Партияның жаңа ережесі бойынша қолданыстағы заңнамаға ұсынымдар енгізуді «Нұр Отан» партиясы өз міндетіне алмақ
Осы аптада «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары А.Мырзахметов қолданыстағы заңнаманы одан әрі жетілдіруге бағытталған партияның жаңа ережесін таныстырған болатын. Соның негізінде «Нұр Отан» партиясының Баспасөз орталығында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Өңірлік саясат және мәслихаттармен жұмыс жөніндегі қоғамдық кеңестің төрайымы Г.Сейтмағанбетова, партия Орталық аппараты басшысының орынбасары, Заң қызметінің жетекшісі М.Оспанов және Астана қалалық мәслихат депутаты М.Шекеновтің қатысуымен Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіруге ұсыныстар әзірлеудің жаңа әдістемесін таныстыруға арналған брифинг болып өтті.
Жиын барысында партия Орталық аппараты басшысының орынбасары, Заң қызметінің жетекшісі Мәди Оспанов аталмыш құжаттың мәні-мағынасы жайлы жан-жақты хабарлады. Оның айтуынша, заңнаманы жетілдіру процесіне ендігі жерде партияның барлық құрылымдары оның ішінде партия құрамы, сарапшылар, бейүкіметтік және қоғамдық ұйымдар тартылмақ. Қолданыстағы заңнамаға қатысты ұсынымдар барлық аймақтардан тоқсан сайын жиналады. Ұсынымдар Қоғамдық қабылдауға келген өтініштерді саралау және партия жанындағы Қоғамдық саясат институты жүргізген әлеуметтік зерттеулердің қорытындысы негізінде қалыптастырылады. Барлық ұсынымдар партия тәлімгерлері арқылы Мәжіліс пен Үкіметке жолданады. «Соңғы 2 айда бізге 100-ге жуық ұсыным келіп түсті. Біз 40 ұсынымды партияның тәлімгерлеріне бердік. Қазір олар мемлекеттік мекемелермен бірлесіп, мәселелерді қарастырып жатыр» , ̶ деді М.Оспанов.
Тағы бір айта кетерлігі, желтоқсан айының да жетісі күні «Нұр Отан» партиясы жаңа «тікелей телефон» және WhatsApp мессенджер жүйесін іске қосады. Осы арқылы еліміздің түкпір-түкпіріндегі азаматтар өз мәселелерін партияға тікелей хабарлай алады. Телефон арқылы азаматтар партия мүшелерінің этика кодекстерінің бұзылуы, мемлекеттік қызметкерлердің заңға қайшы іс-қимылдары, жемқорлық, «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша іске асып жатқан жобалардағы заң бұзушылықтар мен басқа да мәселелерді хабарлай алады. Сонымен қатар, бұл желі арқылы азаматтар депутаттарға, мемлекеттік қызметкерлердің жеке қабылдауларына жазыла алады. «Ешбір өтініш қараусыз қалмайды. Азаматтар хабарламаларын, суреттер мен видеоларды «Whatsapp» мессенджері арқылы + 7 700 800 4441 нөміріне де жолдай алады.
Жедел желі«Нұр Отан» партиясы мүшелерінің Әдеп кодексін сақтамағандығына, мемлекеттік органдағы лауазымды тұлғалардың жемқорлық сипаттағы заң бұзушылыққа жол бергеніне, бюджет қаржысын қымқырғандығына қатысты арыз-шағымдарды қабылдайды. Бұған қоса жедел желі арқылы жеке мәселелері бойынша қабылдауларға жазылуға, өтініштердің қаралу барысын білуге, тегін заңдық кеңес алуға болады», ̶ деді М.Оспанов. Ал жиын барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Г.Сейтмағанбетова партияның Мәжілістегі фракциясы жанында 2012 жылы құрылған Өңірлік саясат және мәслихаттармен жұмыс жөніндегі қоғамдық кеңесінің қызметі турасында әңгімеледі. «Қазақстан Республикасында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасының жобасы Кеңестің отырысында жан-жақты талқыланып, барлық қорытынды ұсынымдар «Қазақстан Республикасында өзін-өзі басқару туралы» Заңды дайындау кезде пайдалану үшін Қазақстан Республикасы Үкіметіне жолданды.
