Шежіре

Шығысты тұңғыш танытқан

Шоқан өміріндегі ең бір қызықты да жарқын шақ Петербор кезеңі болды. Бұл кезде ол Петербордың ғылыми, саяси-әлеуметтік тіршілігіне қызу араласты. Географиялық Қоғамда, бас штабтың әскери-ғылыми комитетінде, Сыртқы Істер Министрлігінің Азия департаментінде жұмыстар істеді. Сонымен бірге, университеттің тарих-филология факультетінде лекция тыңдады.

Бас штабтың ғылыми комитетінің тапсыруы бойынша, Орта Азия мен Шығыс Түркістанның көптеген картасын жасады. Орыстың географиялық қоғамының мүшелеріне арнап Шығыс Түркістанның елдері мен халықтары туралы, Тянь-Шань мен Қырғызстанның географиясы жөнінде лекция оқыды. «Северная пчела», «Русский инвалид» газетінде мақала жариялады.

Сыртқы істер Министрлігінің Азия департаменті жанындағы Шығыс мектебінде де Шоқан аса зор жұмыстар істеді, мұнда ол түрік тілдерінен сабақ берді. Географиялық қоғамның ғылыми журналдарына және орыс оқымыстылары мен жазушыларына жасап жатқан ғылым мен әдебиет энциклопедиясына Орта Азия мен Қазақстанның ертедегі ғалымдары, ақындары, қоғам және мемлекет қайраткерлері (Әбілғазы, Әбу-насыр Самани, Аллауддин Джувейни, Әлішер Науаи, Абылай) туралы мақалалар жазады.

Шоқанның Петерборда жүріп әкесіне жазған хатына қарағанда, 1860 жылдың қысында ол Петербордан Парижге барғанға ұқсайды. Орыстың атақты жазушысы Ф.М. Достоевскийдің досы Врангель сол қыста өзінің Парижде Уәлихановпен кездескенін жазады. Міне, осы екі документ Шоқанның Батыс мәдениеті мен революциясының сол кездегі орталығы – Парижде болғандығын дәлелдейді.

Петерборда Шоқан орыс халқының белгілі ғалымдары, ақын-жазушылары және алдыңғы қатарлы қоғам қайраткерлерімен танысып, достық байланыс жасайды. П.П. Семенов-Тян-Шанский, Г.Н. Потанин, Ф.Н. Достоевский, С.Ф. Дуровтармен ол Сібірде жүрген кезінің өзінде-ақ достасқан. Ал Петербордағы таныстарының ішінде орыстың атақты ғалымы Д.И. Менделеев, академиктер В.В. Вельямипов-Зернов, А.Н. Бекетов, ақындар – ағайынды Курочкиндер, А.Н. Майков, П.Я. Полонский, шығыс зерттеу ғылымының мамандары П.П. Лepx, И.Н. Березин, В.П. Васильев тағы басқалар болды.
Сол сияқты ол «Современник» журналының редакциясы мен әдебиет фондына барып жүреді, мұнда ол ұлы революционер-демократ Н.Г. Чернышевский мен оның достарына жолығуы әбден ықтимал. Шоқан осы орыс достарымен жақындасуының арқасында әуелі В.Г.Белинский мен М.В.Петрашевскийдің, Н.Г.Чернышевский мен Н.А.Добролюбовтың саяси және философиялық көзқарастарымен танысады, солардың озат идеяларымен қаруланады.
Сонымен бірге, Шоқанның өзі де орыс достарына өз тарапынан ықпал етіп, оларды Орта Азия мен Қазақстан халықтарының тарихын, әдебиетін зерттеп білуге, осы халықтардың өмірінен шығарма жазуға шақырады. Мәселен, атақты ақын А.Н. Майковтың «Емшан» (Қыр гүлі), «Дала» атты өлеңдері Шоқанның айтуымен жазылыпты. Сол сияқты, Шоқан берген сюжет бойынша Березин «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» поэмасын орыс тіліне аударған. Мұның өзі Шоқанның тек орыс достарынан үлгі-өнеге алып қана қоймай, оларға да өз тарапынан әсер ете білгенін аңғартады.

Әлкей Марғұлан – “Шоқан Уәлихановтың өмірі мен ғылыми шығармашылығына арналған зерттеулер” кітабынан

“Қамшы” сілтейді


Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*