Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ел тұрғындарын Жаңа 2015 жылмен құттықтады.
Құрметті қазақстандықтар!
Санаулы минуттардан кейін біз жаңа жылды қарсы аламыз!
Жаңа жыл – баршаға жан шуағын сыйлайтын жайдары мереке. Жыл сайын біз оны үкілі үмітпен, игі тілекпен қарсы алып, толайым табыспен шығарып саламыз. Әлемдік экономикадағы бүгінгі қиындыққа қарамастан биыл да әл-ауқатымыз арта түсті.
Өтіп бара жатқан жыл дамудың келесі кезеңіне бастайтын оқиғалармен айшықталды. Біз алдағы жылы күш-қуатымызды еселейтін ауқымды нарықтың есігін ашамыз. Бағдарымыз – белгілі, таңдауымыз – айқын, мақсатымыз – биік. Баршаға шұғыла шашатын «Нұрлы жол» бүкіл еліміздің күретамырына айналды.
Қымбатты отандастар!
Келер жыл – терең тарихымызға, құқықтық негізімізге, берекелі бірлігімізге құрмет көрсететін жыл. Ынтымағы жарасқан халқымыз осы айтулы оқиғаларды лайықты атап өтеді деп сенемін. Қазақ халқы қой түлігін ежелден құт-берекенің басы деп білген. Ендеше, алдағы Қой жылы молшылық пен ырысын ала келсін! Еліміздегі әр шаңырақтың дәулеті мен сәулеті артып, татулығымыз нығая берсін!
Жаңа жыл құтты болсын, ардақты ағайын!