– Жәди мырза, естуімізше Ер Жәнібек Бердәулетұлы батырдың үш жүз жылдығына орай түрлі іс-шараларды негіз еткен үлкен дайындыққа кірісіпсіздер…
– Иә, Орта жүз Абақ Керей руынан шыққан айтулы батыр Ер Жәнібек Бердәулетұлы 1714-1792 жылдар аралығында өмір сүрген. Құдай қаласа келесі 2014 жылы батырдың үш жүз жылдығы болмақшы. Осыған орай халықаралық конференция өткізу, ауқымды ас берілу жоспарлануда. Сонымен қатар халықтың, бір қатар тарихшы, зиялы қауым өкілінің ынта-ниетімен Астананың іргесіндегі Қоянды елді мекенінде батырдың атына көше беру мәселесі де көтерілді. Және Қоянды ауылының тұсында, Астанадан Павлодар, Семей, Өскемен, ары қарай Зайсанға созылатын, бір тармағы Ресейге өтетін үлкен халықаралық тас жол бойына батырдың алып ескерткішін қою жайы да ойластырылуда.
– Осы орайда батыр туралы қысқаша мәлімет бере кетсеңіз?
– Ер Жәнібек батыр туралы айтар болсақ, Үмбетей жыраудың Абылайға Бөгенбайдың өлімін естіртуі дейтін тарихи ескі жыр бар. Сонда:
Аруағыңа болысқан,
Қашпаған қандай ұрыстан,
Керейде батыр Жәнібек,
Қаз дауысты Қазыбек,
Қу дауысты Құттыбай,
Қаракерей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай,
Абылай сенің тұсыңда,
Сол бесеуі болыпты-ай!» деген ескі жырлардан көрінгені сияқты немесе Шоқан Уәлихановтың Абылай заманы, қазақтың хас батырларының заманы деп берген бағасында да көрсетілген. Сол заманда Абылаймен тізе қоса соғысқан Ер Жәнібек батыр қазақ даласының шығыс қақпасын Жоңғардан тазартуда жанқияр ерлік жасаған даңсалы батырлардың бірі. Сол ерлігін бүгінгі ұрпаққа үлгі қылып, тәлім ретінде көрсеткелі отырған бастамаларымыз көп. Өткенде ғана Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин мырза Президенттің тапсырмасымен тарих бетіндегі ақтаңдақтарды толықтыру, тарихтағы ұлттық құндылықтарды қайтадан өз деңгейіне шығару мәселелерін ортаға қойғаны белгілі. Бұл да біздің осындай бастама көтеруімізге үлкен дем беретін жағдай дер едім. Ал, жақында ғана менің Ер Жәнібек туралы зерттеу кітабым шықты. Сонда батыр туралы біршама толық айтылған деуге болады.
– Ер Жәнібек батырдың үш жүз жылдық мерейтойын үкіметтік деңгейде өткізу жағы қалай болып жатыр?
– Мәдениет және ақпарат министрлігіне арнайы хат жазылған. Үкімет жалпы жақтан қолдау білдіруде. Бірақ, нақты қандай деңгейде, қандай іс-әрекеттер мөлшерінде болатыны алдағы уақытта белгілі болмақ.
– Үкімет министрлік арқылы қаржылық, әкімшілік қолдау білдірмеген жағдайда үш жүз жылдық мерейтой халықтың демеуімен бәрібір өткізіледі ғой?
– Негізі, Үкімет қолдау білдіреді деген сенім бар. Егер олай болмаған жағдайда халық өз батырын ұлықтауға ниетті. Демеушілер табылса, жұрт бір жұдырықтай жұмылса, аруақты батыр бабамыздың тойы абыройсыз өтпейді деп сенеміз.
– Дәл қазіргі уақытта ескерткіш жасалу жағдайы қалай? Дайындалып жатыр ма, әлде әлі де қаржылық мәселелер күтіліп отыр ма?
