Әдебиет

Нығмет Мыңжан атындағы арнайы сыйлық иегері Қойшыбек МҮБАРАК: Бөрілі көш

 

55555

Бөрілі көш

 Алматыда тумағаныммен, тұрғаныма ұзақ болғасын осы жердің тұрғыны саналып кеткенмін.

Сонымен Алматыдан Шығыстағы кешегі батыр бабам Жәнекемнің жатқан жері Қалба тау өңіріне көшіп келген туысқандарыма есендесіп барып қайтпақ болғанмын.

Алматы-Семей пойызна мініп қолымдағы шағын дорбамды жайғастырып енді отыра бергенімде менің жаныма артынып – тартынған ауыл ақсақалы келіп жайғасты. Жеңіл сәлемдесіп қойыныма тыққан кітабымды алып оқи бастап едім, қарсы алдымда отырған шал:

– Шырақ қайда барасың?- деп сұрады.

Кітаптан басымды алмастан:

– Қалбатауға, Жармаға…

– Е, Жалғыз төбеден түседі екенсің ғой…

– Иә… -дедім мен шолақ қайырып.

Шал үнсіз ұзақ отырып барып, бір заманда қайта тіл қатты.

– Әй, оқымысты қайда барасың?

– Шығысқа… мен де шырт ете қалдым.

– Жәй ма?

– Туысшылап…

– Барып көріп пе едің?

–  Жоқ…

– Онда андағы қолыңдағыны жина…

– Неге көке?

– Қайда бара жатқаныңды саған мен үзіп-жұлып айтып беремін… қалғанын  «оқымыстысың» ғой өзің оқып аласың…

Шалдың айтқанына онша қызықпасам да тәжікелесіп отырғым келмей кітабымды жинастырып әңгімесіне құлақ қойдым.

– Егер шынымен Шығысқа бара жатқан болсаң, ол жер сенің кітабыңды құшақтап жәйдан жәй бара салатын жер емес.

– Иә көке…

– Бұл жерге кеше батыр бабамызды көк бөрісі бастап келген.

– Қай жақтан?

– Е, Ол бір бөлек әңгіме. Кешегі қазақтың қасиетті Абылай ханның заманы… ханның хас батыры Ер Жәнібектің Шығысқа бет алуы… тыңдай отыр…

Шал әңгімесін бастап кетті.

***

Сырттағы азынай ұлыған боран он екі қанат хан ордасының төрінде отырғандарға  қалың қостың жағдайын білмек болып кеткен шабарманның алқына кіріп:

– Дат тақсыр!.. Дат… деп айқайлаған дауысын естіртер емес.

Екі босағада тұрған қарауылдар қолдарындағы ырғай сапты найзаларының бастарын айқастырып жолды тосып алған.

Санаулы қол басыларын жинап алған Абылай хан:

– Мезгілсіз құбылған ауаның райын білдіңдер ме, -деп сұрақ тастады,

Әркімнің әртүрлі айтқан уәжіне қанағаттанбаған хан.

– Жоқ олай емес. Бұл боран елімнің іргесінің бөлініп бара жатқанның айғағы…

– Иә, тақсыр ием, күн райының беймезгіл құбылуында бір сыр жатқаны анық…

Манадар сырттан айқайлай-айқайлай даусы қарлығы бастаған шабарманды қастарына келген қарауыл басы ордаға кіргізген.

Орданың жарма есігін жұлып кетердей алас ұрған бораннан тәлтіректей үйге әзер кірген шабарман жүгініп отыра қалып:

– Хан ием сұмдық!.. Сұмдық!..

– Айт!

– Сұмдығы сол Керей Ер Жәнібектің ақ байрағы жер көшіре соққан дауылға қарсы желбіреп тұр! Қалың сарбаздың қанша қосы мен бірге қолбасылардың ордалары қара боранға төтеп бере алмай салмамен әзер тұр… Тек Жәнібектің ордасы ғана жәйбарақат дауылға қарсы желбіреген.

