(эссе)
Абай атындағы ҚазҰПУ доценті
Сарқытқан Қастер
Осы суреттерге қараған сайын, өмірімнің ең бір шуақты күндерін еске аламын…
Шамасы осыдан жиырма жыл бұрын болса керек, мен ол кезде, Қытай Халық Республикасының, Шынжаң өлкесі, Күйтунь қаласында орналасқан Іле қазақ автономиялы облыстық оқу-ағарту институтында, география (жағырапия) кафедрасында оқытушы едім. Жаңылмасам 1995 жылдың жазы. Жылдағы дағдымызбен биыл да мамырдың соңын ала жылдық емтиханды елден бұрын тапсырған географтар Күйтуньның қапырық ыстығынан ертерек құтылуға асыққандай жиналып жатыр. Өзім де ұрынбарар жігіттей асығып жүрмін. География – жаратылыс дүниесімен байланысты іргелі ғылым саласы болғандықтан, табиғат аясында сапар шегетін күндеріміз жиы болып тұратын. Ондай алыс қашықтыққа, бір ай мерзімге шегетін сапарды, біздің тілде “Алас-кешенді дала практикасы”-деп атайды.
Сол дала практикасына маусымның басында, дәл қайсы күн екені анық есімде жоқ, сәске түс сәтінде аттанып кеттік. Түс ауа Үрімжі қаласына жеттік. Мұнда да қалың нөпір халық, ағыл-тегіл айқасқан машина. Алтайдың салқын тауларына асыққан біз, бұл қаладан да тез кетудің жолын қарастырып, салып-ұрып автовокзалға тарттық. Бара сала басшысын тауып сөйлестім. Қырықтың қырқасына шыққан қытай азаматы екен, менің сөзімді тыңдап болған соң:
– Отыз кісілік орташа типтегі жолаушы автокөлігіміз бар еді, Қашқардан келе жатыр, бір-ер сағат көлемінде келіп қалар, бірақ, тек ертең ғана жолға шыға аласыңдар, себебі, ұзақ жолдан шаршап келе жатқан жүргізушіні біз тағы да алыс сапарға жұмсай алмаймыз, амандық бірінші-деді сабырлы үнмен. Ал мен оған көнбей, өзімнің уәжімді айттым:
– Сізді түсінем, басшы ретінде амандықты ойлап отырсыз. Мені де түсініңіз, менің ертіп жүрген отыз шақты шәкірттерім бар, барар жеріміз ұзақ, оның үстіне Үрімжі қымбат қала, ал біздің қалтамыз жұқа, мұнда еру бола алмаймыз-дедім. Басшы ойланып қалды. Арада біраз келісімнен кейін біздің бүгіннен қалмай жолға шығуымызға рұқсатын берді. Мен оған осы уәжді айтсам да, тағы бір басты себебімді жасырып қалдым.
Арада екі сағатқа жетпес уақыт өткенде бағанағы айтқан автокөлікте келіп жетті. Бізбен бірге дәл қазір сапар шегетінін естіген жүргізуші алғашында атша тулады. Алайда, бастығының айтқаны болып, біз оның көлігіне жайғастық. Бізді самарқау ғана бір шолып өткен жүргізуші қасында отырған маған қарап:
– Рұқсат болса, үйге кіріп киім-кешек алып, бала-шағаммен көрісіп шығайын-деді. Апталап үй бетін көрмей, шаршап-шалдығып келгенде, бір қонуға мұрсат бермей, қолқалап әкетіп барамын, бейшараға қиын болды-ау деп оны іштей аяп та отырмын. Ол үйінде көп кідірмеді. Біз Алтай таулары қайдасың деп аттың басын Шіңгіл ауданына қарай бұрдық. Алдымызда ұзақ жол…
Қаладан шыға кең даланың ауасынан тыныстап бәрімізде мәре-сәре болып келеміз. Бағанағыдай емес, жүргізушінің де көңілі көтеріңкі. Мен оның қасындағы жалғыз кісілік орындықта отырмын. Жүргізушінің жас шамасы 33-34-те, ұлты дүнген, өзі де ашық-жарқын мінезді көрінеді, екеу ара тіліміз табысып, шүйіркелесіп келеміз. Көлік ішінде отыз шақты менің курсанттарым отыр. Олар 1993 жылы қабылданған, осы жылы соңғы, екінші курсты оқып жатқан, облыстың әр жерінен келген мектеп оқытушылары мен дарынды жастар болатын. Жастары да әр келкі, алды отыздан асса, арты жиырманың айналасындағы жас қыздар мен жігіттер. Менің өзімде жаспын, шаршау мен жалығу дегенді білмейтін кезім. Кілең жастар әзіл мен әнді әуелетіп кең далаға симай келеміз. Шіркін жастық дәурен-ай деші…
Бет алысымыз Сартоғай, дала тыныш, жол бойы бірен-саран автокөлік болмаса, машина да тым сирек. Бейне бір осынаду таспадай тілінген тас жолда бізден басқа тірі жан жоқтай сезіледі.
