2016 жылы Зуқа батыр Сәбитұлының дүниеге келгеніне 150 жыл толады. Шетелдегі қандастарымыз «Қазақтың Робин Гуды» атап кеткен ұлт қайраткері 1866 жылы Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданына қарасты Қалба тауының етегіндегі Кендірлік деген жерде дүниеге келіп, Қытайда өмір кешкен.
Батырдың 150 жылдығына орай Түркиядағы қазақ ғалымы, тарихшы Әбдіуақап Қара жақында Facebook жеке парақшасында былай деп өз үндеуін жариялады: «Бай-манаптан алып кедейге берген, панасызға қорған болған, жетім-жесірді қорғаған қазақтың Робин Гуды 1886 жылы Шығыс Қазақстанның Қалба деген жерінде туған Зуқа батырға 2016 жылы 150 жыл толмақ. Батырларын, қаһармандарын бағалай алмаған халық мәңгілік ел бола алмайды. Сондықтан 2016 жылы батырымызды атаусыз қалдырмайық. Келесі жылы ол туралы кітаптар шығарайық, еларалық симпозиумдар мен конференциялар өткізейік, тойлар жасайық, айтыс ұйымдастырайық. Батырды еске алып, Шығыс Қазақстанда ескерткішін тұрғызайық».
Бұл үндеуге үн қосқан Қытайдағы қазақ журналистері де батырдың өмірі жайлы деректі фильм түсіруге дайын екендіктерін айтуда.
Зуқа өміріне тоқталар болсақ, Керейдің ноқта ағасы саналатын ителі руына бас болған діндар әкесі Сәбит Дамолла дүние салғаннан кейін Зуқа отбасын бастап 1883 жылдары Қытай жаққа ауып, Жеменейдің Сауыр өңіріне қоныс тебеді. Сондағы қазақтың төбе биі Жеңісхан діни сауаты терең Зуқаны қасына алып, медресеге мұғалім етіп тағайындайды. Зуқа би ордасында бала оқытып жүріп би төрелігінің әділетсіздігіне куә болады. Ру басыларының қанауына тап болған халықты көріп зығырданы қайнайды. Әділетсіз билікке қарсы шығады. Ол 1904 жылы қажыға барып келген соң, жала жабылып 10 жылға жуық түрмеде отырады. Түрмеден шыққан соң тіпті де ашына түскен батыр би, төрелермен келіспей, әділетсіздікке қарсы тұрып олардың шамына тиеді. Ақыры батыр Сауырдағы ителіні бастап Көктоғайға қоныс аударады. Бұл жақта да байлар мен билердің қысымына тап болған қазақтар батыр маңын паналайды. Тіпті өзге ұлт өкілдері де оның жанына үйіріледі. Бұл жағдай жергілікті биліктің батырға деген қарсылығын күшейте түседі. Сондықтан ол осы қысымдрға қарсы тұру үшін қол жинап, қосын құрады. Орыстардан қару-жарақ алғызып, соғысқа жүйелі жаттығады. Ол жасақтаған қосын шекара аймақтағы қазақтардың малын тартып алып, қыздарын зорлаған моңғол жасақтары мен Қазан төңкерісінен қашып Қытайға өткен ақ орыс әскерлеріне тойтарыс береді. Зуқа қарамағындағы бес жүзден аса отбасын қазақ билеріне де, Қытай үкіметіне де салық төлеуден құтқарады. Қарапайым халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған Зуқа кедей-кепшікке, жетім-жесірге ерекше пана болып, жетім қалған көп баланы бауырына басқан. Ел аузында сол күндердің бірінде Зуқаның молқы елінен жылқы шауып алуға барған 13 батырын бір жас жігіттің ұрып жыққаны айтылады. Ерлігіне тәнті болған Зуқа жас батырды сұрастырып, оның Оспан екенін анықтайды. Содан бастап Зуқа Оспанға «Керейдің кер жақ батыры» деген атақ беріп, өз тәрбиесіне алып, үлкен үміт күткен деседі. Зуқаның қарулы күшін жою үшін жергілікті билік тарапынан 1924-1926 жылдары 5 рет шабуыл жасалады. Оның қосыны күшейген сайын жергілікті биліктің шамасы келмей, оларға тыңшы жібереді. Оларға Зуқаның дүнгеннен бағып алған ұлы Жақия Алтайдың Сарсүмбесінде тұратын қазақтан әйел алған Ыбырайым атты дүнгенмен тіл біріктіре отырып қызмет етеді. 