Байрақтың астында екі көк бөрі басын көкке қадап ұлып отыр… Байқаймын байрақтан ары боран соқпай тұр…

Шабарман сөзінің соңын күтпеген хан иегін көтеріп “Енді бара бер” деп шабарманды сыртқа жіберді.

– Бұл бәлекет! О заманда -бұ заман  естіменген сұмдық,- деді жас би.

– Жел оңнан соғып тұр… байрағы желге қарсы желбіресе сол жақта батырдың түп мекені Алтайды аңсағаны… байрағы жел жарса, астында әдетте көзге түспейтін қос бөрісі ашыққа шығып отырса ол қолында, елінде бастап күн ертең көшеді…  – деді қарт би.

– Ел іргесін сөккізбе хан ием,- деді хан жанындағы қара би.

– Бөлінген -бөрі жемі.., – деді тағы бір дана би.

– Рұқсатыңды бер жолын тосам,- деді қас батыр.

– Өз байламыңды айт,- деді қарт жырау.

Орданың боран жұлқыған түңлігіне ақшия қарап ұзақ отырған хан:

– Жоқ барсын… Менің ойлағаным да сол…  Алтайды аңсаса ұлы Ертістің басы. Өзеннің басы өзіңдікі болмаса, өлке сенікі емес… Шығыста қалған Алтын алтайға қолым қалай жетер деп армандаушы едім, енді міне өз иесін тапқан екен… барсын… барсын…

Қарт би шешті, хан кесті.

***

Сырттағы алас ұрған боранның  шалығы да тимеген қолбасының алты қанатты қоналқасында жайбырақат жатқан батыр шым шытырық қалың түстің шырмауында қалған.

Бірде астында көк дөнені арқырап аспанға алып ұшса, бірде өзі басын кесіп алған қалмақ батырының денесі басы сақ-сақ күліп, қалмақтың артында қалған аруы аяғына оратылып сыңсып жылайды. Одан бір сәт анадайдан Алтайдың қоңыр аюы адамша тік тұрып алып қол бұлғап шақырады. Сол аюға қарай өзінің қос бөрісі алды артына қарамай безіп бара жатады. Бөрілерін шақырып алмаққа қанша қарманса да үні бітіп даусы шықпай қояды… қолын бұлғай бұлғай жалыққан қоңыр аю енді тау тасты жаңғыртып бақырып қалады. Аюдың ащы даусына қосысылып астында көк дөненімен “Абылайлап” айқай салған батыр басын жастықтан жұлып алғанда манадан батырды тәтті ұйқысынан оятуға батпай от жақта күтіп отырған қос басы:

– Батыр, сыртта ұлыған ақ боран.

– Қашан басылды.

– Әлі соғып тұр…

– Есің ауған ба түге!

– Жоқ батыр сырттағы боран жер көшіріп жатыр… сенің ақ туың сол боранға қарсы желбіреп тұр… астында қос бөрің… соның хикметі болар біз жаққа жел өтпеді.

Жаңағы түсі ойына түскен батыр ішінен ұзақ күбірледі де, бетін сыйпап дұға жасады да, таңғы шайға дастархан жайғызбастан қос басына асығыс сәлеммен өз қол астындағы он екі бас батырын шақыртып аз кем сұхбаттасып әлде нені мақұлдасты да хан ордасына қарай кетті.

***

Ханның оң тізесінен орын алған батырды есіктегі күзеттің тоқтатуға пәрмені жетпеді.

Хан ордасының кең есігінен ендеп әзер сиған батырдың сәлем берген зор даусы жартылай ашық тұрған түндікті боранмен бірге желіп еткізгендей болды.

Хан қасындағылар Батырға жаңа көргендей үдірейісе қарасып қалды.