Күн еңкейіп, мамыражай, бейбіт бір кеш еніп, дала төсін өзінің бұлыңғыр, тылсым, рахат күйіне бөлеп, жөргектегі сәбиін әлдилеген анадай ұйқы құшағына маужыратып, балқытып барады. Недеген тыныш дүние, қандай жайбырақат кеш десеңізші. Біз әне сол тыныштықпен маужыраған дала қойнауына ептеп еніп, біртіндеп, білінбестен түн құшағына жұтылып бара жатқандаймыз.
Аздан соң арттағылар біртіндеп ұйқыға бас қойды. Тек, жапан даладан, түн қойнынан әлде нені іздегендей, қарсы алдымыздан көз алмай жүргізуші еуекіміз ғана ояу келеміз. Жүргізушінің ояу отыратыны түсінікті. Ал мен ше? Мені мазалап отырған ой бөлек. Бастысы бағана айттым ғой, осы жаққа асығып келе жатқан бір себебім бар деп. Ол себебім, батыр бабамыздың ақ туын салған сандықты көріп, қолмен ұстап, баба рухы алдына тәу ету болатын. Маған бұл ойды үлкен ағам салды. Ол кісі ауыл шаруашылық мекемесінде жұмыс істегендіктен облыс аумағында бармаған жер, баспаған тауы жоқтұн. Бірде сондай іс-сапарда жүріп, біздің үйге келіп түскені бар, сонда, Шіңгіл ауданында түгенбай деген адамның қолында Жәнібек батырдың туы салынған сандық бар екен, көзіммен көріп, қолыммен ұстап келемін-деп марқайғаны бар еді. Содан кейін-ақ менің аңсарым Шіңгілге ауды да тұрды.
Осы жолы сәті түсіп дала практикасына шығарда, басты көздегенімнің бірі осы сандықты көру болатын. Сол үшінде институттың сызып берген маршруты Көктоғай ауданы мен Қанас көлінің арасы болса да, мен былай шыға жол бағытын мүлде басқа арнаға бұрып, бірден Шіңгіл қайдасың деп келе жатқан бетім осы болатын.
Тас қараңғы түнде жұлдыздай жүйткіп біз ғана келеміз. Санамда сапырылысқан сан ой. Беу дала, қандай тыныш, ғажап кең, неткен жәйлі едің. Сенің қойныңда қанша ғасыр, менің бабаларым, менің аналарым, менің даналарым ғұмір кешті екен деші. Жер-дүниені ат тұяғымен дүрсілдетіп, сонау Дунайды кесіп өтіп, Днепрге жеткен кешегі мерейлі шақтарың қайда?! Осынау тыныш түндей, жым-жылас күйде тарих қойнына еніп жоқ болғаны ма? Ал анау зар жылап, сар дала төсінде қан сырап жатқан “Алқакөл-сұлама” заманың қайда? Ол да осындай меңіреу уақыттың тұңғиығына еніп, судай сіңіп ұмыт болғаны ма? Жо-жоқ, мүлде олай омес, сағым қуған сары дала, асқар таулар, өзен-көлдер сендер ештеңені ұмытқан жоқсыңдар, сендер өткен тарихтың әр парағына куәсіңдер, бірақ жұлдызы жамыраған аспан, сүттей жарық ай астында, даланың аңқыған гүлінің исімен өткенді ұмытқандай, ұмыттырғандай бейне танытасыңдар. Алайда, бәрі-бәрі сендердің қатпар-қатпар қалтарыстарыңда мәңгілікке сақталған. Сол әлемді ат тұяғымен тоздырған бабалар мен өздері де торғайдай тозған халықтың ұрпағы міне біз, сенің жоныңда, сенің бауырыңда жұлдыздай ағып, зұлап келеміз. Зұлап келетініміз біз бармыз, біз тіріміз, демек, сендер де тірісіңдер, барсыңдар…
Суретте: Жәнібек батырдың туы салынған сандық. Алдыңғы қатарда отырғандар солдан оңға қарай, менің шәкірттерім Ербол мен Құмар. Артқы қатарда тұрғандар Солдан оңға қарай мен (Сарқытқан Қастер), Жәнібек батырдың ұрпағы және оның бәйбішесі мен балалары және немерелері, ең соңында тұрған жігіт мені бастап барған азамат.
