Жаңалықтар

Балташ ТҰРСЫНБАЕВ, саясаткер: ПАНТЕОН САЛҒАНША, ХАЛЫҚҚА БАСПАНА САЛЫП БЕРУ КЕРЕК!

Балташ Молдабайұлы, соңғы кезде ұлттық пантеон туралы әңгіме тағы да айтыла бастады. Сіздің ше пантеон салу қазір қаншалықты маңызды?

Балташ Тұрсынбаев, саясаткер: Мен пантеон саламыз деген жерді барып көргем. Астанадан 17 шақырым жерде орналасқан. Мидай дала. Қабанбай батырдың кесенесі тұр. Батырдың басына арнайы барып, шырақшылармен сөйлесіп, құран оқытқаным бар. Қабанбай батырдың қазақ халқына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Оны еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін біледі. Дарабоз баһадүрдің кесенесінің маңына пантеон саламыз десек, батыр бабамыздай елдің ыстық ықыласына бөленген адамдарды сол жерге жерлеу керек. Қара жер хабар бермесін. Мысалы, ол жерге Сергей Дьяченко деген Мәжіліс төрағасының орынбасары болған адам жерленді. Оның қандай сіңірген еңбегі бар? Ел есінде тіпті бар ма Сергей Александрұлы деген саясаткер. Жоғарыдан айтылды, ертең ол жер ұлттық пантеонға айналады. Дьяченконы сол жерге арулап көміңдер  деп. Астанада өмір сүрген белгілі ақын Кәкімбек Салықовты неге сол жаққа апарып қоймады? Бұл алалау ғой.  Неге кезінде Смағұл Сәдуақасовтың күлін Қабанбай батырдың қасына жерлемеді деген тағы да бір сауал туындайды. Смағұл бар ғұмырын осы мемлекеттің жолына арнады. Азаттық үшін опат болды емес пе! 2013 жылы Астана қаласы әкімдігі ұлттық пантеонның үздік жобасына конкурс жариялағаны белгілі. Әйтсе де, ел қамын жеген ерлерді қатар жерлеу қалай ешкімнің миына келмеген. Ал енді осы мәселеге қатысты  пікірімді айтсам, пантеон салуға өз басым түбегейлі қарсымын. Қазір пантеон салудың еш қажеті жоқ. Қорым дайындаудан бұрын тірілердің баспана мәселесі кезек күттірмейді. Мәселен, «Public Policy Research Center» орталығының жүргізген зерттеуі бойынша Алматының өзінде жастардың бір пайызы ғана баспаналы. Ал Қазақстан бойынша үйсіз-күйсіз жүргендер қаншама. Халқымыздың саны 20 миллионға жетпейді. Ал біз 25 жыл болды әлі халықты толықтай  баспанамен қамтамасыз ете алмадық. Енді қайтадан пантеонға оралатын болсақ. Әлемде пантеон салған мемлекеттер бар. Астананың ортасына пантеонға орын қалдыруға болады деп ойлаймын. Ол  жерді баққа айналдырып қою керек сияқты. Еліміз өркендеп, экономикасы қуатты болғанда болашақ ұрпақ өзі шешер. Кімді ол жерге жерлеу керектігін. БАҚ-тан  пантеонға 1,7 млрд. теңге бөлінді деген ақпаратты көзім шалып қалды. Бұл не тыраштық? Ол жаққа су, жол, электр жарығын тарту керек. Пантеон болғасын ол жерге халық бару керек. Дәл осы кезде пантеон бізге өте-мөте қажет емес қой. Ұлтымыздың небір ұлы тұлғалары жерленген Алматыда «Кеңсай» бар. Әзірше сол «Кеңсайды» пайдалануға болады. Қысқасы, үкімет 1000 гектар жерге өлмеген адамдардың моласын тұрғызам деуден бұрын, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуды қолға алу керек.

Президент те, премьер де көмусіз қалмайды

– Ақпарат құралдары ұлттық пантеонға жерленетіндердің тізімін жариялады. Үкіметтің арнайы қаулысы шыққанында білесіз. Тізімнің басында президент және оның отбасы, үкімет басшысы орынбасарларымен, парламенттің қос спикерлері орынбасарларымен, Ұлттық банк пен Жоғарғы сот төрағасы т.т. Тізім ұзарып кете береді. Бұл  тізіммен танысқанда қандай әсерде болдыңыз?

