Ұлан-байтақ даламыздың сынық сүйем жері біз үшін ұлық көрінеді. Арғы-бергі қиырына ат арытып зорға жететін қазақ жерінде талай жақсы мен жайсаң ғұмыр кешті. Алаштың ардағына айналған тұлғалар қалың қауымды уәлі сөзімен ұйыта білді. Сондай-ақ олар ерекше қасиеттерімен елдің есінде мәңгілік жатталып қалды. Сырдағы жұрт тағзым ететін киелі орындар жетерлік. Қармақшы топырағында жамбасы жерге тиген Марал баба Құрманұлы жайлы айтылатын аңыз-әпсана әлі күнге дейін елдің аузында жүр. Қазақтың шежіресінде ойып орын алатын атақты ишан осындай қасиетімен кейінгі ұрпаққа өнеге болып келеді.
Биылғы жылы Сыр бойындағы жұртшылық Марал бабаның 230 жылдығын жоғары деңгейде атап өтті. Бұл ел-жұрттың ақылшысы бола білген, ислам дінінің ел арасында кеңінен қанат жаюына ықпал еткен атақты абызға жасалған үлкен құрмет екені даусыз. Бұқараның қамын ойлаған баба осылайша ел-жұрттың жадында мәңгілікке жатталып қалды деп айтуға негіз бар.
XVIII ғасырдың ортасында пәни жалғанның дәм-тұзын татқан ишанның кіндік қаны Қостанай өңірінде тамған. Жастайынан ілім-ғылымға үйірсек зерделі жан Бұқарада білім алады. Аян бергеннен кейін Сырдың топырағына қадам басады. Дария бойында дінді дәріптеп, имандылық жолына шақырады. Ерекше қасиетімен елді тәнті етеді. Алайда Марал ишанды түсінгісі келмеген адамдар да табылған. Соның салдарынан бас ал десе, шаш алудан тайынбайтын шабармандар тарапынан көптеген қарсылық көрген. Тіпті соңында қалған ұрпағы да осындай зобалаңды басынан өткізген екен.
Марал бабамыз қазақтың ұлт-азаттық қозғалысының көрнекті қайраткері болды. Пәлсапалық ойларымен көптің көзіне түсті. Ислам дінінің өркен жаюына өлшеусіз үлес қосқан ол үш жүздің пірі атанды. Осындай әулиелік қасиеттері оны елден ерекшелеп тұрды. Қазіргі күні Марал ишанның уақыт пен кеңістік құпиясын меңгерген қасиетті адам болғаны аңыз есебінде айтылады. Оған көз жеткізу қиынға соға қоймас. Атақты ишан төрткүл дүниедегі беделді діни оқу орындарында атақты ғұламалардан тәлім алды. Осының нәтижесінде ілім-білімді зердесіне тоқи білді. Соның арқасында біздің санамыздан тыс жатқан тылсым күштердің құпиясына қанық болған дейді көнекөздер. Ол уақыт пен кеңістік арасында өз ықпалын жасай алғанын аңғартады.
Атадан жеткен аңыздарға қарағанда, Марал ишан кеңістіктің бірінен екіншісіне өту заңдылығын меңгерген екен. Ғалымдар кеңістіктің үш өлшемнен тұратынын айтады. Алайда оның одан да көп екені жайында пікір білдіріп жүргендер баршылық. Марал ишан оны екі ғасыр бұрын дәлелдей білді. Ғылыми жолмен айқындалған бұл дәлелге қарсы тұрарлық нақты тұжырым әлі де кездесе қойған жоқ. Қармақшы ауданында көп жылдар бойы ұстаздық қызмет атқарған Сәден Нұртаев бұл тұрғыда көптеген зерттеулер жасады. Бұл жайында «Ислам және Марал баба» кітабында егжей-тегжейлі баяндады. Автор өз еңбегінде: «Әулиелерге Алланың берген сыйы сол – оларды керемет қасиеттің иесі етті. Оларға өзін қорғап жүретін және пайдаланатын аруақ берген. Соның арқасында ол адамдарға қол ұшын соза алды. Басқаша айтқанда, әулиелер – Жаратушы иемізге ісімен, ғибадатымен, мінез-құлқымен ұнаған жандар болып табылады», – дейді.
Әрине, біздің санамыздан тыс жаратылысқа сын көзбен қарайтын жұрт аз емес. Дегенмен ғалымдардың өзі ондай құбылыстарды мүлдем жоққа шығара алмайды. Әзірге бұл тұрғыда толыққанды ғылыми тұжырым жоқтың қасы. Қашаннан да қасиет қонған адамдарға құрмет көрсете білетін халқымыз Марал ишан секілді ерекше адамдарды ардақтайды.
Марал баба туралы тағы да бір аңыз бар. Ерекше жаратылыс иесі көз жұмғаннан кейін оның мүрдесін Сыр бойына алып келе жатады. Осы шаруаны атқарған адамдарға жолда аялдауға тура келеді. Сол жерден құдықтар қазылады. Құдықтан шыққан су кейіннен бұлаққа айналады. Саялы ағаштар шығып, көлеңкелі абат бақ болады. Осыған байланысты жергілікті жұрт ол құдықтардың басына түнейді екен. Көнекөз қариялардың айтуынша, сол бұлақтардан әлі күнге дейін адам аяғы үзілмейтін көрінеді.
Өзі өмір сүрген заманда қазақтарға Ресей патшалығы көз алартып жүрген. Бұл тұрғыда ишан ағайынға: «Ресейге қарап алаңдамаңдар. Өздерің бірігіп егін егіңдер. Сендерді егін байлыққа жеткізеді», – деп ақыл айтқан екен. Осының өзін сәуегейлік деп айтуға әбден болатындай. Қазақ халқы заманның тынысын тап басып, төрт түлікті түлетумен қатар, егін егуді кәсіп еткенде, ешкімге алақан жаймас па едік? Ресейдің отарына айналмауымыз да мүмкін бе еді? Халықтың басына төнген нәубеттен аман құтылар ма едік?
Қазақтың басындағы болмысты тани білген Марал баба Құрманұлының әулиелік пәлсапасы тұрғысында ғалымдар оң бағасын айтып жүр. Ғұлама өз жұртына жақсылықтың нұрын шашуды көздеген.
Атақты бабаның кесенесі қазір Қармақшы ауданының аумағында жатыр. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен зиярат етіп келетін ағайын аз емес. Әулие саналған бабаның басына келіп дұға жасайды. Алладан тілеуін тілейді. Дегенмен оған барар жол біраз қиындық алып келеді. Жүргінші ешқандай тас төселмеген соқпақ жолмен барады. Ол жауынды күндері қолайсыз болып жатады. Қазақтың кең даласында жатқан көптеген әулиелерге құрмет жасау – біздің парызымыз. Ендеше, өткенді өнеге еткен бүгінгі кезеңде сондай киелі орындарға барып-қайтуға қолайлы жағдай жасап жатқанымыз артық емес.
1 пікір