Кенет машинамыз теңселгендей болды, жалт қарасам, жүргізушім қалғып кеткен екен. Оны тез ояттым да, тынығып алуын ескерттім. Ол матор үнін өшіріп рөліне бас қойды. Енді қараңғы көлік ішінде жалғыздан-жалғыз өзім ғана отырмын. Іштей Аллаға шүкір етіп, дұға оқыдым. Институттың белгілемесіне қайшылық жасап, жүрісі қиын, иендеу жолмен басқа бағытқа кетіп бара жатып, бір шырғалаңға тап болсам қайтер едім? Осыншама жастың өміріне қиянат жасаған болар едім-ау. Бірақ Үрімжіге келген соң оларға бағыттың өзгеретінін және оның себебін де түсіндірген едім. Олардың барлығы да қарсы болмады, қайта қуанып қалды.
Аздап сергуге көліктен түстім. Ен даланың тыныштығы сондай құлағым дің етіп бір сәтке бітеліп қалды. “Құлаққа ұрған танадай”-дейтін тыныштық сірә осы болар. Аздан соң боз торғайының шырылымен бірге шығыстан алакеуімдеп жаздың қысқа таңы да қылаң берді.
Түс мезгілінде Шіңгіл ауданының орталығы Шіңгіл қалашығына келіп жеттік. Шіңгіл Қытайдың Моңғолиямен шектесетін ең шеткі аудандарының бірі. Шіңгілге келген соң осындағы бір танысымды тауып, оған Жәнекемнің ақ туына мұра болып отырған отбасын тауып беруін өтіндім. Ол сол жердің тумасы болғандықтан ол кісілердің үйіне бізді түс ауа бастап барды. Шикі кірпіштен қалың етіп салынған үйдің іші, еңселі болмаса да тынысты екен. Бізді қонақ бөлмеге бастады. Есікке қарама-қарсы қойылған 4-5 кісілік диванға барып жайғастық. Менің жаныма группадағы жасы үлкен Ербол мен Құмар дейтін шәкірттерім отырды. Басқалары айналамызға орын тауып отырып жатты. Таныс жігіт бізді отырғызып болған соң, шығып кетті де аздан соң бөлмеге аласа бойлы, ақсары жүзді етженді келген ақсамайлы қартаң әйелді ертіп кірді. Біз ол кісімен амандасып жатқанымызда үйге орта бойлы, атжақты келген отағасы келді. Ауылдың қарапайым да, мейірімді, ақ көңіл жандары бізді жылы қарсы алды. Келген бұйымтайымды айтып едім, алдымен отанасы сөз алып:
– Біздің үйдегі отағасы бабамыздың жетінші ұрпағы, атамыздың туы салынған сандық біздің үйде мұра болып сақталып тұрғанын естіген жұрт алыс-жақыннан келіп көретін болды. Келгендерің жақсы болды, көрсетейін-деді де бөлмеден шығып кетті. Біз бәрімізде есікке қарап, әлде бір тосын жаңалық күткендей үнсіз отырмыз. Бас-аяғы 5 минутқа жетер-жетпес уақытта құшағында ұстаған сандығы бар отанасы бөлмеге кірді. Бәріміздің көзіміз сандықта. Бейне қарсы алдымыздан сандық емес, батыр бабамыздың өзі келе жатқандай аңтарылдықта қалдық. Отанасы сандықты алып келіп алдымызда тұрған ұзын үстелдің үстіне әлде бір нәзік, әйнек ыдыс қоярдай аса бір сабырлылық танытты.