Балташ Тұрсынбаев, саясаткер: Ашуландым. Президент тірі. Отбасы аман-сау. Премьер-министр де оның орынбасарлары да, тізімдегі басқа азаматтар да дін аман.  Тірі жандарға «өлсеңдер, жерленетін жерлерің мынау!» деген әңгіменің қажеті қанша? Аруақтарға жасалатын тағзымды тірі кездерінде жасауға көшіп кеттік пе, енді?! Тіпті олар өліп қалған жағдайда көмусіз қалмайды ғой. Ел-жұрты, артында бала-шағалары бар дегендей. Мұсылманша жаназаларын  шығарып, ақымға оралар.

Ұлтқа қызмет еткен адам халықтың жүрегінде ғұмыр кешеді

– Мемлекет басшысы 80-ге таяп қалды. Жасы келген адам, бәлкім, салтанатты өлімді ойлайтын шығар.

Балташ Тұрсынбаев, саясаткер: Нұрсұлтан Әбішұлы билікте емес, зейнетке шығып, демалыста жүрсе о дүниені ойлауына болады. Ол кісі ел басқаруға шамам бар деп билікті бермей отыр емес пе?! Демек, ел басқарып отырғасын мемлекет мүддесін ғана ойлауы тиіс. Ертең өліп қалсам не болады деп, неше түрлі тізімдер жасатудың не керегі бар?  Өлсе тарих та, халық та өз бағасын береді. Кешегі тарихқа көз салайықшы. Өз заманында  ел басқарған хандарымыз көмусіз қалды ма? Түркістанда жүздеген хан, би, батырларымыздың сүйегі жерленген. Дәлірек айтсақ, Есім, Жәнібек, Тәуке, Абылай т.б хандарымыз  Қожа Ахмет Йассауи кесенесінің іргесінде бір-бір төмпешікке айналды. Ол жер де белгілі деңгейде өзінше пантеон. Сол асыл текті бабаларымыз Алла алдына иманмен баруды, көздері жұмылғанша халыққа қызмет етуді ғана ойлады. Ал қазіргі саяси элита мәңгілік идеямыз азаттықты баянды етуді, елдің тұрмысын жақсартуды ойлап, қызмет ету керек. Өлмей жатып кесене салуды ойламай. Ұлтқа қызмет еткен адам халықтың жүрегінде ғұмыр кешеді.

– Айтпақшы, Балташ Молдабайұлы сол тізімде үкімет басшыларының орынбасарлары мен облыс, қала әкімдері де бар. Сіз вице-премьер, облыс басшысы да болдыңыз ғой…

Балташ Тұрсынбаев, саясаткер: Қанат, ойыңды түсіндім. Біреулер о дүниеге асығып жүрген шығар. Мен ол жаққа асығып жүргенім жоқ. Қай жерден топырақ бұйырады, сол жерге жамбасым тиер. Бала-шағам, туған-туыстарым бар. Солар бұйырған жерге жерлейді. Мен де ұлттық пантеонның бір шетіне барып жантаятын болдым деп қуанып жүргенім жоқ.

– Жуырда президенттікке кандидат ретінде өзін-өзі ұсынуға тыйым салынған заңды мәжіліс қабылдады. Жылдың басында президент өкілеттілігі бөліп беру, парламенттің рөлін күшейту керек деген әңгімелер айтылып еді…         