– Дат тақсыр хан ием,- деді батыр. Ханның оң жағынан босатқан орынға келіп отырып жатып…

– Асықпа,- деген хан манадан отырғанның барлығын қайтарып жіберіп сары қымызбен қоса тоғазыған жал жаяны алдырып екеуден екеу түс ауғанша оңаша сұқбаттасты. Хан мен батырдың не айтысып не мақұлдасқанын екеуінен басқа ешкім де білмеді. Өз қоналқасына қатқан батыр басқа ешкімге тіс жарып ешнәрсе айтпастан ертесі таң сәріде өз қолбасыларымен уағдалы төбе басында жиналды. Әр қолбасы өз қарамағындағы қалың елін бастап келген. Он екі салаға бөлінген ел көш басын қалай бұрарын білмей өз қолбасыларына қарап аңтарылып тұрғанда Жәнекеңнің қос бөрісі  жер жаһанды тітірете ұлыды да Сырды бойлап, әуелі терістікке қарай жорта жөнелді. Көш соңынан кетті.  Шамалы жол алды да артынша тура Шығысқа қарай жол бастаған бөрілерге көш әзер ілесіп бара жатты.

Батырдың баяғы түсі көзі ілене бере қайталай беретін дертке айналып мазасы кеткен.

***

Сырды бойлап, Бетпақты басып, Арқаны кесіп өткен көш Алтайға табаны тие бірақ тоқтаған. Жыл асырып, үдере көшіп әзер жеткен ел іргесін енді көміп бола бере өзінің ізін басқан жас батырлар Ертістің басына дейін барып қайтып сонырқалап жүрген.

Алтайдың топырағын жастанып ұйықтаған түні батыр тыншыды.

Таң алакеуімде батыр тағы түс көрді. Түсінде екі бөрісі екі жаққа кетіп бара жатыр екен…  Орнынан атып тұрған батыр дереу ауыл ақсақалдарын жинатып айналасы екі-үш күннің ішінде шешім шығарып Хан Абылайға арнайы адам жіберіп рұқсатын алғасын Төре баласы Хан Әбілпейіздің ұлы Көгедайды алдырған.

Хан баласы ауылға келген соң, мамыражай тірлік басталып ел тынышталып, жұрт жаңалана бастаған. Арада біраз уақыт өтіп жасы келгесін, жастар жағы кешегі қан кешіп жүрген кездегі тұтастықтан айырыла бастаған. Алтайдың етегіне орнығып қалған жұрт өрге қарай тұтас көшкісі келмегенімен жастар жағы ауа жайла бастаған.

Бар билікті хан баласына өткізгенімен қалың елдің қамын жеген қарт батырдың соңғы кездері ұйқысы қашқан. Көзі ілінді болды, екі бөрісі екі жаққа кетіп жанын жейтін.

Оның үстіне соңғы күндері қатты сырқаттанып  орнынан әзер қозғалып қалған батыр оңаша үй тіктіріп бөлектініп қалған.

Иман суын даярлатып қасына шақыртып алған молда мен бір қайрымтілге келе алмай жатқан батыр екі жаққа қарай тұра жүгірген бөрілерін қайта- қайта айта береді…

– Қап… қап… қос бөрім… екі жаққа кеткенін-ай.., қайран елім екіге бөлініп кетті-ау… Енді басы қашан қосылар екен,- деп үзіп- үзіп әзер сөйлеген батыр соңғы рет иегін бір қағып талықсып кетті де, екі көзі екі жаққа кеткен екі бөрісімен бірге ақшиып шапыраштана шатынап бара жатқанын  көрген молда қарттың есіне калимасын түсіріп әлек…

***

– Сол Жәнекемнің екіге бөлініп кеткен бөрісінің басы енді қосылатын шығар… арғы бетте қалған ағайынмен бергі беттегі ағайынның басы қосылып басына үлкен ескеткіш қойды… оқымысты бала! Жармаға барсаң  уақыт шығарып сонда бара кет!.. Бүгінгінің жастарына өткеннің қажеті шамалы болып тұр ғой, әйтпегенде мен саған сол Жәнекем бастаған Бөрілі көш туралы айтып берер едім… Шал маған қадала қарап отыр…

Менің көз алдыма Бөрілер бастап бара жатқан көш келді…

Өз кіндік қаным тамған тауға жеттім…


Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*