– Жас күнімізде, бұл сандықты ұстамақ түгіл, маңайына да жоламайтынбыз. Жақындауға енеміз рұқсат етпейтін еді-деді. Өткен күнін елесін еске алғандай езу тарта күліп. Үстел үстіндегі сандыққа жақындауға, қол тигізуге ешкімнің де дәті барар емес. Оқытушысынан бұрын қол салуды әбес көрген болар бәрі үнсіз. Ал мен, сандыққа қараған күйі отырмын. “Сынды аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді”-дегендей, кезінде аса шеберлікпен жасалған, ою-өрнектермен безендірілген сандықтың ескіргені болмаса, әлі де сап-сау күйінде, қолданысқа жарап тұр. Қолымды созып ұстауға шамам келер емес. Жүрегім тулап, тынысым тарылғандай, қол-аяқтарымнан дәрмен кеткендей күйдемін.
– Ала ғой, ұстай ғой-деді отағасы менің көңіл күйімді сезгендей маған дем бере сөйлеп. Айналамдағылардың барылғы да енді маған қарай бастады. Бойымды жинап, орнымнан тұрдым да, Ассалаумағалайкум-деп сандыққа қос қолымды создым. Бұным батыр бабамыз руқына берген шынайы сәлемім еді. Сандықты алып, алдыма қойдым. Қос қолыммен аялай сипадым. Шәкірттерімде айналамда топтасып, әлде нені айтып жатыр. Менің құлағыма олардың сөзі емес, сандық ішінен мың сан тұлпардың шауып өткен дүбірі мен кісінегені, бір-бірімен сарт-сурт соқтығысқан семсер мен қылыштың, зуылдаған жебенің үні, жылаған қыздың, аңыраған әйелдің, шыңғырған баланың дауыстары, боздаған түйенің, маңыраған малдың үні естілгендей болды. Кенет сандық тербеліп, дірілдеп кетті. Баяғыда бала күнімізде Жәнібек батырдың қисасын жатқа айтатын атамыз: “Жау келерде Жәнекемнің туы сылдырлап, сандығы қозғалып белгі беретін болған”-деп талай айтып еді. Сол рас болғаны ма? Сол қозғалыспен бірге жан-дүниемде тербеліп кеткендей болды. Енді бір сәт құлағыма әуелетіп салған әннің, күмбірлеген күйдің, мың бұрала билеген қыздардың сыңғырлаған шолпысы мен тау бұлағындай сылдыр қаққан күлкісі жеткендей болды.
Суретте Батыр баба туы салынған сандықты ұстап отырған Сарқытқан Қастер.
– Ұстаз, бізде қолымызға алып көрейікші -деген бір қыздың өкпелі үні мені ұйқыдан оятқандай болды. Қарасам бәрі де маған қарап жаутаң қағып тұр екен.
– Кешіріңдер, көріңдер дедім сасқанымнан. Олар бірінен соң бірі алып, қолдан-қолға өткізіп тамашалап жатты. Аздан соң есік алдында шығып сандықпен және оның илерімен бірге топтасып, кейде жеке-жеке суретке түсіп мәз болысты. Мен де жас балаша шарықтап талай мәрте суретке түстім. Сол суреттердің екі данасын құрметті оқырман сіздердің назарларыңызға ұсынып отырмын. Халқымызда, “Мың естігеннен, бір көрген артық”-деген аталы сөз бар ғой, сіздерде бұл сандық туралы естіген боларсыздар, мүмкін көрмеген шығарсыздар. Міне батыр бабамыздың жауға шапқанда жанында, бейбіт күнде төрінде болған аяулы заты, мирасы, бір ғана тайпаға емес, алты алашқа аңыз болған бабамыздың қолда бар жәдігері көк сандығы міне осы. Өкінішке орай, сол кісілердің аты-жөні жазылған есстелік дәптерімді көшіп-қонып жүргенде жоғалтып алдым. Ол үшін осы ақпейіл жандардан кешірім өтінемін. Бұл суреттерді аялап сақтап жүріп, Қазақстанға оралғанымда өзіммен бірге алып келдім.
Суретке түсіп болған соң мол етіп жайылған дастарханнан дәм тата отырып әңгіме шертістік. Бір сөздің кезегінде мен отағасынан:
– Бабамыздың туының мәдениет төңкерісі жылдары қолды болып жоғалып кеткенін естіп едім. Сол туралы өзіңізден білгім келеді дедім.
– Ол рас -деді отағасы, сол жылдары бір топ шолақ белсенді келіп қоярда-қоймай жүріп алып кетіп еді, содан із-тозсыз жоғалып кетті. Осы сөздерді айтқан ол аса бір қымбат, бағалы қазынасын қапияда жоғалтып алған пушайман жандай ауыр күрсініп төмен қарады. Бейне ұлт мұрасының қолды болғанына әрі өкініп әрі ел-жұрт алдында өзін кінәлі сезінетіндей.
