Жаңалықтар

Мәскеуде биыл күзде Әлихан Бөкейхановтың қабіріне естелік тақтайша қойылады

Биыл күзде Мәскеуде, Дон зиратындағы Әлихан Бөкейханов жерленген боздақтар қабіріне естелік тақтайша қойылады.

Бұл туралы бүгін Алматыда Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығына арналған экспедицияға қатысушы, филология ғылымдарының докторы Айгүл Ысмақова Әлихан Бөкейхановтың мұрасын зерттеуге арналған дөңгелек үстел барысында мәлімдеді.

«Қазір зираттағы бауырластар қабірінде Әлихан Бөкейханов пен Нығмет Нұрмақовқа арналған ортақ тақтайша бар. Біз Дон зиратының басшылығымен сөйлесіп, келісімге қол жеткіздік. Биыл күзге қарай, Әлихан Бөкейхановқа арнап бөлек тақтайша орнатуды жоспарлап отырмыз. Ол қазақ және орыс тілінде жазылады. Өйткені, мәскеуліктер де Әлихан Бөкейхановтың кезінде Мемлекеттік думаның мүшесі болғанын білулері керек», – деді Айгүл Ысмақова.

Сонымен қатар, оның айтуынша, экспедицияға қатысушылар Әлихан Бөкейханның Мәскеуде Үлкен Кисловский көшесінде талай жыл тұрған үйге де естелік тақта орнатуға күш салады.

«Өкінішке қарай, Қарағандыда, Омбыда, Семейде Әлихан Бөкейхановтың аты берілген көше жоқ. Ол білім алған ғимараттарға бірде-бір естелік тақтайша қойылмаған. Өйткені, бұл ғимараттар тарихи құндылыққа ие», – деді ғалым.

Бұдан басқа, Қазақстанның тарихы мен мәдениеті туралы блогтың негізін қалаушы журналист Айжан Хамит Қарқаралыда Әлихан Бөкейханов оқыған училище ғимаратының жалға берілгендігіне өкініш білдірді.

«Тарихи тұлғаларға қатысты тарихи ғимараттарды сақтай білуіміз керек. Әлихан Бөкейхан қазақ халқының ардақты ұлдарының бірі. Ол көзі тірісінде жеткілікті бағаланған жоқ», – деді ол.


Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*