Алматы қаласы, Алатау ауданы Байбесік ықшам ауданында жаңа мешіттің ашылу салтанаты өтті. Сегіз жыл алдын ниет етіліп іргесі қаланған имандылық үйі бүгіннен бастап толықтай ел игілігіне берілмек. Бұл аудан көлемінен ашылып отырған он екінші мешіт. Қасиетті үйге қазақтың арқалы батыры Ер Жәнібектің аты берілген. Алла үйінде бір мезетте бес жүз адам мінәжат етеді деп жоспарланған, сонымен қатар мешіт жанынан медресе де жұмыс жасап алыс-жуықтан келген талапты шәкірттерді имандылыққа тәрбиелемек. Мешіттің ашылу салтанатына ҚМДБ-дан келген арнайы қонақтар және “Ер Жәнібек” халықаралық қоғамдық қорының басшылары ауыл жұртын жаңа Алла үйін ашылуымен құттықтап өз сый-сияпаттарын жасады. Ауыл ақсақалдары көптен-күткен бұл мешіттің құрлысына ат салысқан азаматтарға ақжол тілеп жүрекжарды батасын берді.
Орынбасар Дәуренбеков (Алатау ауданы Бекет ата мешітінің имамы) Бүгін міне қасиетті үйдің ашылуымен ауыл жұртын құттықтаймын. Иншалла бұлда Алланың қалауы. Бүгінгі мақсат жамағаттың мешітке келіп құлшылық жасай беруіне жағдай жасау. Көріп отырғандарыңыздай жұрт барынша ықыласты. Медресеміз болса отыз шақты шәкіртті жатқызып тәрбиелеуге мүмкіндігі бар. Бәрі Алланың қалауы.
Ырысбек Тоқтасынұлы (Демеуші азамат) Көптен күткен мешітіміз міне бой көтеріп, іші көпшілікке тола бастады. Аллаға шүкір мұнан да көп жамағатпен толығады деп үміттенеміз. Өткен жылдары Ер Жәнібек бабамыздың үш жүз жылдығы аталып өтіліп еді. Әр кез батыр есімі ұлықталып ел жадында жаңғырып келеді, міне енді соның заңды жалғасындай бабамыздың атында мешіт бой көтеріп жатыр.
Тағылымы мол берекелі шара әз наурыздың мерекелі дастарқан, өнегелі іс-шараларымен жалғасын тапты. Көршілес ауыл жастарымен арқан тарту, қол күрес, гир көтеру сынды қол күші мен бел күшін сынған спорттық ойындармен жалғасын тапты. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды.
А.Назым