Билік әділ бәсекеден қорқады

Балташ Тұрсынбаев, саясаткер: Билік өз халқына сенбейді. Сондықтан да заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Конституциямыз бойынша Қазақстан азаматтары өзін президенттікке ұсына алады. Барлық дамыған елдерде де солай. Енді ел азаматтары президенттік сайлауға түсе алмайды. Президенттікке үміткер болам деген адамның  мемлекеттік қызметте тәжірбиесі болуы тиіс екен. Медициналық тексерістен де өткені ләзім. Бұл халықтың құқығын шектеу ғана емес, бұқараны менсінбеушілік. Бұндай шешімді диктаторлық билік қана қабылдайды. Осыдан аздаған жыл бұрын президенттікке Уәлихан Қайсар деген азамат түспек болған еді. Ақорданың тапсырмасын орындайтын мемлекеттік тіл комиссиясын өткізбей тастады. Уәлиханды жақсы білем ғой. Ол өз ана тілінде бір қазақтай сөйлейді. Ақорда өздерінің қуыршақ партияларынан ғана клоундарды сайлауға түсіріп отырғысы келеді. Ол клоундардың бірі фасфудқа қарсы «шабуылға» шықса, енді біреу ұялмастан маған ешкімнің дауыс бермейтінін білемін. «Мен өз дауысымды Назарбаевқа беремін» дегенін құлағымызбен естідік.  Билік әділ бәсекеден қорқады. Саяси мәдениетті дамытудың орнына тұншықтырып тастады. Партияларға еркіндік берілмеді. Біздегі саяси ұйымдар «Нұр Отанның» филиалдарына айналғалы қашан. ЖСДП ғана жалғыз оппозициялық партия дейді кейбір азаматтар. Ол қандай оппозиция? Мен де сол партияның мүшесімін. Бірақ менің ЖСДП-ға көңілім толмайды. Партия қатарынан  шығамын ба деп ойланып жүрмін. «Айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жарады» деген қазақтың мақалы бар. Ісі жоқ құр сайрап отырған партия қалай оппозиция болады? Ертең сайлау болса өз қатарыңнан президенттікке таласатын бір адамды шығару керек. Қандай адамды шығарады? Жағымпаз адамды шығарады? Билік айтады «мынандай адамды шығар сайлауға» деп. Амал жоқ. Орындайды. Неге десең, соңғы съезден кейін ұйымдасқан басшылық жүйе үйінде жатып «ананы істейік, мынаны істейік» деп нұсқау береді. «Сен салар да мен салар, атқа жемді кім салардың» кері. Осылай ауызбен орақ орып жатқандар бар біздің партияда. Аузыңды оппозиция деп «а» деп аштың ба, «б» деп жабуың керек. Әйтпесе, аузың өмір бойы ашылып қалады. Сосын аузың кеуіп ешкімге керек болмай қалады. Халықтың ортасына барып, шындықты айту керек. Биліктің құлағына жеткізуің керек.  Қазір ЖСДП қандайда бір  мәселеге қатысты өз пікірін бір ақ параққа жазып, онысын  ғаламторға іліп қойып, қайтадан ұйқыға кетеді. Одан  не өнеді?

– Сөзіңіз аузыңызда. Сіз айтқандай, елдегі партиялар қуыршақ ұйымдарға айналды. Біраз партиялар жабылды. Олардың лидерлері қудаланды. Демократиялық күштер ыдырап кетті. Неге билік әділетті бәсекеден қорқады?

Балташ Тұрсынбаев, саясаткер: Өз ісінің заңсыз екенін білген адам қашанда қорқынышта, үрейде күн кешеді. Өз билігін қалай да қорғап қалу үшін қолдан неше түрлі тосқауылдарды жасайды. Алда президенттік сайлау бар. Оған президент қайта түсуі мүмкін. Я болмаса батасын беріп мұрагерді саяси додаға салады. Соған жасалып жатқан дайындықтар ғой. Алда бізді үлкен цирктер күтіп тұр.

71,3 миллиардтың қайда кеткенін Келімбетовтен сұрау керек

– БЗЖҚ құрылғалы оның төңірегінде дау көбейді. Бұған дейін халықтың зейнетіне жинап жүрген ақшасы жекеменшік екінші дәрежелі банктерге берілгені белгілі болды. Тіпті ресейлік «Сбербанкке» салынғанын депутаттар айтқан. Енді 71,3 млрд. теңге Әзірбайжанның халықаралық банкімен қоса құрыды. Ол институт банкрот болғанын жариялады. Бұған кім жауап беру керек?

Балташ Тұрсынбаев, саясаткер: Әзірбайжан халықаралық  банкіне 2-3 адамның шешімімен 71,3 млрд. теңге салынды. Диктаторлық мемлекетте барлық шешімдер осылай қабылданады. Ақшаны салған адамдар ол банктің қағаздағы банк екенін білді. Ол қаражат ешқайда кетіп те қалған жоқ. Еуропаның бір қаржы институтында жатыр. Жоғарғы лауазымды бір шенеуніктің есеп шотында. Қай шенеунік екенін анықтау үшін оны Қайрат Келімбетовтен сұрау керек. Қазір билік жемқорлықты ауыздықтап  жатқанын айтуға әуес. Міне, енді көз алдымызда тірнектеп жинаған ақшамыз ұрланып отыр. Күштік құрылымдар жемқорлықпен күресіп жатқандығы рас болса, қылмыскерді ұстасын. Оның атын жария етсін. Сол кезде халық жемқорлыққа қарсы жүріп жатқан компанияға аз да болса сенетін еді.

Сұхбаттасқан Қанат Тілеухан (juldyz.kz)

“The Qazaq Times

Теги:

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*