымызға қалай жасқанбаймыз… Өз төрі мен көрін де өзгеге сайлаған аңғал елім-ай…

Өзі отырмай кішкене 4-5-жастағы баласын отырғызып, жол бойы түре келіп тұрған ананың жанарына қадалды. Үміт шуағы лапылдап жанып тұр. Ол қай үміт. Қандай қайрат ол? Сонша лапылдан жалыны ұшқан. Бала бүлдіршінге көз тікті. Жүзінде балаң ұяңдық пен тап-таза мөлдір леп аңқиды. Ол мынаның жер жастанған қара көңілінен жырақта, алдан бақыт пен жақсылық қана күтетін жанар. Таңданды. Бір кездері бұл да бала боп әлемге таза-айна көздерімен қарайтын. Әлем онда жап-жарық, тұнық болатын. Иә, тап-таза еді ғой онда. Жас бала анасына әлденені айтып сыртқа қарай саусағын нұсқап күлді. Пәк періштенің жүзі бұлау боп ісінген жанарын өзіне қаратты.

«Ұлан! Мен саған қара жердей тапталған қайратым мен жүрегімнің қасірет жастанған көзіне үміт етіп жалтарам. Сен, сенің замандасың мүмкін, бізді осы аппаттан алып шығар. Құлауға таяу рухани діңгегімізді қайта бекемдеп, сары сахараның ұшынан мұнартатын көк күмбезді алып мұнарадай тұрғызар. Қайтсе де мен саған сенем, Ұлан. Сен де ержетерсің… ержеткен соң осылай тарғыл заманның көктайғақ соқпағында сонау шалғайдағы ауылға дейін өзі тік тұрып саған орнын берген анаңның мейірімін ғұмырбойы жанжылуың етіп бойыңда сақта! Сен алпамсадай өр ержігіт болған соң, анаң саған дәйім орын сайлап отырғыза алмайды. Қайта қайратқа мініп, қабырғаң қатайғанда шалдықсаң да бүгілмей, бойыңды тік ұста. Өйткені, сен жанын жалауға түйіп алаңға шыққан желтоқсаншылардың жарқын туындысысың. Сен Ер Жәнібектің дуалы аузынан қаһар боп туған айбынды ұранның жұрнағысың. Сен найзалы қынның өткірінен сескенбейтін жекпе-жекте білегі мен жүрегіне сенген батырдың көзжауһарысың. Ұлан, ұмытпа, сен ел атынан жер атынан сөйлеп тұрғанда, ер Абылайдың рухы жебер! Сені 37-жылы мерт болған арыстарымыздың асыл ниеті мен опалы қаны қайратқа мінгізер! Сен қазақтың жаны мен қанын бөліп қарама! Сен менің жалғызымсың! Әр қазақ сенің де жалғызың болуға тиіс. Солай Ұлан. Сен тез ержет! Бізді құтқар. Еліңді құтқар рухани жұтаңдықтан. Саған сенем, жұбанышым менің!..»

Көліктің соңғы аялдамасы мұның соңғы аялдаған ғұмырына ұқсап кетті. Жанарымдағы жасыма сен күә, қара жер! Мен ұланыма сенем! Бізді ұланғайыр жеріңе қондырған сенің биік құдіретіңе сенем. Аз жұрнақты бүгінге жеткізген. Жаратушышым – мен саған сенем!

 

 

 


Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*