Нәтижесінде мәслихат депутаттары айтқан кейбір ұсыныстар жаңа заңға енгізіліп, шешімін тапты. Ал өңірлік саясат және мәслихаттармен жұмыс жөніндегі қоғамдық кеңестің қызметі мәслихаттармен әрекеттесуге және аймақтардағы проблемаларды шешуге бағытталған. Мысал үшін айтатын болсақ, біз Ұлытау аймағының даму перспективасына қатысты Жезқазған қаласында көшпелі отырыс өткіздік. Батыс Қазақстан облысындағы автомобиль жолдарының жай-күйін аймақ өкілдерімен бірлесіп отырып талқыладық. Шортандыдағы ғылыми институтта агроөнеркәсіпті алға жылжытуға қатысты көшпелі отырыс ұйымдастырдық. Осы отырыстардан кейін жасаған ұсынымдарымыз Үкіметтің қаулылары мен бағдарламаларына және жекелеген заңдарға тиісті өзгерістер енгізуге түрткі болды. Біз мәслихат депутаттарымен «Нұр Отан» партиясының аясында қарым-қатынас жасаймыз. Мұндағы мақсатымыз партияның сайлауалды тұғырнамасын тиісінше жүзеге асыру. 5 қараша күні «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің бюросында мәслихаттағы «Нұр Отан» партиясының қоғамдық бірлестігінің депутаттық фракциясына қатысты ереже шықты. Сәйкесінше, алдағы уақытта біз бұрынғыдан да тығыз байланыс орнатып, жұмыстарымызды жүйелі және жоспарлы түрде атқаратын боламыз», ̶ деді Г.Сейтмағанбетова.
Кеңес негізінде арнайы ұсынымдар дайындалған заң жобаларының бірі ̶ көші-қон заңнамасы. Бұл турасында депутат: «Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары Қазақстан 944 мыңнан астам оралманды қабылдады. Қазіргі уақытта олардың саны елдегі халықтың жалпы санының 5,5%-ға жуығын құрайды. Елбасы қолданыстағы көші-қон туралы заңындағы кейбір проблемалардың заңдық шешімін алу керектігі жөнінде тікелей тапсырма беріп, Үкіметтен этникалық қазақтардың тарихи отанына оралуын ынталандыруға бағытталған этникалық көші-қон саясатын жетілдіруді талап етті. Нәтижесінде, көші-қон туралы Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін заң жобасы қайта дайындалып, қазан айында Парламент Мәжілісімен екінші оқылымда бірауыздан қабылданды.
Шет елдердегі дарынды этникалық қазақ жастарының келуін және Қазақстан азаматтығын алуын ынталандыру мақсатында Қазақстандағы жоғарғы оқу орындарында оқитын этникалық қазақ студенттеріне жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматтығын алу құқығын беру көзделді. Сондай-ақ, отбасын біріктіру мақсатында шет елдерде тұратын этникалық қазақтардың арасындағы туыстарын Қазақстан Республикасына қоныстандыру үшін азаматтардың шақыртуларын қарайтын және куәландыратын құзіретті жергілікті атқарушы органдарға беру туралы нормалар қабылданды. Бұл шет мемлекеттердегі қандастарымызды атажұртына қайтаруға және ішкі көші-қондағы тепе-теңсіздікті түзетуге мүмкіншілік беретін келелі заң.
2013 жылғы заңда қатаң нормалар қабылданып кетті. Соған сәйкес, оралмандарды Үкімет айқындаған жерлерге ғана жіберу керек болды. Сонда ғана олар оралман мәртебесін алу құқығын иемденді. Бұған қоса қандастарымыз төлем қабілетін растау арқылы әрбір жанұя мүшесі үшін банкке 2 жарым миллион теңге көлемінде ақша аударуға міндеттелді. Мұның сыртында шеттен келген қазақтар Қазақстанда 4 жыл өмір сүргеннен кейін ғана Қазақстанның азаматтығын ала алатын болды. Жаңа заңда осы кедергілердің барлығы алынып тасталды. Бүгінгі таңда шет елден келген қандастарымыз төлем қабілетін растамайды және азаматтық алу үшін Қазақстанда 4 жылдан кем емес уақыт тұруы тиіс емес. Қазір олар өтініш бергеннен кейін 3 айдың ішінде Қазақстан Республикасының азаматтығын ала алады. Бұған қоса Үкімет айқындаған өңірлерге баруға келісім берген оралмандарға мемлекет тарапынан көмек көрсетіледі. Мемлекет оларды баспанамен, жұмыспен қамтамасыз етеді, жол шығындарын өтейді. Ал мемлекет айқындаған аймақтарға қоныстанбаған қандастарға мұндай жеңілдік қарастырылмайды. Бірақ ел азаматтары алып жатқан баршаға ортақ әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Сонымен қатар, бұған дейін шетелдік қандастарымыз оқуларын аяқтағаннан кейін келген елдеріне оралулары және қайтып келіп азаматтық алулары тиіс болатын.
Жаңа заң оларға азаматтықты осы жақта оқып жүріп алу құқығын берді, – деді Г. Сейтмағанбетова. Аталған заң жобасы негізінде «Нұр Отан» партиясының атынан сайланған депутаттардың ұсынысымен заң жобасына жоғарғы оқу орындарында оқитын студенттерге азаматтықты жеңілдетілген тәртіппен алу нормасы енгізілген. Г. Сейтмағанбетова өз сөзінде сондай-ақ, «Көші-қон туралы» заңда оралмандардың жеке басын куәландыратын құжатына жеке сәйкестендіру нөмерін енгізу туралы норма қабылданғандығын және де оралмандарға берілетін виза мәселесіндегі келеңсіздіктердің заң аясында оң шемімін тапқандығын жеткізді.
Еркежан ЖҰМАТАЙ
Астана қаласы