– Сәл арыдан сөз бастасам 2006 жылы 9 маусымда Алматы қаласында «Еліне ұран болған Ер Жәнібек» атты үлкен халықарылық конференция өткен. Сол конференцияда қабылданған шешімдердің негізінде батырдың атына көше беру, Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданында үлкен ескерткіш қою және кітаптар шығару секілді көптеген шаралар қарастырылған болатын. 2009 жылы Жарма ауданындағы Қалбатау өңіріндегі Ортабұлақ деген жерде батырдың басына үлкен ескерткіш кесене орнатылып, сол жылы 23 қыркүйекте ашылу салтанаты болды. Оған қалың жұртшылық пен зиялы қауым өкілі көптеп жиналды және ашылу салтанатына Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев мырза қатысты.
Ал, 2008 жылы Алматы қалалық әкімшілігінің шешімімен қаланың «Қалқаман» шағынауданында Ер Жәнібек батырдың атына көше берілді. Бұл шараны басқа қалаларда да жалғастыру қарастырылып отыр. Сонымен бірге батырдың өзі ұстаған жәдігері ретінде Қазақстан орталық мұражайында саптаяғы сақтаулы тұр. Қаржы жайына келсек, 2009 жылғы ескерткіш кесененің жасалуына Қанат Сүлейменов деген азамат қолдау көрсетті. Ал, алдағы шараларға, ескерткіш, конференция, ас беру, тағы басқа жұмыстарға қазақы рухты, ұлттық мүддені ұлықтайтын азаматтар қолдау көрсетуге дайын екенін білдіруде.
Бүгінде ескерткіш мәселесі бойынша тапсырма алған жігіттер оның сызбасын, макетін дайындауға кірісіп кетті. Бірақ, әлі де конкурс жолымен бе, батырдың секерткішіне шын лайық жобаларды саралайтын боламыз. Біздің ойымыз Ер Жәнібектің тұлпарға мініп, Астанаға беттеп келе жатқан тұлғасын қою. Бұның өзі тәуелсіздігіміздің, елдігіміздің бірлігіне ұйымдастырылған шаруа. Астананың арғы тұсында Қабанбай ауылы бар, онда Қабанбай батырдың ескерткіші тұр. Ал, қаланың Бөгенбай батыр даңғылы бойында Бөгенбай батырдың ескерткіші бар. Енді, қаланың солтүстік бағытынан Ер Жәнібек батырдың ескерткішін қойсақ, Астананың үш жағынан үш батырдың үн қосқан үлкен символдық мәні бар жобасын жасаған болар едік.
– Жәди мырза, әңгіме соңында жаңадан кіріскен қызмет орныңызға құтты болсын айта отырып, соған байланысты бір сұрақ қойсақ деп едік. Жақында ғана Қоянды орта мектебіне директор болдыңыз. Білім ордасындағы жетекшілік қызметіңіз көңіліңізге қонып жатыр ма?
– Мен алғашқы еңбек жолымды мектептен бастап, бес-алты жыл ұстаздық қызмет атқарған адаммын. Жалпы қалам ұстап жүрсек те, мектептен сырт болсақ та қазақ ұрпағының қамын ойлап, соларға үлгі болар, өнеге тұтар дүние қалдыруды мақсат еттік. Сол жолда талпыныс жасадық. Қазір міне сол ұмтылыстың жалғасы ретінде мектеп директоры қызметіне кірістім. Әрине, ұрпақ тағдырына, болашағына қатысты жұмыс болған соң ауыр болары заңды. Бірақ, ауыр жүкті көтеру қазақпын деген азаматтардың міндеті деп санаймын. Сондықтан, мен одан қаша алмаймын. Жұрттың, ауыл халқының талабы, білім басқармасы мен әкімнің өтініші бойынша мені осы қызметке ұсынып, білім ұясына әкелді. Ары қарай сол талап, үміттің ақталуы үшін еңбек етеміз.
– Әңгімеңіз үшін рахмет!
Мұрат АЛМАСБЕКҰЫ,
«Жебе» газеті, 5 қыркүйек 2013 жыл