1928 жылы қазан айында қыстаудан жайлауға жайбырақат көшіп Белқұдық деген жерге қонған Зұқаның елін екі сатқын әскер бастап келіп шейіт қылады. Аман қалған қазаққа сес көрсету үшін жергілікті биліктің тізгінін ұстаған Уижинго батырдың басын Қыран өзеніндегі көпірге іліп қояды. Халықтың кек алуынан қорыққан зұлым билеуші екі аптадай уақыт өткен соң батырдың басын қайтарып береді. Әкесінің басы алынғаннан кейін ұлы Солтаншәріп қол бастап Гоминдаң үкіметімен шайқасуға дайындалады. Бірақ ақсақалдар қарсы соғысқа жол бермейді. Әкесінің жылдық асын берген соң ұлы Солтаншәріп ителі руын бастап Барколге барып қоныстанады. Баркөлде көп уақыт тұрған ел Тибет арқылы 1950 жылдары Үндістан, Пәкістанға ауады. Ол жақта 10 жылдай тұрақтаған қазақ қауымы Түркияға барып тұрақтайды.
Суретте Қизат қажы мен Сават қажы Зуқаұлдары әкелерінің бейітінің басында
Қазіргі кезде Алтай мен Көктоғайдың арасындағы Белқұдық деген белде сол түні қырылған 50-ден аса шейіттің қоршалған бейіті бар. Ең алғашында бұл жерге батыр Зуқаның денесі бассыз жерленеді. Тек басы қайтарылған соң ғана, денесіне қосып қайта жерленеді.
Зуқа батыр туралы екі роман Үрімжі қаласында жарық көрді. Оның бірі «Зуқа батыр» деп талатын Батырқан Құсбегиннің еңбегі болса, «Пана» атты екінші роман әйгілі жазушы Қажығұмар Шабданұлының қаламынан туған болатын. Бұл екі кітап та Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының жанындағы «Атажұрт» баспсынан қайталай жарық көріп, барша қазақ оқырманға ұсынылды. Қазіргі таңда Зуқаның ұрпақтары барлығы дерлік Түркия мен Еуропа елдерінде тұрады. Батырдың кенже ұлы Қизат қажы 1999 жылы Ыстамбұлда қайтыс болды. Тағы бiр ұлы Сават қажы Алматы iргесiндегi Райымбек ауылында тұрады. Ал, «Қаражорға» биін қазақ жеріне әкелген немересі Арыстан қажы Шәдетұлы Алматы облысы, Қарасай батыр ауданы, Райымбек ауылында 1997 жылы бабасының құрметiне мешіп салып, оған батыр атын берді. Еуропадағы қазақ қоғамын басқарған тағы бір немересі Әбдiрахман Шетін бұл күнде Германияның Кельн қаласында тұрады. Басқа да немере-шөберелерін айтар болсақ, Есiмхан – Вашингтондағы Кеннеди әуежайында жауапты қызметкер, Талғат Көкбұлақ пен Өмiрхан Алтын Мюнхендегi «Азаттық» радиосында ұзақ жыл жұмыс жасаған. Танымал дiнтанушы-ғалым Шыңғыс Зуқаұлы тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қазақстан жұртшылығына теледидар арқылы діни сабақтар жүргізіп, ислам жолында көп еңбек етті. Сондай-ақ, шетел қазақтары арасынан тұңғыш рет ҚР Жоғары Кеңесіне депутат болып сайланып, жеке меншік «Оғытай» банкісін құрған Ибраһим Гүллер де батырдың ұрпағы. Алматыда тұратын шөбересі Қалман Қосжiгiт болса қаламы қарымды халықаралық журналист.
Дайындаған Майгүл СҰЛТАН
http://baq.kz/diaspora/atazhurt/a-kara-kelesi-zhili-zuka-batirdin-150-zhildigi-toilanu-kerek-1388