– Жабықпаңыз ағасы -дедім, ол кісіні аялап. Дүние тозады, уақыт озады деген бар емес пе, бастысы ту жолғалғанымен тудың рухы жоғалған жоқ қой. Өздеріңіз сол туды көрген жансыдар, сол тудай етіп, бір ту тігіңіздер, келер ұрпақ үшін мұра болып қалсын.
– Дұрыс айтасың інім, солай еткеніміз жөн сияқты -деді отағасы иғынан жүк түскендей серпіліп. Осы сәт шәкіртерімнің ішінен Іле жерінде туып өскен, ақын жанды ұлы жүздің жігіті орнынан тұрып:
– Ұстаз, рұқсат болса, шәкірттеріңіздің атынан, үй иелеріне бір ауыз жылы лебіз білдірсем деймін-деді аса ыждағаттықпен. Менің рұқсатымды алған ол үй иелеріне шексіз алғысын айта келе: “Алтайға алғаш келуім еді, таулары қандай асқақ, такапар, адамдарының мінездері секілді, дастархандарыңыз қандай дархан, көңілдеріңіздің кеңдігі секілді. Мен бүгін тағдырыма ризамын, керейдің ғана емес, күллі қазаққа пана болған, ардақты бабамыздың дастарханынан дәм таттым, мұндай бақыт екінің біріне бұйыра бермес”-деді көздері жасаурап. Жігіт сөзіне бәріміз тебіреніп кеттік, отанасы жаулығының ұшымен көз жасын сүрте берді. Біздің әңгімемізді “тыңдап” төр алдында бабамыздың өзіндей болып ескі сандық тұрды. Сол сандықтан:
***
Азаматтан туған қазанат,
Шабуыл салса нанғысыз.
Қазанаттан туған қаз мойын,
Күніне көз көрінім жер шалғысыз.
***
Атадан туған аруақыт ер,
Жауды көрсе, жапырар.
Үдей соққан дауылдай.
***
Атама менің сәлем айт,
Алтын басқа байласын,
Еменнен найза сайласын.
Беліне садақ байласын.
***
Еділдің бойы ен тоғай,
Ел қондырсам деп едім.
Жағалай жатқан сол елге,
Мал толтырсам деп едім.
***
Ежелден табан аңдысқан,
Ата дұшпан сен едің,
Ата жауың мен едім.
Ежелгі дұшпан ел болмас,
Етектен кесіп жең болмас.
***
Толғай да толғай оқ атқан,
Он екі тұтам жай тартқан.
Қабырғасын қаусатқан,
Тебінгісін тесе атқан,
Тізгінінен кесе атқан,
Теспей қанын зулатқан,
Біздің қайсар батырдың,
Жүрегін сөйтіп оятқан.
– деп төгілетін, елім деп еңіреп өткен, батыр да, ақын бабамыз Махамбет Өтемісұлының жыр жолдары есіп тұрғандай сезілді. Сол жырлардың құдіретімен халқымыздың қилы тағдырының сыры жүрегімнен өтіп санама жетіп жатты. Кенет осынау жырларға өзек болған халқымның қалжыраған тарихы ескі сандық ішінде елеусіз жатқандай сезіліп кетті маған. Жо-жоқ ол елеусіз жатқан жоқ-дейді жан дауысым. Тек кім оған елеусіз қараса, солай көрінеді. Ал кім бағалап, барлай қараса, оның ішінен жан тебірентер тарихтың асқақ үнін естір еді, сандықтың жан біткендей теңселгенін көрер еді, ақ тудың аласұрған дауысын сезер еді…
Астан соң үй иелерін де, бабамыздың көзіндей болған ескі сандықты да қимай-қимай көлігімізге міндік. Жақыннан көк орай таулар, алыстан ақбас Алтай асқарлары бізге өр-такапар тұлғасымен өктем қарайды. Қашанда тектілігін, биіктігін жоғалтпаған далам-ай -деймін ішімнен еміреніп. Шәкірттерімде ерек көңілді, руқты, көздері жайнап тұр. Мен олардың жүздерінен сенім мен қуаныш арайын көрсем, жүректерінен батыр бабамыздың желбіреген ақ туын көріп келем.
Алдымызда қайсар Көктоғай даласы жатты…
(соңы)